• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:38:24
Алматы
+35°

28 Қазан, 2016 Аймақтар

Германиямен байланыс нығая түсті

Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа екі елдің кәсіпкерлері де аса мүдделі. Бұл туралы ҚР-дағы ГФР елшісі Гидо Херц Маңғыстауға...

Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа екі елдің кәсіпкерлері де аса мүдделі. Бұл туралы ҚР-дағы ГФР елшісі Гидо Херц Маңғыстауға барған кезінде айтты. Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Маңғыстау облысының әкімі А. Айдарбаев кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Германия кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, білім беру, мәдениет саласындағы өзара қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін елшіге алғыс білдірді. «Қазақстандағы миссиям аяқталды. Бүгін батыс өңірімен қоштасамын. Мұнда халықаралық логистиканы дамыту үшін мүмкіндіктер көп. Маңғыстау ел экономикасының жүрегі, Ұлы Жібек жолы жобасының маңызды торабы деп санаймын. Логистика сияқты салаларда облыс пен Германия кәсіпкерлері арасында достық әріптестік қатынас орнағанына сенімдімін. Мұнай жабдықтарын жеткізу мәселесі дамып, нығаятын болады», - деді ол.

Брюссельде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан: бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Еуропалық комиссия және Еуропа сыртқы іс-қимылдар қызметін қоса алғанда еуропалық институттардың шенеуніктері, дипломатиялық және парламенттік корпустар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ журналистік қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмаз Хамзаев жиналғандарды Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауындағы негізгі қағидалармен, Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен, сондай-ақ G-Global, АТОМ, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, ЭКСПО-2017 және еліміздің тағы басқа сыртқы саяси бастамаларымен таныстырып өтті.

«Еуроодақ Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктесі болып табылады. Соңғы 10 жылда тауар айналымы 13 есе артты, сонымен бірге ЕО-ның шетелдік инвестициялары он есе өсті. ЕО мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 31,3 млрд. долларға жеткен, бұл қазақстандық сыртқы сауда айналымының 51,4 пайызына сәйкес болып отыр», - деді Алмаз Хамзаев. Оның айтуынша, 2005 жылдан бастап 2015 жылдың қыркүйегі аралығындағы кезеңде Еуропалық одақ елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестициялардың ағыны шамамен 107, 4 млрд. АҚШ долларын құрады. «2015 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен жаңа ұрпақтағы келісім орнатқан бірінші әріптес болды. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы экономикалық және саяси байланыстарға айтарлықтай серпін береді», - деп атап өтті А.Хамзаев.

Қазақстандық дипломат жиналғандардың назарын ҚР-ның Семей ядролық полигонын жабу, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту, ел аумағында МАГАТЭ қолдауымен төмен байытылған ядролық отын банкін орналастыру, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру сияқты ядролық қарусыздандыру және таратпау саласындағы қадамдарына аударды. Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне баса көңіл аудартты. Қазақстандық дипломат Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өту өтінімі аясындағы өршіл жоспарларына ерекше мән берді. Өз кезегінде, Еуропа сыртқы іс-қимылдар қызметі Орталық Азиядағы басқармасының басшысы Тойво Клаар Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы рөлі, аймақтың Еуропалық одақ үшін маңыздылығы, сондай-ақ ҚР мен ЕО арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі Келісім туралы айтып өтті. Шараның соңында қонақтарға естелік кәдесыйлар, Жолдау және Қазақстан Президентінің басқа да бағдарламалары жазылған ағылшын және француз тіліндегі кітапшалар, біздің еліміз және Астананың көрікті жерлері туралы кітаптар мен фотоальбомдар, сондай-ақ алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтініміне арналған материалдар таратылды.

Сонымен қатар Еуропалық одақ қазақстандықтарға шенген визасын беру статистикасын жүргізуді бастайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілішісімен әңгімесінде ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Траян Христи (Traian Hristea) айтты.

«Бізде мұндай шоғырландырылған статистика жүргізіліп жатқан жоқ, өйткені Еуропалық одақ мүше-мемлекеттері өздерінің виза саясатын тікелей өздері жүзеге асырады. Бірақ та біз қазір Еуроодақтың жаңа Виза кодексі бойынша визаларды беру мәселелеріне әмбебап тұрғыны практикада жүзеге асыруды бастадық. Кезі келгенде, бұл барлық мүше-мемлекеттерде шенген визасын берудің бірыңғай қағидаларынан басқа, мүмкін, мұндай жинақталған статистика пайда болуына соқтырады, деп сенемін», - деп атап өтті ол, Еуроодақ қазақстандықтарға виза беру статистикасын жүргізе ме, деген сұраққа жауап қайтара отырып.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан ЕО-мен және оның мүше-мемлекеттерімен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. Қазақстанда келісімді жүзеге асыру екіжақты күн тәртібіндегі көптеген шешілмеген мәселелерді алға жылжытуға серпін беретін болады, деп пайымдайды. Солардың бірі - қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдету болмақ.

«Біз визалық режимді алып тастау жөнінде әңгіме көтеріп отырған жоқпыз, біз бұған мүдделі емеспіз. Біздің азаматтарымыз шенген визасын рәсімдеуде елеулі қиындықтарға душар болып отырғаны да, жасырын емес. Бұл визаны беру және алу үдерісі жеңілдетілетін болады, соның ішінде шенген визасын алуда біздің азаматтардан талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады және және басқа да мәселелер шешіледі», деп түсіндірді ҚР сыртқы істер вице-минитстрі Роман Василенко осы жылғы наурызда Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында.

Ал 2016 жылы 1 мамырда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімнің жеке ережелері уақытша қолданыла бастады. Бұл құжатқа 2015 жылы 21 желтоқсанда қол қойылған, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Осыған дейін 2016 жылы 25 наурызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Еуропалық тараптың ресми хабарламасына сәйкес уақытша қолданылатын ережелердің ішінде Еуропалық Комиссияның құзыретіне кіретін шаруалар ғана бар. Солардың ішінде - сыртқы саясат және қауіпсіздік, демократияландыру және заңның үстемдігін қамтамасыз ету, экономикалық және тұрақты даму, сауда, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы ықпалдастық бар.

Еуропалық Одаққа мүше 28 мемлекеттің ұлттық парламенттері құжатты ратификациялаған соң келісім толық заңды күшіне енеді. Жаңа келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ҚР мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов атап өткендей, «ЕО-мен жаңа келісім еуропалық институтармен және Еуропамен ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болып, Қазақстанның одан әрі саяси және экономикалық жаңғыруының катализаторы болмақ». Келісім мәтінімен және еуропалық тараптың хабарламасымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтынан танысуға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір