• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 21:13:35
Алматы
+35°

Prosocialmedia.info сайтының жазуынша Солтүстік Корея, Иран, Қытай, Вьетнам, Пәкістан, Түркия сынды елдерде бірқатар әлеуметтік желілердің жұмысына шектеу қойылған. Техникалық, құқықтық тетіктер арқылы шектеу қойылғанына қарамастан аталған елдердің халқы әлемдік желіден шет қалды, ғаламтордың мүмкіндіктеріне қол жеткізе алмай отыр деуге келмейді. Шектеуді айналып өтіп, әлеуметтік желіні еркін пайдаланудың жолын тапқандар да бар. Бірақ, бұдан біздің билік әлі сабақ алмаған сияқты. Кеше басқа емес, демократия алаңы болуы тиіс Парламент төрінен әлемнің 1,71 миллиардтан астам халқы қолданып отырған Фейсбук желісін ауыздықтау туралы ұсыныс айтылды. Соған қарағанда кезіндегі Қазақстанның премьерінен бастап, түрлі министрлері, орталық билік органдарының жаппай әлеуметтік желіден парақша ашып, елмен тығыp байланыс орнатамыз дегені де жай боп қалған сияқты.

Жыл басындағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда да 125,8 мың адам осы желіні белсенді түрде қолданатын көрінеді. Содан болар депутат Бекболат Тілеуханның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа қарата айтқан ұсынысы Фейсбуктың қазақстандық сегментінде де қызу талқыға түсіп, желі қолданушылардың басым бөлігінің наразылығын туғызуда. Бір қызығы депутаттың өзі желідегі аккаунтында бұл ұсынысын елге түсіндіріп, «ауыздық іздеуге» не себеп болғанын дәйектейтіндей ештеңе жазбапты. Qamshy.kz депутат ұсынысына қатысты желі қолданушыларының пікірлерін назарларыңызға ұсынады.

Алғашқылардың қатарында ақын, журналист Қазыбек Иса Фейсбукты ауыздықтау туралы ойларын ортаға салды.

«Біріншіден, Фейсбук АҚШ-та да саясат алаңы екенін кешегі Президент сайлауындағы Дональд Трамптың жеңісінен-ақ байқауға болады. Ал бүгін ғана телеарналарда АҚШ-та сол Трампқа қарсы 120 мың әйел шеруге шығатындарын Фейсбук арқылы мәлімдеп, келісім жасап отырғанын көрсетті. Сонда АҚШ-тағы бұл президент жеңісі мен президентке қарсы әйелдер қарсылығын көрсетіп отырған Фейсбуктан мен ешқандай балық аулауды көріп отырған жоқпын…. Олардан тек отбасыларымен балық  аулауға шыққандарды  көру үшін қандай көзбен қарауды да білмедім…  Мүмкін, Бекболат мырза Фейсбукты Инстараммен шатастырып алған шығар…  Айтпақшы, осыдан  отыз жыл бұрын  Шардарада, Сырдарияның дәу сазанын ұстап алғанда түскен суретімді Фейсбукта жариялауға  ұмытып не ұялып  жүр едім,  енді депутаттың нұсқауынан кейін  беймарал, еркін жариялай беруіме болады екен…

Екіншіден,  Қазақ, яғни, әлеумет  өзінің әлеуметтік-саяси пікірін әлеуметтік  желі Фейсбукта айтпаса, қай жерде айтады?  Себебі, ондай ашық әлеуметтік-саяси пікірлер Бекболат отырған, халық талабының ордасы болуы тиіс парламентте айтыла қоймайды. Сонан соң ФБ тек қоғамдық-саяси алаң ғана емес, қаншама әдеби-мәдени әлемнің алаңына да айналып отыр. Қаншама жаңа шығармаларды ең алдымен ФБ-дан оқып жүрміз, күнделікті маңызды жаңалықтарды, керек  кеңестерді айтпағанда… Тапқан достарымыз, пікірлестеріміз қаншама?

Үшіншіден,  билік әлеуметтің іштегі шерін шығаруына жақсы алаң жасап бергені үшін Фейсбуккқа, Марк Цукерберг мырзаға қайта-қайта рахмет айтуы керек. Ең болмағанда, Парламент  алғыс хат жіберсін, Бекболат қол қоймаса да, басқалары қолдайтын шығар…  Әйтпесе, ішіне шер толған халық шеруге, көшеге шығып кетер еді..

Төртіншіден,  Халықтық  Демократиялық «Нұротан» партиясы атынан Халық қалаулысы бола отырып, халықтан халықтың демократиялық алаңы болып отырған Фейсбукты қызғану қалай болар екен?  Бұған аталмыш партия не деп жауап береді? Парламентте отырып, АҚШ-та да Фейсбук  саясат алаңы екенін білмеуді қалай түсінеміз? Ал мұны кез-келген қатардағы ФБ қолданушысы біледі және осы әлеуметтік желіде Бекболат мырзаға ежелеп айтып, шегелеп жазып жатыр. Міне, Фейсбуктың артықшылығы!

Бесіншіден,  әлде, бұл алдағы биліктің халықтың саяси алаңы Фейсбукты тұсаулауының беташары ма?  Парламентте не айт десе де, айта беретін депутаттарға  айтқызып алып,  ертең  «халық  қалаулылары талап еткен соң, Фейсбукқа тұсау салдық» деп тұрмақшы ма екен? Талай жылғы  тәжірибелерге сүйнесек,  бізде бұлай күмәнді ойлауға да негіз бар…» деген ақын әлеуметтік желіні жабудың халық үшін де, ел абыройы мен Елбасы беделі үшін де тиімсіз бастама екенін айтады.

Фейсбукта бес мыңға жуық досы, он бір мыңнан астам жазылушысы бар белсенді блогер Айгүл Орынбектің де депутат Б. Тілеуханға айтары бар екен.

«Оқушылардың тамағын жойғандарды, мектеп, жол, көпір саламыз деп мемлекеттің ақшасын жегендерді, бейбітшілік күнде қолына қару алып бейкүнә азаматтарды атқандарды, балақ кесіп қазақтың қыздарын талақ айтып бір бірлеріне сыйлаған бауырларыңды, жерді сатамын деп заң шығарғандарды ауыздықтасаңыз қайда қалдыңыз? Халықтың аузына ауыздық салатындай, халық мал ма еді? Ауыздықты сізге салу керек. Жағымпазданып төрт аяқтап қолдайтындарға! Халық бұрынғыдай қараңғы емес! Не сайрасаңыздар да сене беретін, халық бұрынғыдай жуас қой емес, жүнімізді қырқады ғой деп жата беретін! Халық – қазір күш! Халықтың ауызын жабуды ойламай, халықтың көңілінен шығуды ойлаңыз аға! Мінбеге халықтың аузын жабу үшін отырдыңыз ба? Қыршын кеткен тоғыз полиция қызметкерлерінің жағдайын сіз толғамағанда кім толғайды? Зорланып жатқан сәбилердің жан айқайын сіз жырламаған да кім жырлайды, аға? Қазақты өзге ұлттарға жығып беретін заңы бар елді сіз жоймаған да кім жояды, аға? Аға, неге біз осының бəрін көре тұра ауыздықталуымыз керек? Сіз айта алмаған дүниені біз айтқанымыз үшін кінəліміз бе? Сол үшін ауыздықталуымыз керек пе? Осыған жауап беріңізші, аға!», - деген ол оңғы уақытта «біртүрлі» бастамаларымен көзге түсіп жүрген депутаттың өзін сұрақтың астына алыпты. Желі белсендісі депутаттың бұл ұсынысын жерде қалдырмайтындарын, ендігі уақытта тек желіде емес, қоғамдық деңгейде белсенділік танытып, наразылық акциясын ұйымдастыратындарын және айтып отыр.

Қоғамдық-саяси аренада сауатты экономикалық талдауларымен, ұлттық құндылықтарды қорғайтын батыл ұсыныстарымен танымал саясаткер Мұхтар Тайжан болса, депутат Б. Тілеуханның ұсынысына қатысты ойын: «Фейсбукті өшіріп тастайық деген ұран – халықтың аузын жабайық деген сөз. Ертең интернетке, газеттерге, театрларға, кинотеатрларға, салт-дəстүрлерімізге, жеті шелпекке, беташарға, домбыраға тиым салайық деп шықпасына кім кепіл? ХАЛЫҚТЫҢ АУЫЗЫН ЖАБА АЛМАЙСЫЗДАР!», - деп қысқа қайырыпты.

PS.: Депутаттың ұсынысына қатысты желіде желдей есіп тұрған пікірлердің бұл бір бөлігі ғана. Б. Тілеухан жиі айтатын, «этика», «пікір айту құқығы», «елге құрмет», тағы басқа критерийлерді ескеріп, сол пікірлердің бір парасын ғана елге екшеп беріп отырмыз. Халық қалаулысының ұсынысы салалық министрлік тарапынан қолдау таба ма, жоқ әлде Астананың атын ауыстыру туралы бастама секілді «жауап» ала ма ол жағы уақыттың еншісінде.

Жомарт Абдоллаұлы

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір