• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:32:42
Алматы
+35°

29 Желтоқсан, 2016 NEWS

РЕСЕЙЛІК БАҚ: «ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЙЛАРЫ МЕН БЕЛОРУСТІК ДАМБАЛ»

Бизнес, саясат, өнер және украин прессасының қазақстандық орыс ұлтын жек көрушілікпен күресі жайлы

Бизнес, саясат, өнер және украин прессасының қазақстандық орыс ұлтын жек көрушілікпен күресі жайлы

Қазақтың шенеуніктері үнсіз

Осындай тақырыппен Ресейлік regnum.ru сайтында Григорий Гараниннің материалы пайда болды. Қазақстан жайлы шетелдік БАҚ пікірін жіті қадағалап отыратын «Қамшы» порталы атауы айғайлап тұрған мына мақаланы сүзгіден өткізбей қоймады. Оның қазақ тіліндегі аудармасын назарға ұсына отырып, талқыны оқырманның өзіне қалдыруды жөн санады.

«Қазақстан Жаңа жылды дүркіретіп тойлауға дайындалуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап, тойдан кейінгі қызықтан, әсерден шыға алмай жүрген саяси олимптағы шенеуніктер үнсіз. Онысы да түсінікті. Жыл аяғында есеп-қисаптан қолдары босамайды: халықтың алдында, ең бастысы Президенттің алдында есеп береді. Аталмыш есеп-қисаптың бәрі негізі тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жазылып қойса да желтоқсан айын бөлек қорытындылау қажет. Қазақстандық шенеуніктер асықпайды. Себебі республиканың саяси жоғары тобында былай деседі: «Асыққан мансабынан айырылады». Сонымен қатар мемлекеттің сыртқы саяси тарабында жаңалықтар жетерлік. Украина болсын, Белоруссия болсын. Ал, Ресейдің әңгімесі тіпті бөлек. Ресейсіз бола ма?

Қазақстанның 25 жылдық тәуелсіздігіне арналған от шашу 16 желтоқсан күні шашылса да ширек ғасырда Қазақ елінің жеткен жетістігі жайлы сараптама күні бүгінге шейін айтылып келе жатыр.
Өткен аптада ғана «Қазақпарат» мемлекеттік ақпарат агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыссыздықты төмендеткенін халықтың есіне тағы бір рет салуды жөн көріпті.

«2016 жылы әлемдегі шикізат бағасы арзандаған соң, Қазақстан да еңбек нарығына көп көңіл бөлді. Бұл ретте, мемлекет «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын қарқынды дамыта түсті. 2016 жылдың 10 айында бағдарламаға 171,7 мың адам қатысса, 175 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс тапты. Жалпы, осы шаралардың арқасында еңбек нарығында толқулар кездескен жоқ. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраса, елімізде жұмыспен қамтылғандардың ішіндегі өзін өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың үлесі 25,9 пайызды құрады. Айта кетерлігі, халықаралық еңбек ұйымы әлемдегі еңбек нарығына Қазақстандағы қазіргі жағдайға мүлде кері болжам жасаған еді. Қазақстан өз еңбек нарығындағы жағымды көрсеткіштерді басшылыққа ала отырып, 2017 жылдан бастап, кәсіптік-техникалық білім беруді тегін жүзеге асырмақ»-делінген мақалада.

«Әлеуметтік, саяси зерттеулер «Стратегия» орталығы» қоғамдық қорының жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне зер салсақ, қазақстандықтардың 41,5%-ы жұмыссыз қалудан қорқады. Сонымен қатар, азаматтардың 54,8%-ы жеке бас, экономикалық, саяси және заңи қауіпсіздігіне келгенде мемлекетке емес, ең бірінші кезекте өздеріне арқа сүйейді. Мұндай позицияны, әлбетте, түсінуге болады. Егер мемлекет саған бүгін көмектессе, ертең ол көмекті, қарызды сенен он еселеп қайтаруды талап етеді. Мәселе сонда болып тұр. Есеп айыра аласың ба?..

Көбісі бұл туралы ойланғысы да келмейді, оның орнына мемлекеттен тайып тұруды дұрыс санайды. Айтпағымыз мемлекет кезінде көмектесіп, рақметтің орнына қарғыс қайтарған  банкирлар емес. Әңгіме жастар туралы...

Жақсылықты білмейтін «болашақтықтар»

«МК-Казахстан» бір жеті бұрын бүгінгі күні мемлекетке 1,9 млрд теңге қарыз «Болашақтың» 100 стипендиаты бар екенін хабарлаған болатын. «Болашақ» -Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы енгізген халықаралық стипендисы. Ол бойынша 18 жастан асқан Қазақстанның кез келген азаматы емтихан тапсырып, сынақтан өткен жағдайда 35 мемлекеттің 170 жоғары оқу орнының бірінде білім ала алады.  «Болашақтың» мәні – дарынды жастың шетелде білім алуына жағдай жасау. Оқуға кететін барлық шығынды мемлекет өзі көтереді. Есесіне оқу бітіргеннен кейін сол азамат 5 жыл елге қызмет етуі шартты. 1993 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша 10 364 стипендиат білім алып шығыпты. Бірақ барлығы Отанына оралуды қаламапты. Өзге елде жұмыс тауып, үй сатып алып, отбасын құрып, азаматтық ауыстырды. 2005 жылдан бері ондайлардың саны 155 адам. Аз сан болғанымен, көңілге кірбің түсіретіні анық. Сол себепті мемлекет мынандай қулыққа көшіпті: «Болашақтықтар» Алматы, Астана қалаларында 5 жыл немесе елдімекен-ауылдарда 3 жыл еңбек етсе болады. Таңдау өздерінде.

«Болашақтықтардың» жағдайын түсінуге болады. Қазақстандағы олардың алатын орташа айлығы ресми деректерге сүйенсек 414 000 теңге. Шетелде олар екі-үш есе көбірек ақша таба алатындары шындық.

Айлыққа көшетін болсақ, жоғары айлық тек «Болашақтықтарды» ғана емес қарапайым халықты да қызықтырады. Қазақстандықтар көбінесе Ресейде жұмыс істеуді жөн санайды екен. Центробанктің мәлімдемесіне сай, Ресейдің Қазақстанға жасалатын трансшекаралық аударымдардың көлемі ұлғаюда. 2016 жылдың ІІІ тоқсанында аударым мөлшері 419 млн долларға тең болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 23 млн.долларға көбірек. Ең қызығы, Өзбекстан, Тәжікстан, Тұркменияға жасалатын аударымдар көлемі керісінше азайған. Осы және жоғарыдағы «Болашақ» жағдайын талдай келе, мынандай 2 болжам жасауға болады: 1) Қазақстанда айтылып жүргендей жұмыс соншалықты көп емес; 2) жоғары квалификациялы мамандар да, қарапайым еңбек адамдары да туған жерінен қарағанда өзге елде көбірек ақша таба алады.

Қазақтың мақтаншақтығы

Дегенмен Қазақстанда бұл жөнінде ешкім тіс жарғысы келмейді. Барлығы тек мақтау айтуға көшкен. Мәселен, Сауд Арабияның іскерлерімен қазан айында Назарбаев кездескенде Қазақстан Doing business рейтингісінде 41-і орында деп сөйледі. Шын мәнінде, Қазақстанда 35-те еді.

Британдық медиакомпания The Economist Group «Pocket World in Figures» (2017 Edition) деген жинақ кітап шығарған болатын. Онда дүние жүзі елдерінің әртүрлі рейтингтері көрсетіледі. Қазақстан экономикалық өсу бойынша әлем бойынша  29-шы орын иеленсе, сыртқы қарызы бойынша 16-шы. Адам дамуының индексі бойынша 56-шы позицияда, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім бойынша 2-ші орында  (1-ші орында Түркмения) тұр. Өкінішке орай, бұл кітаптан Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Қазақстанның рейтингін таба алмайсыз. Білгіміз-ақ келеді. Себебі finprom. kz сайтының хабарлауынша Қазақстанның одақтағы позициясы әлсіреуде.

«Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одағына деген қызығушылығы бәсеңдеуде. Осы жылдың соңғы 10 айының қорытындысына сәйкес,  Қазақстан мен одақ құрамындағы елдер арасындағы тауар айналымы былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ға азайған. Карнеги Мәскеу орталығының айтуынша, одақ ішіндегі мәселелердің тууына Қырғызстанның одақ құрамына қосылуы себепкер болуы мүмкін.

Зюганов пен Мәлеев жекпе-жегі

Ресей Компартиясының жетекшісі Геннадий Зюганов Украина, Белоруссия, Қазақстан арасында жаңа одақтық мемлекет құруды ұсынған болатын: «Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Украина бір-бірінің тұтастығына, салт-дәстүріне, тілі мен мәдениетіне қол сұқпастан одақтық мемлекет құра алатын еді. Бұл одақтың потенциалы керемет болады». Оның бұл ұсынысы Қазақстанда наразылық тудырды. «Алтын-Орда» газетінің бас редакторы Серік Мәлеев «Зюгановқа және оның КСРО-ны қайта құру жоспарына жауабымыз» деген мақаласында «Қазақтарға жатыпішерлер керек емес. Ешкімді мойнымызға отырмаймыз, басымызға шығартпаймыз. Басымыз да, мойнымыз да ауыруда» деді. Мәлеев эмоциядан бөлек аталмыш одақтың мүмкін еместігіне байланысты басқа да аргумент келтірді. «Қазақстанға 250 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция құйылған. Мұндай санды Ресей тек түсінде көре алады. Қазақстан экономикасына құйылған қаржылай салымның үлкен пайызы америкалық пен қытайлық компаниялардың ақшасы. АҚШ, Қытай жетекшілеріне Зюганов мырза ұсынған одақ ұнай қоятынына күмәндімін.  Түптің түбінде заманауи Ресей деген не? Оның мемлекеттік ЖІӨ-сі Нью-Йорк қаласының ЖІӨ-не тең. Қазақстан экономикасына Ресей қандай үлес қоса алады? Болмайтын арман-қиялға берілмей, бәріне сыни көзқараспен қарау қажет қой», — дейді автор.

Естеріңізге сала кетейік, Серік Мәлеев «Ресей қазақтың табиғи байлығын тартып алып, шаң жұтқызды» деген Назарбаевтың мәлімдемесіне «байлығынан айырылған қазақ жай шаң ауа жұтқан жоқ, ол ауа радиоактивті, гептильді болатын» деп үн қосты. Назарбаевтың жоғарыдағы мәлімдемесі Қазақстанда ғана емес, Ресейде де әлі күнге шейін қызу талқылануда.

Қазақта Ресейге қосылудан басқа амал болды ма?

Мәскеулік журналист Вадим Бондарь «Ресейдің жақсылығын түсінбейтін халықтардың алдамшы достығы» деген мақаласында «Ұлы қазақ халқында Ресейге қосылудан басқа қандай амал болды? Жоңғар хандығын қырып салып, оларды тарихи картадан сызып тастаған Қытай Цинь Империясы әлде жоңғарлардың қолынан қырылу ма? Теориялық тұрғыда әрі тірі, әрі тәуелсіз қалу  мүмкіндігі болды. Онда қазақ қазіргі Пәкістанның көп бөлгі сияқты орта ғасыр деңгейінде қалып қалар еді. Еуропаға қашып жатқан пәкістандық босқындардың саны ливиялықтар мен эритреилықтардан кем емес. Пәкістан ешкіммен соғысып та жатқан жоқ. Назарбаев болса көп нәрсе жайлы жұмған аузын ашпайды. 1996 жылдың мамырында шыққан №9 «Конфликттердің орын алуын алдын-ала хабарлау және этнологиялық мониторинг жүйесі» бюллетеніне сәйкес Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы бес жылда елден миллионнан астам орыс көшіп кетіпті. Неліктен? Себебі қазақ ауасы шаң, сусыз, шөл далада гүлденген Қазақстан салып бердіңдер деп өз ризашылығын білдіре бастады».

«NewsTes» ақпараттық агенттігінде жарияланған публикацияның соңында сұрақ төтесінен қойылады: Ресей бауырлас республикаларға солар үшін қандай жақсылық жасағанын еске салатын кез тумады ма?

«Барлығына әркез «тарихи шындықты» айтуға болады, тек Ресейдің үндемегені абзал. Біз сөйлесек, өзгелер ренжіп қалады, оларға әлімжеттік қылғандай боламыз.  Олар болса бізді тепкіге алады, тергейді. Оны тіпті мақсат-міндет деп санайды. Украинада Донбасс та, Қырым да қайдан пайда болды? Олардың украиндыққа қандай қатысы бар? Қазақстанға казак мен орыстар салып берген бүгінде Сібір мен Оңтүстік Оралдың қала, облыс орталығына айналған шекаралық бекіністердің қандай қатысы бар?»— деп риторикалық сұрақ  қойды Бондарь.

Жүрек жұтқан Жәнібек

«NewsTes» ақпараттық агенттігі Қазақстанда ашылып тұр, соған қарағанда бұл публикацияны ешкім ашып, оқымаған-ау. Әйтпегенде жергілікті билік агенттік ашылмайтындай қылар еді.

Қазақстандық публицист Жәнібек Сүлеев ресейлік БАҚ-қа Қазақстанға келгенде абайлап сөйлеуге, Қазақстанды Украинамен шатастырудың қажеті жоқ екендігін айтқан болатын. «Біз ресейлік журналистерге ақыл беретін кеңесші емеспіз. Бәрін бір жерге үюдің қажеті жоқ. Саналы түрде таңдау жүргізгендері абзал. Позитив іздесін. Ресейлік идеологтар Қазақстанда Украинамен салыстырғанда 15 жыл бойы антиресейлік ұлттық пропаганда жүргізілмегенін есепке алсын. Қазақстанды оған байланысты кінәләудің қажеті шамалы. Бұрынғы кеңестік аумаққа жататын мемлекеттер сияқты Қазақстанда да кеңес одағы деген сөздің мағынасын, мәнін түсінбейтін, қабылдамайтын, оған еш қызықпайтын ұрпақ өсіп жетілді. Ресей бұрынғы кеңес аумағындағы мемлекеттерге жаңалық, ақпарат таратқанда өткен тәжірибені көп қозғайды. Ол болса жастар көзінше түкке тұрғысыз дүние. Шетелдік көршілердің шамына тимейтін, алаңдатқызбайтын жаңа символдар мен бейнелерді Ресей ойлап тапса игі. Әйтпесе кеңес одағын әңгімелеу беру өткен күнді аңсау, соны жаңғыртуға ұмтылу сияқты болып көрінеді», — деп санады Сүлеев. Сүлеев сонымен қатар Ресей ең басты факторды назарға алмай отыр дейді. Ол – қазақтардың жас ұлт екендіктері.

Публицист ол ойын былай тарқатты: «Ресей көршілес елдерді интеграциялық жобаларға тарту барысында аталмыш факторды көзге ілмейтін сияқты. Жастар саясатқа онша қызықпағанымен кез келген идеяны жалау етуге дайын. Идея тастауға дайын тұратындар да әрқашан табыла кетеді. Қазақстан қазір этноұлтшылдықты емес шектен шықпаған патриотизмді қолға алуы тиіс. Украиналық патриотизмінің сипаты басқаша болды. Оған оның Еуропаға, Батыс елге жақын орналасуы әсер етті. Украиндарды біреу айдап отырды деп айтуға келмес, алайда соған келіңкірейді».

Қазақтың жаны украинға ашығыш

Украинада шектен шығу бар екенін Қазақстанда бәрі білсе де, көбісі оны мойындағылары келмейді. Өзін ұлтшыл-патриот көретіндер украиндарға жаны ашып қана қоймай, Майданға да арнайы аттанды. Алайда Украинаға ұлтшыл-патриоттардың махаббаты аздық етеді. Оған мемлекеттік деңгейде махаббат пен қолдау қажет. Әсіресе, Қырымға байланысты.

Қазақстанның бейтараптық саясатына Ресей ренжімесе, Украинаның реніші бес батпан. 19 желтоқсан күні БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстан Ресей, Армения, Белоруссия, Өзбекстанмен бірге «Қырым Автономды Республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы жағдайы» резолюциясына қолдау білдірмеді. Резолюцияға сәйкес Қырым басып алынған аумақ ретінде танылады. Украиндық БАҚ Қазақстан мен Ресей, Ресей мен Белоруссия арасында от тастаумен болды.

replyua.net украиндық порталы «Свобода» радиосының жүргізушісі Виталий Портниковтыңдың «Ресей стратегиялық зерттеулер институтының директоры Леонид Решетниковтың жақында ғана айтқан сөзі Белоруссия мен Қазақстан үшін дабыл болып табылады» деген мәлімдемесімен бөлісті.

«Жынды Александровтың Украина Алеппоның күйін кешпек деген сөзін тыңдай отырып, Решетниковтың Белоруссия қатысты айтқандарын елемеді –деген Портниковтың ой тұжырымдамасы келтіріледі. Решетников белорустің тілі, мәдениеті, тіпті белорусь деген халықтың өзі болмағандығын, сондықтан да белорустардың халық ретінде тарихи перспективасы жоқ екендігін айтыпты-мыс. «Бұл сөздер Кремльдің жаңа нысан, жаңа құрбан ретінде Белоруссия таңдап алғанын, одан кейінгі кезек Қазақстанға да келетіндігін айғақтайды. Решетников сөз жүзінде ғалым болғанымен, іс жүзінде РФ сыртқы барлауының қызметкері. Қаңтардан бастап оның қызметін қарулы күш қызметкері Михаил Фрадков жалғастырады. Демек псевдоғылыми мекеменің қызметінің аясы одан сайын тереңдей түспек.

Назарбай-стан

uinp.info украиндық тәуелсіз басылым «Тергеу» деген айдарында (оны Ольга Филатова деген біреу жүргізеді, аты-жөні ойдан құрастырылған) «Назарбаев отбасының құпиялары. Қазақстанды Назарбай-стан деп атайтын уақыт келді» деген «сенсациялық» мақала жариялады. Украиндық порталда украиндық журналист былай деп жазады:

«Назарбаевтің орысты жек көрушілік саясаты Қазақстанды тұңғиық тартып жатыр. Оңтүстік Сібірде (Қазақстанның 5 солтүстік орыс облыстарында) тұратын 5 миллион орыстар да ешқандай құқық жоқ. Нұрсұлтан құрған сұлтанат, міне, осындай. Назарбаев кезінде коммунизм құрған еді, қазір дамыған социализмнен үңгірдегі феодализмге көшіп жатыр. «Тәуелсіз» Қазақстандағы феодалдық қалдықтардың бой көтеруі обыр мен сифилистің кеңге жаюмен бірге дамуда. Назарбаевтың орысты жек көрушілік саясатының «жемісі» осындай. Назарбаев өзі жазған заңды өзі ұстанады деу күлкілі. Полиция, прокуратура, сот, бәрі-бәрі заңға емес, хан мен әкімге қызмет етеді».

Мына сандырақты бір жайт болмағанда ерігіп отырып аяғына дейін оқуға болатын еді. Алайда бүкіл мақала 10-15 жыл бұрын жазылған сияқты сезім пайда болады. Себебі мақала бойынша Рахат Әлиев әлі тірі әрі Дариғаның күйеуі. Дариға болса Сенат (жоғары палата) депутаты емес, «Хабардың» президенті. 1998 жылы жарық көрген материал болса мейлі. Алайда украиндық портал мұны сиясы кеппеген дүние ретінде оқырманға ұсынып отыр.

Украиндықтардың мұндай қарым-қатынасына қарамастан қазақтар олардан мейірімін аяр емес. Киевте өткен аптада ғана Қазақстанның заманауи өнерінің көрмесі өтті.

cultprostir.ua хабарлауынша бұл экспозиция 2015 жылы Алматы суретшілерінің пәтер ішіндегі көрме форматында ашылған болатын.  Киевтегі көрменің кураторы Никита Кадан былай деп әңгімеледі: «Қазақстанның өнерінде ұлттық ерекшелік тақырыбы белең алады. Украинада мұны «шароварщина» деп атайды. Бұл бұрынғы кеңес аумағынан шыққан барлық мемлекеттерге тән дүние. Алайда қазақстандық суретшілер мәдениетті ұлтшылдықтың кез келген пішінде көрініс табуына ирониямен қарайды». Көрмедегі экспонаттардың бірі - өлі қойлардың басы бейнеленген сурет. Қойлардың жымиысынан ақсиған тістерді көруге болады. Қазақтардың қойдың басын украиндықтарға не үшін көрсетеді, бұл өнер нені білдіреді? Каданның айтуынша, суретші бұл туындысы арқылы қазақстандық қоғамның күрделі портретін, бодандық кезіндегі қарапайым, таныс бет-жүздерін бұрынғы кеңестік ұлтшылдықпен ауыстырғандарын көрсетіп отыр.

P.S.-тің орнына.  Бұрынғы кеңестік аумақта тұрғандардың барлығының бойынша креативность, жасампаздық бар. Әсіресе, Қазақстанмен жұптасқанда. Мысалы, Белоруссияның бір азаматшасы әйелдердің киілген іш киімін, шұлығын, аяқ-киімін сату бойынша бизнес ашыпты. Клиенттердің қатарында қазақстандық әйелдер көп. Сатып алған заттарымен олар не істейтіні жұмбақ.

Аударған: Жазира Байдалы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір