• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:44:47
Алматы
+35°

 

Оңтүстік Қазақстан облысы үшін кәсіпкерлікке қызығушылық жоғары деңгейде, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында өз істерін бастағысы келетін азаматтар жеткілікті. Бұған мемлекеттік «Агробизнес-2020», «Сыбаға» бағдарламаларынан да қолдау бар екенін айта кеткен жөн. 2016 жылы кәсібін енді ғана бастаған және бастауға ниетті 140 азамат біздің «Кәсіпкерлік мектебінде» төрт күндік сабақ алды.Мұндай сабақта біз шағын және орта бизнесті дамытудың жолдары мен мүмкіндіктерін таныстырамыз. Яғни, кәсіпкердің психологиясы, заңды қыры, менеджмент, маркетинг, салық, бизнес-жоба жасау сынды 6 тақырып  бойынша жұмыс жүргізуді үйренеді. Сол оқудан кейін арнайы сертификат беріледі. Ал бұл сертификатты алғандар кәсібін бастауға немесе кеңейту мақсатында жеңілдетілген несиелерді ала алады.

Асыл тұқымды бір бұқаны бағатын адамға мемлекет тарапынан 154 мың теңге субсидия бөлінеді. Ал, асыл тұқымды бір бұқаға 30 сиырды қосып бақса, әр сиырға 18 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады.
Кәсіпкерлікке қолдауды тиімді пайдаланып жүрген «Дануна» ЖК таяуда тағы 80 бұқаға құны 12 млн теңге тұратын бизнес-жобаға өтініш берді. Сол өтініш негізінде біз алдағы 5 жылда атқаратын жұмыстарға жоспарын әзірледік. Кәсіпкер алдағы уақытта мал бордақылаумен ғана шектелмей, сүт өндіру кәсібіне де өз үлесін қоса алады.

          «Дануна» ЖК бордақылау кезеңінен өтіп, дайын болған ірі қараны «Ет Агро-Манкент» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне өткізеді. Ал сүт өнімдерін «Фуд-Мастер» компаниясына тапсырады. 

60 сауын сиырға қазір 2 ғана сауыншы жұмыс істейді. Кәсіпкердің 6 ұлы да әке жолын таңдапты. Одан бөлек, «Дануна» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 5 адамды жұмысқа қабылдаған.

Ауылдық ветеринария орталығынан арнайы бөлінген мал дәрігері күніне екі рет, таңертең және кешкісін сиыр, бұқа, тайынша, бұзауларды тексереді. Ірі қарасы ауырғанда «табысым тоқырады» демей, ауырған малға жаны ашитын Әлішер Пірназарұлы кәсіптің қиындықтарын да еске алды.

– Қандай іс болмасын өздігінен дөңгелеп жүре бермейді. Ірі қара ауырса, оның шығыны зор. Қанша күш жұмсап бордақылаған сиыр, бұқалар бір аптада салмағын жоғалтады. Жаздың күндері терісін көбелек жарып шығарда жаппай қиналады. Дегенмен, кәсіпті бастаған адам пайда табудан бұрын сол кәсіпке жан-тәнімен берілуі керек. Сонда қиындықтар кездескенде «табыс таппадым» деп күйзелудің орнына, кәсібіне жанашырлықпен қарайды, – дейді ол.

«Дануна» жеке кәсіпкерлігінде 60 сиыр, 25 бұқа бар. Ірі қараны 200 басқа көбейтіп, күніне 1 тонна сүт өткізетін болса, сүт өндірісіне де субсидия алуға мүмкіндігі бар. Айта кетерлік бір жайт, кәсібін сүйген Әлішер Пірназарұлы ірі қараның жем-шөптен қалған қалдығын кәдеге жарату үшін ғана үйрек-қаз ұстайды екен. Әйтсе де, алдағы 5 жылға жоспары бар кәсіпкердің ет өніміне болашақта құс еті де үлес қосуы әбден мүмкін.

Мейірман БАТЫРБЕКҰЛЫ, 
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының бизнес-тренері

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір