• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:33:11
Алматы
+35°

15 Қараша, 2016 NEWS

Алматы облысында мал үшін ағайынды жігіттерді атып өлтіргендер сот алдында жауап бере бастады (Видео)

Айыпталушы орындығында – үш адам. Екеуі қанды қылмысты жасағандар, ал үшіншісі - мүмкіндігі бола тұра қылмыс туралы мәлімдемеген малшы. Соттың бүгінгі...

Айыпталушы орындығында – үш адам. Екеуі қанды қылмысты жасағандар, ал үшіншісі - мүмкіндігі бола тұра қылмыс туралы мәлімдемеген малшы. Соттың бүгінгі алдын ала тыңдалымында, қос тараптың туыстары сөзге келіп, шекісіп қалды.        

Бұл туралы Ктк арнасы хабарлайды.            

Соттың табалдырығында бір-біріне теріс қараған қос тарап. Бірінің –қарауға беті жоқ, ал бірі ашу-ызасын әрең ұстаған. Тар дәлізде әрі қарай бірге тұруға дәті шыдамаса керек, күдіктілердің туыстары ақыры сыртқа қашып шықты.           

Кәмшат Оңалбаева, күдікті М.Оңалбаевтың әйелі:

– Неге түріңізді жабасыз? Бәрібір сотқа кіресіз ғой!  Енді жұмыс істеймін  танитын ел де көп.  Ұят қой, қойшы.

Туыстары ұяттан өртенгенімен, күдіктілер еркін отыр. Тіпті тағылған айыптармен келіспейтінін де судьяға кесіп айтты.    Бастапқыда кінәсін мойындағандай болған күдіктілер осылайша сотта тайқып шыға келді. Біреуі де өзін кінәлімін деп отырған жоқ. Талғат Сүлейменов қарақшылық фактісін де мүлде жоққа шығарды. Ұзынағаш базарынан үш ағайындыны 40 бас сиырымен ауылға алдап апарып, артынша айуандықпен өлтірді деп айыпталған осы Сүлейменов пен Мұрат Оңалбаев. Ал үшіншісі - марқұмдардың қалай өлтірілгенін көрген, бірақ оқиға туралы мәлімдемеген малшы. Жауапкершілігін әлі сезінбесе керек, қолхатпен үйінен келіп жүрген ол бүгінгі сотқа да арақ ішіп келіпті. Жеті күн үндемей жатқан Байқасымовты сол сыбайластары ұстап бергенін айта кетейік. 

Бақыт Байқасымов, күдікті:

- Аузым байланып қалды бала-шағамды ойлап.  

-Неге жасырасың?

-Айт шындықты.

Неге жасырасың?

-Білмеймін,қорқып кеттім!  

Бүгінгі тыңдалымында осы қанды қылмысқа қатысы бар делінген тағы екі адамның аты аталды. Олар - күдікті Талғат Сүлейменовтың әкесі мен інісі. 

Еркін Бейсеке, марқұмдардың туысы:

-Қаруды Сүлейменов Жанай беріп отыр. Қылмысты Сүлейменов Талғат жасап отыр. Малды Сүлейменов Данияр алып отыр. Фамилиясы да үшеуінің Сүлейменов. Талғат Сүлейменов, Жанай, Данияр Сүлейменов.

Әкелі –балалы қанды оқиға түні ауылда күтіп, ұрлық малды түсіріп алып қалған екен. Бірақ солай бола тұра іске тек куәгер ретінде тартылуына жәбірленуші тарап келіспей отыр.   

Атышулы қылмыстық істе топпен адам өлтіру, қарақшылық және заңсыз қару алып жүру сынды ауыр баптармен айыптар тағылған. Бірақ та марқұмдардың туыстары әлі де «мәйітті қорлау» деген тағы бір ауыр баптың қосылуын талап етіп отыр. Өйткені, сот сараптамасы көрсеткендей қандықол қарақшылар марқұмдарды атып өлтірмес бұрын оларды әбден азаптаған екен.

Яғни, Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайындының жауырыны мен жағын ұрып сындырған екен. Артынша мылтықпен басынан, жүректен атқан. Негізгі сот отырысы төрт күннен кейін басталмақ, қанды оқиғаның бүге-шүгесі сонда айталды.      

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір