• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:29:36
Алматы
+35°

 

            Халқымызда «Кетпен шауып өлгем жоқ, кемтаршылық көргем жоқ»  деген әдемi сөз бар. Осында айтылғандай, адам қандай қиыншылық көрсе де  тек алға ұмтылса, көздеген мақсатына жете алады. Мұндайда нарық пен дағдарысыңыз айдалада қалып, еңбек бүйiрдi де томпайтады, несiбеңдi де арттырады. Өмiр үйретiп, iстеген кәсiбi ширатқан жанның бiрi -- төрт баланың анасы Бибiрабия Сапарбекова.   

            Бұрын кеңшардың бiр бөлiмшесiнiң  кiшi есепшiсi болып қызмет еткен Бибiрабия шаруашылықтар тарқағанда жұмыссыз қалды. Қанаты қатаймаған төрт перзентi бар. Қысқартудан-қысқарту болып жатқанда  Алматыдағы халық шаруашылығы институтының  есепшi мамандығын берген табақтай дипломынан қайран жоқ. Өз мамандығы бойынша ешкiм жұмысқа алмайды. Не iстеу керек деп ойланып жүруге уақыт қайда?! Бiлектi сыбанып, табылған жұмысты  iстеуге тура келдi. «Бадам» өндiрiстiк кооперативiнiң қырманына қарауыл бола жүрiп, таныстарының 5-6 жылқысын  сауып, қымызын да сатты. Қыздары қалада жоғары оқу орындарында оқып жатқан соң осында келiп едi, тапқаны пәтер пұлы мен тамақтан артылмады. Не iстерiн бiлмей жүргенде телеарнаның бiрiнен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «халықтың әл-ауқатын жақсартудың  бiр жолы — кәсiпкерлiктi дамыту» дегенiн естiдi. Сонымен тәуекел деп Бөржар ауылдық округiне қарасты Жамбыл ауылының тұсындағы Бадам өзенiнiң арғы бетiнен жер алып, шағын үй салды. Осында келiп, таңмен таласа тұрғанның талай iсi бiтетiнiне көзi жеттi. Құдық қазғызып, ауызсу шығарды. Алдына табын-табын сиыр, үйiр-үйiр жылқы салып бағуға қаржы қайда, көктемде базардан  түйетауықтың 2 қоразы мен 10 мекиенiн сатып алған. Олардың әрқайсысы жиырма  шақты жұмыртқа туған соң күрiк болды. Бiлетiн таныстарынан сұрастыра  жүрiп, түйетауықтың астын шөп-шаламмен қалың етiп, дүкендерден азық-түлiк салынып келетiн қораптарға  жатқызады. Мұның ең  қиыны балапанды ашып шыққан соң басталады екен. Түйетауық деп бекер аталмаса керек, түйедей маң-маң баса жүрiп, аңдамай балапанын аяғымен мыжып кетiп, өлтiрiп қояды. Осы кезде оған өте қатты сақ болу керек. Шөжектерге сүзбе, дәрумендi дәрiлер, кебек берiледi. 10-15 күннен соң олар да тырбанып, кенеттен ауру келiп қалмаса, дес бермей кетедi. Сонан соң жаз бойы қырға жаяды. Ит-құстан, түлкi мен шиебөрiден аман болса, өзiне қажеттi жемiн даладан тауып жейдi. Ол, әсiресе, шегiрткенiң жауы.

            Иә, осылай Бибiрабия отбасымен құс өсiрудi кәсiп етiп алды. Бұл бiр отбасының  дөңгелетiп әкетуiне болатын шаруа екен. Мұның бiр тиiмдiлiгi маялап шөп, тонналап жем жинамайсың. Қар басып қалмаса, түйетауық қыста да далаға жайыла бередi.

Түйетауық етiнiң адам денсаулығына пайдасы зор. Әсiресе,  диета сақтайтындарға таптырмайтын тағам. Етi жұмсақ, дәмдi, тез сiңедi, холестеринi де аз.

Төрт түлiк малға қарағанда түйетауық өсiру жеңiл. Бибiрабия үй құсын жаз бойы бағып, желтоқсан айында бiртiндеп сата бастады. Алғашқыда базарға алып барып саудалайтын едi, бұл күнде алатындар өздерi  үйден әкетедi. Жылына 700-800-дей балапанды өсiрiп, қоразының әрқайсысын 5000-7000, мекиенiн 4000 теңгеден пұлдағанда, әжептәуiр қаржы құралады. Оған азын-аулақ тана-торпақ, тай алып қояды. Кейiн олар бұзаулап, малының басы бiртiндеп көбейдi. Қазiр мүйiздi iрi қарамен бiрге сауылатын сүт те молайып, ұйытылған айраннан сары май, құрт өндiруде.

«Осы түйетауықты өсiрудiң арқасында ешкiмнен қаржы сұрамай,  ұзындығы 25, енi 4 метрлiк қора да салдық, есiк алдына iрi мал да бiттi. Болашақта бұқа  сатып алып, мал бордақылау да жоспарымызда бар» дейдi отанасы Бибiрабия Сапарбекова.

Өзен етегiнде отырғандықтан  сыммен қоршап, бiраз жерге жемiс ағаштарын да отырғызған. Былтыр аздап нышана көрсетiп едi, биыл Табиғат-ананың суығынан аман болса, өнiм алмақ. Есiк алдына қияр, қызанақ, аскөк, желкек, картоп, қызыл және болгар бұрышын, баклажан, асқабақ егiп алады. Күнделiктi тамаққа қосатын жұмыртқаны да үй тауығынан пайдаланады. Қарап тұрсаңыз, бау-бақшаны өздерi өсiрiп, жаз бойы таза өнiм тұтынады. Ерiнбей еткен еңбектiң нәтижесiнде осылайша шағын шаруашылығын ешкiмнен қарыз, несие алмай-ақ дөңгелетiп отыр.

Екi қызы тұрмыста, еңбектен қашпайтын олар ата-енелерiмен бiрге тұрып, iшәй деген атын шығармай, барған жерлерiнде  сүйiктi келiн атанған. Өйткенi, аналары «Үлкеннiң  алғысын алған адам ешуақытта жаман болмайды» деп үнемi құлақтарына құйып отыратын. Үйдегi  студент қызы мен ұлы әр жексенбi сайын  оқудан келгенде шаруашылыққа көмектеседi.  

Иә, еңбек адамды жоқшылықтан құтқарып, бүтiндейдi екен. Қазiр ешкiмнен кем емес, сiңлiлерi мен қыздарына, күйеу балаларына өз тiршiлiгiн мысал етiп, тал түске дейiн жатпай, тырбанып еңбек  етсе, оның түбi қуанышқа жеткiзетiнiн айтып отырады. Еңбекке бейiм болсаң, қатарыңнан кейiн болмайсың. Көзiн тапқанға түйетауық та табыс көзi.

Базаргүл ҚАЛБЫР. Ордабасы ауданы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір