• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:30:07
Алматы
+35°

 

        Әлімсақтан мал бағуға машықтанған оңтүстіктің халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Жалпы, көшпелі өмір салтын ұстанған ұлтымыздың тарихына көз салсақ, бүткіл тіршілігінің, тұрмыс-салтының өн бойына нәр берген, жесе азық, ішсе сусын болған, тіпті, киім-кешегіне дейін қамтамасыз етіп отырған төрт түліктің алар орны ерекше екенін байқайсыз. Ата-бабамыздан келе жатқан осы бір кәсіп Кеңес одағы тұсында дамудың сара жолына түсіп, мал басының саны еселеп артқаны сол кезде өмір сүріп, осы салада еңбек еткендердің әлі есінде. Дегенмен, тәуелсіздікке қол жеткізген сонау тоқсаныншы жылдардан күні бүгінге дейін мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту, мал басын көбейту, оның сапасына мән бере отырып, тұқымын асылдандыру ісі біраз баяулап, тіпті ондай жұмыстар тоқтатылғандай еді. Әйтсе де, еліміздегі мал шаруашылығы саласындағы аталмыш проблемаларды еңсеруді ойлаған мемлекет оған қолдау көрсетуді ептеп қолға ала бастады. Соның айғағы ретінде соңғы жылдары елімізге шет мемлекеттерден әкелініп жатқан асыл тұқымды ірі-қараларды айтуға болады. 

Фермерлік қожалықпен танысуымыз алдымен «Алтын дән» ЖШС-нің меншігіндегі шаруашылықтан басталды. Төлеби ауданына қарасты Кереке тас ауылының іргесіне, көрінісі әсем тау шатқалына орналасқан мал өсіретін иеліктің қорасында түсі мойылдай қара, ортан бойлы, қазақ даласында бұрын соңды мекен етіп көрмеген солтүстікамерикалық «ангус» тұқымды сиырлар тұр. Иелігіндегі шаруашылықтарымен таныстырып жүрген «Алтын дән» ЖШС-нің бас директоры Бахарам Абдукаримов бұл сиырларды америкаға барған бір сапарында көріп, қызығып қайтқанын айтты. «Ол жердің климаты бізге ұқсас келетіндіктен және де сиырдың бұл тұқымы жылдам ет байлайтынын естіген соң бұларды Қазақстанға әкеліп, жерсіндіріп, санын көбейткім келді», – дейді. Әрине сонымен қатар пайда табуды да көздеген. Осындай ниеті барын білген соң «ҚазАгроФинанс» АҚ қаржылай қолдау танытуды дұрыс деп тауып, аз ғана үстемемен 9,5 жылға 132 млн теңге көлемінде несие берген. 

Шаруа қожалығының бас ветеринары Ілес Нұрсейітов: «сиырлар Оңтүстік Қазақстанның таулы шатқалына тез үйреніп кетті, себебі бұлардың мекен еткен АҚШ-тағы Монтана штаты ауа-райы, тау-тас­ты жер бедері жағынан біздің Төле би ауданына ұқсас екен. Ешқандай жатсынып, берген шөбімізді жемей, қырсық мінез танытқан жоқ. Әкелгеннен кейін бір-ақ айдың ішінде жерсініп кетті», – дейді. Барлығына әртүрлі ауруларға қарсы вакциналар егіліп, құлақтарына электронды сырғалар жапсырылған. Сиырлардың сатып алынған кездегі салмағы 350-450 кг болса, қазір 700-800 келіге жетеді. Бүгінде ұрғашы сиырлардың барлығы дерлік екінші мәрте туған. Бұларды шетелден әкелгендегі бас­ты мақсаттары салмағының молдығында. Жаңа туылған бұқалар бордақыланып, үлкейіп, семірген соң сойылып, еті қымбат бағада сатылымға шығарылған. Осының арқасында мол табыс таптық дейді фермерлік шаруашылықтың иесі Бахарам бауырымыз. 

Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан қораның іші әртүрлі бөліктерге бөлініпті. Бахарам Сейдраманұлының сөзіне сенсек, бұл сиырлар қыстыгүні бастырманың астында тұра беретін, суыққа төзімді мал екен. Дегенмен, қыстыгүні буаз сиырлар сырты қалың етіп қоршалған, іші жылы қораға қамалатын көрінеді. 

Кереке тас шөбі шүйгін, суы мол ауыл. Алайда фермерлерді алаңдатып отырған мәселе де жоқ емес. Таулы-қыратты Төле би жерінде түз тағысы қасқырлар жылдан жылға көбейіп бара жатса керек. Әсіресе қыс мезгілінде. «Жау жоқ деме жар астында дегендей» аса қатты қауіптенерлік әзірге ештеңе бола қоймаса да қаруларымызды сайлап, дайын отырмыз» – дейді малшылар.

Осылайша асыл тұқымды ірі-қараларды бордақылап, санын көбейтіп, сатуды мақсат етіп отырған «Алтын дән» ЖШС-нің алдағы күндерден күтер үміті зор. Тоғыз жылда мал басын тоғыз еселемесе де жағдайы жеткенше, қорасының аумағына сыйғанша көбейтпек ойда. Белгілі бір мөлшерге дейін. Одан асып жатса, сатылымға шығармақ. Бүгіннің өзінде әжептеуір табыс тауып отыр­ға­ны байқалады.

Дәл осындай мақсатпен жұмыс істеу­ді қолға алған екінші шаруашылық – «Ақ­санат Инжиниринг» ЖШС. Бұл серік­тес­тік жоғарыда айтып өткеніміздей, «Қаз­Агро­Финанстың» қаржыландыруымен 300 млн теңге көлеміндегі қаражатқа Аустралиялық «Ангус» және «Герефорд» тұқымды 439 ірі-қара мал сатып алған. Және алғашында олардың басым көпшілігі ұрғашы сиырлар болған және барлығы да буаз күйінде әкелінген. Бұлардың да қора-қопсысы стандартқа сай етіліп жарақтандырылыпты. Жем-шөп қоры да жеткілікті. Ол жем-шөпті араластырып, турап, қай азықтың қанша берілуі керектігіне дейін мөлшерлеп беретін құрылғылары да бар. ЖШС-нің коммерциялық директоры Бауыржан Қожабергеновтың айтуынша, мал басын көбейтіп, жаңадан туылатын бұқаларды бордақылап, етін сатып пайда тауып отыр. Және де жергілікті ірі-қаралармен будандас­тыруды да жолға қойған. Тіпті кейбір сиырларын аукцион арқылы да сатылымға шығарып үлгерген.

Төлдеген сиырлары 1 айдың көлемінде қайтадан ұрықтандырылады екен. Жасанды жолмен. Әрбір сиыр жыл сайын төлдеп отырса, 5-6 жылда мал басын 4-5 есеге көбейту ойларында бар. «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-дегілер жыл сайын өздерінің бағу мүмкіндіктеріне қарай отырып, сиырларды басқа да мал шаруашылығымен айналыспақ ниеті барларға сата бастаған. Бағасы да қолжетімді. Себебі сатып алушылар шетелден емес, отандық шаруашылықтан сатып алады. Мінеки, осылайша өңірде асыл тұқымды ірі қараның санын арттыру, саланы дамыту ісі табанды түрде жүргізілуде.

Елдегі ауыл шаруашылығы өндірісі саласын үдемелі түрде дамыту мақсатында жүзеге асырыла бастаған асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесін құру ісі (репродукторлар) дер кезінде ұйымдастырылды дейді «Алтын дән» мен «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің өкілдері. Осының арқасында еліміздегі асыл тұқымды мал саны артып қана қоймай, сонымен қатар бәсекеге қабілетті отандық фермерлердің көбеюіне жол ашылуда. Иә, расында да мал шаруашылығы саласы кенжелеп қалған қазақ елі үшін ең болмаса ТМД мемлекеттері арасында бәсекеге шыдас бере білудің маңызы зор болмақ. Себебі әлі де болса біздің ең басты нарығымыз ол сөзсіз ТМД, соның ішінде Кеден Одағына мүше елдер болып қала бермек. 

 

Альмира Оспан 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір