• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 09:30:32
Алматы
+35°

11 Қараша, 2016 Аймақтар

Қасиеттім – Желтоқсан!

Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын...

Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай асулардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

Нұрсұлтан Назарбаев

         Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында 9-шы қараша күні ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі Болатбек Төлепбергеннің дүниені дүр сілкіндірген, Тәуелсіздік туын көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай «Керемет медиа» баспасынан жарық көрген «Қасиеттім – Желтоқсан» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Мәдени іс-шараның мақсаты – асқақ тарих 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы жаңа кітаппен оқырмандарды таныстыру, Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында жастарды қазақстандық патриотизмге, Отанын, туған елін сүйетін ұлтжанды, елжанды азамат болуға тәрбиелеу. Аталмыш шараға Алматы Полиграфиялық колледжінің, Алматы жаңа технологиялар колледжінің, Алматы қаржы-құқықтық технологиялық колледжінің, Алматы көлік және коммуникациялар колледжінің студенттері мен ұстаздары, желтоқсан қаһармандары Аманғазы Кәріпжанұлы, Жүрсін Тастекеев шақырылды.

Болатбек Төлепберген ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері, жаңғырығы жадымызда жатталып қалған Желтоқсан көтерілісі туралы жарыққа шыққан «Көшкен күннің бояуы», «Біз білмейтін Желтоқсан», «1937-2007: Тауқымет пен тағзым», «Мәңгі жас – Алаш идеясы», «Желтоқсан қарлығаштары», «Ұлттық идея – Тәуелсіздік тұғыры», «Біз осы не бітіріп жүрміз?» тағы да басқа 20-ға жуық кітаптың авторы. Ал, автордың  «Қасиеттім – Желтоқсан» кітабы – 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтқсан көтерілісінің шығу себеп-салдары, оған қатысқан қазақ жастарының жанқиярлық ерлігі, қайсарлығы, қаһармандық күрестің шынайы бейнесі туралы сыр шертетін, тарихымызды таразылап, өткенімізге өлшеу болатын, бүгініміздің бедерін айқындауға бастама болар тарихи құнды кітап.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұртай Сабильянов кітапқа жазған алғысөзінде «Тәуелсіздік жолы – ауыр жол. Сол жолдағы айтулы оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл ұлы құбылысты кең көлемде насихаттау, жас ұрпақтың одан тағылым алуына жете мән беру – біздің қасиетті парызымыз. Осы тұрғыда желтоқсантанушы, зерттеуші, журналист Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – Желтоқсан!» публицистикалық кітабының мақсаты – асқақ тарих – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы жақсы дүниені рухани айналымымызға қосу. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында жастарымызды тарихи тұрғыда тәрбиелеуге үлес қосу» - деген еді.

Кітапхана қызметкерлері кітап авторының шығармашылық қызметімен, жаңа кітаптың мазмұны мен бөлімдерімен оқырмандарды арнайы дайындалған слайд презентация, бейнешолулар арқылы таныстырып өтті. Оқу залында «Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі» кітап жаймасы ұйымдастырылып, оған Желтоқсан оқиғасының шығу себептерін, оған қатысқан жігерлі жастарымыздың ерліктерінен сыр шертетін тарихи, әдеби кітаптар қойылды.

Алғашқы сөз кезегін алған кітап авторы Болатбек Төлепберген  Желтоқсан дүрбелеңінің басталу себебі, намыс отының алауы жүрегінде жанған қажырлы да жігерлі, өр рухты жастарымыз, ерге бергісіз ерлік танытып, қанша қиналса да қайыспаған қайсар қыздарымыз жайлы жастармен ой бөлісті, азаматтық ұстанымдарын қаймықпай білдіре отырып, жастарға араша түсіп, қорған болған азаматтарымыздың да есімдерін атап кетті.

Оқырмандар кеш қонақтарына өздерін толғандырып жүрген: «Тәуелсіздік бізге оңай келді деген пікірге қалай қарайсыз?», «Осы Желтоқсан көтерілісі тақырыбын зерттеуіңізге не себеп болды? Және де осы жолда алдыңыздан кедергілер кездесті ме?», «Желтоқсан оқиғасы өз мәртебесін толық алды ма?», «Желтоқсан қаһармандарына мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетіліп отыр?» сынды салмақты да ұтқыр сұрақтар қойып, салиқалы да ұтымды жауаптар алып жатты.

Кітапхананың дарынды оқырмандары Алматы Полиграфиялық колледжінің студентері Еркін Жантас өзі шығарған «Желтоқсан», Әмірқұл Інкәр Қ.Рысқұлбековтің «Желтоқсан ызғары», Ержан Аяла «Елім менің», Алматы жаңа технологиялар колледжінің студенті Абайдолла Нұргүл «Қазақстан» өлең-жырларын мәнерлеп оқып берді. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің дарынды өнерпаздары Дүйсенғалиев Қуаныш, Жұматқан Абылайхан «Байтақ елім», «Егемен Қазақстан», «Көк Тудың желбірегені» атты мерекелік патриоттық ән-шашуларын ұсынды.

Танымдық кештен жастар қауымы мұз үстінде мұң қалған қасіретті кезеңде намысы мұқалмаған боздақтарымыздың жігері мен қайсарлығы жайлы білетін деректерін толықтырып, тарихтан мол тағылым алды.

Хаметова Айгерім

Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасының қызметкері 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір