• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:50:19
Алматы
+35°

 

ОҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай ӘБДIҚҰЛОВ:

«Барлық iстi жұртшылықпен ақылдасып шешудемiз»

— Жерден қасиеттi ешнәрсе жоқ. Ал, оны заңмен қорғау маңызды. Заман талабымен құрылған Жер қатынастары басқармасының атқарып жатқан шаруасы да, алдында тұрған мiндетi де аз болмаса керек. Осы орайда ой бөлiсе отырсақ.

 

— Жазда облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы Жер мәселесi бойынша құрылған жұмыс тобының 7 отырысында мұны мейлiнше кең талқыладық. Жуырда облысымыздың жаңа әкiмi Ж.Түймебаевқа бүгiнгi нақты жағдайды баяндап шықтым. Оңтүстiк Қазақстан облысының жер көлемi — 11 725 800 гектар. ОҚО — республикадағы халқы ең көп облыс болғанымен, жерi ең азы, ел аумағының 4,3 пайызын құрайды. Бiрақ сол жердiң өзiн баптай алмай отырмыз. Бүгiнгi таңда 2906000 гектар жер аудандық жер қорларында пайдаланылмай жатыр. Оның 2,2 миллион гектары облыс аумағының үштен бiрiн алатын Созақ ауданында. Осы жерлердi айналымға қосу керек.

— Қоғамдық кеңесте ауыл айналасындағы жайылымдық жердiң мәселесi аса қызу талқыланып едi...

— Кеңшарлар, ұжымшарлар тарап, жер бөлiске түскен кезде жайылымдар өзге жермен бiрдей пай үлесiне таратылып кеттi. Оларды ортақ пайдалануға алып қалу керек едi. Өкiнiшке қарай, олай болмады. Бiз есептеп едiк, 842 елдi мекеннiң 10 шақырым айналасындағы жайылымдық жер аумағы

1 057 180 гектар екен. Соның 441 350 гектары жеке және заңды тұлғаларға меншiкке немесе жалға берiлiп кеткен. Ол кезде бiр үйде, мысалыға, 20 қой, 2 сиыр болса, қазiр мал басы көбейген. Соған байланысты Жер комиссиясына, Үкiметке осы жердiң бәрiн мемлекет мұқтаждығына қайтарып алып, ауылдық әкiмдiктiң құзырына берiлуiн өтiнiп, ол үшiн Жер кодексiнiң 84-бабының 2-тармағына өзгерiс ендiру бойынша  ұсыныс хат жаздық. Ұсынысымыз қабылданды. Осы Парламентте қаралуы тиiс. Мемлекет 441 мың гектарды кадастрлық бағамен сатып алатын болса, оның құны 2,313 миллиард теңгенi құрайды. Ал, «мемлекеттiк мұқтаждық» десек, онда мемлекет ол жердiң орнына басқа жайылым ұсынуы немесе өзге де жолын табуы мүмкiн.

— Малының басы қанша көбейгенiмен, көз алдында жүрсе дейтiн шаруалардың қамын да ойластыруға уәде берiлiп едi.

— Иә, 60 сиыры немесе 50 жылқысы, 200 қойы болса да үйiнде ұстау мәселесi, әсiресе, Төлеби, Қазығұрт аудандарында өткiрлеу. Бiз ауылдағы әр үй өзiнiң ауласында ұстауға тиiс мал басының санын да нормативтiк-құқықтық актiлермен бекiтейiк деп ұсыныс жасап отырмыз. Мысалы, 10 сиыр, 5 бие, 50 қой дегендей. Ал, қалған бойдақ мал Созақ, Отырар, Шардара, Бәйдiбек аудандарындағы жайылымдарға шығарылса деймiз.

— Малын алыстағы жайылымдарға апаруға шаруалар көне ме?

— Бұл жерде аудан әкiмдерi, ауылдық-тұтынушылық кооперациялары жұмысқа тартылмаса болмайды. Ол үшiн жеке тұлға мал баққан ақысын төлеуге, кооператив  малды бағып беруге, шығын жасаса жауапкершiлiгiн мойнына алуға келiсiмшартқа отыруы тиiс.

Бұл ұсыныс әлi толық пiсiп-жетiлген жоқ, бiрақ мал басын көбейткiңiз келгенi үшiн кiнәлi емессiз ғой. Осы ұсынысты облыс әкiмiне бердiк. Бақташыға төленер  еңбекақы, зейнетақы қорына төлем аудару жайы қарастырылуы керек шығар. Мүмкiн, құрылған кооперативтерге мемлекет есебiнен жеңiлдетiлген несие берiле ме? Қысқасы, алыс-жақын жайылымдарды тиiмдi пайдалансақ, мал басының еселеп артуына ықпалын тигiзер едi деп ойлаймыз. Бiз әзiрге мал бордақылау жағын жақсы қолға алып жатырмыз. Бiрақ бұл мал шаруашылығын дамытудың бiр жағы ғана. Ал, бойдақ малды көшiп жүрiп бағу өте тиiмдi.

— Бұл су мен құдық жайы, қора-қопсы, малшылар тұратын үй, оларға күнделiктi керек-жарақты жеткiзу секiлдi мәселелердi туындатады емес пе?

— Мiне, мемлекет осы жерде сiзге көмекке келедi. Құдық қазсаңыз, мемлекет соған кеткен шығыныңыздың 80 пайызын қайтарып бередi. Биыл, мысалы, 186 құдық қазылды,  соның 183-iне 80 пайыз ақшасы төлендi. Тұрғын-жай мәселесi киiз үй арқылы шешiледi. Алматы облысында осындай оң тәжiрибе бар. Жайылымдық жерi аз аудандарды көршi аудандарға бекiту керек.

Екiншiден, инвесторларды ауылға тарту қажет. Сайрамда Болат есiмдi азамат 150 гектар жерге бау өсiрдi. Өзi ауыл шаруашылығы маманы емес. Осындай инвесторлар сiз айтып отырған үй-жайды да, қораны да салады, құдықты да қазады. Өйткенi, мемлекет сiздiң ауылға құйған қаржыңыздың тең жартысын қайтарып бередi.

— Баспана салу үшiн берiлуге тиiс жер жайы қалай шешiлмек?

— Бұл мәселенi шешу үшiн республикалық «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Жер кезегi тiзiмiнде бiздiң  облыста 156 мың адам тiркелген. Бiрiншi кезекте басында жеке баспанасы жоқ, бұрын жер алмағандарға бөлейiк деп есептегенiмiзде, олардың саны 30 мың болды. Берейiк десек жер жоқ. Сондықтан ауыл, қала маңайындағы жердi тұрғын үй салу мақсатында мемлекет қарамағына қайтарып алу жайлы ұсыныс жасадық. Ол қабылданды.

— Жер мәселесi қалада ғана емес, ауылдарда да өзектi. Шешiмiн таппаса мұның да күн санап өткiрлене беретiнi белгiлi ғой.

— Барлық ауданда арнайы жер қоры бар. Одан бөлек 2016 жылы бүкiл аудан, қала әкiмдiктерiнде жер түгендеу комиссиясы құрылған. Биыл 172 мың гектардың (егiстiк жер – 59 мың га, суармалы жер – 14 мың га, 111 мың га – жайылым, 1,5 мың га – шабындық) пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның iшiнен 58 103 гектар жердiң құжаттары дайындалып, шара көру мақсатында облыстық жер инспекциясы басқармасына  жолданды. Мемлекет меншiгiне 46 474 гектар жер қайтарылды. Осы қайтарылған жер мен арнайы жер қорынан аудандар конкурсқа жер шығарады. Қазақстанның кез келген азаматы конкурс арқылы 5, 10, 49 жылға дейiн жердi пайдалану құқығымен сатып ала алады.

Сонымен қатар, жердi тиiмдi пайдалану үшiн агроқұрылымдарды iрiлендiру қажеттiгi туып тұр. Болашақта бұл мәселенiң шешiлуiн оңайлату мақсатында қолданыстағы жер бөлшектене бермеуi үшiн жердiң кiмге болғанда да ең аз жалпы мөлшерiн 37 гектармен, оның iшiнде суармалы жердi 2,6 гектармен заң  жүзiнде бекiтудi ұсынып отырмыз.

— Шешiмiн табуы кезек күттiрмейтiн мәселенiң бiрi — жердiң құнарлылығы. 

— Рас, жер құнары жылдан-жылға төмендеп барады. «Ауыспалы егiс» дегендi ұмыта бастадық. Бiр жерге жыл сайын мақта еге беремiз. Мысалы, Шардара ауданы о бастан күрiш егу үшiн құрылған едi, шектiк жер танабы соған есептелiп жасалған болатын. Кезiнде  күрiшке арналған техниканың бәрiн саттық, егiстiк жердiң күрiшке арналғанын ұмыттық, шектiң бәрi бұзылды. Соның салдарынан қазiр жер екiншi қайтара тұзданып жатыр. Ертерек қолға алмасақ, Шардарада мыңдаған гектар жерден айрылып қалуымыз мүмкiн. Ауданда кезiнде 20-25 мың гектарға күрiш егiлiп (биыл — 970 гектар ғана), 150 мың тоннаға дейiн өнiм алып келдi ғой. Облыс бойынша биыл 3,5 мың гектарға күрiш егiлсе, оның 2,5 мың гектары Мақтаарал ауданына тиесiлi. Неге? Күрiш жаз бойы суда тұрады, олар тұзданып кеткен жердiң тұзын осылайша шайып жатыр. Бұдан кейiн мақта ексе, оның өнiмi өте жоғары болады.

Түлкiбас ауданына облыс әкiмдiгi тарапынан қаржы бөлiнiп, эрозияға ұшыраған жер аумағы түгел зерттелiп, электронды жер картасы жасалды. Әр ауданға 3-4 миллион теңге шығарып, осындай карта жасатып, соған қарай ауыспалы егiс технологиясын қолданып отыру қажет. Сонда ғана топырақ құнарлылығы сақталады. Ол 100 бiрлiк бонитетпен есептеледi. Егер сiз жалға алған жерiңiздiң құнарлылығын 20 бонитеттен төмен түсiрiп жiберсеңiз, мемлекет оны сiзден алып қояды. Бұрын оны зерттеумен айналысатын 2 агрохимлаборатория болатын, бiреуi Шымкентте, екiншiсi Жетiсайда едi. Екеуi де кезiнде жабылып қалды. Қазiр Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары үшiн төрт-ақ қызметкерi бар республикалық лабораторияның филиалы қызмет етедi. Бес жыл сайын жасалып тұруы керек жұмысты 4 адам қалай атқарады? Яғни агрохимлабораторияны да қайта қалпына келтiру қажет.

— Рахмет! Ойға алған жоспар-жобаларыңыз орындала берсiн!

 

Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «Оңтүстiк Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір