• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 14:02:48
Алматы
+35°

03 Қаңтар, 2017 Оқиғалар

Әкелері танымал ел билігіндегі азаматтар

Ел билігіндегі азаматтардың қай-қайсысының да тегін жерден шықпағаны анық. Бірақ солардың арасында әкелері көберек танымал шенеуніктер туралы айта кеткенді жөн...

Ел билігіндегі азаматтардың қай-қайсысының да тегін жерден шықпағаны анық. Бірақ солардың арасында әкелері көберек танымал шенеуніктер туралы айта кеткенді жөн көрдік.

caravan.kz медиа-порталының редакциясы үкімет пен парламентте қызмет атқарып жүрген және бұрын істеген біраз азаматтың өмірбаянына қайтадан көз жүгіртіп шықты. Қарап отырсақ, олардың көбінің әкелері жазушылықпен танылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы. Бұрын премьер-министр, сыртқы істер министрі, мемлекеттік хатшы, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 1953 жылы Алматыда туған.

 

Әкесі Кемел Тоқаев (1923-1986) қазақтың белгілі жазушысы болған. 1941-45 жылдардағы соғысқа қатысқан. Жазушылар одағындағы мәлімет бойынша, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты қызметтер атқарған Кемел Тоқаевтың Кеңес чекистері тақырыбына жазған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы.

 

Ерлан Ыдырысов

Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов – ҚР сыртқы істер министрі. Әр жылдары Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы, Швеция, Норвегия және Ирландиядағы (2002-2007 ж.ж.), АҚШ-тағы, Бразилиядағы (2007-2012 ж.ж.) төтенше және өкілетті елшісі болды. 2016 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі. 1959 жылы Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласында туған.

 

Әкесі Әбілфайыз Ыдырысов (1930 ж.т.) – жазушы-журналист, педагог, тарих ғылымының кандидаты. Ол қазіргі журналистиканың аға және орта буыны арасында кеңінен танымал. Өйткені Әбілфайыз аға өзі тәмамдаған ҚазМУ (қазіргі ҚазҰУ) жуналистика факультетінде 30 жылға жуық ұстаздық етті. Ол газет безендіру, полиграфия ісі, мақалаларды өңдеу және редакциялау шеберлігіне байланысты 20-ға тарта әдістемелік құрал мен оқулық жазып шығарды. Ә.Ыдырысовтың қаламынан көптеген ғылыми-зерттеу кітаптары, деректі эссе, хикаяттармен қатар «Айжанның ғашығы» (1965), «Берік» (1994), «Аңсаған менің әнімсің» (2000), «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» (2004) повестері, «Таңшолпан» романы (2005) жарық көрді.

Ерлан Сағадиев

Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев – ҚР білім және ғылым министрі. Көп уақыт бизнеспен айналысқан ол үкіметке 2012 жылы премьер-министрдің кеңесшісі ретінде келген. Одан кейін индустрия және жаңа технология вице-министрі (2014), инвестиция және даму вице-министрі (2014-2015) қызметтерін атқарды. 1966 жылы туған (туған жері көрсетілмеген).

 

Әкесі Кенжеғали Сағадиев (1938 ж.т.) – еліміздің белгілі саяси қайраткері. Парламент Мәжілісінің 3-ші және 4-ші шақырылымдарындағы депутаты болған. Түрлі жоғары оқу орындарын, еліміздің ұлттық Ғылым академиясын (1994-1996) басқарды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Қайрат Келімбетов

Қайрат Нематұлы Келімбетов – белгілі мемлекет қайраткері, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқарушы. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі (2002-2006), Президент әкімшілігінің жетекшісі (2008), экономикалық даму және сауда министрі (2011-2012), премьер-министрдің орынбасары (2012-2013), Ұлттық банк төрағасы (2013-2015) қызметтерін атқарды. 1969 жылы Алматыда туған.

 

Әкесі Немат Келімбетов (1937-2010) – әдебиеттанушы, прозашы, аудармашы. Оның «Үміт үзгім келмейді» кітабына ЮНЕСКО аясын­дағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуро­паның Франц Кафка қоғамының наградасы берілген. Н.Келімбетовтің қазақ әде­биетінің байырғы бастау-бұлақ­тарын зерттеудегі еңбегі де ересен. Бұл тұрғыда «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Ежел­гі түркі поэзиясы жә­не қазақ әдебиетіндегі дәс­түр жал­ғастығы» (1998), «Қазақ әде­биеті бастаулары» (1998), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) сияқты кітаптары бар. Л.Гурунцтың «Шіркін, біздің Шушикент», В.Коза­ченконың «Най­­зағай», С.Ахмадтың «Көк­жиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түн­дер» ро­мандарын тәржіма­лаған.

 

Ардақ Досжан

Ардақ Дүкенбайұлы Досжан – Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының басқарма төрағасы. ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі (2001-2003), ақпарат вице-министрі (2003-2004), мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, мәдениет және ақпарат вице-министрі (2004-2006), Президент әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі (2006-2008), Әділет министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы (2008-2010), Мәдениет министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы (2010-2011) қызметтерін атқарған. 1964 жылы Алматыда туған.

 

Әкесі Дүкенбай Досжан (1942-2013) – қазақтың әйгілі жазушысы. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) шығармалары арқылы «тарихи тақырыптың пионері» (М.Шаханов) аталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы мұрағатына алғаш боп кірген Дүкенбай Досжан нәтижесінде сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) және желтоқсан қырғынының қанды ізімен «Алаң» (1993) дерекнама кітаптарын жазды. Сондай-ақ, «Зауал» (1970), «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984), «Кісі ақысы» (1978), «Мұхтар жолы» (1988), «Абай айнасы» (1994), «Алыптың азабы» (1997) атты кітаптары жарық көрген. Жалпы, Д.Досжан проза саласында өнімді еңбек етіп, 8 роман, 18 повесть, 100-ден астам әңгіме жазды.

 

Бақытжан Сағынтаев

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев – ҚР премьер-министрі.  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (2002-2004), Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы (2004-2007), премьер-министр кеңсесінің басшысы (2007-2008), Павлодар облысының әкімі (2008-2012), экономикалық даму және сауда министрі (2012), «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары (2012-2013), премьер-министрдің бірінші орынбасары - өңірлік даму министрі (2013-2014), премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды (2014-2016). 1963 жылы Жамбыл облысы Талас ауданының Үшарал ауылында туған.

 

Әкесі Әбдір Сағынтаев (1921-1986) Социалистік Еңбек ері болған. Мамандығы – зоотехник агроном. «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытын 30 жылға жуық (1957-1985) басқарған ол өз өңірінде (Жамбыл облысы) аса танымал еді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.

 

Жеңіс Қасымбек

Жеңіс Махмұтұлы Қасымбек – ҚР инвестиция және даму министрі. Көлік және коммуникация министрлігінде түрлі қызмет атқарып, осында министр (2014) дәрежесіне дейін көтерілген. Сосын инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары (2014-2016) болды. 1975 жылы Жамбыл облысындағы Шу қаласында туған.

 

Әкесі Махмұт Қасымбеков – ҚР президенті кеңсесінің басшысы, саясаттанушы. Негізгі мамандығы – экономист. Ол ғылыми ортада танымал. 100-ден астам ғылыми мақала жариялаған М.Қасымбеков – 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір