• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:07:19
Алматы
+35°

23 Қараша, 2016 NEWS

АЛКОГОЛИКТЕРДІҢ АНОНИМДІ АССОЦИАЦИЯСЫ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРЕДІ?

Қазақстанда жыл сайын жан басына шаққанда 5,9 литр арақ ішіледі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін...

Қазақстанда жыл сайын жан басына шаққанда 5,9 литр арақ ішіледі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайды деген ақпарат таратқан. Қазақстанның статистика агенттігінің мәліметі бойынша, арақтан бөлек, ел тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішеді.

Биография

Менің әкем арақ ішетін. Орыстар құсап қарынды тойдырып ішу дегенді білмейтін. Аш қарынға арақты қағып салып, артынан темекі шегетін. Оқыған, шахматты шашып ойнайтын, тарихты ертегі қылып айтып беретін адам 200 грамм ішсе болды өзге адамға айналушы еді. Өсе келе алкоголь өнімдерін көрсем ыза-кекке булығып, жиіркеніш сезімін бастан кешетін болдым. Мен әкем сияқты қаншама қазақ ұл-қызының әкесі ішкілікке салынғанын жақсы білемін. Арақтың азабын әбден тартқан сол ұрпақ қазақтың алкоголик болғанын қаламайды.

Ардақ

Алкоголиктердің анонимді ассоциациясы қысқаша айтқанда АА-ға қоңырау шалғанымда тұтқаны Ардақ (аты өзгертілген-ред.) есімді бір жігіт көтерді де әңгімені баяндай кетті. Ардақтың жасы 31-де екен. Алкоголикпін деп ашық айтты. Арақпен 9 жылдан бері дос. Ол Қазақстан және Қырғызстан алкоголиктерінің анонимді (құпия) ассоциациясының мүшесі. Ардақ өзгеге көмектесе отырып өзінің жан жарасын емдегісі келеді. Ашық жарқын, сөйлеген сөзінен өкініш пен үміт лебі сезілетін, отызға жетсе де орда бұзбақ түгілі сыр ақтарар сүйіктісі жоқ жігітке жаным қатты ашыды.

АА

1935 жылы АҚШ-тың Огайо штатына іскерлік сапармен Нью-Йорктің бір бизнесмені барады. Бизнесмен ұзақ жылдар бойы алкоголизммен күрескен екен. Огайоның Акрон қаласында жүрген ол біржолата арақпен қош айтысады. Өзінің оқиғасын үлгі естіп басқа алкоголикке айтуды ұйғарады. АА құру идеясының негізі – алкоголиктердің (бұрынғы болсын) өзге алкоголикпен рухани байланыс орнатуы, арақ ішпеуге шақыруы. 1939 жылы жарық көрген «Alcoholics anonymous» кітабы АА мүшелері үшін қолдан түспейтін құнды кітап. Бүгінгі таңда әлем бойынша 113 000 АА топтары тіркелген. Ресей Федерациясында 360-ға жуық АА филиалы бар. Ал, Қазақстандағы қауымдастықтың саны 9 (Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар, Атырау, Орал, Ақтау). Оның 4-уі Алматыда («Виктория», «8 март», «Виктория: әйелдерге арналған», «Талғар») ашылған. Алматы қаласындағы «Виктория: әйелдерге арналған» АА филиалы алкоголик әйелдерге көмек көрсетумен айналысады.

АА жұмыс істеу принципі

АА-ға алкоголизм ауруына ұшыраған кез келген қазақстандық мүше бола алады. Тек ниеті болса болды. Өтініш бергеннен кейін АА алкоголикті мүше қылып қабылдайды (жеке тұлға жайлы ақпарат құпия болып саналады). Ең басты шарт адам өзін ауру екендігін мойындауы шарт. Алкоголик екендігін мойындаған адам ғана бұл дертпен күресе алады және жеңіске жетеді деген жазылмаған заң бар. Мүшелік барысында ешкім ешкімнен ешқандай ақша-жарна алмайды. Ішетін шай-кофе үшін (алкоголь өнімдерін, тіпті алкогольсіз деп жарнамаланатын сыраны ішуге тыйым салынған) адам өзі ортаға ақша тастай алады. АА-ның ешбір діни секта-ұйыммен байланысы жоқ.  Жетісіне бір-екі рет «ашық» (кез келген азамат келіп қатысып, көріп, спикерлердің сөзін тыңдап кете алады), «жабық» (алкоголиктер өздерінің оқиғаларын баяндайды) басқосулар ұйымдастырылып тұрады. Мүше болу деген сөз өмірбақи басқосулардан қалмау дегенді білдірмейді. Адам қалаған уақытында қалаған жиналысқа баруға құқылы (бастысы мас күйінде бармау). Бір нәрсе бірақ ұмытпаған жөн – жиналыстар алкоголиктерге жалғыздықты жеңуге, мойымауға, артқа шегінбеуге, әрі қарай да арақ ішпеуге үндейді. Басқосуларға қатысқан адам бір жетіге жетерлік психологиялық серпіліс, қолдау алып қайтады                               

АА басшылығы

Жетекшісі, бастығы жоқ. Топ ашылғанда мүшелер өзара келісіммен араларынан біреуді жауапты етіп тағайындайды. Жауапты адам жиналыс уақытын анықтайды, ұсақ-түйек дүниелерді ұйымдастырумен айналысады. АА-ның өз қаражаты жоқ болғандықтан ғимаратты да жалға алады. Оның ақшасы да мүшелердің өздерінен келісіммен, қалауымен жиналады.         

                                             Алкоголик диагнозы

Алкоголик адам алкоголь үшін жақсы, берекелі өмірден бас тартады. Ол ішу әдебін білмейді. 200 граммен тоқтай алмайды. 200 грамм үшін досын, ар-ұжданын сатады, отбасын ойрандайды, балаларының аузынан бір тілім нанды жырып алады, ұрлыққа түседі, түбінде қолын қанға бояйды, адам өлтіреді. Аузына арақ түссе, қысқасы, өзін, өзінің адами болмысын ұмыт қалдырады. Мына адам алкоголик пе, алкоголик емес пе айту қиын. Ішкіш адам ғана бұл сұраққа нақты жауап бере алады. Ол іштей өзінің алкоголик екенін не емесін сезіп-біліп тұрады. Алкоголизмді жеңу үшін ерік-жігермен қатар ет жақын адамдардың қол ұшын созғаны маңызды.

АЛОНОН

Алматыда қалалық наркологиялық  орталығының психологиялық лабораториясында орналасқан жалғыз алонон «Гүлдену» тобы бар. Алонон дегеніміз алкоголик-наркомандардың дос-жаран, туған-туысқандары үшін ашылған арнайы топ. Алонон жайлы ақпарат алу үшін оған мүшелік ететін Сәуле деген әйелге хабарластым. «Алонон алкоголиктермен қатар наркомандардың туысқандары үшін де есігі әрдайым ашық топ. Менің балам наркоман. Жасы 28-де. Күн сайын балам үшін қайғы жұтамын, көз жасымды көл қыламын. Бүгінгі күн маған қандай ауыртпалық, қандай азап әкеледі деп өмір сүремін. Жасы 28-ге келген еркек болғанымен ұлым ойлау, жұріс-тұрыс, өзін-өзі ұстау бойынша 17 жасар жеткіншек сияқты. Ол өмірге нала, ешнәрсені жақтырмайды. Балаңның көз алдыңда солып жатқанын көруден үлкен қасірет жоқ. Алонон жайлы ақпаратты хабарландырудан көріп қалдым. Содан бері тұрақты түрде жетісіне бір рет өзім сияқты қайғыдан қан жұтып отырған ата-аналармен әңгімелесуге, сыр ақтаруға барып тұрамын (біздің жалпы санымыз 12-15 адам). Негізі алкоголиктің, наркоманның анасы, әйелі болу деген сөз ортақ тәуелділікте болу дегенді білдіреді. Ортақ тәуекелділікті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру ретінде тіркеуге алған болатын. Демек алкоголик, наркомандар ғана емес олардың сүйіктілері де психикалық емдеу, оңалту курсынан өтуі тиіс.  Алононға мүше болғалы кәдімгідей кеудемді басып тұрған ауырлықтан арылып, жеңілдеп қалдым. Қазақ болғаннан кейін ұлымның наркоман екенін өмір бақи жасырып келдім. Біреу біліп қала ма деп қатты қорқатынмын. «Масқарам шығады» деген ой маза бермейтін. Ал, қазір мұның бәріне басқаша қарауға тырысамын. Біреу үшін емес өзім үшін өмір сүре бастадым. Біреу сұраса бәрін ашық айтып беруден жалтармаймын. Баламды апармаған жерім, емшім, бақсы-балгерім, дәрігерім жоқ. Кеше ғана ұлыма «Бұлай жалғаса берсе, ессіз күйде келетін болсаң, үйге енді кіргізбеймін» дедім. Өзім айттым да бір жылап алдым. Бірақ бір нәрсені жақсы түсіндім – адам өз мәселесімен кейде бетпе-бет қалып, шешім шығаруы қажет. Оның балалықты артқа тастап, есейіп, өмірлік шешімді өзінің шығаруын аңсаймын. «Бәрі жақсы болады» деген үмітпен сөйтіп өмір сүріп келемін. Алонон жайлы бәрі білгенін қалаймын».

Құрғақ алкоголик

Аузына арақ алмаса да істеген іс-әрекеті ішкен адамдыкіндей болатын ауру түрі. 200 грамм ұрттамағаны үшін өзін жарылқаушы сезінеді. Сөйтіп аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, үйдің берекесін қашырып, өмірді тозаққа айналдырады. Ондай құрғақ алкоголиктің аузынан шыққан әрбір үшінші сөйлемі «мен ішпедім, арақ ішпеймін, біреулер сияқты ішкілікке салынып жүрген жоқпын» деген сөз тіркестерінен құралады. Алкоголь ішпегені адамның ең біріншіден өзі үшін, денсаулығы үшін қажет екендігін олар ұмыт етеді. Құрғақ алкоголизм алкоголизм сияқты емдеуді талап етеді (айтпағымыз, психологиялық ем-дом)

 

12 қадам

Бұл АА-ның емдеу тәсілі болып табылатын «Alcoholics anonymous» кітабында келтірілген алкоголизмге төтеп беруге арналған қарапайым тілмен айтқанда 12 шарт.

  1. Алкоголь алдындағы өзіміздің дәрменсіздігімізді мойындаймыз. Өмірімізді өз қолымызбен ойрандағанымызды да мойындаймыз.
  2. Жоғары бір күш бізге қайтадан парасатты, дұрыс ойлауға көмектеседі деп сенеміз.
  3. Өзімізді де, өмірімізді де Құдайға тапсырдық.
  4. Іс-әрекетімізге, өмірімізге терең рухани баға бердік.
  5.  Кінәмізді, күнәмізді өзіміздің, өзгенің, Жаратқанның алдында  мойындаймыз.
  6. Құдайдың біздің кемшіліктерімізді кешіріп, одан арылтқанына дайынбыз.
  7. Жаратқаннан біліп, білмей істеген күнәларымызды, көрсеткен зиянымызды, адами кемшіліктерімізді кешіруін сұраймыз.
  8. Кімге зорлық-зомбылық келтірдік, кімнің көңіліне қаяу түсірдік солардың есімдерін тізіп, олардың алдында айыпты жуып-шаюға дайын болу.
  9. Олқылықтардың орнын толтыруға тырысамыз. Тізімдегі адамдарға көмектесуге (қарыз қайтаруға, жақсалыққа жақсылықпен жауап беруге) дайын болу.
  10.  Қай жерде қалай қателескенімізді ойлап, сараптама жасау.
  11.  Пенде екенімізді ойлай отырып күндіз-түні Жаратқанға дұға жасау.
  12.  Рухани серпіліс, күш-қуат алғаннан кейін басқа алкоголикке дұрыс бағыт-бағдар сілтеу.

Ардақ

АА-ның мүшесі Ардақ өзінің алкоголик екенін біледі, мойындайды және соны жеңгісі келеді. 12 қадам бойынша өз-өзімен жұмыс жасап жүрген ол былтырғы жылдың қазанынан бері арақпен шындап күресіп келе жатыр. Бүгін Ардақтың аузына арақ алмағына тура 13 ай. Алононның жиналыстарынан шықпайтын, сол арқылы баласына қандай да көмек көрсеткісі келетін сорлы шешесінің үмітін ақтап, мына бір дерттен толыққанды айыққысы келеді. Сүйкімді қызға сөз салып, салиқалы ұрпақ сүйгісі келеді. Марқұм әкесі сияқты емес арақ ішпейтін, бала тәрбиесіне көңіл бөлетін, отбасын асырап, ертеңгі күнді ойлайтын әке атануды армандайды.

Қамшыгер: Жазира Байдалы.
 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір