• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 00:10:49
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

26 Қазан, 2016 Аймақтар

Агросектор жылды табысты қорытындылады

Кеше Шымкент қаласындағы «Түркiстан» сарайында Оңтүстiк Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерiнiң дәстүрлi «Алтын күз –...

Кеше Шымкент қаласындағы «Түркiстан» сарайында Оңтүстiк Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерiнiң дәстүрлi «Алтын күз – 2016» мерекесiне арналған салтанатты iс-шара өттi. Мерекелiк жиынға келген қонақтарға алдымен ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетiстiктердi баяндайтын бейнеролик көрсетiлдi. Онда облыс диқандары мен шаруалары 2016 жылды табысты қорытындылағаны, агросектор саласын дамыту үшiн келешекте атқарылатын тiрлiктер жайында айтылды. Соның iшiнде агроөнеркәсiп кешенiн қарқынды дамыту мақсатында 2017–2020 жылдарға арналған стратегиялық 6 бағыттың айқындалғаны жөнiнде баяндалды.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiн дәстүрлi «Алтын күз» мерекелерiмен құттықтаған облыс әкiмi бұл салада көптеген оңды iстердiң тындырылғанын мақтанышпен айтып өттi.

– Бұл Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара болды. Осыған орай, баршаңызды алдағы ұлық мерекемен құттықтаймын. Оңтүстiк өңiрiнде ауыл шаруашылығы әрдайым басым сала болып саналған. Өйткенi, бiз өзге облыстардай қазба байлықтарға, кен орындарына бай емеспiз. Рас, тек уран ғана өндiрiледi. Сондықтан агроөнеркәсiп кешенiн өркендету бiз үшiн бiрiншi кезекте тұрған мәселе. Ауыл шаруашылығы саласында жылдан-жылға жағдай жақсарып келедi. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл егiстiк көлемi 13 мың гектарға артты. Бақша, көкөнiс, мақта, картоп, жемiс-жидектен мол өнiм жиналды. Бұған шаруашылықтардың агротехнологиялық шараларды дұрыс жүргiзуiнiң, өнiм өндiруде озық технологияларды қолданудың нәтижесiнде қол жеткiзiлдi. Топырақты терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суару әдiсi, жылыжай көлемi бойынша республикада алдыңғы орында келемiз, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Сонымен бiрге, облыс әкiмi баяндамасында ауыл шаруашылығы саласында орын алған жоғары көрсеткiштер жеңiлдетiлген жанар-жағармай, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидия, кредиттiк, лизингтiк үстемеақыны субсидиялау бағдарламасы секiлдi мемлекеттiк қолдаулардың арқасында мүмкiн болғанын жеткiздi. Өңiр басшысы өз сөзiнде келер жылы Төлеби, Түлкiбас аудандарында қарқынды бау көлемiн ұлғайту керектiгiн, мал, тұқым шаруашылықтарын дамыту бағытында тиiстi жұмыстар қолға алынатынын атап өттi.

Шара барысында облыс әкiмi ауыл шаруашылығы саласында өнiм өндiруден жоғары нәтиже көрсеткен аудан, қалаларды арнайы сыйлықпен марапаттады. Астық өндiруден – Қазығұрт, мақсарыдан – Төлеби, мақта жинаудан – Мақтаарал, бақшалық дақылдарды өсiруден – Шардара, көкөнiстен – Сарыағаш, жемiс-жидек жинаудан – Түлкiбас аудандары, сүт өндiруден Арыс қаласы, ет өндiруден Ордабасы ауданы, «Сыбаға» бағдарламасын орындаудан Түркiстан қаласы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша Бәйдiбек ауданы және озық инвестициялық жобаларды жүзеге асырудан Шымкент қаласы бiрiншi орынға лайық деп танылды.

Өз кезегiнде ауыл шаруашылығы саласында тер төгiп жүрген еңбек озаттарының да аттары аталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тақырыбында қалам тербеген, саланың жетiстiктерiн халыққа насихаттаушы БАҚ өкiлдерi де марапатталды. Олардың қатарында бiздiң газеттiң қызметкерi Әнуар Жұмашбаев та болды.

Ә.НҰРЖIГIТҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір