• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:18:41
Алматы
+35°

 

Бүгінде жеке кәсібін ашып, тасын өрге сүйреуге бел буған әр азаматқа мемлекет мол мүмкіндіктер беріп отыр. Атап айтқанда, ОҚО Әкімдігінің «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан 2012 жылдан бері 110 мыңнан астам адам кәсіби кеңес алған. Сондай-ақ, орталық арқылы 10 мыңнан астам рұқсатнама құжаттар, 3 мыңнан астам бизнес және маркет жоспарлар әзірленген. Мұның ішінде 4 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. 27 мыңнан астам тыңдаушы «Кәсіпкерлік мектебінде» оқытылып, оның 1 248-і өз ісін бастады. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бүгінде мал бордақылауды қолға алған кәсіпкердің бірі – Әлішер Убайдуллаев.

 

Бейнеттің зейнеті

40 жылдан астам уақыт Шымкенттегі футбол мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеген Әлішер Убайдуллаев зейнетке шыққаннан кейін жеке кәсіппен айналысу үшін үйіндегі ірі қарасын көбейтуді ойлайды.

– Бұрын үйде үнемі үш сауын сиыр болатын. Олардың жұмысы үйдегі әйел затынан артылмайды. Сүт-қаймағын алып, базарға сатып, аз-маз қажеттіліктің орнын толтырып жүретін. 

Зейнетке шыққанда қарап отыра алмадым. Үйдегілермен ақылдаса келе, сиыр басын көбейтетін болдық. Мал бағу – табысты кәсіп. Оның үстіне, «Дануна» ЖК ретінде ауыл шаруашылығына арналған 20 гектар жерім бар. «Ырыс» шағын несиелендіру ұйымынан 500 мың теңге несие алып, ірі қараны көбейттім, – дейді кәсіпкер.

Шағын несиені үш жыл төлепті. Ауыл шаруашылығына арналған жерінен малдың жем-шөбін өндіріп отырған. Ірі қарасының саны артқан соң Әлішер Пірназарұлы «Дануна» ЖК ретінде құжаттарын қайта рәсімдеп жерді пайдалану мақсатын өзгертеді. Жер телімінің бір бөлігіне бұзау, тайынша, құнажын, бесті сиырларға арнап, айналдыра бөлек-бөлек қора салған екен.

– Жұмыстың көбейгені кәсіптің кеңейгенін білдіреді. Демек, біз соған лайықталуымыз керек. Мал бордақылаудан түскен табысты тек кәсіпті кеңейтуге жұмсап отырдық. Кәсіпті кеңейтудің жолдарын, қаражатты басқаруды, құжаттарды рәсімдеуді «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының мамандары үйретіп келеді, – дейді Ә.Пірназарұлы.

Асыл тұқымды «Әулиекөл»

«Кәсіпкерлік мектебінде» оқып, сертификат алған Әлішер Пірназарұлы өткен жылы сиырдың «Әулиекөл» атты етті тұқымынан 2 тайынша сатып алыпты. Асыл тұқымды ірі қараға бөлінетін субсидияны да мал бордақылау ісіне жұмсаған ол кәсіпкерлікке шындап кіріседі.
– Сиырдың «Әулиекөл» деген тұқымы біздегі ауа райына тез бейімделеді. 2 жасқа қараған өгізшелердің салмағы жарты тоннаға жуық болады. 
2015 жылы 2 тайыншаға «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы субсидия алдым. Сол 1 миллион теңгеден астам қаражат бізге едәуір көмек болды. Жер алдық. Жаз маусымында жайылымға арналған жерді ауылымызға жақын орналасқан Төле би ауданынан жалға аламыз. Таулы аймақтың өте құнарлы шөбін жеген ірі қараның еті дәмді болады. Бүгінгі таңда «Әулиекөл» тұқымының алғашқы төлін алып үлгердік. Жақында тағы 10-20 сиыр бұзаулағалы тұр. Енді қорамызды кеңейту жұмыстарына кірісіп жатырмыз, – деген Әлішер Убайдуллаев құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір