• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:36:13
Алматы
+35°

11 Қараша, 2016 NEWS

Алматы облысының тұрғыны әкімнен таяқ жегенін айтты (Видео)

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын ақсақал шенеунікке шағым айтамын деп, одан таяқ жегенін алға тартуда. Атқамінерді бірнеше күн бойы жұмыс орнынан...

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын ақсақал шенеунікке шағым айтамын деп, одан таяқ жегенін алға тартуда. Атқамінерді бірнеше күн бойы жұмыс орнынан таппаған тұрғын таңертең басшының үйіне барып, ақыр соңында миы шайқалып, беті мен кеудесі көгеріпті. Әкімге жәбірленушінің айтқан ақылы ұнамаған көрінеді. Ал осы оқиғадан бері екі күн өтсе де, полицейлер болған жайтты аудан басшылығына хабарламаған екен.

Бұл туралы Ктк арнасы хабарлайды.

66 жастағы Төленді Таңатаров әкімнің «ерекше» қабылдауынан кейін денесінде қалған белгілерді көрсетуде. Атқамінердің соққысынан оның миы шайқалып, беті мен кеудесі көгеріпті. Бірінші Май ауылдық аймағының басшысын әкімдікке сан рет іздеп барып таппай қайтқан жәбірленуші онымен үйінде кездеспек болған екен. Бірақ бұнысы шенеунікке ұнамаған көрінеді. Ал зейнеткердің айтпағы – арық мәселесі екен.

Төленді Таңатаров, Қайнар ауылының тұрғыны:

Таудан ағатын судың барлығы осымен ағып, былай қарай кететін біздің үйдің жанынан. Сол-ақ екен, «Сен кімсің, маған ақыл айтатын, сені жоқ қылып жіберемін»деп жұдырықпен ұрды. Таяғым ұшып кетті. Одан кейін жағамнан сүйреп, үйге кір дейді. Калиткасына кіргізіп, ұрды.

Зейнеткердің айтуынша, жұдырық жұмсауға әкімнің ұлы да қарсы болмапты. Екі жақтап қол көтергендер оны кішігірім ауылда алыстан көзге түсіп, өзгелерден ерекшеленетін мына сарайда бір сағат ұстап, кейін жіберген. Бұл үй – Бірінші Май ауылдық аймағының әкімі Мұратбек Қарнақовтың баспанасы. Бір қызығы тентек әкімнің үстінен арыз жазылған соң ұзақтан бері шешілмей келе жатқан арық мәселесі бірден қолға алынған.

Мен таяқ жегеннен кейін қолға алды. Кешелі бері қазып жатыр. Көмек сұраймын деп барып, таяқ жеп кеттім. Әкім – халқыңа жақын бол дейді, бұның істегені осы. Менен басқа адамдарды да ұрған шығар. 

Әкімнің ерекше сөйлесу стилі туралы аудан басшылығы хабарсыз болып шықты. Олар бұндай оқиғаның болғанын естімедік деп ат-тондарын ала қашуда.

Яғни ол кісіге қатысты ешқандай шара қолданбады ғой?

-Оны сізден бірінші рет естіп отырмын .

Ал күзетші мен бейнекамера орнатылмағандықтан қақпаны үнемі жауып жүреміз, сондықтан бөтен адамның үйге кіруі мүмкін емес деген Қарнақов ешкімді ұрып-соқпағанын айтып, өзіне шаң жуытпай отыр.

Мұратбек Қарнақов, Бірінші Май ауылдық аймағының әкімі:

–Есік те жабық болады. Оның үстіне қақпа да жабық тұрады. Маған жұмысқа да келмеген, ауданға да бармаған. Өздеріңізден бүгін ғана біліп отырмын. Ондай адамды көрмедік тіпті.

Әкімнің үстінен учаскелік полицей мен аудандық прокуратураға арыз жазылып, дене жарақаттары жайлы медициналық анықтама алынған. Бірақ тәртіп сақшыларының осы уақытқа дейін екінші тараптан түсінік алмағаны мен ауданға хабарламағанын ескерсек, іс сағызша созылатын сыңайлы.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір