• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:40:56
Алматы
+12°

12 Қараша, 2016 Әлеумет

Қыздар тәрбиесінің дәстүрлі құндылықтармен сабақтастығы

Жалпы қоғамның басты байлығы адам болса, парасатты да тәрбиелі қыздар – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы. «Қоғамды тәрбиелеймін десең,...

Жалпы қоғамның басты байлығы адам болса, парасатты да тәрбиелі қыздар – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.

«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірдің ұрпақ өрбітетін бастау-бұлағы. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі деп танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.

Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып, қазақ деген халықтың қандай екенін әлемдік қауымдастыққа жан-жақты танытатын кезеңде өзгенің қаңсығына өзеуремей, халқымызға тән құндылықтарды жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, қазір асылы мен жасығы араласып, сел болып жатқан ақпараттар ағыны ұрпақты баурап, «тәрбиелейтін» құралға айналғаны ешкімге құпия емес. Қыз баланың тәрбиесін қоғам болып қолға алмасақ, келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болары екіұдай...

Халқының дәстүрінен қол үзіп, рухани құндылықтарын мансұқтайтын, санасына селкеу түсірген жастар жалаң ұрандарға еліктейді. Бұл – рухани тұрғыдан әлсіретіп, дәстүрлі ұстанымнан алыстататын қауіпті құбылыс.

Анасының бойындағы жақсылы-жаманды қасиет пен тәрбие балаға құрсақтан бастап берілетіндіктен, ұлтының салт-дәстүрінен хабарсыз, ана тілін білмейтін әйел ұлтжанды ұрпақты өмірге әкеле алмайтыны мәлім. Ұлтты қалыптастырып, елді ел еткен құндылықтарды қыздардың санасына сіңіріп, дәстүрлі рухта тәрбиелеу – елдің ертеңіне қызмет ететін, мемлекеттің кемел келешегін ойлайтын елжанды ұрпақты жетілдіру деген сөз.

Ата-бабаларымыз «қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, барынша аялап, оның сыпайы, адал, мейірімді болып бойжеткенін қалаған. Мұқтаждық көрмей, бұла болып өсуі үшін барлық жағдайын жасаған, еркін ұстаған. Еркіндік деген есерлік емес, адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті мүмкіндіктің бірі екенін білетін дана халқымыз қызды еркелеткен, бірақ бетімен жібермеген. «Қызды қымтап ұстаған ұятқа қалмайды» деп оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қазақ «қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым» дегенде, қыз баланың тәрбиесіне ата-анасы ғана емес, бүкіл ел жауапты екенін аңғартады.

Жаңа ғасырдағы жаңалықты қабылдау керек деп, шетелден немесе ғаламтордан көргеннің бәрін талғаусыз қабылдағаннан ұрпақ ұтылады, ұлт әлсірейді. Көргеннің көзін сүріндіретін ашық-шашық киінуден аулақ, заман ағымына лайық жарасымды киініп, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтағаннан қыздарымыздың қадірі арта түспесе кемімейді. «Қыз – өрісің, ұл – қонысың» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп, қызды үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған.

«Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейтін қазақ қыздың жақсы болмағы анасынан екеніне баса мән бергендіктен, «Шешесі отырып, қызы сөйлегеннен без» деп қыздың әдептісін іздейді. «Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер» деп білетін қазақ «Қызы үйде болғанмен, қылығы түзде» екенін де назардан тыс қалдырмаған.

«...Қыз бой жетсе, ұзатуға асық» деген халық қызының барған жеріне тастай батып, судай сіңуін тілейді, өйткені «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп есептейді. Қазақтың ардақты ұлы Б.Момышұлының келіні З.Ахметова «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы» дейді.

Қыздың тәрбиесінде жеңгенің орны бөлек, бұл – өз алдына бір мектеп. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Көргенді жеңге қайынсіңілісін болашақ өмірге дайындап, білгенін үйретіп тәрбиелеген. Қыз оң жақта отырып қалса, жеңгелеріне сын болған. «Күйеу жаман болса қызыңнан» деп, өзінің отбасында жақсы тәрбие алған қыз қылықты, парасатты да пайымды болса, «Жақсы әйелдің жаман еркекті хан қылатынына...» сенген. Дегенмен, «сан айтса да түзелмейтін санасыз» еркектен сақтасын...

Қазақ халқы қыздың өз жұртымен бірге қайын жұртының да тәрбиеге жауапты екенін «Жақсы елге түскен келін – келін, жаман елге түскен келін – келсап» деп тұжырымдаған. Шынында, көргенді елден шыққан қыз көсегелі елге тап болса, бағының ашылып, бақытының жанғаны.

Бүгінгі бойжеткен ертең жар, ұрпақтың анасы, тәрбиенің бастау бұлағы, ұлағаттың қайнар көзі болатындықтан, қыздар түзелмей, қоғам түзелмейді. Ол үшін әрбір ер азамат қызға өз қарындасындай қарап, әр әйелді анасындай қадірлеу керек. Қазақтың намысты жігіттері көбейсе, арлы қыздары арта түсетініне күмәнім жоқ. Сондықтан, жаһанданудың алып тегершігінде ұсақталып кетпеу үшін дәстүрлі құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктерімізді ардақтап, ұятты ұл, қылықты қыз тәрбиелеуге елдің келешегін ойлайтын әрбір адамның атсалысуы – азаматтық парыз.

Отбасы қоғамның бір бөлшегі болса, әйел – отбасының алтын қазығы. Халқымыздың үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ер-азаматты қадірлеу секілді құндылықтарын ардақтайтын қарапайым, сыпайы қазақтың ибалы қыздарынан иманды ұрпақ өрбиді. Әулеттегі келіндердің ынтымақшыл болғанын қалайтын халқымыз «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген, өйткені жақсы әйелдер ағайын арасын жақындатып, бір-біріне мейірбан бауырлар тәрбиелейтіні мәлім.

Қазіргі отбасылардың басым көпшілігінде 1-2 ғана бала болғандықтан, кейбір ата-аналар баланы материалдық тұрғыдан «тойындырып», тоғышар ұрпақ тәрбиелеп жатқанына мәз... «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» екені мәлім, сондықтан ата-ана сол жалғыздың асты-үстіне түсіп, қалағанын әперіп, дегенін орындап отырады. Ата-бабаларымыз бұның жауабын «Балам жалғыз деп асқа үйретпе, ботам жалғыз деп отқа үйретпе», яғни дұрыс тәрбие бер деп айтып кеткен.

«Алып анадан» деген нақылдың тамыры тереңде жатыр, қыздарымыз саналы болмай, ұрпағымыз сапалы болмайды. Бүгінгі бойжеткен, келешек ана қоғамнан өз орнын тауып, отбасының құт-берекесін кіргізетін аяулы жар болуы үшін имандылыққа баулып, дәстүрлі тәрбие беру – ата-ананың парызы, қоғамның міндеті.

Дәстүрдің біразы ұмытылып, оны қадірлейтіндер мен түсіндіретіндер азайып бара жатқан қазіргі кезеңде педагогика және медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» атты кітабының (Алматы, 2012 ж.) маңызы ұшан-теңіз. Онда тәні қалыптасып, жан кірген балаға рухани тәрбие беруді құрсақтан бастау керек деген өте құнды ой айтылған. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің ұтымды мүмкіндігін жіберіп алмай, төрт айдан былай қарай (жан кіргеннен бастап) жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесін бастау қажеттігі туралы ойларын ғалым халықтық педагогикамен байланыстыра, ғылыми тұрғыдан дәйектеп, тәжірибемен ұштастыра дәлелдеген. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, бабалар салған сара жолдың қасиетін санасына сіңіру қай кездегіден де зәру, өткір, кезек күттірмейтін міндет болып тұрған қазіргі сәтте осы құнды еңбекті кәдеге асырсақ, ұтарымыз көп.

Ананың құрсағында дамып, нәрлі сүтімен бойына дарып, жанға жайлы үнімен сүйегіне сіңетін қасиеттер баланың өмірлік ұстанымына айналатыны сөзсіз, сондықтан баласының жақсы болғанын қалайтын ананың дені сау, тәні таза, өзі парасатты болғаны жөн. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем ететін әйелдер ұялмайтын ұрпақ тәрбиелеп, ел дамуына елеулі үлес қосады.

Әкенің орнын жоққа шығарудан аулақпын, дегенмен кемшілігі бар әкесінің де жаманын жасырып, жақсысын асырып, оны балаларының санасында бірегей тұлға етіп қалыптастыратын – ақылды әйел. Бала естияр болғанда әкесінің кемшілігін білгенмен, санасында тұлға болып ұялаған адам туралы жаман ойламайды. Бұдан әке де, ана да, бала да зиян көрмейтіні анық.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең ұлыңды тәрбиеле, қоғамды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деп, аз сөздің аясына мәні зор салмақты ойды сыйғызған халқымыздың дана дәстүрімен бүгінгі қоғамның заманауи жастарын тәрбиелей алсақ қой...

Жоғарыда келтірілген халық нақылдарының мәні жоғалып, маңызы төмендеген жоқ, керісінше, соны біліп, кәдеге асыратын, сөздің салмағын түсінетін адам азайып бара ма деген күдігім басым.

 

C.Дуанаева, ф.ғ.к.,

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

 және талдау орталығының ғылыми хатшысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір