• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:21:04
Алматы
+35°

31 Қазан, 2016 Аймақтар

Ешкiнiң сүтi – ем

Өткен ғасырларда ешкiнi ежiктеп, егжей-тегжейлi зерттеп, оның сүтiнiң керемет емдiк қасиетi барын, ауыр науқастан кейiн ағзаға күш беретiн ерекшелiгiн әуелi...

Өткен ғасырларда ешкiнi ежiктеп, егжей-тегжейлi зерттеп, оның сүтiнiң керемет емдiк қасиетi барын, ауыр науқастан кейiн ағзаға күш беретiн ерекшелiгiн әуелi Ибн-Сина жазып қалдырған екен. Ол жерлестерiне кәрiлiкке жеткенде ұрпақ алдында сыйлы тұрпатта болу үшiн ешкi сүтiн ұдайы пайдалануды ұсынған. Халық медицинасы ешкi сүтiне әлсiрегендер мен азықтық аллергиясы бар балаларға қолданатын өнiм ретiнде ерекше маңыз берген. Әл-Фараби де ешкi сүтiнiң қасиетiне айрықша мән берiп, бұл туралы өзiнiң еңбектерiнде жазып қалдырған екен. Ешкi сүтiн күнделiктi тұтынған адамға түрлi аурулар жолай қоймаған. Әрине, бұл кеше едi.

Қазақ әлсiреген адамдарды әлдендiру, әсiресе, кiшкентай балалардың өсiп-жетiлуi үшiн ешкi сүтiн iшкiзудi күнделiктi әдетiне айналдырған. Оның емдiк қасиеттерiн күшейту үшiн түрлi қоспалар қосуды да меңгерген. Мысалы, көздiң бұлыңғырлануына қарсы күнжiт, iш өтуге қарсы арпа жармасы қосылған қоспаларды iшкiзген.

Алаш арысы, қоғам және мемлекет қайраткерi Әлихан Бөкейханов 1903 жылы Ресейдiң Воронеж қаласында жарық көрген «Дала өлкесiндегi қой шаруашылығы» («Овцеводство в степном крае», Ә.Бөкейханов. Таңдамалы, 153-бет) еңбегiнде ешкi түлiгiнiң пайдасы жөнiнде жазудай-ақ жазылыпты. Бүгiнгi ғылым ешкi сүтi ана сүтiне жетеғабыл, аллергия туғызатын ақ уызы жоқ, асқазан, бауыр сырқаттарына, қан аздығына, демiкпе, диатез, көз ауруларына мың да бiр ем екенiн дәлелдейдi. Құрамында кальций, фосфордың көп болуы бала сүйегiнiң тез бекуiне септiгiн тигiзедi дейдi. Тағамтану академиясының мамандары ешкi сүтiнiң құрамында 12 түрлi дәрумен барын анықтаған. Соның iшiнде тиамин дәруменiне бай екен. Азықтық және биологиялық құндылығы жоғары ешкi сүтi ағзаға сiңiмдi. Сондай-ақ, ешкi сүтiн еш кедергiсiз және күдiксiз күнделiктi қолдана беруге болатын тағы бiр қасиетi – оның сиыр секiлдi бруцеллезбен ауырмайтындығында. Жалпы, Шекшек ата тұқымы басқа үй жануарлары секiлдi ауруға бейiм емес. Бiр таңқаларлығы, ол туберкулезбен ауырмайды. Сүтiнде В, В2, С және А дәрумендерi жетiп артылады.

Йогурттың алғаш ешкi сүтiнен жасалғанын бүгiнде екiнiң бiрi бiле бермейдi. Мәселен, Ресей нарығында ешкi сүтiнен жасалған ана сүтiн алмастыратын қоспалар көптен берi пайдаланылады. Еуропалық iрiмшiктер мен йогурттардың құрамы ешкi сүтiнен тұрады. Одан жасалатын балалар тағамдарының 90 пайызы бiзге шетелдерден келедi екен. Отанымызда сүт өнiмдерiн шығаратын өндiрiс орындары көп. Алайда, тап осы ешкi сүтiн өндiру әрi өңдеу әлi де кешеуiлдеп келедi.

Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия, рахит ауруларына шалдыққандарды ешкi сүтiмен емдеу бұрыннан-ақ қолға алыныпты. Мына көршi Өзбекстан ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшiн арнайы ешкi фермаларын ұстайды. Олар ешкi сүтiнен жасалған немесе оны қосып ашытқан өнiмдердiң пайдасын әлдеқашан зерттеп бiлген.

Кеңестiк жүйе кезiнде республикамыздың барлық қалаларында балалар сүтханасы бар болатын. Шымкентте де осындай мекеме болған. Бертiнде «Шымкент-сүт» мекемесi жабылып тынды. Бүгiнде Шымкент қаласындағы Республика даңғылы бойында көненiң көзiндей «Шымкент-сүт» дүкенi көзге шалынады. Оның өзi азық-түлiк дүкенiне айналып кеткен. Анабiр жылдары аталған мекеменiң жұрнағын iздестiрiп көргенбiз. Жекешелендiру жүйесi жұтып жiберген екен, жiптiң ұшын ұстай алмағанбыз. Тiптi, «Шымкент-сүт» дүкенiнiң өзi әлдебiреулердiң қолына өтiп кетiптi.

Қазiр аналардың көбi нәрестелерiн жасанды сүт қоспаларымен қоректендiредi. Шет мемлекеттерден толассыз келiп жатқан сапасы, маңыздылығы, құрамы белгiсiз балалар тағамын, зиянды немесе жасанды «сүттi», белгiсiз «быламықты» сәбилерге берiп жатырмыз. Сонда отандық сүт қоспасы қашан дайындалады?

Оңтүстiкте тауарлы-сүт фермалары, сүт өнiмдерiн шығаратын кәсiпорындар жеткiлiктi. Дей тұрғанмен, ешкi сүтiнен тамақ түрлерiн шығаратын бiрде-бiр өндiрiс орны жоқ екен. Егер осы олқылықтың орнын толтырсақ, шетелдерден келетiн жасанды сүттен арылар едiк.

Ешкi сүтi косметологияда да таптырмас өнiм екен. Ол денедегi бөртпелер мен дақтарды кетiруде табиғи тазартқыш мiндетiн де атқарады. Сонымен қатар терiнi ағартып, шаштың түсуiн тоқтатады. Бұл үшiн шашыңызды жуған кезде ешкi сүтiмен шайып тұруыңыз керек.

Зерделегенiмiздi, зерттегенiмiздi, мамандардан алған ақыл-кеңестерiмiздi қағазға түсiрдiк. Мұндағы ниетiмiз – кәсiпкерлерге, бизнес өкiлдерiне ой салу. Облысымызда қымызбен, саумалмен, қымыранмен емдейтiн сауықтыру орындары бар. Ендiгi кезекте ешкi сүтiне де көңiл бөлiнсе деймiз-дағы. Тым құрығанда, перзентханалардағы, балалар үйлерiндегi, балабақшалардағы сәбилер мен жеткiншектерге жарамды әрi күмәнсiз сүт берер едiк қой. Ғалымдар мысықтың тетра-пакеттегi сүттi iшпейтiнiн анықтапты. Қазiр қаланың кез келген жерiнде таңертең сиыр сүтi сатылады. Оның қайдан, қай жерден әкелiнгенiн, сапасын тексерiп жатқан жанды және таппайсыз. Құдай бетiн аулақ қылсын, егер сүттен ауру тарай қалса, кiм жауап бередi? Осы сүтпен балаларын қоректендiрiп жүргендер қаншама? Бұл орайда медицинада құнарлылығы анықталған ешкi сүтiн пайдалану қауiпсiз де тиiмдi болар едi. Аграрлы аймақтың ендiгi бiр қолға алар саласы – ешкi шаруашылығын дамыту деп бiлемiз

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір