• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:40:21
Алматы
+35°

31 Қазан, 2016 Аймақтар

Катар мен Қазақстан ынтымақтастығы күшейді

Таяу Шығыстағы Катар мен Қазақстан арасында жоғары саяси деңгейдегі өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасып үлгерді. Енді бұл ел Қазақстанда ислам банкингін...

Таяу Шығыстағы Катар мен Қазақстан арасында жоғары саяси деңгейдегі өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасып үлгерді. Енді бұл ел Қазақстанда ислам банкингін дамыту мәселелерін талқыламақ. Катар Қазақстанда банк секторына инвестиция салуды қарастыруда. Бұл туралы Астанада Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2015 жылдың қазанында Дохаға ресми сапары барысында 2016 жылы Қазақстанға Катардың ірі бизнес өкілдерінің сапары туралы келісім жасалған болатын. Осы ретте Елшілік тарапынан аталған елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарымен бірқатар кездесулер өткізілді.

«Катар жағы Қазақстанға сапармен келіп, ынтымақтастықты нығайтуға әзірлігін білдіріп отыр. Катар Орталық банкі төрағасының жетекшілігімен ірі банктер басшыларынан құралған топ елімізге биылғы тамыздың аяғында сапарлайды. Олар Қазақстанның банк секторына инвестиция салу, сондай-ақ елімізде катарлық банктер филиалдарын ашу, ислам банкингін дамыту мәселелерін талқылауға ниетті»,-делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінде.

Сонымен қатар Катар мемлекеті Қазақстанға тұрақты түрде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңесулер өткізуді ұсынды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті. «Ынтымақтастық бағытында көптеген ой-пікірлеріміз және жоспарларымыз бар. Қазіргі кезде Катар мемлекеті бізге тұрақты түрде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңесулер өткізуді ұсынып отыр. Яғни, кеңесулерді сыртқы істер министрлері орынбасарлары деңгейінде талқылау ұсынылды. Біздің сыртқы саяси ведомствомызда осы ұсыныс қарастырылып жатыр. Осы ретте оңтайлы шешім болады деген сенімдеміз», - деп тоқталды Елші. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде катарлық СІМ өкілдері Қазақстан тарапының жауабын күтіп отыр. Айта кетейік, 1993 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан мен Катар арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды. ҚР Елшілігі Катарда 2007 жылдың мамырында ашылды, ал Қазақстандағы Катар Елшілігі 2008 жылдың наурызынан қызмет етуде.

Аталған елдің қазақстандық инфрақұрылымдық қорына кіруі туралы келіссөздер таяуда аяқталмақ. Яғни, Катар тарапы қазақстандық инфрақұрылымдық қорына 100 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен кірмек. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті.

«Өткен жылы Астанаға Катар инвестициялық қорының басшысы сапармен келді. Ол еліміздің ресми тұлғаларымен айтарлықтай жемісті келіссөздер жүргізді. Қазіргі кезде бізде Катардың Казақстандық инфрақұрылымдық қорға 100 млн. АҚШ доллары үлесімен кіруі тұрғысындағы маңызды жоба бар. Бүгінде осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деген үміттемін»,-деді Елші. Таратылған мәліметтерге қарағанда, Катар инвестициялық қоры Қазақстанда басқа да ауқымды жобаларды қарастыруға даяр. Осы ретте қор ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отыр. Елшінің айтуынша, жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Катар тарапы инвестиция салудағы белсендігін жоғалтқан жоқ.

Сондай-ақ Катар елі Семейде ядролық сынақтардан зардап шеккендер үшін сауықтыру орталығын салу бойынша келіссөздерді жандандыруға әзір. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті. Атап айтқанда, бұл жоба Катар даму қорының қарауында жатыр. «Бұл тұрғыда жобалық-сметалық құжатнама бойынша мәселе туындады. Катар тарапы бұл жобаға 20 млн. доллар бөлуге даяр, яғни осы қаржы орталықтың құрылысын жүзеге асыруға жеткілікті болса. Сондықтан осы жобаға жауапты Шығыс Қазақстан облысының немесе Семейдің әкімдігі, сондай-ақ еліміздің басқа да органдары аталған инвестицияға орталықты салуға даяр болса, онда Катар жағы келіссөздерді жандандыруға әзір»,-деді ол.

ҚР мен Сингапурдың ынтымақтастық перспективалары да назардан тыс қалмауда. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Сингапур Республикасы Мемлекеттік Сауда және индустрия министрі, Мемлекеттік Ұлттық даму министрі Ко По Кунмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарады. Бақытжан Сағынтаев пен Ко По Кун өзара сауда-экономикалық және инвестициялық іс-қимылды арттыру қажеттігін айтты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың озық тәжірибесін белсенді бейімдеп келе жатқан елдердің бірі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын құру, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін енгізу, электронды үкіметті дамыту және т.б. Келіссөздер барысында өнеркәсіптік ынтымақтастық, инфрақұрылымдық жобалар аясындағы, қаржы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір