• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:53:42
Алматы
+35°

 

            Бүгiнгi таңда ауылдық жерлерде жұмыссыздықты жоюдың бiрден-бiр тиiмдi жолы – мал шаруашылығын дамытып, әсiресе, отбасылық фермаларды көптеп құру болып отыр. Осы орайда, Мақтаарал ауданының Ынтымақ ауыл округiнде мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының пилоттық жобасы аясында бiршама оңды iстер атқарылуда. Бұл жөнiнде аталған округ әкiмi аппаратының бас маман-ветеринары Асқар Әшiмов былай дедi:

– Бiздiң округте мал бордақылап, ет-сүт дайындаумен айналысатын 16 фермер жұмыс iстейдi. Оның төртеуiнiң типтiк үлгiдегi мал қорасы, жем-шөп базасы және техникасы бар. Биыл 9 фермер 2014-2016 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 1-3 миллион теңгеге дейiн жеңiлдетiлген несие алды. Ал, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, iсiн жандандырып отырған С.Әбдiрахмановтың фермасында 74 бұзаулы сиыр бар. Халық үшiн жаппай айналыса алатын әрi тиiмдi сала мал шаруашылығы екенiне көзiмiз  жеткен соң соңғы кезде осы бағытқа басымдық берiп отырмыз.

Сол күнi бiз аталмыш округтегi «Әден ата» ауылындағы шағын отбасылық ферма – «Бегiмбет ата» шаруа қожалығының игi iстерiн көрiп риза болдық.

– Мал бордақылауды 2006 жылы қолға алдым. Алғашқыда 5 өгiзшенi семiртiп, одан пайда табуға болатынына көзiм жеткен соң iрi қараның басын көбейттiм. Қазiр үй жанындағы шағын қорамызда 20 бұқа бордақылап, 12 сауын сиыр ұстап отырмын. Бәрiн өз малымның төлi есебiнен көбейттiм. Ешқандай несие алған жоқпын. Өгiзшелердi 200-250 келiлiк салмақта сатып алып, жетi-сегiз айда 350-400 келiге жеткiзiп, семiрген кезде етке өткiземiн. Кейбiрiн базарға шығарып, сатамын. Биыл үйдiң жанынан бұрынғы жем сақтайтын ескi қойманы сатып алып, соның iшiнен жаңа типтi қора, жем-шөп сақтайтын жай дайындадым. Ендi мемлекеттен жеңiлдетiлген несие алып, ферма жұмысын одан әрi дамытсам деймiн, – дедi аталмыш шаруа қожалығының басшысы Еркiнбек Ерiмбетов.+

Фермер ауылда «Дiнислам» деп  аталатын 75 орынды отбасылық балабақша ашыпты. Мұнда 12 қыз-келiншек жұмыспен қамтылған. Ет-сүттi өздерi жеткiзiп бередi.

Иә, қазiргi күнi ауылды дамытудың бiрден бiр ұтымды жолы – мал бордақылап, оны семiртiп сату екенi белгiлi. Осыны дұрыс түсiнiп, терең сезiнген Еркiнбектiң бизнесi көпке үлгi ғой деп ойлаймыз.

Мақтаарал ауданы.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір