• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:56:31
Алматы
+35°

12 Қараша, 2016 Сұхбат

Гүлмира Дайрабай: Атақ-дәрежемді пайдалансам, баяғыда министрлікте отыратын едім

Жұмысқа да, отбасына да, бала тәрбиесіне де үлгеріп, бәріне уақыт таба білетін қайсар келіншек, ортаңызға сыйлы тұлға болғыңыз келе ме? Ендеше дәл сондай...

Жұмысқа да, отбасына да, бала тәрбиесіне де үлгеріп, бәріне уақыт таба білетін қайсар келіншек, ортаңызға сыйлы тұлға болғыңыз келе ме? Ендеше дәл сондай жанның кеңесіне құлақ түріңіз. Танымал тележүргізуші, аяулы жар, асыл ана, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Дайрабаймен туған күні қарсаңында әңгімелесудің сәті түскен еді. Сыр-сұхбатты сіз де оқып, ой түйіңіз.

— Гүлмира ханым, туған күніңіз құтты болсын! Соған қарамастан бізбен әңгімелесуге келіскеніңізге рақмет. «Қазір сабаққа кіріп кетемін» дедіңіз. Жастарды тележурналистиканың қыр-сырына үйретіп жүр екенсіз. Әңгімені осы мектебіңізден бастасақ. Көбіне кімдер келіп тәлім алады, ерекшелігі неде?

— Негізі бұл жоба 4-5 жыл бұрын теория жүзінде басталған болатын. Бірақ уақыттың тығыздығына, графиктің бос болмауына байланысты практикаға биыл ғана енді. Биылғы жылы қаңтар айынан бастап осыны енді бір рет беріп көрейін деп қолға алдым. Мінеки, 9-маусымға жалғасып жатыр. Яғни, оған сұраныс бар деген сөз. Ол семинар бір күндік, екі күндік емес, бір айлық. Ай сайын жаңа топ келеді. Олардың ішінде, тіптен шетелден келіп оқыған студенттер болды. Мысалы, Түркиядан, сосын Англияда оқып жүрген қазақ қызы келді. Ол шетелде оқып жүрсе де, «Менің сол жақта алып жатқан оқуыма сіздің дәрісіңіз көмектеседі, осыны өтуім керек» деп әкесінен рұқсат сұрап, бір айлық еңбек демалысын алып, менің сабағыма қатысты. Мен бұны не үшін айтып отырмын? Бізде көбіне қолжетімді нәрсенің өзін армандайды да, қоя салады. Ал негізі мүмкін емес нәрсе жоқ. Адам деген ұмтылыс жасаса, қолынан келеді. Осы бір сабақ беріп көрейін деп бастаған дүнием, міне 9-маусымға созылып жатыр. Бұл өзім үшін үлкен бір өсу дәрежесі деп қабылдаймын. Себебі мен де жастардан үйренемін, көп нәрсеге басқаша көзқараспен қараймын. Қазіргі жастар өте талантты. Бүгінгі заманға сай алғырлықты, ой-өрістерін байқаған кезде іштей өзің бір толысасың. Барлық адам талантты болып туылады. Бірақ ол талантты дер шағында, керек уақытында пайдалана білу керек. Мысалы, бір топ келесі топқа ұқсамайды. Менің дәріс беріп жатқан мектебімде ай сайын келетін оқушылардың саны елуден төмен болған емес. Барлығымыз топырлап оқимыз. Барлығының атын жатқа білемін. Бір-біріміздің туған күндерде, мерекелерде құттықтап, тойлаймыз. Қазір менің осы тоғыз маусымда 450 студентім болыпты.

— Олардың арасында осы сала бойынша қызметке тұрып жатқандар көп пе?

— Иә, қазір айта кететінім, бір қызымыз «Хабар24» арнасына орналасты, біреуі қазір «Хабарда» жүргізуші. Енді бірі «Қазақстан-Қостанай» арнасының жүргізушісі атанды. Кеше ғана тағы бір оқушым «НТК» телеарнасына бекітілді. Қайрат Айдаш деген оқушым «Қазақстан» ұлттық арнасында жаңалықтарды жүргізіп жүр. Мақтанғаным емес, шүкір, біразы жақсы нәтижемен қуантып жатыр.

Ерекше, мақтан тұтатын шәкірттеріңіз бар ма?

— Иә, бұрын мектепсіз тәрбиелеген шәкірттерім – Жансерік Бейсеев, Ирина Тен, Руслан Бөлебай болды, Ләззат Танысбай. Былай қарап тұрсаң, менен де асып кеткен шәкірттерім бар. Өзінің ұстазынан асып кету деген – бірінші менің жеңісім. Мен онымен мақтанамын. Шәкіртінің жеңісін көрген адам ол – нағыз ұстаз болып аталады. Сол себепті мен бүгінде дайындаған студенттерім үшін өте қуаныштымын. Курстың сегізінші маусымында сондай сабырлы,байсалды бір жігіт оқыды. Өзінің тұрақты жұмысы бар, жақсы табысы бар, бірақ телеарнаға, медия саласына қатысы жоқ. Сол кетерінде «Мен бұл жерге тележұлдыз болу үшін, журналист болу үшін келген жоқпын, өзімді-өзім ашу үшін келдім. Қазір мен бастығыма өз ойымды айта аламын. Пікірімді кез келген адамға жеткізе аламын. Презентация жасап, докладымды оқып, баяндама жасай аламын. Бүның бәрі сіз үйреткен дәрістің арқасында. Сіз соған үлкен үлес қостыңыз!» деп айтып кетті. Яғни, кез келген сабақ, кез келген курс, кез келген мастер класс ол адамның өміріне бәрі бір өз септігін тигізеді. Бір тобымда Айгерім деген көп балалы ана болды. Ол маған инстаграм парақшасына жекеге жазып жіберіпті, «Менің жасым 44-те, көп балалы анамын, ата-енеммен тұрамын, балалық кезімде журналист болсам, телеарнада істесем деген арманым бар еді. Бірақ ауылға күйеуге шықтым, балалы болдым, екінші, үшінші деп, сөйтіп бес балалы болдым. Одан ата-енемді қимадым. Сөйтіп, өмірімнің бәрі өтіп кеткен сияқты болды. Қазір маған кеш пе?» деп сұрады. «Жоқ, кеш емес». Қазір сол кісі телеарнада жұмыс істейді. Көрдіңіз бе? «Өмірім күрделі өзгерді, өмірім алаңсыз өзгерді. Енем мені жұмыстан келгенде күтіп отырады. Бақытты ғұмыр сыйладыңыз» деп, сондай бір өзінің жылы сөздерін айтты. Адам «Мен 44-ке келдім, өмір бітті» деуі дұрыс емес. Керісінше, бүкіл Еуропа, Америка жүргізушілерді тек  қырық жастан бастап қана алады. Сол кезден бастап қана эфирге шығуға құқың бар. Оған дейін сен әлі өмірдің тәжірибесінен өтуің керек, білімнің тәжірибесінен өтуің керек. Кәдімгідей қажетті қор жинау керек адам. Біздегі бағдарламаларды қарасаңыз, шикі, аудиторияға жетпей жатады. Өйткені оны жүргізіп отырған жас қыз мынау қиын өмірді сүрген жоқ. Ол дүниеге бала әкелген жоқ, оны омырау сүтімен бағып көрген жоқ. Бағдарламаға шақырып алып, «Сіз неге енеңізбен тұрмайсыз?» деген сияқты сұрақты қояды. Себебі ол оны әлі өткен жоқ қой. Өмірлік мектепті кәдімгі университетті бітіргеннен де ең керемет мектеп деп есептеймін. Қазіргі тобымда оқып жатқан Арман деген жігіт бар. Жасы 40-та. 6 баланың әкесі. Кеше ғана баспаналы болды. «Үй сатып алдым, үйім бар, балаларым бар, жасым 40-қа келді, енді өз арманыма да уақыт болсын дедім. Кешігіп келген жоқпын ба? Менде мүмкіндік бар ма?» деп ол да осы сұрақты қойды. Бірақ қарасам, бойында өнер тұнып тұр, түрі керемет, ана жігітке қарап алты баласы бар деп айтпайсыз. Бала-шағасымен осы күнге дейін үйсіз тұрды. Бірақ бүгінде оған қол жеткізді. Кешегі өткен фотосессия мен интервью практикалық сабағымызда менің байқағаным, камерада өзін өте еркін ұстайды. Қоңыр дауысы, оқыған кітабы, берер ақпараты бар. Ондай жүргізушілер біздің телеарналарда болуы керек. Бізде ақсақ, рейтінгісі жоқ, тек жылтырақ бағдарламалар өте көп. Оның ғұмыры да қысқа. Ол жыл-жылт етіп шығады да, жабыла қалады. Ешкімнің есінде қалмайды.

Есіңізде қалған ең қымбат сыйлық қандай?

— Өзім «Еңбек — бәрін жеңбек» дегенді жиі айтамын. Әке-шешеміз еңбекқор болуға баулып өсірді. Еңбегіңді адал және таза, үлкен абыроймен жасасаң, шынында да, тыныш ұйқтайсың. Тек өзіңе сенесің! Егер сен өз жұмысыңды 100 пайыз дұрыс жасасаң, сенің орныңды ешкім тартып ала алмайды. Менің ұстанымым солай. Тамақ істесең де, бауырсақ пісірсең де, өзіңнің қызметің болса да адал жаса. Менің ең үлкен алған сыйлығым – Ақордада Елбасының маған тапсырған «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағы. Оны көп бізде журналистер білмеуі мүмкін. Бізде сахнаға кеше ғана келіп, бір әнмен танымал болып, осы атақты алып жатқандар бар. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жарлығымен осы журналистер арасынан мені елеп табыстады. 2012 жылдың 10 желтоқсаны әлі күнге есімде. Әрине, бұл – менің еңбегіме берілген, менің ата-анама берілген баға. Сол кезде әкемнің көз жасын көріп: «Папа, неге жылап жатырсыз? Қуанбайсыз ба?» деп айтқанымда, «Өз уақытында алғаныңа қуанып тұрмын» дегені бар. Яғни, кез келген дүниені өз уақытында алған дұрыс. Мысалы, менімен бірге жетпіске келген Ақұштап Бақтыгереева сол құрметті атақты алды. Сонда қасында 39 жастағы мен суретке түсіп жатқанда артқы жаққа қарай тығылуға тырыстым. Бізде қазір көбі алға тұрып, Елбасымен бірге суретке түсуге ұмтылады ғой. Ал мына кісінің жасы үлкен-ау, маған қарағанда елу жылдай тәжірибесі бар-ау деген ой кейде ұмытылып кетеді. Сондай майталман біздің мықтыларымыз, алда келе жатқан біздің қаламгерлеріміз тұрған кезде, алға шығып, суретке түскенім  бұл – дөрекілік, менің әке-шешемнің маған бере алмаған тәрбиесі боп көрінеді. Ондай көріністі мен көрсетпеуім керек. Қазір көпшілігі инстаграмға салып, бәріне жариялап жатады. Әрине, Елбасының қолынан алғаннан кейін мақтанады ғой. Бірақ мен жарияламаймын. Ол менің еңбегімнің жемісі. Өмір бойы менімен қалатын статус. Мұны еліміздің бірінші адамы маған ұсынды, яғни, мен оған лайықтымын. 1994 жылы «Халық әртісі» атағы алынып, соның орнына «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағы енгізілді. Демек бұл – қазіргі таңдағы «Халық әртісі» дәрежесімен теңдес атақ. Мен өзімнің үлкен бағамды алдым. Ризамын.

— Өз салаңызда жетістікке жетуіңіз, биікке көтерілуіңіз әкеңіздің арқасында деген тәрізді қаңқу сөздер естіп қалмайсыз ба?

— Ондай болған жоқ. Әрине, әкем Қызылорда облысында үлкен дәрежелі қызметте істеді. Бірақ мен оқуға алтын медальмен келіп, өзім түсіп, бір айдан кейін жұмыс тауып алдым. Әкем – Қызылордада, мен – Алматыда. Жұмысты тапқанда мен емес, мені тауып алды. Көшеде жай келе жатқан жерімнен тоқтатып, сізді осылай-осылай шақырайық деді. Баяғыда режиссерлер таланттарды көшеден іздейтін.

Менің әкемнің жазушылық қабілеті өте зор. Қырық төрт кітаптың авторы. Көптеген үлкен басылымдардың басы-қасында жүрген қаламгерлердің бірі, Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері. Сол себептен, қаннан берілетін дүние ешқайда кетпейді деп ойлаймын. Мен мысалы, журналистика мамандығын бітірген жоқпын. Халықаралық бөлімде, тарих факультетінде білім алдым. Қазақта аударымы жоқ «тектілік» деген ұғым бар. Бүгінгі жетістігім үшін ата-анама ризамын. Ойыншықтың орнына кітаппен ойнап, соны оқып, оған таласып, түнге дейін оқып тастауға тырысып, сондай атмосферада өскеннен кейін мүмкін журналистикаға жақын болған шығармын. Орысша оқысам да, бір орысша бағдарлама жүргізіп көрмеппін. Әлі күнге дейін қазақ бағдарламаларын жүргіземін. 1991 жылы Шерхан Мұртазаның шәкірті болдым. Шер аға әлі күнге дейін «Қазақстан» ұлттық арнасының қара шаңырағына келіп жатса, «Менің Гүлмирашым қайда?» деп іздейді. Ол кісінің іздеп келгенінің өзі мен үшін үлкен бір баға деп есептеймін.

— Елге актрисалық қырыңызбен де танылып қалдыңыз. Киноға шақыртулар жиі түсе ме? Қанша киноға түстіңіз?

— Негізі ұсыныстар өте көп. Телесериалдарға да, көркем фильмдерге де түсіп жатырмын.  Ермек Тұрсынов, Талғат Теменов, Асқар Ұзабаев сынды мықты режиссерлермен жұмыс істедім. Жалпы ең бірінші режиссерім – Асқар Ұзабаев. Ол бүгінгі  режиссерлардың ішіндегі талабы зор, көзі өткір, өз ісін білетін, шебер маман деп білемін. Алғаш комедиялық жанрдағы «Вузеры» сериалында басты кейіпкердің анасы, әкімнің әйелін ойнадым. Одан кейін Ермек Тұрсыновтың киносына түстім. Сосын Талғат Теменовтың туындысына қатыстым.  Одан соң қырғыз режиссерінің «Жедел жәрдем» атты сериалына түстім. Ол кісі менің қандай қызмет істейтінімді, кім екенімді білген жоқ. Егер режиссер мықты болса, мен ойлаймын, көп нәрсені өзгерте алады. Мен байқауға екінші рөлге келіп тұрып, басты рөлге өтіп кеттім. Бірақ мен оны сұраған жоқпын. Байқаудан кейін сіз лайықтысыз деді. Сонда мен «Несімен мен сізге лайықтымын? Менің уақытым жоқ, уақытым тығыз. Үнемі түсірілім алаңында бола алмаймын, үш айда мен сіздің жұмысыңызға кедергі келтіремін» дегенімде ол кісі: «Соншама сіздің жұмысыңыз қандай жұмыс, уақытыңыз болмайтындай?» деп сұрады. «Мен телеарнада, осындай-осындай жұмысым бар, жүргізушілігім бар, «Таңшолпанның» диеркторымын» деген кезде «Мұның бәрін өзіміз шешеміз, бастысы сіз келісесіз бе?» деді. Сол кезде мен өзіме берген баға есебінде мұны қабылдадым. Сол Айбек есімді режиссерге өте ризамын. Тегі менікіне өте ұқсас, Дайырбеков. Жасаған кинотуындылары өте мықты. Және мынау соңғы  2015 жылы үлкен бір резонансқа айналған, жақсы телесериалдардың бірі, экшн жанрында түсірілген туынды – «Арнайы өкілдер» сериалында ойнадым. Ол өмірден алынған хикаяға негізделген, 8 бөлімнен тұрады. Тәуелсіздікке арналған телесериал. Телесериалды көбіне әйел қауымы көреді ғой. Ал бұның аудиториясы – тек ер азаматтар. Әрине, ер азамат теледидар көргенде оның қасында жанұясы болады. Ол көрерменін тәрбиелейтін, патриоттық сезімін оятатын жақсы бір туынды болды деп есептеймін. Онда мен басты кейіпкердің әйелін сомдадым. Сол телехикаядан кейін «Қазақстан» ҰТА Бейнеқор бөлімінің басшысы Молдабек ағамыз ерінбей менің кабинетіме келіп, «Телефонмен айта салуыма да болатын еді, Гүлмира, бірақ мына киноны көріп, сізге риза болғандығым соншалақты, кабинетіңізге келіп ризашылығымды айтқым келді» деді. Жасаған жұмысыңның осындай нәтижесін көргенде, әрине, бойыңды қуаныш билейді. Оның  ақшасы емес, осы тәрізді жылы сөздер маңызды шығар деп ойлаймын.

— Бір әңгімеңізде, «балаларыма қаталмын» депсіз.Телевизия саласында белгілі бір график жоқ екені анық. Түсірілім уақыты күн-түнге қарамайды. Осындай тығыз жұмыс кестесінен отбасыңызға, бала-шағаңызға уақытты қалай табасыз ? Қалай үнемдейсіз?

— Уақытты таба алмайтын адам ол түк істемейтін адам деп есептеймін. Уақытты табу керек барлығына. Тамақ істеуге де, ыдыс жууға да, киноға баруға да. Қазір мен отбасымызбен сенбі күні қандай киноға баратынымызды білемін. Барлығын отбасымызбен ақылдасамыз. Бізде кәдімгі дәстүр, бірінші ата-анамыздың үйіне барып, тамағымызды ішіп, солардың амандығын біліп қайтамыз. Сосын түстен кейін өзіміздің «көңіл-көтеру» бағдарламамыз басталады. Жексенбі күні баратын жиын-тойларымыз бар дегендей. Оның барлығын жоспарлаймыз. Қазір уатсап желісі деген жақсы болды. Оның ішінде ата-аналардың чаты, мұғалімдердің чаты, оны қоя беріп ұжымдастардың, туысқандардың чаты бар. Барлығымыз  байланыстамыз. Бұл жерде қазіргі технологияның дамыған заманы да бәріне үлгеруге өзінің үлесін тигізіп жатыр деп ойлаймын. Сол себепті мен барлығына үлгеремін.

— Көбінде жұмыста, жұмыс бабымен шетелде жиі жүресіз. Жарыңыздың бұған көзқарасы қандай? Ол кісі тарапынан қызғаныш болмай ма?

— Білмеймін, болатын шығар (күліп). Ондай сұрақ қоюға өзім жол бермейтін шығармын. Себебі адамның жүріс-тұрысына байланысты ғой бәрі. Неге ондай мәселе туындайды? Тұрмысқа шығардың алдында бәрін айтқанмын. «Сегіз күн үйге қонбауым мүмкін, тамақты уақытында жасап үлгермеуім мүмкін. Соның барлығына көзқарасың қалай?» деген кезде, «Онда тұрған ешнәрсе жоқ, барлығын бірге шешеміз» деді. Сондықтан ондай артық мәселе ортада туындамайды. Қайта бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Ол кісімен кездескенімнің өзі қызық болған. Бір-ақ рет кездесіп, екіншісінде сөз айтқан. Үшіншісінде келісімімді бергенмін, сонымен болды. Уақыт та жоқ  кездесуге.

— Сізде қорқыныш болған жоқ па, бірден келісім беріп, тұрмыс құруға? 

— М-м, негізі… көп тексере берсең, көп нәрсе шыға береді (күліп). Көп нәрсені білмей шыққан жақсы. Ұзақ жүрсе, көңілі қалып қояды. Себебі адам ақылды болса, барлығын түзеп алады. Ол да бір адамның баласы. Ешқандай қиындық жоқ деп ойлаймын. Бәрі адамға байланысты.

— Атақ-дәрежеңізді, даңқыңызды пайдаланған кезіңіз болды ма?

— Жоқ, мен негізі өте кішіпейілмін. Керісінше, пайдалансам, мен баяғыда министрдің орынбасары не министрдің өзі болып отыратын едім. Оған менің білімім де, тәжірибем де, тілім де жетеді. Менеджерлік қабілетім де бар. Бірақ мен оны пайдаланбаған екенмін. Осы қарашаңырағымды, осы телеарнамды қатты жақсы көргенім соншалықты, басқа нәрсені ойлауға уақыт жоқ. Бұл да менің бір өмірім. Телевизия менің отбасымнан да бұрын пайда болды. Сол себептен бөліп жара алмаймын. Өз жұмысымды ақша төлемесе де жасауға дайынмын. Көшеде жүрсем, апаларым, әжелерім, аталарым жүргізбейді. О, кісілердің бір ауыз батасы, тілегі, өзімнің кішіпейілділігім, қарапайым тәрбием жолымды ашық қып тұрған шығар деп ойлаймын, тфай-тфай, шүкір. Кейде байқаймын, кейбір әріптестерім қасыңнан өтіп бара жатып амандасуды ұмытып кетеді. Немесе ұмытып кеткен сияқты түр жасайды. Оны жай ғана жұлдыз болған сәті деп есептеймін. Ол да өткінші дүние, өтеді де кетеді. Ал қарапайым болсаң, бәріне сыйлы боласың, жаның тыныш болады. Енді атағымды пайдалану деген ойыма да кіріп-шықпапты (күліп). Пайдалансам, түсіндіңіз ғой, портфелі бар бір басшы болып отыратын едім төбеде.

— Өзіңізге арнайы күтім жасайсыз ба?

— Соны осы уақытқа дейін, 40-тан асқанша ойланбаппын. Диета ұстау, бетке азаннан кешке дейін бірнәрсе жағу деген жоқ. Бірақ осы жақында бетіме қарап, бірнәрселер жасап едім, өзіме-өзім ұнап жүрмін соңғы кезде (күліп). Қазір де керек емес шығар. Бірақ сән салондарына жиі баратын құрбыларым «Гүлмира жүр, Гүлмира жүр» деп шақырғасын, көңілін қалдырмайын деп еріп барғанмын. Сөйтіп, ұнап қалды (күліп). Сені біреу уқалайды, сипалайды. Бетіңе маска, пиллинг дейді, соларды жағады. Бір рахат екен. Айнадан өзімді қарасам, шынында да әсері байқалады. Ұйқың қанған сияқты, көзің жайнап тұрады. Бетің нәзік, балғын. Сөйтіп осындай бет күтімдерін өзім тапқан шеберім жасап жүр. Оған да барғаным алдыңғы аптада ғана, туған күнім келе жатқандықтан, өзіме бір қарайыншы дедім. (күліп) Бұған дейін қараған жоқпын. Жалпы көбі диета ұстайсыз ба, 6-дан кейін тамақ жейсіз бе деп жатады. Мен керісінше, эфирде арық көрініп қалмайын деп, көбірек жеуге тырысамын. Мен өзім зерттеу жасап көрдім. Ми неғұрлым көп жұмыс жасаса, май клеткалары пайда болмайды. Екі сағат қана ұйықтаймын дедім, ғой. Мимен көп жұмыс істеймін, ол қашан майға айналады сонда? Айналмайды! Жұмыс істеп тұр ғой. Сондықтан маған фитнес те, тамаққа шектеу де керек емес.

— Сіздікіндей жұмыс кестесі болмаса да, көп уақытын жанұясына арнаса да шағым айтатын қыз-келіншектер кездесіп жатады. Сол кісілерге сізден кеңес болсын, бақытты отбасының кілті неде?

— Меніңше, адам үйде отырып-ақ жұмыс табуға болады. Тігін тіксеңіз де, тоқыма тоқысаңыз да. Жай ғана манты пісіріп, оны кеңселерге апарып берсеңіз де, ол да кәдімгі табыс. Оны сүйіспеншілікпен жасасаңыз, сұраныс тіпті көбейеді. Инстаграмға бір жарияласаңыз, қаншама тапсырыс келеді. Мен екі-ақ сағат ұйықтаймын ғой. Кейде бір бес сағат ұйқтасам ғой, шіркін, деп армандаймын. Сонда үйдегілер, балаларым аяйды. Сүйікті жұмысыңмен айналысып, бар ниетіңді, көңіліңді соған бөлген кезде артық дүниеге уақыт болмайды. Өсек айтуға, біреуді жамандауға, инстаграмда отырып ерігіп, біреудің жүрегін ауыртатын дүние жазуға қолың тимей қалады. Адам негативті өзі шақырып алады! Мен мысалы, таңертең үйден шығамын да, еңсемді көтеремін. Аспанға қараймын, күн жоқ болса да, оны бар деп елестетіп, таза ауаны көбірек жұтып аламын да, жай ғана кете беремін. Келе жатып, танысымды жолықтырып қалсам, дұрыстап амандасамын. Жай «Ей, қалайсың?» деп өтіп кетпеймін. Дұрыстап амандасу – жүрекпен амандасу. Асығып тұрсаң да «Жағдайыңыз жақсы ма?» деп сұра. Бәлкім оған көмек керек, бәлкім сіздің жай ғана жылы сөзіңіз ол адамды бір қиындықтан құтқарады. Ондайды, әрине, қазіргі қоғамда жағымпаздық деп түсінуі мүмкін. Мейлі, ойлай  берсін.  Ол сол адамның ой-өрісі. Ол сонымен өзінің ой-өрісі төмендігін байқатады. Мен одан ұялмаймын, ол өзі ұялсын. Мен керісінше, ұяламын, кейде… өздері біреудің көңілдесі болып немесе отбасы болмай тұрып, отбасыға қатысты бір нәрселерді жасап, «ей, осының…» деп мен туралы әңгіме айтқандарына…. Адам деген өзі жақсы болуы керек қой, біреу туралы айту үшін. Өзі жан-жағын жамамай жүріп, біреуді жамандау – ұят. Қарапайым ғана мысал, үйдегі күтушім, тоғыз жыл балаларыма бас көз болып келеді. Мен жаман болсам, ол осынша уақыт менімен тұратын ба еді? Міне, сұрақ! Мінезім өзіме ұнамайды. Тік, бетке айтамын. Біреуге арамдық жасамаймын, қара-ақ екенін бірден айтамын да, кете беремін. Шынайылық болғаны дұрыс. Қыз-келіншектерге айтарым, жұмыс болмаса да үйдің тіршілігінің өз бітпейді ғой, соны бір үлкен сүйіспеншілікпен жасаса екен деймін. Мен үйде асты керемет әзірлеймін, қолымнан келмейтін тағам түрі жоқ. Қамырды ерекше сүйсініп жасаймын. Менің жасаған тамағым, әжептәуір молынан дайындасам да, тез бітіп қалады. Сондайда анамнан: «Аз жасап қойдым ба?» деп сұраймын ғой. «Жоқ сенің тамағың тәтті, содан тез бітіп қалады» дейді. Демек не нәрсені де махаббатпен жасау керек. Неге қазанда желінбей қалып қойған тамақ дәмсіз? Оны демек ықыласпен жасамаған. Жұмысын да солай жасайтындар – тұрақты емес. Менің принципім солай. Үйде отырып, тамақ істемейтін келіншектерге таң қаламын. Керісінше, үйдің берекесін кіргізіп отырмай ма? Ең бастысы, әйелдер босансын, балалар көп болсын.  Өмірлері жақсы болсын, жолдастары мықты болсын!

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат Ikerim.kz сайтынан алынды 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір