• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 06:22:05
Алматы
+35°

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтарал ауданында болды. Онда аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, жергілікті халықпен тілдесті.

Ең алдымен, өңір басшысы Шардара су қоймасынан су сорғыш насостар арқылы «Достық» каналына ағын су беретін станцияны көрді. Дәл осы станциядан ағын су алатын «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы канал ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Су ресурстар комитетінің тапсырысымен 2011 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Секундына 60 текше метрге дейін су тартатын су сорғыштар 87 мың гектарға жуық алқапты ағын сумен қамтамасыз ете алады. Ал аталған нысанға жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болса қосымша тағы 34 мың гектардай жерді су арнасы арқылы ағын сумен қамтамасыз етуге болады.

Жыл сайын мақташылар үшін су жетіспеушілігі әлі де байқалатынын аймақ басшысының алдында баяндаған Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов бүгінгі таңда жергілікті әкімдікпен кезінде жеке меншікке өтіп кеткен су арналарын мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарының қолға алынып жатқанын жеткізді. Аудандағы жағдайға қаныққан Жансейіт Қансейітұлы жергілікті басшыға бұл жұмыстарды тездетіп аяқтап, халыққа оңтайлы жағдай жасауды тапсырды.

Мұнан соң, облыс әкімі бастаған жұмысшы топ ауданның Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты С.Сейфуллин ауылына болып ел қарияларымен кездесті. Олармен емен-жарқын әңгімелескен Ж.Түймебаев ондағы тұрғындар жағдайының дұрысталып, реттелгеніне көз жеткізді.

Еске сала кетсек, осы жылдың тамыз айының басында аталған елді мекендегі тұрғындар арасында бұзақылық іс-әрекеттер орын алған болатын.

Қазақ-тәжік этностарының байырғы бауырлас, туыс елдер екеніне тоқталған әкім бұл татулықтың мәңгілікке жалғасатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, аталған елді мекенде бүгін болған жас жұбайлардың үйлену тойына қатысып, сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, Ж.Ералиев ауылдық округінде 14 мыңнан астам халық тұрса, соның екі мыңға жуығы С.Сейфуллин ауылының тұрғындары. Жергілікті халық, негізінен, егін шаруашылығымен айналысады.

http://adym.kz/

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір