• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:05:21
Алматы
+35°

 

(2-бөлім)

Тәуелсіздіктің  тал бесігі

Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрак мекен – Алматы! Биікке самғау, қиырды шарлау, заманнан қалмай заулау – мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат!

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығы бізге мейірімін төкті. Тұғыры босап, тұрлауы кете бастаған Кеңес Одағының керегесі сөгіліп, шаңырағы шайқалды. Тоқыраудан басталып, ыдырауға ұласқан инертті империя осылайша күйреудің соңғы кезеңіне жетті.

Біразға дейін геосаяси тепе-теңдікті орнықтырып келген 1945 жылғы Ялта келісімі де 1991 жылы құрдымға кетті. «Аяғы бар дүниенің басы да болады» деген абыздар сөзінің ақиқаты өмірде мәңгілік дәлелденумен келеді.

Шынында да, 1991 жыл кәрі тарихтың құрсаулы дөңгелегін кері айналдырғандай болды. «Ешқашан құламайды» деп дәріптеліп келген компартия да, көп елдің көңілін аулап келген коммунизмнің тәтті елесі де осы жылы сыр берді. Тәуелсіздіктің толғағы тар шеңберде ширығып жатқан талай елдің тынышын кетіріп, мазасын алды. Біз де үзеңгіге аяқ артқандай едік. Сананы кернеген сұрапыл құштарлық пен алапат арман алғы күнге асықтырды. Қанатын қомдаған қырандай томағамызды сыпыруға әзір отырдық.

Сол кездегі алаң көңілді Алматы сан ғасырды бастан кешіп, ақылман абыздық кезеңдерді сәтті өткеріп, қазыналы қариядай ойға шомып отырған дана қалаға ұқсайтын. «Алмалы» дәуірін артқа тастап, Жібек жолының бойындағы ұлы қиырларға созылған ұзақ көштерге теңін артып, Қытай мен Үндістанға асқан кіре жолдар мен күре даңғылдардың шулы шежіресін кейінгі ғасырларға жалғады; Орынбордан озған, Ақмешіттен асқан астаналық эстафетаны асқарлы Алатаудың баурайына қонақтатқан қала – бұл. Ән мен жырға арқау болған әз Алматының маңдайына ғасырлап күткен қуаныш – Тәуелсіздікті жариялау бақыты бұйырды.

Иә, Алматы – тәуелсіздіктің тал бесігі. Желтоқсанда бұлқынған жас қайраттың намысын жаныған жер де осы шаһар. Бұл қалада кеңестік кезеңнің қатпар-қатпар тарихы түзілді. Бұл қалада азаттыққа ұмтылған арыстардың ақырғы жолдары аяқталды. Бұл қалада дала психологиясының қалалық болмысқа айналуының ұзақ үрдісі жүрді. Сауатсыздықпен күрескен жылдардың сызбалары да осы жерде дүниеге келді. Ғылым-білім, әдебиет пен өнер, руханият пен мәдениет алма ағаштарымен астаса бүр жарды.

Ал, ең бастысы, Алматы ұлттық сананы қалыптастырудың рухани орталығы, ұлағатты ұстаханасы болды. Қазақ халқының өнері мен мәдениетінің дәстүрлі дала философиясының шынайы көрінісі болып қана қоймай, ұлттың даму үдерісіндегі үлгі мен мектепке айналды. Осының бәріне куә – ару Алматы.

Шамалғаннан кейінгі жол талай қиырды шарлап келіп, Алматыға тоғысты. Ал Алматыны арманға айналдырған басты айшығы – Алатау. Алатаусыз тек Алматы ғана емес, жер жәннаты Жетісудың өзі де жетімсіреп қалмас па? Ол сондықтан да асқарлы ғана емес, биіктіктің бедеріндей айбарлы.

Бала кезімде таңертең тұра сала Алатауға қараушы едім. Біздің үй тау жаққа қараған көшенің бойында еді. Тау да маған қарап тұрғандай сезінетінмін. Бала қиялымда мен анау таудың ақбас шыңына шығып, зеңгір көкте қалқыған қыранның қасында самғай ұшсам ғой деп армандайтынмын. Сол бір өзім өрген таңғажайып ертегімде шашасына шаң жұқпайтын Шұбараттың жалына жармасқан күйі құйғытып шауып, Үшқоңырдың үкілі сайлары мен көк майсалы жазығында тұнған бүлдіргенге сұғына кіріп, тас бұлақтың суына қос алақанды толтыра сіміріп, құмардан шыққандай болатынмын.

Тарих тылсымына бойласақ, бұл ұлы далада ал­уан түрлі өркениет болған. Бірі құлап, қираған, бірі жұтылған, енді бірі із-түзсіз жоғалып, бірқатары қоныс аударуға душар болған. Әр жеңімпаз өз тарихын өзгеден биік қойып, бұрынғыны мансұқтап отырған. Бірақ солай болған күннің өзінде, ұлы далада тұрған мәңгілік ескерткіштер бойына құпиясын сақтап, уақытын күтіп жата берген. Бұлар – біздің тарихи-рухани оқулықтарымыз.

Алматыны сайын даладағы қалалық қалыпқа әлі де келе қоймайтын Ақмолаға ауыстыру туралы ой тәуелсіздікпен бірге келді десем де болады. Бірақ алғашқы аласапыран кездегі қиыншылықтар мен проблемалар бұл туралы кеңінен ойлап, нақты пікір түюге мұрша бермеді. Бірақ көкейде тұнған ой мен аңсарлы арман үнемі алаңдатумен болды. Елорданы Отанымыздың орталық бөлігіне көшірудің аса маңызды стратегиялық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-руханияттық маңызы дау туғызбайтын шындық еді.

Тәуелсіздіктің толық тарихын жазып шығу – өте күрделі іс. Тіпті мүмкін де емес шығар? Қыруар дерек пен дәйекті тізіп шыққанның өзінде, кейбір маңызды сәттер көңілден қағаберіс қалуы мүмкін.

Ал астананы көшіру – қалыптасқан тарихты заман талабына сай жаңаша жазып, бұрынғы ұстанымға басқаша тың парақтар қосу деген сөз. Табиғаты жанға жайлы, жылдың төрт мезгілі де қолайлы Алматы, айтары жоқ, бас қалаға лайықты екендігі дау туғызбайды. Алматы ежелгі жұртымыздың ата қонысы ғана емес, кейінгі кеңестік кезеңде байқала бастаған отарлық ойдың құрсауында тұншығып, Верный туралы жалған қауесеттің іргетасын қайтадан құюға ұмтылған келімсек пікірлер, өгей пиғылдарды қиып тастаудың ұтымды сәтін бастан кешті.

Мәртебесі майдан даласында қалыптасқан батыр Бабырдың естелік жазбаларында шығыстан жөңкілген Шыңғыс хан сарбаздарының ат тұяғында тапталып, қираған Алмату қаласы, енді бір жазбаларда Алмалық қаласы болып, тарих тылсымынан тіл қатып, оның көне ізі бүгінгі Алматының санадағы сызбасына түседі.

Бабырдың замандасы, қолына қылыш емес, қалам ұстаған Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің: «Тарих-и-Рашиди» атты тарихи еңбегінде Әзіреттің Алатауының етегінде жайлы қоныс тепкен жарасымды шаһар – Алмалық қаласы туралы баяндайды. Түп сөзі «алмадан» бастау алатын көне кенттің жалғасқан тарихы оның баурайында жұпар ата жайылатын апорттың ғажайып иісіндей болып, жан сарайымызды әлі әлдилеп  келеді.

Қала дамыған жерде ой мен сана дамиды. Сана еркіндігі ұлттың өзін-өзі тану процесіне алып келеді. Өзін таныған ұлт өзгеге танылудың жолын іздейді. Ол жол әр кез тақтайдай тегіс болмайды: бірде даңғыл, бірде тайғақ… Алматыда қалыптасқан ой еркіндігі талай жыл бірде астарлы, бірде ашық айтыла жүріп, 1986 жылғы желтоқсанда күркіреген күндей болып, Жаңа алаңның үстінде жаңғырып тұрды.

Біз тәуелсіздікке қол жеткізген кезде елдің тұрмыстық жағдайы ауыр болатын. Қаржы да жоқ, қажетті тауар да жоқ сол бір қиын кезеңнің де қисынын таптық. Жоққа жетпейтін жүйріктің бабын келтіріп, шідерін  шештік. Тірліктің түндігін түріп, жоқты барға, барды базарға, базарды ажарға айналдыра алдық. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Бірақ көппен бірге жол таптық, жұрт боп жұмылып, азды көпке айналдырдық. Сенім несиесін орнықтырдық, үмітті үкіледік.

Ұлы көштің тізгінін қағар тұста, алып ұшақтың баспалдағында тұрып, жаным толқып, аяулы Алматыға бас иіп қоштасқан сәтімді ұмытқан емеспін. Алатаудың ұшар басына көтерілген алтын шапақты арқаланып тұрып, сонау заңғар көкте қалқыған қыранға да қош айтқандай болғанмын. Алатау сонда ақ сақалы алдын жапқан абыз қариядай басын шұлғып, батасын бергендей сезініп, қанаттанып аттандым. Сөйтіп, еліміздің ертеңіне жол тарттық, болашағымызды бетке алып, сапарға шықтық. Қателескен жоқпыз. Бұған адам да, заман да куә. Онымызды алыс та, жақын да көріп-білді.

Алматы қазір алып мегаполиске айналды. Қала да адам секілді. Өседі, өркендейді, өмірбаянын жазады. Оны басқарған азаматтар өздеріне жүктелген міндеттерді орындау жолында аянып қалған жоқ. Олар да Алматымен бірге өсті. Енді осынау әз қаланы басқаратын жаңа ұрпақ, жас толқын келді. Біз оған сенім артып, оның қолына ата-анамыздың ардақты қара шаңырағын тапсырғандай күй кешіп жатырмыз.

 

Саясат салтанаты

Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ.

Саясат дегеніміз не? Бұл ғылым ба, тәжірибе ме, тәуекел ме, әлде болжам ба? Немесе ішкі түйсік пен сенім сезімінің ұштасқан жері ме? Бір сөзбен жауап беру қиын, әрине. Меніңше, бұл – осылардың бәрінің қосындысы және мақсат пен мұраттың айқындалуы. Міндет пен парыздың бой көрсетуі. Ақыл мен айланың ретіне қарай қолданылуы. Тіпті, бұлардан басқа да біз біле бермейтін сан алуан қырлары бар шығар?

Бірақ қалай болғанда да, саясат туған халқыңның бүгіні мен болашағы жолындағы сенің ар мен адалдыққа суарылған іс-әрекетің болса, онда ол – еліңнің бағы мен бақыты. Дегенмен, уақыт, әр кезең өз  саяси тұлғасын өзі тудырады. Дәуірі таңдайды, заманы қолдайды.

Біз – халықтық саясаттың мәртебелі мектебінен шыққан елміз. Осы елде туып-өскен ұрпақпыз. Бабаның даңқын бұлдап, бұра тартқан жеріміз жоқ. Ұлы даланың ұлағатын ұлттық тарихымыз деп бағалай отырып, жаңа тарихтың тарауларын жазып жатырмыз. Бұл орайдағы берік ұстаным – ұлттық ынтымақты ту ету.

Шамалған деген шағын ауылдың сол кездегі тірлігін бүгінгі күн тұрғысынан ойласам, ол да бірлік пен ынтымақтың мектебі екен. Әр алуан ұлттың өкілінен тұратын ауылдың ынтымағы керемет болатын. Сол бір шағын ауыл байтақ Қазақстаным секілді. Өз басым солай қабылдаймын. Арба айдап, ат суарған, шалғы тартып, алма бақтың төріне су жетелеген шаруақор жандар келеді көз алдыма. Құлағыма өрістен оралған сиырлар мен маңыраған қой-ешкінің у-шуына қоңыр дауыстарын қосып, құрдастарын әзілмен әдіптеген ауыл қарттарының үзік үні жететіндей. Сондай сәттерде бейбіт өмірдің саясаты бәрінен қымбат, күрделі болса да, қарапайым екенін түсінесің.

Саясаткер болу әу бастағы арманым емес еді. Тіпті, бала кезімде мұның нендей нәрсе екенін де ойлап көрмеппін. Тек, әйтеуір әкем мен анамның күнделікті қарапайым өмірі мен ауылдастарымның қоңыр тұрмыс-тіршілігі мені осы жолға – беймәлім сапарға бастап алып келіпті. Ауыл ақсақалдарының әрбірі сыралғы саясаткер, сырбаз мәмілегер екенін жылдар өткенде, талай елдер мен мемлекеттердің төрінде елім туралы толғанғанда терең сезіне түскендей болдым.

Мектепте саясатты оқытпайды. Біздің кезімізде оны жоғары оқу орындарында да оқытпайтын. Саясаттың сұңғыласы мен сұмдығын біз тәуелсіздіктің туын көтерген жылдарда ғана барынша сезіндік. Білетініміз бір сан, білмейтініміз мың сан екенін де осы кезде бағамдадық. Үйрене жүріп, өстік, қолдана жүріп, қалыптастық. Халқымызда: «батыр болып тумайды» деген сөз бар. Сол айтқандай, адам саясаткер болып та тумайды. Саясаттың өзі сияқты, саясаткер де қалыптасады. Мұны біз ұлы өмірден үйренеміз. Өмір мектебі – мәңгілік мектеп. Оның бір шәкірті – тәуелсіз мемлекетіміз.

Қазақтың «кішкентай үй үлкен отауға қарайды» деген әдемі сөзі және бар. Сол айтқандай, кішкентай халыққа үлкен саясаткер керек екенін біз кейінгі жылдарда әбден ұққандаймыз.

Біздің халқымыздың өзі – саясаткер. Сонда саясаттың ең маңыздысы мен ең күрделісі не? Ол – халқыңа бейбітшілік сыйлау, жақсы тұрмыс кештіру. Жұртыңды өзгелерден оздырмасаң да, қатарынан қалдырмау. Көршіңмен тату болу. Халқыңның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын деп күн кешу. Сонда сен халқыңмен біртұтассың. Бөлінбес бір бүтінсің. Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай тұрмайды. Тамағыңды тауып жерлік кәсіп, одан да тәуір қызмет табылар. Бірақ ол қара орманың – қасиетті еліңнің ортасында жүріп ішкен бір жұтым қара суға қайдан татысын?!

Қазақ сөзінің көбі астарлы, бейнелі. Сөзіміздің бәрі ұйқасып тұрған қара өлеңдей әсер етеді. Мәселен, қара деген сөздің мән-мазмұны кең. Ол көп, қалың, мол, үлкен деген ұғымдарды береді. Ал осы сөз – қайғының қара бұлтын серпитін жауынгер ұғым. Халқымызды қара орманым дейміз. Үлкен, бас үйді қара шаңырақ дейміз. Түркі жұртының қара шаңырағында отырған қазақтың әрбір тірлігі халық тарихы – ұлттың ұраны, қаруы мен құралы. Қара шаңырақтың иесі де бізбіз, киесі де бізде.

Біз бүгінгі саясатты ұлттық рухтың еркіндігі негізінде жүзеге асырамыз. Өйткені, рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады. Біздің ұлы ісіміз  тәуелсіздік алу, оны тұғырлы ету болды. Орындадық. Ұлан-байтақ шекарамызды шегендеп, жаттың ала көзі, жаудың сұғы қадалмайтындай ету мақсатын ұстандық. Мақсат межесіне жеттік. Әлемдік өркениет өлкесінде көш соңында қалып салпақтамай, күштіге жағынып, жалпақтамай, қарулыдан қорқып жалтақтамай өмір сүру принципін орнықтыруды ойладық. Ойымыз жүзеге асты. Азуын айға білеген, атағы жер жарған халықаралық ұйымдар мен құрылымдарды төрімізге шақырып, тілін шештіруді жоспарладық. Жоспар орындалды. Кеңес өкіметінің ығына жығылып, тұншығып күн кешкен еліміздің рухани күшін қайта жаңғыртуда тыңнан жол салуға міндеттендік. Уәде үдесінен шықтық. Төл теңгеміздің бағамын, жаңа ақшамыздың нарқын өзгелерге көрсетіп, аларымызды алуды, барар жерге жетуді мақсат тұттық. Оны да орындадық. Әрине, осының бәрі бірден орындап тастайтын да тірлік емес. Ешқайсысына тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Алға тартып, абыройды көтеріп, жалғастыра береміз.

Құлшынысы келіссе, орындалмайтын арман болмайды. Бабы мен күтімі келіссе, озбайтын жүйрік болмайды. Ол үшін айқын мақсат, асқақ арман, өр талап, үкілі үміт болуы шарт. Бұл қасиеттердің бәрі халқымыздың бойында бар. Осыған мың мәрте тәубе дейміз. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» дегенде, осы қасиеттерді басты назарға аламыз.

Солақай саясаттың тұсында мансап мінберіне кездейсоқ көтерілген кесірлер мен зордан зобалаң көрген халқымызды кемсіткендер бізді күні кеше ғана пайда болған бұратана халық, бұралқы ел санады. Біз жоқтан бар болған халық емеспіз. Қазақ хандығы – бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері. Бұлар – біздің ұлы тарихымыздың көне сілемдері. Ежелгі іздің сүрлеулері бізді жаңа заманның мінберінен сөз айтуға жеткізді.

Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара тартысқа түсіп жатқан алтыншы ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы Түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас басталғанда, әуелі батыс пен шығысқа ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

Демек, саясаттың ең басты ұстанымы – бірлік. Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады деген сөздің де сорабын дөп басып айтқан халқымыз. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің қорғаны. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Ата тарихымыздың тұжырымдарын есте ұстап, шежіре болып айтылар ұлттық ұлағатты, тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақ жүрегіне сонда жол табамыз, сонда ғана болашағына бағдар бере аламыз.

Біз ұлттық мұрадан ешқашан бас тартқан емеспіз. Жақсы болсын, жарты болсын, ол – біздің ортақ тарихымыз, жүріп өткен жолымыз. Үйренер мектебіміз, үлгі алар өнегеміз. Қалай болғанда да, сол мұраны жаңа заман ыңғайына лайықтап, жас ұрпақтың қажетіне жарата білуіміз керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал. «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атар» деген тәмсілді көңілге тоқып қойғанымыз жөн.

Астана төрінде біз сан мәрте халықаралық форумдар, саммиттер, симпозиумдар, құрылтайлар өткіздік. «Босқа шығынданып осының не қажеті бар?» деген сөздер де айтылып қалып жатты. Тіпті бұдан да өткен, шымбайға бататын сөздерді де естуге тура келді. Бірақ әр нәрсенің қайырымы, әрбір істің нәтижесі, әр басқан қадамның жетер жері болады. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген халықтың баласымыз. Біз осынау ұлы басқосулардың арқасында ай астындағы абыройлы Алаш жұртының даңқын асқақтаттық. Өзімізді таныттық, мемлекеттік ғұмырнамамызды  байыттық.

Біз кеше кім едік, бүгін кімбіз? Ертең қай жерде боламыз? Бұлар – мәңгілік сұрақтар. Оларға бірден жауап қайтара қою да қиын. Тіпті оған бірден жауап беремін деп өзіңді де, өзгені де қинаудың қажеті жоқ.

Айналасы он-он бес жылдың ішінде Қазақстанды әлем тегіс таныды, түгел  мойындады, тең әріптес санайтын дәрежеге жетті. Егер біз алысты жақындатпасақ, жақынды жанымызға тартпасақ, жоғарыда айтылғандай әлемдік басқосуларды ұйымдастырмасақ, томаға-тұйықтық не берер еді? Ондай тірліктің пайдасы қане? Қоршау ішіндегі құр байбалам кімге керек? Елордамыздың іргетасын мықтап қалап алғанымыздың өзі біле білгенге, аса маңызды, мәңгілік мәні бар тарихи шешім болды.

Бір кездері әлемдік геосаяси картадағы кешеуілдеп дамып келе жатқан елдермен шатастыратын шалағай саясаткерлердің өздері бүгінде Қазақстанның әлемдік саясаттағы өз жолын өзгеге үлгі етудің көрнекі құралына айналдырды.

«Тәуелсіздікті алдық, енді біздің не істесек те өз еркіміз» деп арқаны кеңге салатын заман емес қазір. Дамылдап, шалқайып жататын да уақыт емес. Біз «әрекет бар жерде – берекет бар» деген қанатты қағиданы ұстана отырып, игі мақсат жолында жұмыла еңбек ететін боламыз. «Дүниенің кілті – сабырда» деген пайғамбарлардан қалған өсиетті өнеге тұтып, жасампаздықтық пен төзімділікті тең ұстадық. Сөйтіп, мемлекеттің қалыптасу, тұрақтылық, даму үрдістерін тұғырға қондыра алдық. Бұған қанағат етпеуге бола ма? Көзге ұрып тұрған нәрсені көрмеуге бола ма?

Кеңестік кезеңде қағажу көріп, шеткері жатқан көп республиканың бірі болдық. Ол да бір зейнетінен бейнеті көп тірлік еді. Бүкіл ауыл шаруашылығы өнімдері орталықтың екі алып қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмсалды. Сол үшін-ақ маңдай тері зая болған еліміздің арада аз ғана уақыт өткенде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық жасап, төбе бидей төрелік айтарына күні кеше кім сенер еді? Кезінде ұлт тарихының бастауындай болған Ұлытаудан сөз ұзатсақ, енді ұлы төр – Ақордадан әлемге тіл қатып жатырмыз. Қазақ сөзі ғарышқа дейін жетті.

Әлемнің дамыған 56 мемлекетінің басын қосып, жаһандық дамудың жария жағдайлары мен дүниежүзілік дүрбелеңдерді ымыраға келтірудің жөн-жосығын ойластырдық. Әлемдік ынтымақшыл іс-әрекетке баға беріп қана қоймай, басшылық жасағанымыз да айдай әлемге аян. Кеңестік рес­публикалар арасынан бірінші болып осындай халықаралық беделді ұйымға төрағалық етуімізге еліміздің бейбітшіл де гуманистік ұстанымы негіз қалады. Бұл – біз жүргізіп келе жатқан саясаттың және бір озған жері.

«Халықтық реформалардан асқан шексіз маңызы бар қоғамдық мәселе жоқ» деп кезінде ұлы дала перзенті Шоқан Уәлиханов жазғандай, біз халық игілігі жолындағы барлық іс-әрекеттерді ешқашан күн тәртібінен түсірмейміз.

Озатынымыз сол – қолында жаппай қырып-жоятын қаһарлы ядролық қаруы бар Қазақстан тәуелсіздігін алғанда әлем сақтана қарап, алаңдап отырғанда, ядролық жойқын қару-жарағымыздан өз еркімізбен бас тартып, әлемдік қоғамдастықтан бейбіт тірлігімізге кепілдік алдық. Бұл тереңнен ойланған саяси қадам болатын. Қазір осы қадамның тыныштыққа тірек болғанын көріп отырмыз.

Бүгінде ешкімді қарумен қорқыта алмайсың. Әлемде қару-жарақтың сан мың түрі бар. Оның бәріне бірдей ие елдер де бар. Бірақ ең үлкен күш – қару емес, татулық. Татулықты сұрап та, сатып та ала алмайсың. Оны саяси көрегендікпен ғана қалыптастыруға болады. Тәуелсіздігін енді ғана алып, өшкені жанып, өлгені тіріліп отырған алагеуім шақта ел ішіндегі тыныштықты біз осылай қалыптастырдық. Демек, біз – татулық, бірлік атты бірегей жасампаздыққа сүйенген елміз.

Баяғыда жаңа шаңырақ көтерген жас отауға бүкіл ауыл асарлата үйін көтеріп, үйелмені қиналмасын деп алдына мал салып беретінін талай көргенбіз. Біздің жас, тәуелсіз мемлекетіміздің де алғашқы күндердегі болмысы осыған ұқсас болатын. Асарлатып үй салғанда, оның қабырғасын қалап, төбесін жапқанда сол ауылдың бір тізгін ұстар ағасы, не іс тетігін білер ұстасы жөн-жоба көрсетіп, бәрін реттеп тұрушы еді. Сонда әлгі үйге бүкіл ауылдың жан шуағы мен жүрек жылуы дарығандай болып, жастар өз бойларындағы парыз бен қарызды терең түсініп, үй бола, үйіріліп, қаз тұрып, қадам басып кететін. Аналарымыз шаруа­ларын жайлай жүріп ән салғанда, әзілдесіп, айналасын ақшуақ күлкіге бөлегенде, аспанымыз шәйдай ашылып, көңіліміз көкке жетіп қалатын.

Бір ерекше есте қалғаны, біздің ауылда жанжал деген мүлде болмайтын. Әлде, ауыл ағалары болдырмай ма екен? Әйтеуір жұрт жұмылып, бір-біріне сүйеу болып, аядай ауылдың ортақ абыройын қызғыштай қоритын. Сонысымен мәре-сәре тірлігін жасап, түтінін түзу түтетіп жатар еді. Жұрттың көбі, әсіресе аға ұрпақ жақсы үй салудың оңай емес екенін біледі. Ал біздің ортақ үйіміз – Қазақстан сияқты жас мемлекетті құрып, орнықтыру бұдан әлдеқайда қиын болды. Мемлекет құрылысы біздің болашақта қандай мемлекетте өмір сүретініміздің нақты бас жоспары болуын талап етті.

Халқымыздың ақыл-парасаты нәтижесінде біз өз жолымызды – Қазақстан жолын жасай алдық. Даналық даңғылы біздің халқымыздың жүрегінен басталды. Әуелі – экономика, сосын саясат деген ұстанымды даурыға айтпасақ та, сананы тұрмыс билейтінін саяси тұрғыдан бағамдай отырып, конституциялық қағидаттарды, саяси жүйені, дінаралық үнқатысуды, мәдени-рухани бірлікті, ұлттық инфрақұрылымды бір мақсат шеңберінде құрудың ұтымды жолын таптық.

Бүгінде қазақстандық даму жолының тиімділігін бүкіл әлем мойындап отыр, біздегі қоғамдық келісімді және Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын ұлттар мен ұлыстардың ынтымақты тірлігін Біріккен Ұлттар Ұйымы ұлтаралық татулықтың үлгі моделі ретінде жоғары бағалады. Бұл мақтаныш па? Әрине, мақтаныш. Жетістік пе? Әрине, жетістік. Қалай айтсақ та, бұл біздің – ортақ жетістігіміз, ортақ жеңісіміз. Барар бағытымыз, жетер жеріміз бен шығар төріміз бір. Егер де «бас-басымызға би болып», өңкей қиқымның ортасына түссек, көшіміздің қазір қай жерде жүретінін кім білсін?!

Осы жиырма бес жыл ел үшін де, мен үшін де оңай болған жоқ. Біз жүргізіп келе жатқан саясаттың мәні мен мақсатын жүрекпен ұғынып, түсініп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып келе жатқан халқымыздың сап бұзбаған саналы тірлігі. Елмен бірге көрген тойлардың бәрі біздің рухымыздың ояну, өркендеу кезеңін айқын көрсетеді. Біз күні кеше кісі қолына қарап келсек, енді бізге де сүйсіне қарайтын елдер бар.

Қазақстанның халықаралық беделіне байланыс­ты биылғы бір жылдағы бірлі-жарым жетістіктеріне тоқтала кетсек, еліміз 2016 жылғы 28 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл Кеңес – БҰҰ-ның Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс істейтін орган.

Еліміздің оған мүше болуы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мо­йындалуы деген сөз. Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Семей ядролық сынақ полигонын жабу және қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімдерімізді бүкіл Жер шары біледі әрі барынша бағалап, қолдайды.

Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен береке-бірлігімізге де байланысты, сондай-ақ бұл – тек біздің еліміздің ғана емес, сонымен қатар, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттік етпеген бүкіл Орталық Азия өңірінің де табысы.

Таяу болашақтағы жылдар халықаралық қарым-қатынастардағы ахуал үшін аса күрделі кезең болмақ. Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке төнетін қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Әлемнің әр түкпірінде орын алып жатқан жантүршігерлік қайғылы оқиғалар радикалды топтар мен олардың имансыз идеологиясына өркениетті қоғамда жол берілмеуге тиіс екенін тағы да дәлелдей түсуде.

Сондықтан да Қазақстан жаһан жұртына, әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық терроризм мен экстремизм әрекеттерін қатаң айыптаумен келеді. Мемлекетіміз баянды болашақтың қазіргіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылады. Өйткені, тұрақты әрі қауіпсіз әлем – азаматтарымыз бен келешек ұрпақтарымыз үшін аса қажетті қасиетті құндылық.

Біз жаппай қырып-жою қарулары мен соғыс індеттерінен және қақтығыс-жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған байыпты іс-шараларымызды одан әрі жалғастыра береміз. Қазақстан, сондай-ақ, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге де өзіндік серпін беретін болады. Елордамыз Астанада өткізілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі – соның бір бөлігі. Болашақтың энергиясы, жасыл экономика сияқты әркімге де қатысы бар толғақты проблемалар сонда қамтылады.

Еліміздің еңсесін көтерудегі шараларымыздың тағы бір парасы – шағын мемлекет пе, ұлы держава ма – түйткілді текетірестер, тығырыққа тіреген түсініспеушіліктер тұсындағы араағайындық абзал істеріміз. Соңғы бірер жыл бедерінде ғана Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ Мәскеу мен Анкара арасын дәнекерлеу тұрғысындағы тірлігіміз табысты болды.

Бұл Қазақстан Республикасының әлемдегі аса дамыған мемлекеттер қатарына қосылу, қауіпсіз әрі өсіп-өркендеген болашақ құру жолындағы тағы бір тарихи қадамы болмақ. Сонымен бір мезгілде, қазіргі заманғы өте зәру және тым шетін проблемаларды шешуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен, бүтіндей өңірлермен қарым-қатынастарымыз бен тығыз байланыстарымызды дамыту үшін ауқымды мүмкіндіктер туғызбақ.

2016 жылғы 17 маусымда Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік жөніндегі комитетінің мүшелігіне қабылданды. Әлемдік үрдістерді ескеретін болсақ, Қазақстан үшін жаһандық экономиканы қалыптастыруға әсер ететін осы ұйымның бір бөлігіне айналу өте маңызды.

Бұлар, ең алдымен, ұлтымыздың ұйысқандығы­ның, жұртымыздың толысқандығының көрсеткіші. Сонымен қатар, ерен елдігімізге, тұғырлы тәуелсіз­дігімізге деген құрмет пен жарқын болашағымызға деген қалтқысыз сенім деп білемін. Халқымыз осынау зор сенімнің үдесінен шығып, Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройының асқақтай түсетініне еш күмән жоқ.

Еңбекқор халқы бар Қазақстан алға қарай алшаң адымдап келеді. Еңбек ендіктері мен береке бойлықтарында ерен еңбектің қарқынын көреміз, бұл – Тәуелсіздіктің тынымсыз қайнап жатқан ырыс қазаны. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген мәтел біздің ұлттық мүддеге келе бермейді. Өз еркіміз өзімізде екен деп өзеурейтін заман емес. Өзгенің де қас-қабағына қараудың мәні бар. Көршіңмен араз болсаң, қақысы бұзылады, еңбекпен араз болсаң, ақысы бұзылады.

Бізді қазір жүз ойландырып, мың толғандыратын бір кесел бар. Ол – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық – жегі құрт. Халықтың қазынасын тонап жатқан, іс басына келгенше мінәйім, қолға билік тигесін «құдайым» адамдар арамызда әлі де кездесіп жатыр. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп халқымыз қалай дөп айтқан.

Ұлы бабамыз Майқы биден қалған: «Хан – халықтың қазығы» деген сөзде үлкен мағына жатыр. Қазақстан қоғамының алтын қазығына айналған президенттік билік жең ұшына жемір пиғылын тыққан сұғанақтың сұғын қайтарып, ұзында өші, қысқада кегі кеткен кең көңіл жұртының көкейдегісін тауып, ретке келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Біз, әрине, жазақұмар ел емеспіз. Бала кезімізде өз қатарластарымызбен талай рет шекісіп қалған жағдайларымыз болатын. Біздің құрдастарымыз шетінен намысқой, өр болатын. Сондай кезде әлсіздерге күштілер, кішкентайларға үлкен ұлдар көмекке келетін. Әділ төрелік айтып, балалық тазалықпен шешім қабылдайтын. Осындай кездерде әкелеріміз бен аналарымыз ешқандай шу көтермей, әр нәрсенің байыбына бара білетін. Ешқайсысы өз баласына бұра тартпай, әділдікке қол берер еді. Біздің балаң жанжалымызды көрген әкелеріміз күлімсіреп тұрып, кімдікі дұрыс екенін жіктеп, лезде татуластырып жіберетін.

Осылайша, өкпенің арты өкініш, даудың соңы даурығу екенін ата-аналарымыз кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп, ойымызға тұрақтатты. Сол кездерден бастап кішіге қамқор, үлкенге ізетті болып, адамдар арасындағы қарапайым дипломатияның дәрістерін санаға сіңіріп өстік. Кішіліктің келешегі үлкендіктің үлгісінде жатқанын ұғынып ержеттік. Мемлекеттік саясатта да осыны берік ұстану қажет. Мемлекеттік дипломатия мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың ұқсас жерлері көп. Бірақ үнемі осылай деу де дұрыс бола бермейді. Мемлекеттік қарым-қатынастың ауқымы да, салмағы да, сабағы да үлкен жауапкершілікке келіп тіреледі.

Қазақстан – көршісімен тату, алыспен де, жақынмен де бейбіт қатар өмір сүре алатын ел. Ол қоғамдық тұрғыдан мызғымас тұғыры бар мемлекет ретінде қабылданып, осы сындарлы саясатымыздың арқасында бұл баға біржола бекіді. Әлемдік қауымдастық енді біздің елді ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан ел ғана емес, әлемдік жанжалдар мен аумақтық кикілжіңдерді, аймақтық соғыстарды араағайындық бітімгершілікке шақыруға адамгершілік тұрғыдан құқы бар мемлекет ретінде қабылдап, өнеге тұтады. Біз – осылайша «үрей империясынан үміт империясының» сарайына бейбіт қадаммен кірген мемлекетпіз.

1992 жылдың күзіндегі АҚШ-қа алғашқы сапарым кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында әлемдік мінберде бірінші рет баяндама жасағанда, күллі дүние жүзі бізге «мынау қандай ел, бұлар кімдер, қандай мақсаты бар, болашағы қандай?» деген сауалдар кернеуінде отырды. Тосырқап та, жатырқап та отырғандар болды. Бірақ біз жаспыз деп жасқанып, жолымыздан жаңылып қалған жоқпыз.

Ол тұста біз әлемдік өркениет көшіне қосылған жаңа мемлекет болғанымызбен, арғы түбіміз тарих тереңінде жатқан, ұлттық құндылықтары бар ұлағатты ел екенімізді айтуға мүмкіндік таптық. Әлемдегі ең үлкен аумақтардың бірін алып жатқан жұрт екенімізді білдіре отырып, жері байдың – елі бай екенін де жатқа жеткізе түсіндірдік. Шаңырағымызды шайқалтпастан, байлығымызды еселей алатын ел екенімізді аз сөзбен ұғындырдық. Оған да міне, ширек ғасырға жуық уақыт өтті.

Бүгінде өткен кезеңге зер салсақ, ХХ ғасырдың қасіретті жылдары аз болған жоқ. Ашаршылық туралы қоғамда қалыптасқан қордалы ойды жаңаша қорыту жүзеге асты. 2012 жылы қазақ халқының тарихындағы қасіретті зұлматқа 80 жыл толды. Кеңестік күштеп ұжымдастыру мен тәркілеудің ең ауыр кезеңі, әсіресе, 1932-1933 жылдарға тап келді. Осынау адамгершілікке мүлде жат қатыгездіктің салдарынан миллиондаған адам құрбан болып, миллионнан астам қандасымыз тарихи Отанынан босып, жырақ кетуге мәжбүр болды. Бұл зұлмат кезеңді халық жадында сақтау үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Олар жас ұрпаққа үлгі берерлік келелі істер еді.

Осы қасіретті кезеңге арналған іс-шаралардың саяси және жан тебірентерлік көрінісі 2012 жылғы 30 мамырда Астана қаласында Ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткішті ашу болды. Осылайша, ашаршылық тақырыбы төңірегіндегі қажетсіз, жалған ғылыми белсенділік пен саяси саудаға салушылыққа тосқауыл қойылды. Сол сұрқия зұлматқа байланыс­ты оған шынайы қоғамдық және саяси баға берудің ұстанымы қалыптасты. Бұл Қазақстан халқының елдігі мен бірлігінің одан әрі нығая түсуіне ықпал етті.

Еліміз үшін жаңа, сындарлы кезең болып табылатын Дүниежүзілік сауда ұйымының даму және өзара ықпалдасу мүмкіндіктері мен демократиялық даму үрдістерін жалғастыра береміз. Конституцияда тұжырымдалған басты қағидаттарды негізге ала отырып, Қазақстанның үшінші мыңжылдықтағы орнының тек қана төрден табылуына бар күш-жігерімізді, ақыл-парасатымызды жұмсайтын боламыз. Серттей сөзіміз – осы. Серпінді ісіміз де сондай болмақ. Серттің сыны мен серпінін уақыт көрсетеді. Сол кезде біз уақыттың бетіне ұялмай тура қарай аламыз деп сенеміз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір