• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:29:19
Алматы
+35°

14 Қараша, 2016 Сұхбат

Құрмаш Маханов: «Өресі жетпеген жігіттен не күтеміз?»

Ол кісінің барлық әндері тұнып тұрған философия. Құлағыңыздың құрышын қандырып ән тыңдағыңыз келсе 20 қараша күні Конгресс Холлға келіңіз. «Беу, Туған...

Ол кісінің барлық әндері тұнып тұрған философия. Құлағыңыздың құрышын қандырып ән тыңдағыңыз келсе 20 қараша күні Конгресс Холлға келіңіз. «Беу, Туған жер» деп баршаңызды Құрмаш Маханов әнге бөлейді. Осы концерттің алдында ағамызға құтты болсын айтып, сөзге тартқан едік…

— Аға, алдағы өткелі отырған кешіңізбен құттықтаймын! Бір сұхбатыңызда: «Ол менің сахнадағы бірінші күнімнен көкейімде жүрген арманым, ойым жоспарым, үмітім. Өкінішке қарай қазір авторлық кеш өткізетін жағдайым жоқ. Ол күнде туар. Менің де қолыма қарға құмалағын тастар…» деген екенсіз. Ол күн де туды деген сөз бе?

— (Күліп) Иә, ол күнде туды. Негізі бұл кеш менің авторлық екінші концертім. Бірінші рет 2013 жылы осы Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында кеш өткізгенмін. Алдағы концертте мен халыққа сазгерлік қырымды көрсетемін. Әншілердің орындауындағы 25 әніммен қатар, өзімді де жұрт әнші ретінде көбірек білетіндіктен бір ән айтамын деп жоспарлап отырмыз. Сосын, «Алаш ұлы» тобымен бірге Серікзат Дүйсенғазиннің сөзінде жазылған кешімпен аттас «Беу, туған жер» әнін орындаймыз. Кешті Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап өткізіп жатырмын.

— Өзгешеліктері қандай?

— Өзім жүргіземін! Екі кешке жететіндей шығармалар жиналып қалған екен. Соның ішінен іріктеп отырып тақырыпқа сай әндерді жинақтадым, ал келесі жылы өзімнің әншілігіммен тағы бір концерт береміз деген ой бар. Өйткені үлкен сахнада жүргеніме 20 жыл болады. Бұл соның алдындағы бір серпіліс, дүмпу. Оның үстіне тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы болғандықтан, өзімнің үлесімді қосқым келді, оны азамттық парызым деп білемін. Әрине екі концертке дайындалу оңай емес. Бірақ тәуекелге бел байлап, жұмысты бастап кеттік…

— Халықты қандай шоумен таңдандырасыз? Мысалы қазір ән кештеріне шетелдік әншілерді шақырып, қазақша ән шырқату «мода» болды…  

— Менде шетелдік әншілерді қазақша айтқызу деген ой жоқ екен. Бірақ көкейімнің бір түкпірінде қазақ әндерін барлық әлем білсе деген арман бар. Дәл біздей түсінбесе де, бай өнерімізден, дәстүрімізден, салтымыздан ақпарат алса деген мақсатым бар. Ол үшін жоспарлар да жоқ емес. Бірақ оны алдын-ала айтпай-ақ қояйын.

— Сахнаның көркемделуі кімнің мойнында? Тағы да сол, кейбір әншілер шетелден мамандар шақырып жүр дегендей…

— Жоқ, біз шетелге жүгінбедік! Сахнаны гүлдендіретін, жарықпен бояйтын, Led экрандармен жарақтандыратын, шақырулар мен билеттер, баннерлер мен афишалар жалпы барлық қажеттілікті Мади Манатбек бауырымның «BagOrda» компаниясы қамтамасыз етіп жатыр.

— Қазір өте сирек көрінесіз. Тойларға жиі шығасыз ба?

— Негізі тойға көп шығамын. Көбіне мені қонақ етіп шақырады. Өйткені менің шығармашылығымды білетін жандар менде лирикалық, мағыналы әндер екенін біледі. Себебі сөзіне жіті мән беремін. Менде биге арналған емес, ой салатын туындылар бар. Сол себепті де әр әулеттің үлкендеріне, бетке ұстарларына сөз берілгенде немесе тілек айтқанда өнерімді сұрап жатады.

— Сізбен сұхбатқа келіскеннен кейін, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға суретіңізді салып, «Жақында біздің сайтымызда Құрмаш Маханов қонақта болады. Өз сауалдарыңызды жолдаңыздар!» — деп жазған болатынмын. Бірақ сұрақ жоқ! Барлығы тек жылы лебіздер, тілектер. Тіпті менің әріптестерімнің де сұрақтары жоқ сияқты… Өзіңізді қызықсыз болып қалдым деп ойламайсыз ба?

— (Күліп) Менің өзімнің принциптерім бар. Жеке отбасым туралы ақпарат берген мүлде ұнамайды. Өйткені жеке бастың мәселесі құпия болғаны дұрыс. Қанша отбасы болса, сонша сыр бар. Отбасы ішіндегі жайтты сыртқа шығарудың қажеті жоқ. Менің өмір бойы айналысып жүрген кәсібім өнер болғандықтан, тек шығармашылығым қызықтырғаны жөн. Бәлкім менің мұным қазіргі шоу бизнестің талабына қарсы келетін шығар?! Қарсы келе берсін!

Менің жасап жатқан дүниелерім қыруар пайда әкелмесе де басты мақсатым халыққа сапалы, құнды дүниелерді жеткізу. Мысалы Шәмші Қалдыаяқов, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков сынды асқар тауларымыз жасаған еңбектің шынашақтай бөлігін мен жасай алсам онда менің арманым жоқ.

— Мысалы қазір «әншілер төбелесіп қалды, ерегісіп қалды» деген жаңалықтар көбейді. Жарнама сияқты көрінеді… Сізге де неге солай шулатпасқа?

— «Атың шықпаса жер өрте» дегендей әңгіме мені қызықтырмайды. Ол менің мінезіме де, принциптеріме де қарама-қайшы нәрсе. Ал кім қандай ақпарат береді ол оның интеллектісіне, іліміне, біліміне, мәдениетіне байланысты. Ешкімнің сыртынан ғайбат айтқым келмейді, бірақ бір айтарым әркімнің ісі өз дәрежесін көрсетеді.

— Жаңа сөзіңізде «Әннің мәтініне көп мән беремін» деп айтып қалдыңыз. Әрбір әніңізден ол байқалады да. Ал қазіргі жастардың өнері қандай деңгейде? Кімдерді жоғары қояр едіңіз?

— Жастардың ішінде таланттылар көп. Кейбірінен өзіңе керек дүние алуға болады. Мен ол үшін қуаныштымын. «Мысалы…» деп бөліп жарып айтпай-ақ қояйын. Ол менің тыңдармандық пікірім болып кетеді.

— Жақсы… тыңдармандық пікіріңізді білейік. Кімдерді тыңдайсыз?

— Мен сүйсініп тыңдайтын әншілерімнің бірі Мөлдір Әуелбекова, мен вокалист ретінде оның вокалына ризамын! Айқын Төлепбергеннің ізденімпазыдылығы, еңбекқорлығына тәнтімін, одан кейін Нұржан Керменбаевтың талғамы өте жақсы. Өзіне сай, жарасатын әндер орындайды. Әнші үшін ең маңыздысы өз әнін таба білу ғой.

— Өзіңіз әндеріңіз әншісін бату үшін қалай ұсанасыз? Құпия болмаса әндеріңізді неше соммаға бағалайсыз?

— Кейбір әндерді бір әншінің дауысының бояуына, мінезіне, жанрына сай елестетіп отырып шығарамын. Сосын өзім ұсынамын. Кейде өздері сұрап жатады. Әрине, сатамын! Өйткені бұл менің еңбегім! Дегенмен маған үлкен қаржы түсіреді деп айта алмаймын. Шыны керек 70 пайызын тегін бере саламын. Мысалы жақында бір інішек келіп 30 мың теңгеге бір әнімді алып кетті. Ал кейбір әншілер қомақты соммаға алады. Негізі мен әнді шығарғаннан кейін, оның дайын болғанға дейінгі проссесінің бәріне қатысқанды дұрыс санаймын. Оның мәтіні мен өңделуін өз мойныма аламын. Әншіні тек студияға дыбыс жазуға ғана шақырамын. Әрине үнемі бұлай бола бермейді, бірақ өзім осыны қалаймын. Өйткені әннің мәтіні мен өңделуінде гармония болмаса әннің тағдыры қысқа болуы мүмкін.

— Әннің сөздерін жаздыруға да араласамын деп отырсыз. Қайсы ақындармен жиі жұмыс істейсіз?

— Мен көбінесе Мұрат Есжан, Назира Бердалы, Асқар Дүйсенбі, Таңат Арынғали, Серікзат Дүйсенғазин, Қалқаман Сарин сынды ақындармен шығармашылық байланыстамын. Кезінде Исрайл Сапарбай ағамызбен, Толымбек Әлімбекұлы деген ағаларымызбен де жұмыс істегенмін. Бұ кісілер мен үшін асқар тау ғой. Қазір бұл қатарға Олжас Қасым, Назерке Семей деген жастарда қосылып жатыр.

— Шығармашылығыңыздағы биік туындының бірі «Риясыз махаббат». Оқырмандар осы әннің шығу тарихы туралы айтып беруді сұраған екен.

— Тыңдармандарым кезінде 13 айға жуық шетелде жүргенімнен хабардар. Сол кезде туған жерге, елге, тыңдарманға, сахнаға деген сағыныштың себебінен осындай бір ән жазуға ниеттендім. 2011 жылдың қысында осы ән дүниеге келді. Қателеспесем ақпан айы, Астананың жапалақтап қар жуып тұрған түнінде, көшеде жалғыз өзім келе жатқанда шықты. Одан кейін Мақсат Салықов деген ағамызға тыңдатып: «Осындай ән бар ма?» деп сұрадым. Ол кісі: «Жоқ, осы сенің әнің-ау!»- деді. Арынан сол кезде бірге тұратын Мұрат Есжан бауырыма: «Осындай ән бар. Бұның ішіне риясыз махаббат сыйса… Біз кімді риясыз жақсы көре аламыз? Әке-шешеңді бір ерекшелігі үшін жақсы көрмейсің ғой, ата-анаң болғаны үшін жақсы көресің. Сол сияқты жұбайыңа, бала-шағаңа, өткен балалығыңа, отаныңа деген махаббатың бәрі риясыз!»-деп айттым. Негізі Нәзира Бердалы мен Мұрат Есжан менің ойымды өзім сияқты тоқып, бірден жазып бере қояды. Олардың мәтініне «Мына жерін былай өзгерсек» дейтін жағдайлар да өте сирек болады.

— Олар бірден жазып береді екен. Ал өзің бір әнді неше уақытта жазасыз?

— Әртүрлі.

— Бір ерекше оқиғамен туған әніңізді айтып беріңізші?

— Ондай әндер көп қой. Оның барлығын айтып отырсақ уақыт жетпес…

(Күрсініп) 2013 жылы қыста үйде кешке теледидардан жаңалықтар көріп отырғанмын. Осы Солтүстік аймақтың бір облысында болған оқиға жүрегімді пышақпен жырып өткендей болды. Қоқыс жәшігінің ішінен қолы жұлынған жаңа туған сәбидің қатқан мәйіті табылыпты. Ол жаңалықты естігесін өзімді қоярға жер таппай, түнімен қиналдым. Біреулер 20-30 жылдай нәресте көру үшін жер аралап, ел кезіп кетеді. Ал біреулер соны қоқыс жәшігіне тастайды. Ол қандай адам? Тіпті хайуан екеш хайуанда өз баласын жалап, өліп жатады ғой… «Бүл қазақ жастарының қандай деңгейге жеткені?» деген сұрақ көкірегіме мұң ұялатты. Сосын бір ән туды, оған тағы да сол Мұрат Есжан мәтін жазып берді. Оны қазір Бақыт Тұрман орындап жүр, бұйыртса 20 қарашада болатын кешімде де орындайды. Менің мақсатым- азаматтар мен қыздарды жәй ғана бір жарты сағаттық жан рахатын ойлап қателесікке бой алдырмауға шақыру.

— Аға буын ретінде тағы қандай дүниелер сізді мазалайды?

-«Біреуге қолыңнан келмесе сөз берме! Ал сөз берген екенсің өліп кетсең де орында! Білімді, жан-жақты бол» дегенді қай жерде жүрсем де жанымдағы сапарластарыма айтып отырамын. Бұл менің 12 жасымда қайтыс болып кеткен әкемнің өсиеті. Осы уақытта дейін мен ол өсиетті есімде сақтап әрі солай болуға тырысып келе жатырмын. Әр қазақ менің бауырым деп есептегендіктен осы ақылды үнемі бөлісіп жүремін. Әр нәрсе бірінші өзіңнен басталуы керек. Мұсылмандарда хаққы деген нәрсе бар. Ер азаматтың ата-ана алдындаға хаққысы бар. Одан кейін бауырларының, жұбайының, ұрпақтарының, көрші-қолаңның, жора-жолдастарының хақысы болады. Одан артылып жатса отандастарының хақысы да бар. Соның бәрін бере алмаған азаматты мен ер азамат қатарына жатқыза алмаймын!

Одан кейін жастардың қазақша сөйлемейтідеріне алаңдаймын. Мысалы өзім сабақ беремін. Менің студентерімнің ішінде «Қазақша білмеймін, мен оған мұқтаж емеспін» дегендер болды. Тіпті «Маған ұлттық, тілдік қатынастың жыныстық қатынастан айырмашылығы жоқ» деп айтқан жастар бар. Оларды көріп әрине күйінесің.

Мен өзім орыс тіліне жүйрікпін. Мектепті де, колледжді де сол тілде бітіргесін, басында қазақша сөйлеуге қиналатынмын. Қазір жетік сөйлей аламын. Тіпті қазір орыс тілінің сөздерін есіме түсіре алмай қалатын кездерім болады. Сол үшін менің айтарым, балаңызбен қазақша сөйлесудің өзі сіздің болашаққа қосқан үлесіңіз. Балаға тарихымыз, әдебиетіміз туралы ең бірінші хабар беретін әке-шеше. Әсіресе әке! Ол ақпараттарды берсеңіз балаңыз өрелі болып өседі, бермесеңіз болашаққа жасаған үлкен қателігіңіз. Тексіздіктен сақтану керек! Көп нәрсені мектептен, қоғамнан көріп жатамыз. Ал негізгі тәрбие сол отбасында қаланады. Біз оны бермей ешкімге кіна артпауымыз керек.

— Жақында суретші Аңсаған Мұстафамен сұхбаттасқанда: «Қазақтың баласы, еліміздің ертеңі туған бойда боқ сияқты туалетке түсіп жатқан жағдайлар болды. Өздерің де естіп жүрсіңдер ғой. Сондай кезде оның әкесі сүттен ақ, судан таза болып интернетте сол қыздарды қаралап комментарий жазып отырады, сол дұрыс па? Осы мәселе қынжылтады» деген еді. Жігіттер неге ұсақталуына  не себеп, қалай күресеміз?

— Өресі жетпеген жігіттен не күтеміз? Жаңа басында айтып кеткендей ондай тірлік жасаған қыздың да, жігіттің де хайуаннан еш айырмашылығы жоқ. Өйткені уақытша ғана ләззаттың жетегінде кететіндерді мен хайуанға теңеймін. Онымен күрес сол отбасында басталуы керек. Басшылықты, оқу орындарын жамандамай әркім өзімен жұмыс жасауды бастасағаны жөн. Бәріне бірдей күл шашпаймын, бірақ баланың көзінше біреуді ғайбаттап, өсек айтып отыратын отбасылар көп. Ал оны естіп өскен балада қандай парасат болуы мүмкін? Қандай патриот шығады? Өйткені ол өзінің көршісін сатып жіберуге дайын болып отырады. Неге? Өйткені әке мен анадан сондай тәрбие алды. Біз осыны тиюымыз керек. Балаға жақсы адамдар туралы айтып, жақсылықты насихаттауымыз қажет.

— Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп отырсыз. Олардың ішінде ән жазатындары бар ма?

— Әрине, іштерінде ән жазумен айналысатындар бар. Қолым бос кезде тыңдатып кеңес сұрайтындары болады. Білгенімді үйретуден жалықпаймын.

— Жаңа басында: «Риясы махаббатты» жазғаннан кейін, осындай ән жоқ па?» деп тыңдатып көрдім дедіңіз. Қазір эстрадада көшірме көп. Мысалы Ұлықпан Жолдасовтың Төреғалиға жазған бірнеше әнінін сынға алды. Жалпы қазіргі компазиторлардың деңгейі қандай?

— Өзі жеті ғана нота. Кейде мысалы әуені ұқсап жататын шығар. Бірақ әнде акорд, гармония, размер деген дүиелер бар. Өкінішке орай тырнақ астынан кір іздеп жататындар болады. Оны бір арнайы содан ұрлайын деп жазбайтын компазиторлар бар. Мысалы Лұқпан. Оның шығармашылығын сыйлаймын. Ал енді көзді бақырайтып қойып плагиат жасайтындарда бар екенін жасырмаймын. Тағы да жоғарыдағы сөзімді қайталап айтамын: Әркім өзіңнің дәрежесіне сай дүние жасайды. Әрі оларға біз қоғам болып мүмкіндік беріпте отырмыз.

— Қоғам болып мүмкіндік беріп отырмыз дейсіз… «Сенікі таза көшірме!» деп айтуға біздің әліміз жетпейтін сияқты…

— Оны бақылайтын, тексеретін мекемелер болуы керек. Кезінде ондай ұйымдар болған. Біз солардың тек аты ғана қалған заманда өмір сүріп жатырмыз. Өйткені олар жұмыс істейтін болса, бізде мұндай мәселелер туындамас еді. Оларды жамандағым келмейді. Бірақ олардың қадірі кетті. Қазір шоу бизнес болсын, басқасы болсын бәрінің бірінші мақсаты-ақша табу. Оны анайы жолмен табу да ұят емес саналып отыр.

Кәсіби маман ретінде эстрададағы әндердің неше пайызы көшірме екенін айта аласыз ба?

— Менің салам кішкене бөлек. Оны санайтын статистикалық мекемелер болуы керек. Мен барлық әндерді тыңдап, бақылап жүремін деп айта алмаймын. Оған қызықпаймын да! Өйткені менің басым басқа нәрселермен жиі ауырады.

— Өзіңіздің шығармашылығыңыздағы әндердің басым бөлігі өзіңіздікі. Бір қолдан шыққан дүние білініп тұрады ғой. Бір сарындылыққа түсіп кеттім деп ойламайсыз ба?

— Мен олай ойламаймын. Бірақ басқа музыканттардан, мамандардан сұрау керек. Мен өзім туралы өзім пікір айтқаным ұят болар!

— Сіздің дінге жақын екеніңізді білемін. Осы тұста «музыка мен дін ұштаспайды» деген пікірді алға тартқым келеді. Болашақта осы себептен сахнадан кетуіңіз мүмкін бе?

— Ол біржақты ғана көзқарас. Менің жинаған діни ақпараттарыма сенсек дін құрал емес. Ол жүректегі-тазалық. Менің өнеріммен оның қарама-қайшылығы жоқ! Олай болған жағдайда менің әншілікті қойуым мүмкін еді. Мен өз принцсиптеріме сай еңбек етіп жүрмін, соған сай дүниелерді шырқаймын. Менің орындауымда ессіз әндер жоқ деп ойлаймын. Әрине тойға арналған әндерім бар. Бірақ сол әндердің өзін қазақтың дәстүрінен алыстатқан емеспін. Мысалы, Назира Бердалы мен «Дәурен» деген ән жазғанмын.

Назираға: «Жүгірім шықтым белеске,

Белес жақын емес пе?

Осы отырған ағайын,

Бір ғанибет емес пе- ай-ау!» … әннің жанрындағы өлең болса деп өтініш айтқанмын.

Ол: «Есік алды жасыл сай,

Той думанмен көңіл ашылсай,

Есік алды жасыыыл сай,

Ай туғанда көңілім басылсай.

 Есік алды барқыт бел,

Барқыт белге әніңді алып кел!

Есік алды барқыыыыт бел,

Барқыт белге әніңді айтыып кел!» деген  мәтінді жазып берді. Әсіресе осы қайырмасы өзіме қатты ұнады.

— Жаңа жоғарыда айтқанымдай сіз туралы тек жағымды пікірлер. «Иман жүзді, адал, мейірімді…» бұл тізім жалғаса береді. Мен студент кезімде бір концертте өзіңізге сұрақтар қойғанмын. Асығып бара жатқаныңызға қарамай тез сөйлеп, кешірім сұрап кеткеніңіз есімде. Өзіңізді сол үшін кінәлі сезінгендей болдыңыз. Демек менің санамдағы Құрмаш Махановтың образы да сол жоғарыдағы пікірлерден алшақ емес. Негізі мінезіңіз қандай? Жүз пайызға керемет пе?

— Бәрі жүз пайыз деп айта алмаймын! Кемшіліктерім жетерлік, оны біліп, сонымен күресіп жүрген пендемін. Ол кемшіліктерді айтуды құптамаймын! Ал енді мен туралы жақсы пікірлер ғана болса, ол үшін әрине қуаныштымын.

— Бір әніңізде «Өмір заңы екен ғой, кездесу мен қоштасу» дейсіз. Амалсыздан қоштасқан кездер бар ма?

— (Ойланып)… Ондай жағдайлар әрине орын алып жатады. Бойдақ кезімде… өмірлік жұбымды іздеп жүрген кездерде…Шынымды айтсам ол кездерді мүлде есіме алғым келмейді. Бұйыртса келесі жылғы концертімде біраз әнімнің тарихы айтылады. Сол жерде ашылғаны дұрыс шығар деп ойлаймын.

— Отбасыңыз туралы айтқанда балаларыңыз, бауырларыңыз жайында ғана айтып, жарыңыз туралы көп сөз қозғамайсыз…

— Отбасымда екі қыз, үш ұлым бар. Жарымның есімі-Әлия. Үйде бала тәрбесімен отыр. Оны барлық қажетімен қамтамасыз ету менің мойнымда! Мен әйел кісінің жұмыс жасағанын қаламаймын. Өйткені әйел үйдің берекесі.

— Бала тәрбиесінде қандай әкесіз?

— Орташалықты ұстанған әкемін. Қатігез де, жұмсақ та емеспін. Өйткені балаға дер кезінде тәк-тәк айтып отырамын. Әкем мен анамның берген өнегесін соларға қалдыруға тырысып жүрмін.

— Кештің алдындағы қыруар жұмысқа қарамай бізге уақыт бөлгеніңізге рахмет! Сәттілік тілеймін! Концертте кездескенше...

  Сұхбат Ikerim.kz сайтынан алынды 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір