• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қараша, 23:56:50
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

27 Желтоқсан, 2016 NEWS

ҚАЗАҚТАН ЖАЛЫҚҚАН ЫДЫРЫСОВТЫҢ ХАТЫ ҚОҒАМДЫҚ ДҮМПУ ТУҒЫЗДЫ (жұрт пікірі)

«Қазақтан да, Қазақстаннан да жалықтым» деген материал

«Қазақтан да, Қазақстаннан да жалықтым» деген материал бүгін сайтымызда шыққан болатын. Әлеуметтік желілерде кең таралып кеткен Ыдырысов мырзаның хаты бойынша мыңдаған пікір айтылып, жазылып жатыр. Шетелге қашып, өмірдің барлық қиындығын қазақтан көріп, қазаққа тіл тигізген журналисттің іс-әрекеті жайлы жұрт пікірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ақберен Елгезек:

«Біреуді даттап, біреуді мақтағанда оларға ешкім әңгіме айтқан жоқ. Ренжіген шығар, бірақ әңгіме айтқан емес. Олар өз мүдделерін қорғап, өз есебін түгендеп жүргенде, оларға бұл "мақтаншақ қазақ" керек емес еді. Бәріне топырақ шашудан аулақпын, алайда орыстілді журналисттердің қазақта ешқашан шаруасы болмаған. Қазақтың ұлттық мүддесі, қазақтың арман-мұраты, тарихы, мәдениеті, дүниетанымы олар үшін "колхозбай", "мамбет", "чуркалардың" тіршілігі.

Қазақ журналисттері неге жұпыны өмір сүреді, неге тұрмыс-тіршілігі қарапайым келеді? Неге қазақ журналистері беттен алып, төске шауып жұлынып тұрған жоқ? Себебі, олар ешқашан ақшаға жұмыс істемеген. Журналистиканы ақша табудың құралына айналдырмаған. Бірақ, кез келген қазақ журналисінің жанарында намыс пен ұлттық мүдде тұрады. Ол оның сөйлеген сөзінен, жазған мақаласынан, жасаған сюжетінен, дайындаған радиохабарынан сезіліп-білініп тұрады. Жегені жантақ болса да, ол еліне қызмет етуді ең биік мансап санайды. Ал, орыстілді журналисттің қазақ үшін шырылдап жатқанын көрген де жоқпын, естігенім де шамалы. Қашан болса, сынап-мінеп, бәлсініп, керіліп, позада тұрады.

Ал, енді өз есебі іске аспағасын, кішкене ауыр сөз естіп еді, бүкіл Қазақ мақтаншақ, медальқұмар, бейшара анау-мынау болып шыға келді. Ұлттың сүйген, соның жолында барлық саналы ғұмырын арнаған қалам иесі ешқашан өз ұлтын жамандамайды, халқына топырақ шашпайды. Әгәрәки, ол тықыр таянғанда өз халқына осындай ауыр сөз айтса, демек ол қазіргі ыза-кектен, сәтсіздіктен туған ой емес, ол бұрыннан ішінде сондай пікірде болған, жек көрген, менсінбеген. Солай бола тұра, сол халықпен бірге өмір сүрді, тамағын жеді, ауасын жұтты, суын ішті, пайда тапты. Қысым келіп еді, бар заһарын халықтың бетіне лақылдатып құса жөнелді.

Қазаққа ақыл айтып отырған Ыдырысов сондай принципшіл журналист болса, мен шыдамадым, әлім келгенше арпалыстым, енді мені кешіріңдер, бірақ мен сендермен жан-дүниеммен біргемін, рухтаспыз деген секілді сөздер айтса керек. Алайда, ол жеке басына түскен қандай да болсын ауыртпалықты бүкіл бір халықтың болмыс-бітімінен көріп отыр. Осы жігіттің халықтың қорғап бұрын-соңды шырылдап жүргенін көрмеппін. Қазақ әлі өркениетті елдердің деңгейіне жетпеген деп шет жерден мысқылдағанша, сол жолда бұрыннан еңбек етуі керек еді. Демек, ондай мүмкіндік бар кезде ол басқа шаруамен айналысқан сияқты»

Әміржан Қосанов:

«Бекжан Ыдырысовтың эмиграциялауы, сөзсіз, жан ашырлық жайт. Ол жігітті талантты журналист ретінде білемін. Әсіресе, 31-телеарнада жүріп, бізге, билік сыншыларына, мінбе берген кездерін қалай ұмытамыз.
Бірақ, осы ФБ-да жариялаған өз мәлімдемесінде, қазіргі Қазақстандағы жағдай туралы жазып, билікті сынағанда "қазаққа" тіл тигізбеу керек еді.
Қазақ субстанция ретінде бөлек, ағымдағы билік уақытша құбылыс ретінде - бөлек. Қазақтың кемшілігі - шашетектен, бірақ оның бәрі барша ұлтқа тән емес деп санаймын. Әйтпесе, ұлт боламыз ба?!»

Александра Яковлева:

«Қазаққа тағылған мұндай айыпқа орнымнан тұрып «мен – қазақпын» деп жауап бергім келеді. Тойды дүркіретіп өткізесіңдер деп сендерді сынап-мінейтіндерге құлақ аспаңдар, қазақтар! Қазақты қазақ қылып отырған оның салт-дәстүрі. Одан айырылмаңдар. Біреу күлсе де, бетіме түкірсе де мен қазақпын.  Қазақ өз ата-анасына қарамайтын, баласын ит сияқты жаттықтырып, тәрбиелейтін еуропалық мәдениетке көшкенін қалайсыздар ма? Мен өз басым үлкенді сыйлайтын, жатқа жаны ашитын қазақ болғым келеді»

Виталий Шуптар:

«Көкжайлаудың» ақшасын жегенде Бекжанға бәрі ұнаушы еді. Қазақ та, Қазақстан да жағымды болатын. Енді келіп оппозицияға кетіпті...»

Бақытжан Көпбаев:

«Маған да ел ішінде болып жатқан көп нәрсе ұнамайды. Бірақ шетелге шыққанда елім жайлы жаман дүние айтудан аулақпын. Туып-өскен жеріңді жамандау, Қазақстаннан көшіп кетіп қазақты ғайбаттау деген сән қашан, қалай пайда болды? Тек қорқақ ғана өз халқы арналған сынды өзге елде тұрып жатып айта алады. Нақты бір нәрсе ұнамаса, соны сынға ал. Бүкіл қазаққа топырақ шашудың не қажеті бар?! Біз дастарханды мақтану үшін жаймаймыз. Тек қазақы дәстүрді сақтағымыз келеді. Туысқандарымызды, жақындарымызды сыйлайтынымызды, жақсы көретінімізді білдіргіміз келеді. Сіз бала кезіңізден қазақы тәрбие алмаған сияқтымыз. Сондықтан да қазақтың дархан жанын түсінбедіңіз»

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір