• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:32:27
Алматы
+35°

08 Желтоқсан, 2016 NEWS

Жүрсін Ерман: КЕШЕГІ АЙТЫС НӘТИЖЕСІН МҰХАМЕДЖАНМЕН БАЙЛАНЫСТЫРУ ОРЫНСЫЗ

«Алтын домбыра» айтысының бұл жолғы додасына Алматы әкімдігі демеушілік жасап, ұйымдастыру жұмыстарына өзге де азаматтар араласқанымен жұртшылық...

«Алтын домбыра» айтысының бұл жолғы додасына Алматы әкімдігі демеушілік жасап, ұйымдастыру жұмыстарына өзге де азаматтар араласқанымен жұртшылық негізгі жауапкершілік Жүрсін Ерманның мойнында деп біледі. Осы тұрғыдан алғанда, кешегі айтыстың қорытындысына байланысты Сіз не дейсіз?

«Алтын домбыра» осымен бесінші рет өтіп отыр. Бұл айтыс ел аумағында жыл бойы өткен айтыстардың қорытындысы деп қарауға болады. Кешегі айтыс Алматыда жоғары деңгейде дүркіреп өтті. Жаз айларында шыны керек айтыс тоқтап қалды. Солтүстік Қазақстанда, Қызылордада, басқа жерлерде өтетін айтыстар кейінге шегерілді. Оның басты себебі жер мәселесі болды. Халық арасында қобалжу болды. Ақындар басқаны айтпаса да осы жер мәселесін жырлайтын еді. Соған байланысты айты өткізудің қисыны болмады. Ақырында Елбасы жер мәселесінің нүктесін қойып, бес жылға мораторий жариялады. Негізгі мәселе оң шешім тауып, халық сабасына түскен соң айтыс қайта жанданды десе де болады.

Жаз бойы өтпеген айтыстар барлық облыстарда жылдың аяғында өте бастады. Бір жарым айдың ішінде біраз асығыстық болғаны да өтірік емес. Атырауда, Оралда, Ақтөбе, Қызылордада өткен айтыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері бар, жылдағы дәстүр бойынша солардың рейтингін шығардық. Өңірлердегі айтыстарда оза шапқан 20 ақын осы «Алтын домбыра» айтысына қатысты. Әр айтыстың алдында біз өзімізше болжам жасайтынбыз. Бұл жолы мен өз басым «Алтын домбыраны» жастығына қарамастан қазақ айтысының көшін сүйреп жүрген Еркебұлан Қайназаров, Мейрбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов, не Аспанбек пен Болатбектің біреуі алар деп жобаладым. Ал, айтыстың бірінші күнінен соң ол болжамым жайына қалғандай болды. Рүстем Қайыртай мен Өміржан Көпбосын үздік айтыс жасады. Жоғары деңгейде айтыс жасай білді, өте көркем айтыс болды. Бірақ, бұл сәуегейлігіміз де бекер болды. Айтыстың екінші күні ол ақындардың екеуі де жақсы нәтиже көрсете алмады. Өзекті тақырыптарды қозғап, көзге түскен Еркебұлан болды. Бірақ, қазылардың бірі тоғыз балл беріп төмендеп қалды. Рүстем жарқырап көріне алмады, Мейірбек те өз биігіне шыға алмады. Финалға шыққандардың ішінен халыққа ұнаған екі ақын Мұхтар Низязов пен Болатбек Оразбаев болды. Қазылар алқасы Бас бәйгені кімге берерін шеше алмады. Мен ойлап едім, екеуін қайта шығарып, суперфинал жасау керек шығар деп. Бірақ, ондай шешім қабылданбады, уақыт та болып қалды дегендей.

Қазылар алқасының құрамында жеті бірдей адам болса, оның алтауы айтыскер ақын болды. Кешегі талай аламанға қатысқан, айтыстың ыстық-суығын көрген Аманжол Әлтаев, Бауыржан Халиолла, Дәулеткерей Кәпұлы, Қонысбай Әбілов, Мұхамеджан Тазабабеков, Қойлыбай Асанов жай адамдар емес қой. Осы қазылардың шешім қабылдауы қиын болды. Нәтижесінде «Алтын домбыра» Мұхтар Ниязовтың қанжығасына байланды. Мұхтар өзі содан он-ақ күн бұрын Қызылордада өткен Халықаралық айтыста жеңген болатын. Өте бабында жүрген ақын. Айтыс нәтижесінің себебін мен былай ойлаймын. Болатбек өте жақсы ақын. Төгіп айтады, халық поэзиясын, жыраулық дәстүрді жақсы біледі. Бірақ, айтыскерлік жағы кемшін түсіп қалды. Жауаптасып айтысу, қарсыласымен жұмыс жасау жағы кем болды. Ал, Мұхтар бір сөзді жауапсыз қалдырмайтынын, жауаптасып айтысудың озық үлгісін көрсетті.

Кешегі «Алтын домбыраның» нәтижесіне байланысты ел ішінде, әлеуметтік желіде әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біз осыған дейін талай айтыс өткіздік, көрерменнің талғамын қалыптастырдық, көрерменді тәрбиелеп алдық деп ойлаушы едік. Бірақ, кешегі айтыстың аяғындағы әңгімеге қарасақ, көрерменнің көш соңында қалып қойғанын байқап отырмыз. Тереңнен ойламай, бір сәттік эмоцияға берілетіндер әлі де көп екен. Көптің айғайымен мәселе шешілмейді ғой. Тіпті, алматылық көрермендер әкімді ұятқа қалдырды десе де болады. Сахнаға шыққан айтыстың бас демеушісін ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ол айтыстың барысын толық көрген жоқ, соған бас бәйгені Болатбекке алып бер деу қаншалықты орынды?! Айтыстың қорытындысы әкімнің өкімімен шешілмейді ғой. Осы тұрғыдан әкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ақиқаты – айтыстың барлық талап, шарттарын сақтаған ақын бәйге алса, оған қуану керек. Оны Болатбектің өзі де айтып отыр. Ешкімге өкпесі жоқтығын, айтыс қорытындысына риза екенін айтты. Ендігі әңгіме – бос сөз.

Айтыс – белгілі бір кісілер араласпаса өтпей қалатын меншікті шара ма? Өзіңіз айтып отырған әлеуметтік желіде қазылар құрамында, айтыстың басы қасында Мұхамеджан Тазабековтың жүруі де біраз әңгімеге арқау болды.

Айтыс тарихынан Мұхамеджанды ешкім ысырып тастай алмайды. Ол кезінде елдің бәрін намазға ұйытқандай ақтаңгер ақын болатын. Сондықтан, қазылар құрамына кіргіздік. Бір адам ештеңені шешпейді. Ал, енді жаңағы діни мәселелерге қатысты айтылып жатқан әңгімеге келсек, ешкім Мұхамеджан салафи екен, уаххаби екен деп мойнына жіп тағып, белгілеп берген жоқ. Біз оны айтыскер ретінде, өнерпаз ретінде, қоғамда өзіндік орны бар «Асыл арна» телеарнасының ұйымдастырушысы әрі директор ретінде танимыз. Сондықтан, бір Мұхамеджанның даусы бұл жерде ештеңені шешпейді. Басқа қазылардың көзқарасы бір жерден шығып жатса, бір адам не істей алады? Сондықтан біз оған аса мән берген жоқпыз.

Кешегі айтыс нәтижесі ақындар арасына сына қаққандай болды. Бұл алдағы айтыстарға әсерін тигізбей ме?

Мен бұл сұрақтардың ешқайсысын онша түсінбеймін. «Діндар ақын», «діндар емес ақын» дегеннің не екенін білмеймін. Бірақ, осы қырық үш жыл айтыстың басы-қасында жүрген, қаншама өткелектен өткен, оны ешкімнің ығына жығып бермеу үшін күрескен адам ретінде ендігі жерде айтыс ешкімнің жетегінде кетпейді, тек халыққа қызмет етеді деп ойлаймын. Айтыс деген халықтың көзі, халықтың сөзі. Айтыс тек бір мәселелерді жоғарыға жеткізу үшін ғана өткізілмейді. Айтыс қоғамға ой тастау үшін, пікір туғызу үшін, елді ойландыру үшін өткізіледі. Айтыс осы міндетін орындайды деп ойлаймын.

«Алтын домбыра» аяқталған сәтте ел алдына шығып, айтыс нәтижесіне көңіліңіз толмайтындай пікір білдірген едіңіз. Енді кеше радиоға берген сұхбатыңызда, бүгінгі әңгімеде айтыс қорытындысы әділ болды деп отырсыз. Әлде біз дұрыс түсінбей қалдық па?

Сахнада айтқан сөзім «Қазылардың айтысы қызық болды» деген сөз еді. басқа ештеңе айтпадым. Бұл сөзімнің бұрмаланбауын, теріс түсінілмеуін сұраймын. Мен әлі де қайталап айтамын, соңғы айтыстың шешемі әділ болды. Оған көңілім толады. Айтыстың атам заманнан бергі қағида, шарттарын сақтап айтысқан ақын Бас жүлде алса, оған неге қол соғып, қуанбауымыз керек? Енді келіп біреулеріміз «Мұхтар неге «Алтын домбырасын» Болатбекке бере салмады?» деп жүрміз. Сондай әңгіме бола ма? Олай болатын болса, кешегі Мемлекеттік сыйлықтың нәтижесіне неге наразылық білдіріп, солай шуламайды ел? Көрде жатқан Мұқағали Мақатаев сол сыйлыққа ұсынылды, сыйлықты төрде жүргендер алды. Болмаса, мықты композитор, қырық жылдан бері елдің бәрі әнін орындап келе жатқан Кеңес Дүйсекеев биыл да сыйлықтан құлап қалды. Өзінің әнін айтып жүрген әншілер сыйлық алып жатқанда Кеңестің қабағына неге ешкім қарамады? Әділетсіздік біздің қоғамда әлі талай орын алады. Ол біздің мәдениетімізге байланысты.

Дұрыс екен. Соған қарамастан, ел ішінде болсын, ақындар арасында болсын ақындардың бір өзара бөлінушілікке бой алдырғаны аңғарылып отырған сияқты. Осы айтыстың көшін сүйреп жүрген азаматсыз ғой. Сізге бұл жағдай қалай көрінеді?

Қазақтың арасына жік түскені бір бүгін емес. Руға, жерге, шала қазақ, таза қазақ болып бөліндік. Енді дініне, тариқатына қарап, радикал, басқа деп бөліп жатырмыз. Ал, айтыста ондайға жол бермейміз. Егер айтыс ақындары өз араларында әлгіндей бөлінуге барса, ондай айтысты тоқтату керек деп ойлаймын. Бұл бөлінушілік, оның ішінде діни алауыздық қиын мәселе. Кешегі Ақтөбедегі оқиға, басқасы бар, халық әлі үрей құшағында. Бізге бірлік керек. Бар айтарым осы.

Әңгімеміз біріңғай «Алтын домбыраның» төңірегінде болып кеткен сияқты. Жүке, біраздан бері ойда жүрген мәселе, айтыстың ЮНЕСКО тізіміне енгенін естідік, төл өнеріміз Халықаралық ұйы деңгейінде қорғалатын болды. Осы сүйінші хабарды сізбен бөлісіп, еңбегіңізді ескергендер болды ма?

Айтыс тарихтың көне кебежесіне түсіп кеткен, ұмытылып бара жатқан өнер еді ғой. Мен кеудесін керді деп қабылдамаңыздар, бірақ, сонау жетпіс төртінші жылдары осы айтысты қолға алмағанымда айтыстың бүгінгі деңгейін көрер ме едік, көрмес пе едік деген ойға қаламын. Басқа бір елде жоқ айтыс қазір Тәуелсіздікке қызмет етіп жатыр. Одан бөлек мен осыдан бес жыл бұрын айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының заңды сайланған төрағасымын. Ал, төл өнеріміз ЮНЕСКО-ның рухани мұралар тізіміне еніп, оның сертификатын тапсырған жиынға мені шақыруға болар еді ғой. Айтыс одағының басшысы ретінде ол жиынға қатысуға хақым бар шығар? Ендігі уайымым Халықаралық рухани мұра мәртебесін иеленген айтыстың мемлекет қамқорлығында болуы, қаржылық қиындық көрмеуі және ақындарымыздың еркін айтыс жасауына мүмкіндік берілуі.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Ерлан Төлеубай.

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір