• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:02:51
Алматы
+35°

22 Желтоқсан, 2016 NEWS

ТАНЫМАЛДЫЛЫҚТАН ҚАШАТЫН КӨРІПКЕЛДІ НЕГЕ «УЗИ АТА» ДЕП АТАЙДЫ?

Далада таза ауа жұтып жүргенде менен көшедегілер «УЗИ атаға жол нұсқап жіберіңізші? Қай үйде тұрады?» деп сұрай беретін. Жеміс-сүрлеу комбинаты...

Далада таза ауа жұтып жүргенде менен көшедегілер «УЗИ атаға жол нұсқап жіберіңізші? Қай үйде тұрады?» деп сұрай беретін. Жеміс-сүрлеу комбинаты ауданында ондай емшінің тұратынын сол күнге дейін естімеппін. Сөйтіп бүгін аты аңызға айналған УЗИ атаны тауып алып, әңгімеге тарттым.

Ескі жер үй. Ауласында үріп жатқан иті жоқ. Есіктің аузында орта жастағы бір кісі отыр. Сөйтсем, УЗИ атаның өзі.

«Газеттенсің бе? Телевидениядансың ба? Телевидение болса, түскім келмейді. Анау жолы КТК келген. Түсуге келісімімді бермедім. Мен жарнама іздеп жүрген жан емеспін. Жалпы танымалдылықты аңсамаймын. Қайта одан қорқамын. Баяғыда Шаңырақта тұрған едім, ақыр аяғында көшіп кетуге мәжбүр болдым. Сол оқиғаның қайталанғанын қаламаймын, қызым» деді. 

Мақалаға бел шешіп кіріспес бұрын оқырманға ақ адал ниетімді түсіндіріп өткім келеді. «Тағдырым қиын болған, менің өмір жолымды тыңдасаң, жылайсың» деп айтқан мүгедек кісіге обалдық жасағым келмейді. Көмекке шын мұқтаж адамға пайдалы ақпарат болсын ой ғана жазуды жалғастыруға себеп болды. «Сенсация жасамашы!» деп өтініш айтқан емшінің жеке өмірбаянын жазбай ақ бірден мақала өзегіне көшуді жөн деп таптым.

Біздің бес минуттық әңгімемізді 32 жасар Руслан есімді азамат келіп бөлді. Балдақпен әрең жүр. Бір қолы жансыз. Инсульт алғанын бірден түсіндім. УЗИ ата жайлы кезінде инсульттен құлап, толыққанды жазылып, тұрып кеткен Айдын есімді досынан естіпті. Бірер минуттан кейін Айдын да есікті тоқылдатты.

«Аға, мен қашан жазыламын? Қайта-қайта келуден шаршадым» деді Руслан.

Ауру жасқа қарамайтын заманда Русланға қарап өз әкемді есіме түсірдім. Әкемнің инсульт алғанына 14 жыл. Қолы әлі күнге шейін іске жарамсыз. Русланның шыдамсыздығын жастыққа баладым. Өзінің қандай дертке шалдыққанын, одан айығу ұзақ әрі күрделі процесс екенін түсінбегеніне қынжылдым.

УЗИ ата Русланды сабырға былайша шақырды: «Балам, сен асықпа! Әлі-ақ оңаласың. Мына Айдынның жағдайы сенен де нашар болған. Айдынның қазіргі жағдайын өзің көріп тұрсың. Күш-қуатқа толы. Жазылып кету үшін, ең бастысы, сенім мен сезім керек. Айдын басында маған сенбеді, өзіне де сенбеді. Сосын ғана сене бастады. Сен де маған сен! Келесі жетіде кел, сөйлесейік».

Руслан да, Айдын да көп ұзамай шығып кетті.

Дәстүрлі медицина әлде халық емшілігі мықты ма деп іріткі салғым келмейді. Дәрігер саған «енді тұрмайсың, сабырлы бол» дегенде біреудің саған үміт отын сыйлағаны дұрысырақ па деп ойлап қалдым.

«Аға, сізді неге бәрі УЗИ ата дейді?» деген сұрағыма емші күлді де жауап беруге асықты. «Маған көбінесе жүкті әйелдер келеді. УЗИ ата деп солар атап кетті» деді.

«Жаңа ғана Русланға қазақшамен қатар абайсызда қарақалпақша сөйлеймін. Түсінбей қалсаң, сұрап отыр» деген едіңіз ұлтыңыз қазақ па?» деп сұрақ қойдым. УЗИ ата: «Ұлтым қазақ. Қарақалпақстанда туып өскенмін. Атамекенді аңсап, елге оралдым» деді. Біздің әңгімемізді Гүлмира есімді әйел келіп бөлді.

Гүлмира мен емшінің арасындағы диалогты сол қалпында беруді дұрыс деп шештім.

УЗИ ата: -Бірінші рет келіп тұрсың ба?

Гүлмира: -Иә.

УЗИ ата: -Көпшілік жүретін жерде жұмыс істейді екенсің?

Гүлмира: -Жұмысқа енді шықпақшымын. «Барахолкаға»...

УЗИ ата: -Екі балаң бар екен. Күйеуіңді көрмей тұрмын. Ол қайда?

Гүлмира: Ол менен кетіп қалды. Керек қылмады. Орала ма?

УЗИ ата: Күйеуің ішіп-жеу мен ұйықтауды ғана біледі. Отбасын ойлау, асырау, бала-шағаға қамқор әке болу дегенді білмейді тіпті. Кім оған жылы қабақ танытып, тамақ ұсынса, соның итіне айналуға дайын.

Гүлмира: Ол орала ма?

УЗИ ата: Екеуміз бұл жөнінде тағы да сөйлесейік. Тек бүгін емес. Белің ауырады екен. Гинекологқа барып жүрсің бе? Байқа, қызым, белің бекер ауырмайды. Дұрыстап қарал, емін қабылда.

Гүлмира: Белім ауырады. Гинекологқа қаралып жүрмін қазір. Сізге тағы да келермін. Рақмет!

Осы жерде бір айта кететіні, емші Гүлмирадан ақша дәметкен жоқ. Ол да бермеді. Жоғарыдағы есімдері аталған Руслан да, Айдын да ризашылық ретінде ақша қалдырып кеткенін (көп мөлшерде емес) тағы көрдім.

Жұрттың дерт-қайғысын тыңдап отырғанда кейбір қазаққа қайран қалғанымды жасырмаймын. Тамағы ауырса да емшіге баратын, күйеуі тастап кетсе де оны қайтаруға бар күш-жігерін сарп еткісі келетін, емші дәрігерге барып көрін десе де құлақ аспайтын жандар көп болып шықты.

Ағамен асықпай дұрыстап сөйлесе алмағаныма аздап қапаландым. Бірақ көмек сұрап келген адамдарды да күттіріп қоя алмадым. Бір жағынан, бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп отырғаныма қуандым. 

«Өзің бойшаңсың. Күйеуің сенен біршама ұзын екен. Қағазбен көп жұмыс жасайды. Сен болсаң екі жерден жақсы жұмыс ұсынғанда бас тартыпсың. Неге? Кішкентай қызың бар. Бәрі жақсы болуына тілектеспін» деген көріпкелдің сөзіндеріне жымидым да қош айтысып, шығып кеттім.

Қайтып бара жатқанымда бір әйелге көзім ерекше түсті. Суық күнге қарамастан сабырлы күймен өз кезегін күтіп тұр екен. Жасы елуге жақындап қалған Сәуле ханымның айтқан сөздері көп шындықтың бетін ашты.

«Дәрігерге бармаймын. Тұмау болса, өзім емделемін, бала-шағамды да өзім емдеймін. Қалған жағдайда осы кісіге қараламын. Бүгінгі дәрігерлер түк білмейді. Жастығымен қоса сауатсыз. Сенің айтқан назыңды, шағымыңды тыңдамайды. Тезірек қабылдап, тезірек шығарып салғысы келеді. Қымбат-қымбат дәрілер жазып береді де қояды. Олардан ешқандай мейірім, қамқорлық сезімін байқамайсың. Жас дәрігерлерге қарағанда медицинадан менің  хабарым көбірек» деп сыр ақтарды Сәуле ханым.

Мұнымен келіспеске тағы болмайды.

Дәстүрлі медицинадан көңілі қалғандар амал жоқтан бақсы-балгер, емші-көріпкелдердің көмегіне жүгінеді. Ақ халатты абзал жан емес емші беделге ие болса, барлық кінәратты медицина қызметкерлері өздерінен іздегені дұрыс ау.

Танымалдылықтан қашқан көріпкелге көзбен көргенімді қысқаша ғана жазып беремін деген уәдемді орындағандаймын. Жарнамалық мақсатты көздемеген мақаламды УЗИ атаның мына сөздерімен аяқтағым келеді: «Күніне алдыма бес адам келеді. Сол маған жеткілікті. Біреуге жағамын, біреуге жақпаймын. Бұл табиғат өмірдің заңдылығы. Адам бастысы түңілмеуі керек. Кез келген дүниеге ниет қажет. Қазақ елін аңсап келдім, қазаққа пайдам тиіп жатыр деп ойлаймын».

Қамшыгер: Жазира Байдалы

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір