• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
20 Қазан, 00:45:11
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

20 Қазан, 2016 Аймақтар

Ауыл шаруашылығы нарықтық экономикамен дамыса

Жасыратыны жоқ, бiз ауыл шаруашылығын дамытудың бiр емес, бiрнеше тәсiлi болатынын нарықтық экономикаға ендi-ендi қадам басқан тоқсаныншы жылдардың басында...

Жасыратыны жоқ, бiз ауыл шаруашылығын дамытудың бiр емес, бiрнеше тәсiлi болатынын нарықтық экономикаға ендi-ендi қадам басқан тоқсаныншы жылдардың басында бiлдiк. Ол тәсiлдердi бiр-бiрiмен салыстырып, тиiмдiсiн ғана таңдап алуға сол бiр елең-алаң шақта уақыт та тапшы едi. Жетпiс жыл бойы коммунистiк идеологияның құрсауында болған қоғамға шетел мамандары өздерi жасап берген дайын рецептi ұсына қойды да ел жаппай жекешелендiруге көштi. Ол кезде экономистер әрбiр отбасының шаруаны дөңгелетiп кетуге жетерлiк жерi, малы болса болды, өздерi ақырын шаруасын дамытып, бiр-бiрiмен саудаласып, жергiлiктi экономика көтерiледi деп ойлады. Алайда, бұл жоба күткендегiдей нәтиже бермедi. Барлығын өкiметтен оңай немесе тегiн алып үйренген халық нарықтық саясатқа бiрден бой үйретiп кете алмады. Қазiр тәуелсiздiк алғалы жиырма бес жыл болды, өкiнiшке қарай, қазақ ауылдары әлi бой тiктеп кете қойған жоқ.+

Оңтүстiк Қазақстан облысында 4 қала, 11 аудан бар, ал, әр ауданда 15-25 ауылдық округтерден бар. Ауылдардың барлығының жағдайы негiзiнен бiр-бiрiмен шамалас десек қателеспеймiз.

Кең байтақ Қазақстанның әр түкпiрiнен мысал iздеп әуре болудың қажетi жоқ, әркiм өз ауылының өткенi мен бүгiнiне бiр сәт үңiлсе, талай мәселеге көз жеткiзер едi. Мәселен, менiң ауылым – Сайрам ауданындағы Жiбек жолы ауылы (бұрынғы «Свердлов» ұжымшары) заманында даңқы алысқа кеткен шаруашылықтардың бiрi болатын. Сенесiздер ме, бүгiнде талай ауыл тұрғындарының арманына айналған табиғи газ бiздiң ауылға 1971 жылы-ақ тартылып қойған болатын. Ол жылдары таза ауызсу дегеннен проблема болған емес, ең шеткi көшелердiң өзiне асфальт жол төселген едi. Ауылдағы қант зауыты мен кiрпiш зауытында, сиыр, қой, шошқа фермаларында мыңдаған адам жұмыс iстейтiн. Естерiңiзде ме, кеңестiк кезеңде не болса сол дефицит болушы едi ғой.

Колхоз-совхоздар тараған соң әркiм тиесiлi он гектар жайылым, бiр гектар суармалы жерiн алды да Қазақстанда бiр күнде пәленбай жер иеленушi пайда болды. Дегенмен, сонда да ешкiм байып кеткен жоқ. Байығаныңыз былай тұрсын, сол жерден мандытып өнiм де ала алған жоқ. Себебi, шаруалардың не техникасы, не ақшасы жоқ едi. Бәрiнен бұрын көпшiлiгiнде қарапайым ниеттiң өзi жоқ едi. Неге? Негесi сол, коммунизмге құдайдай сенген аға буын ол жылдары моральдық соққы алғандай есеңгiреп қалды. Орта буын мен жас буын адыра қалған ауылды тәрк етiп, қалаға қашты. Заманында табыстың көзi болған жерлер қаңырап бос қалған соң оның иелерi не iстедi дейсiздер ғой. Не iстеушi едi, «бiр сиырға жететiн сабан мен екi-үш қап бидайымды төгiп берсең болды» деп әлгi жерлерiн техникасы барларға әшейiннен әшейiн бере салды. Дәл осы құбылыс 1993 жылдан басталып, 2014 жылға дейiн созылды, бiрақ, сол аралықта Қазақстанның экономикасы жылына төрт пайызбен қарқынды даму үстiнде болды. Өйткенi, ол жылдары мұнайдың бiр баррелiнiң құны 110 доллардың шамасында едi. Ата-бабамыздан қалған қасиеттi топырақтың астындағы «қара алтынның» қазынаға түскен 25%-ның өзi 17 млн. халықтың тамағы мен киiмiне һәм жалақыға молынан жетiп жатты.

Жылдар жылжып, 2015 жылдың ортасында мұнайдың бiр баррелiнiң бағасы 110 доллардан 32 долларға бұрқ етiп бiр-ақ құлады. Мұндай экономикалық катастрофаны ешкiм күтпеген және бұған ешкiм дайын да емес едi. Жалақы, азық-түлiк, әлеуметтiк жәрдемақы болып ағып қазынамызға төгiлiп жатқан ақша 70%-ға бiрден кемiдi. Өкiмет халықты аш қалдыра алмайды, сондықтан осы уақытқа дейiн алтын қорға жиналған құны 70 млрд. долларға тең алтындарды сата бастады. Алтын қорын 800 млрд. долларға жеткiзген Араб мемлекеттерi, Норвегия секiлдi басқа да мұнайлы елдер «ертең қорымыздағы алтын бiтсе не боламыз» деп дабыл қағып, әлемдiк көштен қалмау әрекеттерiн жасап, инновациялық технологияларға жүгiнiп, қуат көзiн күннен, желден, судан алу жолдарын қарастыра бастады.

Ал, бiз ше? Бiз жер көлемi жағынан әлемдегi 200 мемлекеттiң iшiнде тоғызыншы орындамыз. Мынау Ұлы Далаға бес Франция немесе жарты Европа сыйып кетедi. Сонымен, бiлiктi мамандардың басым көпшiлiгi жердi дұрыс игеруiмiз қажет деген тұжырымға тоқтады. Елбасы да жан-жақты сарапталған зерттеулерден соң ауыл шаруашылығы жерлерiн дамытып, өз тамағымыз бен киiмiмiздi өзiмiз өндiруiмiз керек деген шешiм қабылдап, «Агробизнес–2020», «Бизнестiң жол картасы–2020» атты бағдарламалардың дүниеге келуiне жол ашты. Және ол бағдарламаларға қазынадан 2 трлн. теңге бөлiндi.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысының әлеуетiмен республикада бiрде-бiр өңiр таласа алмайды. Құдайдың өзi бiздiң туған жерiмiздiң климатын диқаншылыққа қолайлы етiп қойған. Ең халқы көп өңiр, жұмыс қолы арзан, әрi тұрғындардың жартысынан көбi ауылды жерлерде тұрып, бау-бақша өсiруге маманданған.

Ендiгi жерде «ауылды қалай көтеремiз, қалай ауыл тұрғындарын жiгерлендiрiп, бос жатқан жерлердi заман талабына сай игеремiз?» деген сауал туады.

Әлемдiк тарих бiрнеше толқындар мен толқулардан өтiп, жер бетiндегi ең қуатты елдерге айналған мемлекеттерде ең алдымен идеология мықты болғанын айтады. Кешегi Кеңес заманында да идеология өте мықты болды. Рас, ол идеология қазақ ұлтының тамырына балта да шапты. Тiлiмiздi, дiлiмiздi, тарихымызды ұмытып кете жаздадық. Соның өзiнде жiгер күшiмiз тасып, бесжылдық жоспарлар бiрнеше есе артығымен орындалып жатты.

Қазаққа ең керек идеология бүгiн туды. Ол қандай идеология? Ол – Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеймiн», Әлиханның «Тiрi болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», Абайдың «Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әдiлеттi», Шәкәрiмнiң «Адамдық борышың халқыңа қызмет қыл, ақ жолдан айныма, ар сақта оны бiл» деген елшiлдiк, адамгершiлiк идеологиясы! Мiне, әрбiр қазақ азаматының жүрегiнде осы ұрандар от боп жанып тұрғанда ғана бiздiң бойымызға таусылмас қайрат қайта бiтедi. Қазақтың атам заманнан келе жатқан мәдениетi мен дәстүрiн санасына сiңiрiп, дарқан далада демократиялық институттар жүйесiн терең қалыптастырған үлгiсiн әлемге мақтан тұтып көрсетуге әбден болады. «Мәңгiлiк ел» ұранын тұмар еткен азамат өзiнiң ата-бабасынан мирас болып қалған қасиеттi қара топырағына, туған ауылына келiп жерлестерiне үлгi көрсетуi керек. Осы ұранмен мен де «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Калифорния штатында үш жыл оқып, ауылға келдiм. Келе салып ауылдағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепте сыныптастарыммен кездестiм. Бәрiмiз жиналып өзiмiз оқыған мектепке Әлихан Бөкейханның ескерткiшiн орнаттық, тұғырына «Тiрi болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп үлкен етiп жазып қойдық. Оны оқыған ауылдың әрбiр жасы рухтана бастады.

Дархан ЖИЕНБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы

«Оңтүстік Қазақстан» газеті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір