• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:32:30
Алматы
+35°

 

Жақында «Түрік пен қазақ. Өмірде жоқ бауырластық!» деген атаумен блог оқыған едім. Саяси астарына үңілместен, ана командаға да, мына командаға да жанкүйерлік танытпастан («Патша» командасы мен «Сұлтан» командасы) түрік пенен қазақтың тарихи байланысы, қандық туысқандығы жайлы мәселесінің басын ашып алғым келді.

«Бауырсың ба, бауыр емессің бе?» деу ғылыми картинаның бейнесін тым қарапайым етеді. Мұндай ақ-қара сурет қызылды-жасылды дүниеге қызығатын оқырманның талабынан шыға алмасы анық. Шын мәнінде, генетикалық байланыс әлемі ақ-қара емес, керісінше түрлі-түсті бояуға бай. Себебі әлемде өмір сүретін әр ұлт генетикалық құрылымы бойынша қайталанбас дара. Қаласаңыз, екі ұлттың ұқсастығын да, даралығын да табасыз.  Мәселе, картинаға өзің қалаған ракурста қарау емес, мәселе жалпы бейнені тұтастай көру алуымызда.

Туысқандық дегенді он мыңдаған жылдар бұрын пайда болған Е гаплогруппалардың сәйкес келуі деп қарастырсақ, Гитлер Банту африкалық халқының, татар бесермяндарының, Эйнштейнның, Наполеонның, Жириновскийдің туысқаны болып шыға келеді. Әлбетте, бұл ғылыми деректерді бұрмалаушылық болып саналады. Егер мәселеге осылай ғылыми емес тұрғыда қарайтын болсақ, нәтиже де қате. Сондықтан қазір «туысқандықты анықтау» барысында қандай қателіктер жібермеу керек деген сұрақтың жауабын беруге тырысайық.

Жоғарыда айтылған блог авторының келтірген тезисі:

«Қандық бауырластық деген құр сөз жүзінде болмайды. Тек гендеріміз ғана шындықтан хабардар. Генді алдай алмайсың! Дәлел-дәйекке сүйену үшін «Family Tree DNA» зерттеуінің нәтижесін ұсынамыз. Олар жасаған жобалардың бірі – «KZ DNA Project» немесе «Қазақ ДНҚ жобасы».

Y—хромосомасының (тікелей еркектік линия) полиморфизмін зерттеу геном зерттеуінің толыққандылығын көрсете алмайды. Y—хромосомасында не бәрі 100 ген бар, ал жалпы гендердің геномінде 28 000 (Y—хромосомасы бүкіл гендердің 0,3%-дық ақпаратын ғана береді). Демек Y-хромосомының ақпаратын дәлел ретінде қарастырып қажеті жоқ. Бұл генеалогияны қайта қалыпқа келтіру мен тарихи зерттеудің жай ғана қолданбалы тәсілі.

Сонымен қатар тікелей еркектік линия бойынша туысқандық жалпы туысқандықтың негізгі дәлелі бола алмайды. Менде, мысалы, R1a гаплогруппасына жататын 200-ге тарта туған бауырым және С2-М407 гаплогруппасындағы бөлем бар. Бөлем екеуміздің галогруппамыз  50 мың жыл бұрын екі жаққа кеткен. Y-хромосомы приматының туысқандық жүйесіне сенсек, бөлем маған туысқан бола алмайды. Керісінше, өзге ұлт, өзге нәсіл адамы менің туысқаным болып шығады.

Блог авторы «Қазақтың басым көпшілігі (42%) C3c гаплогруппасына жатады. Ал, бауырлас түрік халқының гаплогруппасы J2. Әділетін айтсақ, қазақтың 2% -нда түрік гені кездеседі. Туысқандық, міне, осындай.»,-депті.

Авторды бірнеше аспект бойынша түзеткім келіп отыр:

1. Атамыш жоба ашық түрде жұмыс жасағандықтан жобаға кез келген адам қатыса алды. Жобада хазарейц, моңғол, тувин, татар, ноғай, башқұрт, орыс сияқты ұлттар бар. Анық-қанығын білмей жатып барлық қатысуышыны қазақ деп ойламау қажет.

2. Соңғы ғылыми мәліметтерге сүйенсек,  қазақтың 25 %-ы (42 %-ы емес) С3с-М48 гапоргруппасына жатады. С гаплогруппасы жалпы 38,5 % құрайды. Ескерер жайт, С3с гаплогруппасынан тестілеуге қатысқандардың көп бөлігі Әлімұлы мен Байұлына жататын қазақтың Алшын деген руынан болып шыққан.

3. Түріктер J2 гаплогруппасына жатады. Мұны «Түрік гені» деу ақымақтық, меніңше.  Түрік халқының 20-30%-ында ғана J2 гаплогруппасы ұшырасады.

Генетикаға келетін болсақ:

1. «Таза» халық жоқ. Барлығы әртүрлі компоненттен құралады. Бір халықта белгілі бір компонент азырақ болса, екінші халықта сол компонент көбірек болып келеді. Былайша айтқанда, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деу өте дұрыс.

2. Түріктердің басым көпшілігі түрік тайпалары келгенге шейін тұрған Кіші Азияның автохтондары. Орта ғасырларда еуропалық ренегаттардың, теңіз қарақшыларының, балқан янычарларының  (оңтүстік славяндары, гректер, румындар) және Ислам дінін қабылдап, түрік халифі үшін соғысқа аттанған шығыс халқының ұрпақтары да түріктеніп түрік болып кетті. Қырым татарларының тұтқынына түскен шығысславяндық қыздар да түріктердің генофондын байытқан (ең танымал тұтқын қыз – Роксолана). Бұл тұрғыда қарайтын болсақ, түріктер украин мен орыстарға да жат емес.

3. Туысқандықты анықтау барысында Y-хромосомының полиморфизмінен қарағанда аутосомды маркердің берер ақпараты маңыздырақ. Уфалық генетик Баязит Юнусбаевтың зертттеуіне сүйенсек, әлемнің түк-түкпірінде мекен ететін түрік халқының барлығында Сібірдің оңтүстігінде тұратын халықтардың (тувиндер, алтайлар, буряттар, моңғолдар) геніне сәйкес келетін геномдар бар. Түрік геномында сібірлік компонент бар десек қателеспейміз.

4. Субкладты халықпен байланыстыру үшін, ең біріншіден, субкладты терең зерттеп шығу мақсат. Себебі адамзат белгілі бір жүйемен көшіп-қонбаған. Адамзат миграциясы «Браун қозғалысына» ( сұйық не газ ішіндегі ұсақ бөлшектердің қоршаған орта молекулаларының соққысы әсерінен болатын бей-берекет қозғалысы-ред.) көбірек ұқсайды.

5. Түріктерде теориялық тұрғыда үш түрлі түрік сегмент бар: селжұқ, осман және қырым-ноғай.

Бұл жерде түріктер тарихының жоғарыдағы периодтарына тоқталған жөн.

Түріктер аталмыш территорияда Араб халифаты заманына бері әртүрлі көсемдердің сарайында сарбаз (гулям) болып жүрген кездерінен пайда бола бастады. Алайда тайпалық миграция сәл кейінірек басталды:

1. 11 ғасырда Кіші Азияда селжұқтар пайда болды. Олар оғыз тайпасының бір бөлігі болатын. Алғашқы оғыздар Қазақстанның Жетісу аумағын мекен етті. Қарлұқтарға жеңіліп қалған оғыздар қазіргі Қызылорда облысындағы Сырдария аймағына көшуге мәжбүр болады. Содан кейін оғыздар Таяу Шығысқа жаңа жер жаулап алуға аттанады. 11 ғасырда олар біртұтас Селжұқ сұлтанатын құрады. Селжұқ сұлтанатынан кейін  қазіргі Түркия территориясын қоныс еткен Рум сұлтанаты бөлініп кетеді. Селжұқтар Түркияға Арал маңында өскен қызғалдақты әкеледі. Содан бері қызғалдақ Түркияның ұлттық нышанының бірі болып есептелінеді. 14 ғасырдың басында Рум сұлтанаты бейликтерге бөлінген болатын. Сол шақта жетекшілік позицияға Бейлик Осман келеді. Одан бүкіл түрік сұлтандары тарағанын айта кетейік.

 

2. Османдар. Османның атасы Сүлеймен-шах қайы тайпасының көсемі болған. Ол моңғолдармен соғысып жүріп 1227 жылы Евфрат өзенін кешіп өткенде қайтыс болады. Қай тайпасы қыпшақ хандарының династиялық тайпасы болғандығын білеміз. Соған қарағанда Османдар Қыпшақ хандарының (тағы бір нұсқа бойынша, Османдар қайы деп аталған оғыз тайпасының) ұрпағы. Сүлеймен-шах моңғол әскері Таяу Шығысқа ығыстырған Хорезмшах әскерінен (қыпшақ, оғыз, қаңлы, қарлұқ) қалған «Хорезмдіктердің» көсемі болуы әбден мүмкін. «Хорезмдіктердің» бір бөлігі кейін Үндістанға көшіп,  Дели сұлтанатын құрады. Ал, бір бөлігі Мысырға қоныс аударып, мәмлүктер әскерінің бөлшегіне айналады. Алғашқы мәмлүк билеушісі Құтыз Хорезмшах Джалал ад-Диннің жиені әрі алтынордалық Беркенің бөлесі болатын. «Хорезмдіктердің» тағы бір бөлігі Кіші Азияда қалып, бейликтерді құрды. Оған Осман бейлигі де жататын. Осман және оның тайпасы Кіші Азияға өздерімен бірге «Қорқыт ата» бабаларының культын әкеледі. Жетекші биліктің Қорқытпен рулас болуы «Қорқыт ата» жайлы аңыз-әңгіме мен ертегінің бүкіл Кіші Азия мен Таяу Шығыста кең таралуына әсер етеді.  Қазақтар Қорқытты қобыз жасаушы ретінде асқақтап құрметтегенін де ұмытпайық.

3. XVIII-XIX ғғ. Түркияға қырым татарлары мен ноғайлардың көшіп баруы қазіргі түрік халқының құрамына жасалған соңғы ғаламат генетикалық өзгеріс болды. 1780-ші жылы басталып, (Қырым хандығының құлауы) 1860-шы жылдары  (1850 ж. Болған Қырым соғысынан кейін) аяқталған көшіп-қонудың масштабы   үлкен болды. Көшкен ноғайлардың саны 500 мыңнан бастап 1 миллион көлемінде болды деседі. 1870 жылдары Ресей империясында миллионнан 40 мыңы ғана қалды.

Осы тұста қарақалпақтармен қатар ноғайлар қазақ халқына жақын екендігін айта кеткен жөн. Ноғайлардың түріктерге қосылуы қазақ пен түрікті жақындастыра түсті. Қырым татарларының бір бөлігі (далалықтар) ноғай тектес (демек  қазаққа жақын).

Қырым татарларында доминант болған арғындар мен қыпшақтар қазақтарда да бар.

Түркия Қазақстанға әркез сүйіспеншілікпен қарайтын. Қазақ елінің тәуелсіздігін алғашқы болып мойындап, Қытайдан қашқан қазақ босқындарына құшағын ашқан да осы Түркия елі. Түрік лицейлерінің ашылуы орта білім жүйесіне көбірек плюс, пайда әкелді. Ресей болса Қазақстанға тәуелсіздікті «сыйлады».  Мұндай «сыйлыққа» аздап дайын болмай шыққан Қазақстан енді одан айырылғысы жоқ. Елімізге екі «сотқардың» ойынына араласудың қажеті жоқ. Себебі бір Эрдоған бүкіл Түркия, бір Путин бүкіл Ресей емес.

Мақаланы қорытындылай келе, түрік пен қазақтың генетикалық байланысы бар екендігін айта кетейік. Ол байланыс түрік миграциясының үш толқынымен (Оғыз-Селжұқ, Хорезмдіктер-Османдар және Ноғайлықтар-Қырым татарлары) тығыз байланысты. Түрік генофондында түрік салымымен қатар Кіші Азиядағы автохтондардан және орта ғасыр, жаңа уақыт кезінде түрік қоғамына интеграцияланған адамдардан (шығысеуропалықтар, славяндар, гректер, күрдтер, арабтар және т.с.с) бастау алатын үлкен компонент бар.

«Бауырсың ба? Бауыр емессің бе?» деп айтудың өзі дұрыс емес. Түрік пен қазақтың генетикалық байланысы бар болғанымен түрік қазаққа қарақалпақ немесе әзірбайжан секілді жақын емес.

Авторы: Жақсылық Сәбитов

Аударған: Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір