01 Желтоқсан, 2016 NEWS
САНАЛЫ ТҮРДЕ БАЛА СҮЙГІСІ КЕЛМЕЙТІНДЕР НЕМЕСЕ «ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ»
Ояна сала «Балам қайда?» деген сұрақты қойып үлгерген Шолпан күнмен таласа өмірмен қош айтысады.
«Әліміз кетіп, шашымыз ағарған шақта аузымызға су тамызатын жақын адамымыз жоқ деп налымаймыз. Біз балалы болудан бас тартсақ та адамзаттың өлмейтінін жақсы білеміз. Себебі бәрі childfree емес. Біздің ойымызша баласыз өмір бақыт пен қуанышқа толы. Мақсатымыздың бірі – әйел денсаулығын сақтау. Ер адамның саулығы да біз үшін маңызды.
(«Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі childfree парақшасынан)
«Childfree (ағылш. childfree — баладан бос; ағылш. childless by choice, voluntary childless — өз қалауымен, таңдауымен баласы жоқ адам) — деген балалы болудан бас тартқан денсаулығында ақауы жоқ адамдар, сонымен қатар баланы саналы түрде қаламайтын субкультура және идеология. Childfree-дің негізгі идеясы — өзінің жеке бостандығы үшін баладан бас тарту және сондай өмір сүру тәсілін пропағанда жасау, былайша айтқанда жарнамалау»
(Википедия)
«Childfree» және әлем
Әртүрлі шетелдік сайттарды күнделікті әдет бойынша ақтара отыра «Childfree» деген сөзге көзім ерекше түсті. Бірден мақаланы оқи жөнелдім. Шын айтайын, бұл мен үшін жаңалық болды. Мұндай балалы болмауға шақыру қозғалысы Қазақ еліне әлі келмеді деп ойладым. Сөйтсем, оңбай қателесіппін. Әңгімені әріден бастайын.
Жоғарыда айтқанда балалы болғысы келмейтіндер және баласыз өмір сүруді рақат өмірге теңейтіндер, басқа жұртты да өздеріне қосылуға шақыратындарды әлемде «childfree» деп атайды екен. Отаны – АҚШ. Бұл идея өткен ғасырдың 90-шы жылдары пайда болған деседі. Ал, көрші Ресей «childfree» жайлы ақпаратты 2000-шы жылдардан бастап бере бастаған.
Childfree қозғалысынының мүшелері биресми статистика сенсек 28 мен 46 жас аралығындағы әйел мен еркек. «Facebook» те болсын, «Вконтакте» де болсын олардың ашық топтары бар. Ресейде, мысалы, ондай топтардың саны 75-тен асып жығылады.
Бұл Ресей БАҚ-ның берген мәліметі. Ал, Қазақстандық әлеуметтік желілерінде нақты қанша «chilfree» тобы бар айта алмаймын. Көзге түскені мынау болды.
Қазақстандық «childfree» тобындағы мүшелердің саны көршілерімізбен салыстырғанда мың есе аз. Бұған да шүкір дестік. Алайда отандық БАҚ-тың бірқатарында бала сүйгісі келмейтін, оны тәрбиесіне жауапкершілік артқысы келмейтіндердің әңгімелері жарияланыпты. «Баласыз үйді мазар» деп есептемейтіндердің көбісі, өкінішке орай, қазақтың қыздары.
«Childfree» және қазақ
Мысалы, қазақтың қара көзі Мәдина comode.kz сайтына былай депті:
«Балаларды жақсы көрмеймін! Мен ешқандай да құбыжық емеспін. Баланы жейтін әдетім жоқ. Кез келген беті балбұл жайнаған бөбекті көрсем, сүйіспешілік пен мейірім сезімі бірақ пайда болмайды. Ата-анам әлі күнге шейін менен ұрпақ сүюді армандайды. Құдайға шүкір, ағам отбасылы, балалы-шағалы. Ата-анам немерелерінің сүйікті ата-әжесі. Сол себепті маған күнде тиісе бермейді, «қашан күйеуге шығасың? Балалы боласың?» деп қиғылық салмайды. Менде ешқандай психологиялық жарақат жоқ. Өз жиендерімді жақсы көремін. Олармен ойнаймын, олар келгенге қуанамын, баласы бар құрбыммен қыдыруға шығамын. Тек бір нәрсені түсіндіргім келеді. Қазір мен тек өз басыма ғана жауап беремін. Ауырып қалған жағдайда балама жұқтырып аламын деген қорқыныш та болмайды. Жігітім де мені бұл тұрғысынан толыққанды қолдайды. Болашақта Қазақстандағы шаруасын бітірісімен (шетелдік себебі) онымен бірге жігітімнің Отанына көшіп кетуді жоспарлап жатырмыз. Әзіргі бір-біріміздің қоғамымыздан ләззат алудамыз. Біз бақыттымыз! Біз еркінбіз!»
«Childfree» тобының мүшелері тек әйелдер емес. Отбасын құрса да баланың туылғандығын қаламайтын еркек те childfree болып есептелінеді.
BBCRussian.com сайтына берген сұхбатында украиндық Евгений Плотников былай дейді:
«Childfree-ге қосылуымның себебі – маған жай ғана балалар ұнамайды. Сәбидің күлкісі, алғашқы тәй-тәй басқан қадамы қуаныш сыйламайды. Аулада ойнап, тізесін жарып алатын, бір сұрақты қайта-қайта қоя беретін 4-5 жастағы балалар да ұнамайды. Ата-анасынан ақша сұрай беретін жеткіншектерге жыным ұстайды. Баланы менің «жалғасым» деп қабылдамаймын. Бала мен үшін бітпейтін мәселелердің жиынтығы әрі батпан ауыр жауапкершілік. Балалы дос-жарандарымның өміріне қарап, сараптама жасай отырып, олардың күйбең тіршіліктен шаршағандарын байқаймын. Азып-тозған, ешнәрсеге үлгермейді. Олар қалаған уақытында қалаған мерзімге демалысқа шыға алмайды. Ертеңгі күнге шегеруге болмайтын шаруалардың күнделікті қолдары босамайды. Киімге, тамаққа, медициналық қызметке қыруар ақша жұмсайды. Баланы шын қалаған, баланы сүйетін ата-ана үшін мұның бәрі назар аударуға тұрмайтын ұсақ-түйек шығар, бірақ мен үшін жағдай басқаша»
Осы орайда психолог маман Төреғали Батырханға қоңырау шалып, бір-екі сұрақтың жауабын алуды жөн санадым.
- «Childfree» жайлы естуіңіз бар ма? Бала сүюден қорқып, алдыңызға көмек сұрап барғандар болды ма тәжірибеңізде?
- Әлбетте. Бұл идея жалпы Еуропада қатты дамыған. Жақында бір қызбен тілдескен едім. Әкесі жоқ. Жалғыз шешесінің қолында өскен қыз. Жалғыз қызын қатардан қалғызбай, киімін көк, қарнын тоқ қылғысы келген анасының қаншалықты қиналғанын көріп, өзі де қиналып өскен ол енді тұрмыс құрғысы келмейді, бала сүйгісі келмейді. Себебі дүниеге келмеген баланың өзі сияқты ар азабын шеккенін қаламайды екен.
- Негізі бұл патология емес пе?
- Мінезі қисық, қыңыр адамды да біреу патология деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Адам барлық нәрсені, басынан өткен-кеткенін електен өткізеді, сөйтіп шешім шығарады. Бұл да жай ғана шешім.
- Бірақ мұндай шешімді қазақ қыздарының қабылдауы біздің салт-санамызға, менталитетімізге жат. Childfree-лардың санының өсуі бізге қауіпті емес пе?
- Жат. Сол себепті ондайлар арамызда көп емес. «Childfree»-лардың біздің қазақ қоғамына енуі заңдылық. Ерте ме, кеш пе, арамызда сондай көзқарастағы адамдар пайда болатын еді. Қорқудың қажеті жоқ. Ал, жалпы олармен күресудің қажеті жоқ. Санасы төмен адам кез келген провакацияға еріп кетеді. Ал, жеті рет ойлап, бір рет кескен адамды өз ойынан айныту қиын.
«Childfree» және «Шолпанның күнәсі»
Мағжан Жұмабайдың бұл повесі cүйіктісіне сүрінбей қосылған Шолпан есімді келіншек жайлы. Шолпан бақытты отбасылық өмірдің кілті балалы болмау деп түсінеді. Араларында бала болса кіршіксіз мөлдір махаббатарына таласатын үшінші адам пайда болады деп ойлады да күн сайын көз ілерде Жаратқаннан «бала болмасыншы» деп тілек тіледі. Құдай оны қабыл қылды. Арада күндер өтеді, жылдар жылжиды. Шолпанның күйеуі үш баласы бар досының үйінде кішкентайлардың тәтті қылығына тоймай кеткісі келмей, ұзақ отырып қалады. Үйге келгеннен соң әйеліне «шіркін, баламыз болғанда ғой» деп айтып қалады. Үш жыл бойы бала туралы бір ауыз сөзді естімеген Шолпан тәтті ұйқысынан шошып оянғандай болады. Өзінің үш жыл бойы қателескенін ұғып, сол түні ол кірпік қақпай шығады. Ақиқат түнінен кейін арада бес жыл өтеді. Бес жыл бойы Шолпан жатса да, тұрса да Жаратқаннан бала сұраумен болады. Бірақ Құдай оны қабыл қылмайды. Күндердің бір күнінде Шолпанға «күйеуім бедеу шығар» деген арам ой келеді. Нәтижесінде өзінің отбасын аман сақтап, махаббат жалынын қайта жақпақ оймен аңдамай жүріп от басады. Аяғы ауырлайды. Бірақ көңілдесімен арадағы қатынасты үзбейді. Оған деген бір сезім пайда болады. Бір күні көңілдесімен төсекте құшақтасып жатқанда күйеуі қаладан ертерек оралып, үстеріне түседі. Шолпанның жарты жыл бойы біреумен көңіл қосып жүргенін сезген күйеуі оны аямай таяқ астына алады. Айқай-шуға жиналған көрші-қолаң Шолпанға лағынет айтты, күйеуінен арашалап та алғысы келді. Әйелдің олай-бұлай оғаш мінезі білінсе, оны шешіндіріп, төбесінен қырық шелек суық су құю керек деген шариғат заңы бойынша күнәлі Шолпанның үстіне шелек мұздай су құйылады. Сол кезде оның бақытты болып басталған бүкіл өмірі көз алдынан өткендей болады. Бала болмаса да өзін қатты сүйген жарын бағаламағанын, өмірдің құндылығын қате түсінгенін де ол кеш түсінеді. Ояна сала «Балам қайда?» деген сұрақты қойып үлгерген Шолпан күнмен таласа өмірмен қош айтысады.
«Childfree» және мен
«Childfree» атанбас бұрын ертең осы бір күрделі шешімге өкініп қалмайтыныңызға көз жеткізіңіз. Қартайғанда біреу маған қарауы керек, мал-мүлкімді біреуге табыстауым қажет деп баланы шынайы жақсы көрмей жатып жетімдер үйінен асырап алудың қажеті жоқ. Махаббатқа бөлей алмасаңыз, қу дүниемен кішкентай жүрек иесін алдаудың қажеттілігі жоқ. Бұл, ең бірінші кезекте, өзіңізді алдау. Мен бір баланың анасымын. Аракідік қонаққа баратыным, кино көретінім болмаса, мүлде қыдырмаймын деп айтуға болады. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін жақсы түсінемін. Қыдыру, сауық-сайран қылу ертең мені бақытты қылмасын білемін. Бала сүйгісі келмейтін жандар да мұны ой талқысынан өткізсе екен, дұрыс шешім қабылдаса екен деймін.
Қамшыгер: Жазира Байдалы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір