• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:06:09
Алматы
+35°

 

Бүгінде мал басы көбеюі әрі қоңды болуы үшін тұқымын асылдандыру мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Ата-бабамыз ежелден құрық ұстап, жылқы үйіріп, қой қайырғандықтан бұл кәсіп бізге таң емес. Сонау ықылым замандардан бері әжетке жарап келе жатқан мал тұқымының азып, ұсақталып кеткен кездері де болған. Бүгінде осы салаға көптеп көңіл бөлініп, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріліп жатыр. Сең қозғалды. Енді аталған мәселе бағдарламалар арқылы емес, арнайы палата құру арқылы шешіледі.

Төрт түлік – ырыс болса, түйе соның ірісі…

Биылдан бастап елімізде төрт түлікті асылдандыру бағытында әр облыстың ерекшелігіне қарай арнайы палаталар құрылуда. Шілде айында еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтөбеде «Жылқы тұқымдары» палатасы, ал Талдықорғанда «Қой тұқымдары палатасы» құрылған болатын. Ал, жуырда Шымкент қаласында «Түйе тұқымдары» республикалық палатасы құрылып, жұмысын бастады. Палатаның ашылуына орай Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында осы салада тер төгіп жүрген ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары бас қосып, келелі кеңес құрды.

Жиынға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Көпмағамбет Елемесов қатысып осы саладағы түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерге тоқталып өтті. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарынан келген мамандар да ойларын ортаға салды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басындағы санақпен қазір елімізде 170 500 түйе бар делінеді. Соның ішінде тек 10 376-сы , яғни 6%-ы ғана асыл тұқымды.

Көпмағамбет Елемесов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:
— «Түйе тұқымдары» палатасының ашылғаны осы салаға қатысты біраз түйіткілді мәселенің шешімін табуына түрткі болары сөзсіз. Асыл тұқымды мал басын көбейту палатаның алдында тұрған ең басты мәселенің бірі. Мәселен, сиырға бөлінетін субсидия шешімін тапқан. Сиырға — 20 мың, 1-ші санатты мал шаруашылығында өндірілген сүтке – 25 теңге, 2-ші санаттыда – 15 теңге, 3 -ші санаттыға — 10 теңге көлемінде субсидия беріледі. Шетелден әкелінсе 50 пайыз көлемінде дотация береді. Осы саладағы мәселені шешу үшін, жыртысын жырту үшін білікті мамандар қажет… Бүгінде елімізде 16 палата бар. Алдағы уақытта ара, қоян, марал тұқымдары палатасы құрылмақ.

Түйе тұқымының соншалықты азып кеткен тұсында, асылдандыру мәселесі әлдеқашан қолға алынуы тиіс еді. Асыл тұқымды мал басы Ойсыл қара тұқымында ғана емес, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата тұқымдарында да тым төмендеп кеткен.

Бұл көрсеткіш еліміз бойынша мүйізді ірі қарада 17,0 пайыз, қойда 13,8 пайыз, жылқыда 7,0 пайыз екенін ескерсек, түйе өсірумен айналысатын шаруашылықтардың алдында мал тұқымын асылдандыру үшін үлкен міндеттер тұрғанын аңғаруға болады.

Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басын күтіп-баққаны, селекциялық жұмыстар жүргізіп, талапқа сай сапалы өнім өндіргендері үшін тауар өндірушілерге жыл сайын мемлекет тарапынан субсидиялар төленіп келеді.

Тек түйе тұқымынан басқаларына. Бұл жәрдемақылардың шаруашылықтарға қосымша көмек болып жатқаны рас. Түйенің басқа түліктерге қарағанда физиологиялық және анатомиялық ерекшеліктерінің бар болуына байланысты түйе өсіру саласының кейбір көлеңкелі тұстарына күн түсуі тиіс жақтары баршылық.

http://kazrabat.kz/

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір