• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:59:53
Алматы
+35°

03 Қараша, 2016 Аймақтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ  

Ұлы дала ұлағаттары (5-бөлім)

 

Жаңғырып келер жас толқын

Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған,

егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі,

сауатты да  саламатты азаматтар қажет.

«Жастар – біздің болашағымыз» дегенді жиі айтып жүреміз. Алайда, айту бар да, оның мағынасына терең бойлау тағы бар. Бір қарағанда, бәрі де түсінікті. Әйтсе де, солай болуы үшін жұмыс жасаудың мәні тіптен бөлек.

Осы орайда, мына тәмсіл еске түсіп тұр. Ауылдағы көпті көрген көнекөз, көкірегі шежіре абыз ақсақалға бір кісі келіп, «Менің жұртымды сынап беріңіз, болашағы қандай екен?» деп қолқа салыпты. Сонда абыз: «Анау күнді көріп тұрсың ба, қандай міні бар, түнде айды көресің, қандай түрі бар?» депті. Келген адам да қара жаяу болмаса керек, «Ата, алысты болжау қиын ғой, жақынды көріңіз, жаныңызға үңіліңіз» десе керек. Сонда қария: «Олай болса, жұртыңнан жақын не бар, жастарыңды әкеліп көрсет, сонда айтайын» депті. Ертіп келген жастарын көріп: «Боламын деп тұр екен, болар, озамын деп тұр екен, озар, бетінен қақпасаң, еліңнің ертеңі баянды болғалы тұр», деп батасын беріпті. Бұл тәмсіл әлем халықтарының біразында болса керек, бірақ осы сөз біздің қазақ жерінде туғандай болады да тұрады.

Тәуелсіздік алған тұста, әсіресе, 1993-1994 жылдары елдегі қаражат тапшылығына байланысты аса күрделі кезеңді бастан кешуге тура келді. Нарық қатынасының қиындығы оның заңдылықтарына әлі бейімделе қоймаған халыққа ауыр тиді. Ол кезде көптеген ата-аналар үшін баласын шет елде оқыту іске аспайтын арман болып көрінетін. Қаржы тапшылығы жомарт елдің де қолын байлады. Дегенмен, тәуелсіз мемлекетімізге озық ойлы, білікті мамандар қажет екенін ескере келе, сол тұста біз тәуекел деп, жастарымызды алыс шет елдерге оқытуға бел байладық. Ол үшін арнайы халықаралық бағдарлама қабылдау қажет болды. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген әдемі сөз бар ғой. Жанымдағы серіктерім айтқанымды ұғынып, тапсырмам бойынша жаңа, тарихи бағдарламаның ережесі мен қағидаттарын түзіп шықты.

Осылайша, 1993 жылдың күзінде, нақтырақ айтқанда, 5 қараша күні арнайы Жарлыққа қол қойып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауын кестік. Сөйтіп, жастарымызды шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін түбегейлі шешетін халықаралық іс-шара өмірге келді.

Бұл мемлекеттік жастар саясатының атап айтарлықтай нақты көрсеткіші болды. Жастар өсті, кадрлар жетілді, маман тапшылығы жойылып келеді. Үш кезеңнен тұратын бұл бағдарлама міндетін мүлтіксіз орындауда.

Алғашқы оқығандардың алды қазір жігіт ағасы жасына да жетті. Ол түлектер сенімді ақтады. Сөйтіп, шет елдерде жан-жақты білім алып, жаңа мамандықты, тілді меңгерген мамандарымыз тәуелсіз еліміздің әр саласында еңбек етуде. Олардың ішінен суырылып шыққандар қазіргі кезде еліміздің жоғары лауазымды мемлекеттік, коммерциялық құрылымдарында елеулі еңбектерімен ел көзіне түсіп, кадрлық құрамды толықтырды. Жастарына қарап, жұртының болашағына болжау айтқан қария уақыттың берген бағасы бойымызға құт, басымызға бақ, өмірімізге өрлеу болды. Жалпы, қай істе де ақылға суарылған тәуекелдің ақыры қайырлы болатыны ақиқат. Абыз айтқандай, бақытты ұрпақ, жас ұрпақ қазір азат еліміздің абыройын алыс-жақын шет елге де, өзімізге де танытып жүр.

Өткен ғасырдың басында «оқыған» деген жаңа термин дүниеге келген. Жиырмасыншы жылдары ғұмыр кешкен ұрпақ сол кездегі қиындықты жеңе отырып, жоқтық пен аштықтың қос өкпеден қысқан қысымына төзе білді де, қолы жеткенше қарманып, аяғы жеткен жерден білім алды. Бірі Қазанға, бірі Петерборға, Уфа мен Орынборға ұмтылып, даланы жайлаған сауатсыздықтың сұлбасына қайсар жігерін қарсы қойды. Қиналды, алайда, аңсарлы арманның тізгінінен айырылмады. Жаңа дәуір білімді ұрпақты қажет ететінін барынша түсінді. Сол кездегі қайсарлық пен ерік-жігерге адам таңғалады. Алаш көсемдері бір мамандық төңірегінде ғана қалып қоймай, сан алуан мамандық пен түрлі пәндерді игеріп, оны іске асыруда азаматтық алғырлық, қайраткерлік қуат таныта алды.

Жалындап ғұмыр кешкен жастыққа не жетсін, шіркін?! Жасқа тән самғау, іздену, құлшыныс пен құштарлық, міне, осының бәрі – арманның ақ қанаттары. Осы ретте аға ұрпақтың алдындағы парыз: жас ұрпаққа ақыл айту, жөн сілтеу, жоба көрсету. Жаһанданудың жақсы жағы да бар, зиянды жағын да байқамаса болмайды. Интернет жүйесі, ақпараттық топан, коммуникациялық көл-көсір деректер мен дәйектерді сүзіп алып, оны қазіргі заманғы білім әлеуеті ретінде біржақты, талғамай қабылдау дұрыс бола бермейді.

Мәселені дұрыс жолға қоюдың екі жағы бар: бірі – отбасындағы тәрбие, білім игеруді таңдаудағы олардың қам-қарекеті, өздерінің үлгі-өнегесі. Бұрындары «Кітап – білім бұлағы» дейтін едік. Ал қазір ше? Кейде, тіпті, ойланып қаласың. Бірақ кітаптың құндылығы жойылмақ емес. Несін жасырамыз, қазір ата-аналардың өзі, әсіресе, кейінгі 80-90-жылдардағы буын өз балаларына кітап оқудың жай-жапсарын жеткілікті түрде түсіндіре алмайды немесе өздері де түсіне бермейді. Оқуды қойған адам ойлауды қояды. Ойланбаған жерде орынды тірлік болушы ма еді? Оның арты жеңіл күнкөріс, жасанды құштарлыққа апарып соғады.

Екіншісі – мектеп ұстаздары балаға кітап оқудың маңызы мен мақсатын, нені оқып, нені қоюды үйретуден жалықпауы керек. Заман талабына сай оқитын кітаптардың тізімі мен дестесін жеткілікті түрде түсіндіріп, жеткізіп отыруы қажет. Бұл салада ұйымшылдық, ізденіс керек. Жас ұрпақтың алдындағы тәрбиенің парызы мен қарызын жос­парлы деңгейде ғана атқару мұғалімнің әлсіздігін көрсетеді. Қиялын қанаттандырып, білуге деген құштарлығын арттыра алмаған адам шәкірттерге қалай өнеге болады? Мұндайда ата-ана ұстазға көмекке келіп, бірлесе еңбек етулері тиіс. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген пікір сондайдан қалыптасқан. Ұстаздардың беделін тек материалдық тұрғыдан шешеміз деу дұрыс емес. Адамгершілік құндылықтарды арттыру арқылы да ұстаз беделін көтеруге қадам жасауымыз қажет.

Ұстаздық – ұлағатты кәсіп, мәртебелі мамандық. Ұлы қаламгер әрі ұстазы болған Мұхтар Әуезовті оның үздік шәкірті академик Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» деп айрықша атауы, ерекше қадір тұтуы елге үлгі болды. Халқымыздың тарихында ұлт ұстаздары болған. Әйгілі Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың туған халқына ұстаздық етудегі еңбегі ерліктің аса жоғары үлгісі десек, кез келген ұстаз «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген абыз Абайдың сөзін өз мамандығын меңгерудің мәңгілік үлгісі деп қабылдауы керек. Міне, сонда үлгі дариды, дәріс даналықтың жолын ашады.

Біз де бала болдық. Біздің ауылдың шағын кітапханасындағы кітаптардың, әсіресе, ерлік, отаншылдық, соғыс және бейбітшілік тақырыбындағы кітаптардың мұқабасы тозып, қолдан-қолға жиі өткені әбден байқалып тұратын. Өз бетімізбен ізденіп оқыдық. Сол ауылдың абыройын асырған көптеген белгілі азаматтар болды. Әр мамандықтың небір майталман шеберлері шықты. Ол үшін әрқашан ұстаздарымызға, бізге жөн сілтеген аға ұрпаққа тек қана рахмет айтумен келеміз. Ең үлкен рахмет ұстаздан шәкірт озып, көптің үлгісіне айналған іске айтылуы керек.

Біздің бала кезімізде кешке қарай бір үйге жиналып, батырлар жырын, халықтық қиссаларды, ақын-жыраулардың толғау-дастандарын оқыту дәстүрі болатын. Ауыл адамдары жиналып алып, батырлар жырын оқытқанда, біздер соны үлкен дәреже көретінбіз. Құранды қирағаттап оқығандай рухымыз, жан дүниеміз жадырап, келелі іс, кемел тірлік тындырғандай марқаюшы едік.

Батырлардың қаскөй жаумен шайқастарын, алапат айқаста жарадар болған шағын, елін сағынып, жанарлары жасқа толған сәттерін оқығанда аналарымыз, әсіресе, әжелереміз: «ой, дүние-ай» деп күрсініп, жаулықтарының ұшымен көздерін сүртер еді. Олар жараларын таңып, арғымақтарына мінгенде, алдаспанын қолға алып, айбаттана қас дұшпанға атылғанда, үй ішін көңілді толқын билеп, әкелеріміз бен аналарымыз шырайлана шаттанып, шадыман шуағы біздің балаң жүректерімізді шарпып өтетін. Тайымызды Тайбурылдай, қасқа құлынымызды Қамбардың қара қасқа тұлпарындай көріп, Кендебайдың Керқұласын ерттегендей-ақ елегізіп қалушы едік. Осынау сәулелі сәттер біздің ұрпақты жігер мен құлшынысқа, күрес пен тәуекелге, батырлық пен батылдыққа, ең бастысы, отансүйгіштік асыл қасиетке алып келді.

Ел үшін ерлік жасау мақсаты бала кезден қалыптасады. Ол – әкенің қанымен, ананың сүтімен, халықтың ұлы салт-дәстүрлерімен берілетін аса қымбат қасиет. Осы асыл қасиетті жүректерге жеткізуге жұртымыздың жауһар қазынасы – батырлар жыры ерекше үлес қосты. Жырауларымыздың жауынгерлік рухы бізді отаншыл етіп баулыды.

Өңірдегі Сүйінбайдан тартып, Жамбылға жалғасқан ерлік жырлары, Сұраншы, Саурық, Қарасай батырлар туралы дастандарда қалыптасқан ерен ерлердің болмыс-бітімдері бізді қанаттандырды. Қатарлас жатқан қырғыз елінің шуу дегенде шаң қаппас шайырларымен қазақ ақындарының айтыс­тары, ондағы ерлік пен елдіктің астасқан айбары мен сара сөздің майданы бала күнімізден біздің ұлы мектебіміз, ұлағатты ұстазымыз болды.

Баяғыда Асан атамыз Желмаясымен жүйткіп жүріп, қазақтың байтақ даласының ұшы-қиырын шарласа, қазіргі заманда алып самұрық – ақ қанат лайнерлер барар жеріңе әп-сәтте алып жетеді. Қайда барсаң да, қай төрде отырсаң да – мемлекетіңнің мерейі. Көп жағдайда халықтың рухы, елдің ниеті, өз бойыңдағы азды-көпті ақыл-әрекетің тығырықтан шығарып, тұтқиылдан жол табады. Сондай сәттерде бір кезде ұстаздардан алған тәрбие-тәлімің көмекке келіп жатады. Ұлт ұлыларының ұлағаты көмек қолын созады.

Асан қайғы бабамыздың қазақтың жер-суына арнап айтқан болжамдары мен бағалары, қарап отырсаң, өте табиғи әрі ғылыми-географиялық әрі әлеуметтік мәселені молынан қамтыған үлкен сараптамалар. Жұбан Молдағалиев ағамыздың: «Асан боп туып қазақтар, өледі Асан қайғы боп» деуінде осыны терең сезінгендік пен тар кезеңнің өксікті өкініші қатар өрілген. Асан атаның айтқандарын саясат сайысында да ескерудің жолы бар. Бұл біздің жастарымыз үшін аса құнды өнеге деп ойлаймыз.

Қай кезде де өзіміздің жолымызды жалғастыратын жастарға сенім білдіруіміз керек. Сенім білдіре отырып, жауапкершілік жүктеуіміз қажет. Жастардың бойындағы жаман қасиеттердің өзін қайта тәрбиелеп, оны жақсылық пен ізгіліктің ізіне салу – біздің ортақ міндетіміз.

Әсіресе, қоғамымызда орын алып жататын жемқорлық, сыбайластық, жершілдік, рушылдық секілді сүйкімсіз әдеттер жастар жүрегіне қонбауы керек. Бұлар – жұқпалы келеңсіздіктер. Олардың бойларына да, ойларына да теріс пиғыл қонақтамаса екен деп алаңдаймыз. Осы бағытта түзу жолдан тайып, халық алдындағы қарызы мен парызын бұзғандарға көңіліміз жібімейтінін, ымырасыз екенімізді жастарымыздың білгенін қалаймыз.

Мұны баса айтып жатқанымыз, жастарды жосықсыз қорқытып-үркіту емес, естілеріне ескертіп, өсетіндеріне өнегелік сөз айту. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», деп Абай хәкім айтып кеткен бес жаман іске қазір тағы да бірнеше түйткілді түсініктер қосылды. Бұлар – «енжарлық, жемқорлық, мақсатсыздық» деуге келер. Абайдан бұрын да болған рушылдық деген «дерт» сүйегін сүйретіп әлі келеді. Мұнымен кеңестік кезеңде де кейбір ағаларымыз аздап «ауырған» болатын. Бірақ партиядан қорқатын, басын қорғап, бұқпантайлайтын. Қазір тұқыртқан партия, тұтқиылдан тұсайтын қоғамдық ұйымдар азайғасын, ол да басын қайта көтеріп, бүгінгі ұрпақтың кеудесіне ұмсынуда. Шорт кесіп тастауымыз қажет.

Алыс елдерге мақсат қуып, тәуелсіз еліміздің сенімін арқалап бара жатқан жастардың алдында сан тарау жол тұр. Баяғы ертегіде айтылғандай, солға тартса солқылдақ, оңға тартса омпылдақ, тура жүрсе төрге шығар бағыт айқындалмақ. Сондықтан да жас ұрпақ тура жүруге тиіс. Алдыңда арман тұр, артыңда алашың тұр. «Өзге елге барып сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бабаңның сөзі жүрегіңнің төрінде, өреңнің өрінде болсын.

Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани-әлеуметтік байланыстың алтын тіні ажырамай, өзара сабақтастық пен кәсіби әріптестік қанатын кеңге жая түссін деген тілекпен әртүрлі тың бастамалар мен жаңаша талаптарды жүзеге асырып та жатырмыз. Қазір ауызекі сөздерде: «Жастарымыз жалқау, жұмыстың жеңілін қалайды, еңбекке енжар, ата кәсіптен ат-тонын ала қашып жатыр» деген пікірлерді де естіп қалып жатамыз. Бұған алаңдаймыз. Қоғам да, жұртымыз да алаңдайды. Алаң көңілді алғыр жастарымыздың парасаты тарқатпақ. Олардың табысты қадамы мен намысты іс-қимылы сабырға шақыруы тиіс.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ел болған соң, ішінде текті де, тентек те болады. Бұл – атамзаманнан бері бар ақиқат. «Тентекті тентек десе, бөркі қазандай болады» деген емес пе? Тез қасында қисық ағаш жатпайтыны секілді, тағылымды тәлімгер табылса, талапты жастың жолы ашылып, бағы жанбай ма?

Біздің мемлекеттік жастар саясатындағы ең бас­ты тұжырым-ұстанымымыз да осы болса керек. Бұл бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі жоқ деп айта алмаймын, бар. Бірақ әлі де жастарымыздың жан дүниесін ашуда жаңылып та, жетпей де жатқан жерлеріміз бар. Бұл кейде мемлекеттік құрылымдардың өзінде талапты жас­ты таңдап табу, оны өзіне лайықты лауазымға тағайындауда төрешілдік пен көңілжықпастықтың, тіпті, кейде сыбайластықтың да көрініп қалып жататынын әсте жасыруға болмайды.

Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін өз дәрежесінде атқармай, тым жалпақшешей болып, еркеліктің шегінен асырып, есерліктің ауылына жіберіп алып жатқан жоқпыз ба? Бұқаралық ақпарат құралдарынан ата-анасының қызметі мен мансабына мастанған бозөкпелердің әдеп пен ибаны жиып қойып, қоғамдық орындарда қалыптасқан ережелерді мансұқ ететінін, жөнсіз тайраңдап, жүгенсіз сайрандайтынын оқып-көріп қаламыз. Бұл отбасындағы тәрбиенің ойдағыдай болмауы деген сөз.

Біз «баланы – жастан» деген сөзді қазір көп айтпайтын болдық. Өбектей беретінімізден өркөкіректеніп бара жатқан ұрпақты бетінен қайтарудың елдік дәстүрін жаңаша жаңғыртып, оны қоғамдық, мемлекеттік мәселе ретінде қарайтын мезгіл жетті.

Әрине, өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Бірақ бітеу жараны кесіп тастамасаң, ол қанға шабады. Қанға шапқан жара жанға шауып, жұртқа жұғады. Жаман әдеттің жұқпалы келетіні секілді, тәрбиенің тексіздігі де теперішті тірлікке жол ашады. Оны емдейтін – елдің салт-дәстүрі, ата-ананың үлгі-өнегесі. Одан қала берсе, ортаның тәлім-тәрбиесі. Осыны дәріптеп, халықтың жүрегіне жеткізуде атқарылар жұмыстар ұшан-теңіз. Бұған тиісті жауапкершілікті мемлекеттік органдар да, жалпы халық та жұмыла бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізуі керек.

Қай заманда да өскелең ұрпақ әке көріп, оқ жонып, шеше көріп, тон пішіп өскен. Халқымыздың сан ғасырлық мектебінде қалыптасқан даналық дәрістері әлі де өз өресін жойған жоқ. Тек солар, теңнің аузы ашылмай тұншығып, енжарлықтан ертеңін күтіп жатқан секілді. Ұлттық сананы төрге шығарып, төбе бидей құрметтесек, құндылық деп қабылдап, отбасының ожданы, үй-ішінің рәміздері деп түйсінсек, таңдайымыздағы сөзіміз, маңдайымыздағы бағымыз арта түспей ме?!

Өсер жасқа – өріс кең, өнеге мол. Өскелең ұрпақ өзіне керекті өрісті білім мен ғылымнан табады. Ендеше, жақсыға, жаңаға ұмтылу керек. Туған тіліңді, халқыңның тарихын, салт-дәстүрін біл, зерделе, өміріңде үлгі тұт. Тәуелсіздікке қызмет ету жолындағы ақылың мен қайратың адал мұрат, асқақ арманға толы болса, баратын жерің, шығатын төрің де биік болмақ. Еңбекпен тапқан абыройды ақшамен, дәулетпен өлшеуге болмайды. Ақшаң көп болғанмен, денсаулықты сатып ала алмайсың. Жас кезіңде саламатты өмір сүр, спортпен айналыс, «тәні саудың жаны сау» деген халық сөзін құлағыңа құйып өс.

Біз – ат құлағында ойнап, қырдың желімен жарысқан, құралайды көзге атып, күрескенде жауырынын жерге тигізбеуге тырысқан елдің ұрпағымыз. Бұл ғасыр – ең алдымен, жастарымыздың ғасыры. Жаңа мыңжылдықта Қазақстанның байрағы биік, табысы ерен, қорғаны берен болады деп сенеміз. Сенімнің сергектігі – еліңнің ержеткені. Ол – біздің бақытымыз. Елдің бақыты.

Жас кезінде адам еліктегіш болады. Өнердің өнегелісін, ғылымның жаңашылын, дәстүрдің озығын таңда. Талғамың таза болсын, талабың оң болсын, сонда қажеттіні тауып, керектіні аласың. Мансапты сатып алуға болар, бірақ ол тұрақты болмайды. Маңдай терің төгілген, адал еңбегің көрінген мансап – жан серігің, айнымас досың.

Үлкенді сыйла, қарттықты қадірле. Сен де қартаясың. «Ата-анаңның қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» дейді дана халқымыз. Қарт – қадірлі ақылшың, қымбат сырласың, әзілің жарасса, құрдасың. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген де халқымыз. Әзілің орынды болсын, күлкің қонымды болсын. Еліміздің көрнекті шайырларының бірі Тұрмағамбет: «Тал жібектей таза сөз еш жеріңді жырмайды» деген. Тамаша сөз, тапқыр теңеу. Үлгі алсаң – ұстазың. Жақсы сөзді тыңдай біліп, жадыңа тоқы.

Адам қолымен жасалған игіліктің бәрі – қымбат қазына. Оны толтыратын да сен, елеулі үлес қосатын да сен. Еліңнің асыл өнері, әдебиеті – халықтық тарих. Әрсіз әуен, ұрда-жық ырғақ, сөзі сұйық шығармалардың топаны қаптаған қазіргі кезде жастықтың желімен адасуың оңай. Жол табуың қиын. Дұрыс жолды табу үшін жаныңның рухани сүзгісін таза ұста. Ғаламтордағының бәрі ғаламат емес, мұнда жаманат та, кесапат та бар. Деректің бәрі де дайын дүние емес, екшемесең, есең кетеді. Кеткен есені қайтара алмайсың.

Қазіргі заманғы техниканың тілін біл, оны саналы түрде керегіңе жарат. Жасыңа қарай таңда, жағдайыңа қарай тұтын. Халқымыздың бойынан мақтаншақтық дағды да кездеспей қалмайды. Ол – ұлағат емес, кінәрат. Кінәратқа кіді талғаммен қара. Жалғыз жүріп жол тапқанша, адастырмас көппен кеңес. Халықтық қағиданың қасиетін, ата-бабаңның өсиетін ұстансаң – абыройың асқақ, беделің бекем.

Қолың тисе, кітап оқы. Кітап оқымаған адам ойлау­дан қалады. Демек, уақыттан ұтылады. Ал уақытқа ілесе алмаған бәрінен айырылады. Уақыт – алтын қазына, бірақ оны сатып ала алмайсың. Ол – самғаған сұңқар, жүйткіген тұлпар. Ұшса да, зымыраса да жеткізбейді. Мойын бұрмайды, қайта қонбайды. Көп нәрсені еңсеруге болады, бірақ уақытты жеңе алмайсың. Қуғанмен жетпейсің. Оған білімің мен талантың ғана төтеп бере алады.

Талант – көне грек еліндегі салмақ өлшемі. Демек, таланттың да өз салмағы бар. Оның салмағын бойыңдағы дарының, ойыңдағы танымың, жүректегі жарығың өлшей алады. Шын талант күншілдіктен таза, күндестіктің ауылынан алыс болады. Алайда, оның қорғанышы қылаудай ғана. «Талантқа көмектесу керек, дарынсыздар өзі де жол табады» деген тәмсіл содан қалған. Сондықтан, дарындыға жақтас болу керек. Шын таланттың шындығы шымыр, соған сүйен. Өсекшінің әр сөзі қыңыр, одан бойыңды аулақ сал. Өсекшінің сөзі өртемесе де, күйе жағады. Содан сақ болғайсың.

Ел мен ердің арасын сенім жақындастырады. Сол сенімді ұзақ жылдар бойы абыроймен арқалап келеміз. Ақтық демім қалғанша, әл-дәрменім талғанша, халық жүгін көтеруден қашпаймын. Бұл – менің президенттік те, перзенттік те парызым. Елдің жүгін ер көтерер, ердің құнын ел көтерер. Қадірін білер халқы болса, ер жігітке одан асқан бақыт жоқ.

Қысқасы, бұл ғасыр – біздің ғасырымыз. Демек: «Бұл ғасыр қазақ үшін алтын дер ем, даңқымды әлем білді, салтымменен. Кеудемде жаным барда көтеремін, аянбан, не күтсе де халқым менен!» –дегеніміз жөн болар!

Әрбір жас өрен осындай мақсатты мұрат тұтса, ел ертеңі нұрлы болмақ!

 

Еңсесі биік елорда

Астана халқымыз ғасырлар бойы ұмтылған Қазақстанның шынайы

тәуелсіздігінің тарихи рәмізі мен қуатты қағидасына айналды.

Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған ақжолтай күніне жетті. Жаңа жолдың басында, жаңа жеңістің қасында тұрдық. Алғашқы адал қадамды ақсақалдарымыздың ақ тілек, ақжарылқап баталарынан бастап, келер күндердің келбетіне үңілдік. Ойымызда көп мақсат, асқақ армандар тұрды. Тәуелсіздіктің тал бесігі болған, жұртымыздың жауһары, көңіліміздің гауһары – Алматының айбынын да, айдынын да азырқанған кезіміз жоқ. Бірақ астананы ауыстыру, оны жаңа қонысқа көшіру туралы ой көкейде көптен жүр еді.

Қазақ тарихында астана болған қалалардың барлығы да өз кезінде ұлттың өсіп, өркендеуіне тікелей әсер еткен. Оның бәрін ата тарих айтып береді. Сыр бойындағы Сығанақ пен Сауран, Жайық бойындағы Сарайшық, анау киелі Түркістан, олардан әрідегі Суяб пен Құлан, Баласағұн мен Жанкент, хижрадан қырық жыл бұрын ірге көтерген көне Тараз, қысқасы, Ұлы Даланың әр қиырындағы сол тарихи мекендердің бәрі орда ауыстырудың да қилы кезеңін бастан кешкен. Еуразияның алып даласында салынған сол қалалардың атақ-даңқы Ұрымға да, Қырымға да тегіс белгілі болған. Бұл жөнінен де мақтана аламыз.

2001 жылы жаңа астанамызға Жоғары Шапағатты Рим Папасы Иоанн Павел ІІ келді. Бұл – Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға. Сол қонағымыздың құрметпен айтқан мына сөзі әлі есте: «Мен бір кездері мәдениет пен сауданың маңызды орталықтары болған Баласағұн, Меркі, Құлан, Тараз, Отырар, Түркістан секілді және басқа қалаларға таңданыспен көз саламын. Оларда Еуропа үшін Аристотельді ашқан Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап ғылымның, өнер мен тарихтың көрнекті қайраткерлері тұрған». Кезінде Ұлы Даланың әміршісі болған Түрік қағанаты Дунай жағалауынан Корей түбегіне дейін, Гоби даласынан Байкөлге дейін шығандап шығып, жайылып жатты. Бумын қағанның бұйрығы жүріп, айтқаны болып тұрған заманда дәурені тасыған Түрік қағанаты талауға түсіп, ырысы қашты. Хан ұрпақтары арасындағы таққа талас кезінде тапқанынан айырылып, берекесі кетті.

Жалпы, ата тарихтың андыз-андыз сілемдері дүрілдеген дәуреннің түбіне жеткен алауыздық пен өзара қырқыс екенін тайға таңба басқандай етіп айтса да, тақ таласы мен бақ таласы көне түркілердің күн тәртібінен түсе қоймаған. Қарлұқ мемлекетінің астанасы болған Құлан да, одан кейін осы дәрежеге ие болған Тараз да, одан беріде ғұмыр кешкен Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақ та осы зауалдан құтылып кете алмаған. Төңкерістің толқыны қазақ даласын жайлаған тұстан кейінгі алас-қапаста далалық өлкенің алғашқы астанасы болған Орынбор да жаңа қоғам құруға ұмтылған қайраткерлеріміздің тірегі болғанмен, жұртымыздың жүрегі бола алмады.

Бағзы тарихымыздың баянын қарап отырсақ, көшпенді атанған халқымыздың қаласы да, панасы да болғанын көреміз. Топырақ жапқан қалалардың қойнауын аршысаң, садақтың жебелері мен қылыштың сынықтары өз дәуірінен хабар беріп, сөз желісін шешіп қоя береді. Оқи білсең – олжаң, тани алсаң – тарихың, жаза қалсаң – жадыңды оятар рухың. Құм басқан тарих бізден ол күндерді алып қашқанымен, сол секілді ондаған ойраны шыққан қалалардың шерлі шежіресін жеткізеді. Біз оқиғалары қатпар-қатпар, ал «оқулығы жұп-жұқа» тарихымыздың тілі жұмбақ тарауларын енді ежіктеп оқып, жаңадан жазып жатырмыз.

Астананы ауыстыру еріккеннің ермегі емес екенін де ескерте кету артықтық етпес. Адамзат тарихында мұндай қадамға барудың сан қилы себептері мен қисынды қағидалары жетіп жатыр. Жиырмасыншы ғасырдың жүзінде ғана Қазақстан өзінің бас қаласын бірнеше рет өзгертті. Елдер мен мемлекеттердің тарихына көз салып қарасақ, біз бұл жөнінен де көбінен көш ілгеріміз. Бұл тұрғыдан келгенде, көшпенді өмір кешкен көнтерілі жұртымыздың қанында бар, қасиетінде ізі қалған дәстүрі қайта жаңғырды. Ал тәуелсіздік тұсында астананы ауыстыру тарихи қажеттіліктен туындады.

Жиырмасыншы ғасыр аяқталып келе жатты. Жаңа мыңжылдықтың табалдырығы алдында талай міндет-мақсатымызды саралау қажеттігі туды. Геосаяси жағдай, тарихи үрдіс, экономикалық-әлеуметтік даму барысындағы байыпсыз жағдайлар, өндіріс пен өнеркәсіптің жаңа кезеңге бейімделуі тұрғысындағы түйткілді түйіндер ойлантты. Көлік-қатынас логис­тикасын заман талабына қарай бейімдеу, ғылыми дамудың өмірге ыңғайлануының негізін жаңаша құру секілді, бұдан өзге де өсіп-өркендеуімізге өріс ашуға тиісті өзекті жайттар мен себептер елорданы ауыстырудың қажеттілігін күн сайын байқата бас­тады. Көңілде түзілген ойлар сызбасы біртіндеп алдағы іс-әрекеттің көрнекі құралдары сияқты санада айшықталып, толғандыра түсті.

Бүгінгі жаһандану шағында жаңа қала салудың мәселесі аса қиындық туғызбайды. Не керектің бәрі де бар. Расында солай ма? Асығыс ойласаң, оңай секілді көрініп кететін істің артында үлкен проб­лемалар туындап шыға келеді. Қала салу түгілі, үй салудың да машақатын бала кезден көріп өскен ұрпақтың өкіліміз.

Біздің ауылда Биша деген көрші апамыз болды. Жолдасы қайтыс болып кеткен жалғызілікті жан еді. Сол кісінің үйі әбден тозып, қиюы қашып тұратын. Ауылдастарымыздың бәрі аяушылық білдіргенмен, ешкім де қол ұшын соза қоймады. Дұрысы, соза алмады деген жөн-ау? Әрине, ол кезде жетпейтін зат көп, елдің де мелдектеп отырғаны шамалы. Көрші апамның жүдеу жағдайы әкемді де ойлантқан болу керек, бірде ауылдастарын жинап, Бишаға жаңа үй салып беру туралы бастама көтеріп еді, ауылдастары бірауыздан қолдай кетті. Асарлатып үй тұрғызып, жақсы апаны жаңа үйге кіргізді.

Бұл жағдай бала көңілімде әдемі де сәулелі сәт болып қалып қойды. Ол кісінің менімен құрдас Сәду деген жалғыз ұлы болатын. Жаңа үйге кірген Сәду қандай қуанса, мен де сондай қуандым. Кіндік шешем Нұрқыз апа мен анам Әлжанның асар кезіндегі айрықша белсенділігі де мені мейлінше марқайтқан еді. Мұндай жарқын мысалдарды қазақ ауылының кез келгенінен көруге болар еді. Бұл да біздің халықтың азаматтық деңгейінің биіктігін көрсетсе керек.

Біздер бала кезден ортақ іске қуануды үйрендік. Ортақ іске жұмылуды үйрендік. Игілікті жаңа істі бастауға құлшынып тұратын болдық. Бала кезімде Мырзабала әжемнің жан әлемін баураған ертегілерін көп тыңдап өскендіктен де болар, өзімді бірде бес қаруы бойындағы батырдай, бірде көк жүзінде самғаған қыран құстай, енді бірде ауыздығын шайнап, аршындай шапқан арғымақтың жалына жабысқан шабандоздай елестетіп, тәтті қиялға шомып жатушы едім.

Қазір бүлдіршіндеріне ертегі айтатын ата-әжелер аз. Ата-аналар да жүрдек заманға сай тыным таппайтын болып алды. Уақыт та, заман да, адам да асығыс. Түсінікті жайт: асықпасаң, үлгермейсің. Жаяу-жалпылай, ат-арбамен жүріп, бар шаруаны тындыратын әке-шешеміздің сабырлы жүздері осындай кезде көз алдыма келіп, таңғалатын да кезім бар. Соған орай ойға да қаласың. Қазақтың «асықпаған арбамен қоян алар» деген тәмсілінде бір тұңғиық сыр жатқан секілді. Ол «сабыр түбі – сары алтынмен» сабақтасады.

Тарихтағы Түрік қағанаты ұлан-байтақ даланың ұлы бірлестігі болғаны – қазір даусыз дерек. Біз қазір осынау тарихи тұңғиықты тың тұрғыдан ашып, әрі өткенімізді өнеге ете отырып, «Біз Ұлы Даланың еліміз» деген түсінікті жаңаша рухта жаңғыртуды ұсынып отырмыз. Бұл сөздер – біздің киеміздей өркендейтін жүйеміз. Жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру процесіндегі белгілі бір белесті қорыту тұрғысынан алып қарағанда, біз осынау салтанатты да сардар сөздерді әр қазақ баласының жүрегіне нұр мен сыр құятындай дәрежеде ұлықтауымыз қажет.

Қылыш пен найзаның заманы өтті. Зіркілдеген зеңбіректеріңіздің өзі қазір қару-жарақ мұражайында тұр. Қазіргі рухты сөз – ұлттың танымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәңгілік Ел» болуы керек. Бұл сөз халықтың өз көкірегінен шығып, әр адамның жүрекжарды сөзіне айналуы қажет, сонда ғана ұлы мақсат өзінің межелі биігіне шығады.

Астананы ауыстырудың әңгімесі әлі күнге дейін айтылады. Біліп айтып, қостайтындар да, білмей айтып, сынайтындар да кездесіп қалып жатады. Бірақ қалай айтсақ та, жаңылған не ұтылған жеріміз жоқ. Сондықтан, астананы көшірудің кейбір жайттарын осы жазбаларды қағазға түсіру барысында, орайы келгенде, көп көңіліне сала кеткеннің артықтығы болмас.

1925 жылы, арада төрт жылдан сәл асатын мезгілде, Қазақ елі астана ауыстырудың кезекті қадамын жасады. Сол жылы Ақмешітте өткен Қазақстан Кеңестерінің V құрылтайында республика Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта аталып, жаңа елдік төлқұжатқа ие болды. Бас қала атауы Қызылорда болып бекіді. Бірақ елдің басқа өңірлерінен шалғай, табиғаты қатал, жазы аптап ыстық, суы тапшы Қызылорданың түпкілікті елорда болу мүмкіндігі уақыт өткен сайын қиындай беретіні белгілі еді.

Мүмкіндігі шектеулі қаланың төрінен кең-байтақ қазақ жерінің әр қиырына жедел басшылық жасау, нақты міндеттердің орындалуын қадағалау проблемаға айналды. 1927 жылы ендігі астана 1921 жылға дейін патшалық Ресейдің әмірімен Верный атауын иемденіп тұрған қалаға қоныс аударатыны туралы нақты айтыла бастады да, негізгі көшу, түпкілікті қоныстану 1929 жылы жүзеге асырылды. Алматы осылайша түпкі арманды орындаудың тарихи міндетін атқарған, азаттыққа жол ашқан ақжолтай қала болып, тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік тарихына енді. Алпыс сегіз жылдық астаналық тарихы бар Алматының көшін келешекке ұзатуын тарихтың жалғасы деп түсінеміз.

Алматы өзінің асқақ та сұлу бейнесін сақтау үшін астана мәртебесінен өз еркімен бас тартуы тиіс еді. Оны дәстүрлі дәрежесінен айыру, нақтырақ айтқанда, қаланың инфрақұрылымын экологиялық және геофизикалық жағынан сауықтырудың да басты жолы болды. Бұл іскерлік идеясының дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Алматы бұдан жетімдік көрген жоқ, қайта өзіне тетелес бауыр қала тапты. Тынысы кеңейіп, түрлене түсті.

«Ой, несін айтасыз, Шұға десе, Шұға еді ғой» деп ұлы қаламгеріміз Бейімбет Майлин жазғандай, несін айтасыз, әлемде Алматыдай сұлу қала сирек, тіпті, жоқ десе де болғандай. Бірақ, уақыт талабы қандай да сезімнен жоғары тұратынын заман көші қапысыз дәлелдеп берді. 90-жылдардың басында қалада экологиялық, демографиялық мәселе өзінің шекті деңгейінен асып, қаланың қалыпты өміріне қолайсыздық тудыра бастады. Ардагер қаланың «денсаулығын» сауықтыру қажеттігі байқалды.

Халық саны бір миллион екі жүз мыңға жетті. Кезінде төрт жүз мың тұрғынға арналып қазан шұңқырға салынған Алматы тынысы тарылып, булыға бастады. Жер тапшылығы туындады. Көк азайды. Көлік көбейді. Ауа тарылды. Алматының болашағын ойлау мәселесі күн тәртібіне қойылатын мезгіл жетті. Алматы экономикалық-әлеуметтік, экологиялық-геофизикалық және геосаяси жағынан тар шеңберге тығылып, қала аумағы мен халқының өсу үрдісі қарама-қайшылыққа душар болды. Өсіп-өркендеу өрісі шектеле бастады. Көңіл жеткенмен, көлем жетпеді. Инфрақұрылым екі иықтан дем алып, инженерлік жүйе сыр берді. Қаланың даму қарқыны тежеліп, мүмкіндігі тұйыққа тірелді.

Сөйтіп, байлам жасайтын кез келді. 1994 жылы сол кездегі Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі депутаттарының алдына астананы ауыстыру туралы тарихи мәселені шығаруға бел байладым. Бұл күн
6 шілдеге сәйкес келді.

Тұңғыш кәсіби парламент аталған депутаттық корпус бұл мәселені бірден қызу талқыға салды. Дау да болды, далаба да болды. Қостаушылар да, қарсылар да аз емес еді. Астананы ауыстыру ерлігінің ертегілердегі батырлардың іс-қимылындай болғанын уақыт көрсетті. Халық қолдады, сенді. Ел сенімі еңсемізді көтерді.

Астананы дайындау жұмыстары бұған дейін өте шұғыл әрі іскер қарқынмен жүргізілді. Инфрақұрылымы әлсіз, әсіресе, қыстан ылғи да қысылып шығатын Ақмола қаласын заманға сай қалаға – астанаға айналдырудың стратегиясы мен тактикасы дұрыс жолға қойылғандықтан, қаланы дайындау процесі белгіленген кесте бойынша қатаң тәртіппен жүргізіліп отырды.

Сонымен, 1997 жылдың қазан айынан бастап жаңа елордаға бағыт алған тарихи көш қозғалды.

ХХ ғасырдың аяқталар тұсында тарихымызда алғаш рет елдің ұлттық мәңгілік мүдделерін басшылыққа ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қай жерде орналасатыны туралы шешім қабылдауымыздың аса зор саяси және өте маңызды әлеуметтік мәні болды.

Қалалардың да өз жылнамасы: туу, қалыптасу, жетілу, тіпті, қартаю кезеңдері болатыны анық. Әрбір қаланың өз тағдыры, өз бедері мен бейнесі бар. Қалалар да адам секілді. Мәңгілік өмірдің ұлы көшінде олардың жарқын істері жұртының жадында қалады, тарихқа өз таңбасы түседі. Қазіргі Астанамыз – біздің мемлекеттік стратегиялық ойларымыз бен ұмтылысымыздың, ерік-жігеріміздің бейнесі. Тәуекеліміз бен табандылығымыздың келісті көрінісі.

Астана халық күткен биіктен көрінді ме? Әрине, сөз жоқ, ол өзінің атына, атағына сай абыройға ие болып отыр. Демек, ол ел үмітін ақтады. Елорда – бүгінгі таңда әлемдік өркениеттің көзіне түсіп танылған, мәңгіліктің тарихына түсіп таңбаланған, мәртебелі мінбелерден маңызды сөзін ұзатқан қайраткер қала.

Біз Астанада аса белгілі бірнеше халықаралық ұйымдардың әлемдік деңгейдегі форумдарын, құрылтайларын, саммиттерін, сан алуан халықаралық конференцияларын табысты өткіздік. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатында, ел экономикасында, оның мәдени-әлеуметтік, басқа да салаларында қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз. Бұлардан да қымбат табыстарымыз жетерлік. Қандай дейсіз бе?

Олар, ең алдымен, адам санасындағы сапалық өзгерістер, дүниетанымдағы тың байламдар, ұлттық рухты оятатын рухани сілкіністер, жаңа елордада мемлекеттік мүдденің мәртебесін көтеру, халықаралық қауымдастықтағы қазақ жұртының ықпалды аймағын кеңейту, өзгермелі дүниедегі ұлттық салт-дәстүрімізді өзгермейтін өлшемге кіріктіру, ел іргесін бекітудегі ерлік дәстүрімізді саяси сергектікпен жүзеге асыру, бүгінгі жұртымыздың келер ұрпақ алдындағы парызын парасаттылық деңгейіне көтеру. Сөйтіп, Мәңгілік Ел болуға ұмтылып отырған Ұлы Дала елінің тәуелсіздік тұғырын тас-түйін етіп бекіту! Біз армандаған заман осы емес пе еді?!

Қорыта айтқанда, жаңа Астана өмірге келді. Тарих табалдырығынан аттады, қаз тұрды, қадам басты, жиырма бірінші ғасырмен амандасты. Оның ұзақ даму жолында әлі де сан тарау белестер бар. «Мәңгілік Ел» атты жалпыұлттық бағдарламаны жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етіп жатқан тәуелсіз Қазақстанның бүгіні қандай нұрлы болса, ертеңі одан да салтанатты болатынына күмән жоқ. Әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттер арасындағы алар орнымыз, шығар төріміз уақыт өткен сайын биіктеп келеді. Жұлдызымыз жоғарылай түсуде. Бұл жұлдыз – бақыт жұлдызы. Халықтың маңдайындағы жұлдыз. Сондықтан, ол жарқырап жана береді. Халқымыздың маңдайындағы жұлдыздың нұрына бөленген жас ұрпақ – жаңа толқын біздің бұл істерімізге алғысын айтатын болады.

https://egemen.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір