• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:13:20
Алматы
+35°

 

Журналист, мәдениеттанушы, театр және киносыншысы Әсия Бағдәулетқызының «Жас Өркен» газетінде «Мен «Болашаққа» қалай түстім?» деген мақаласы жарық көріпті. Шетелде білім алуды әлі де армандап жүрген мың қазақтың бар екендігін, алайда ол үшін не істеу қажеттігін білмей жүргендерін ескере отырып пайдалы мағлұматқа толы материалды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

««Болашақпен» оқып келгендердің алды қазір билік тізгінін ұстай бастады. Мəселен, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев 2001 жылы АҚШ-тың Дж.Вашингтон атындағы университетінде бизнес-басқару мамандығының магистратурасын тəмамдаған.

Əділет министрі Марат Бекетаев 2000 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон экономика жəне саяси ғылымдар мектебінде оқыған. Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек 1995 жылдан 2002 жылға дейін Германияда дəріс алған. Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов те «Болашақтың» түлегі. Шымкент қаласының əкімі Ғабидулла Əбдірахымов 1997-99 жылдары Германияда мемлекеттік басқару мамандығын оқыпты. Белгілі боксшы Серік Сəпиев Лондондағы Брюнель университетіне түсіп, спорттық менеджмент мамандығын оқып шықты. «Болашақ» арқылы білім жетілдіріп қайтқандардың арасында білікті ғалымдарымыз да аз емес. Ал асылдың сынығы, банкир Мағжан Əуезов «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің мүшесі екен. Ресми мəлімет бойынша, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша əлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында оқу үшін 12 мыңнан астам қазақстандыққа стипендия тағайындалған. Бұрнағы кезде «Болашаққа» түсу орындалмайтын арман сияқты көрінетін. Өйткені, өңшең бай-бағланның баласы оқиды деп еститінбіз. Ағылшынша еркін көсілуің керек екен. Ауыл мектебінде оқығандар оған дəмеленуді жөнсіз санайтынбыз. Тек соңғы жылдары «біз де тапсырып көрсек қайтеді?» деген ойдың туғаны рас. Өйткені, бірер жыл бұрын Марат Тəжин мемлекеттік хатшы болып тұрғанда, құдай оңдап журналистерді сынап, «бұларды шетелде дайындау керек» деп пəрмен берген. Сөйтіп, аяқ астынан «Болашақта» «мемлекеттік қызмет-кер», «педагогикалық қызметкер», «өнер қызметкері» деген категориялармен бірге «БАҚ редакциясының қызметкері» деген санат ашылды.Демек, журналистерге де жеңілдетілген талаптармен оқуға мүмкіндік туды. Ол қандай жеңілдік? Көптеген шетел университеттері IELTS-тен жиған балыңыз 6,5-7-ден төмен болса, оқуға қабылдамайды. Ал «Болашақ» былтыр – 4, биыл 5 балмен шетелге оқуға түсіре бастады. Түсіргенде, қажетті 1,5-2 балды жинау үшін сенің ағылшыншаңды көтеруді өз мойнына алады.

Мүмкіндіктерімізді сараладық. Еңбек өтілі, диплом көрсеткіші, тағы да басқа талаптарына саймыз. Ұстатпай тұрғаны – IELTS. Бұрын да ағылшын тілін оқығымыз келетін. Не үшін? Мысалы, бүкіл Голливуд аузын ашып тамсанатын Роджер Эберттің мақалаларын оқу үшін. Тоғыз сөзден тұратын сөйлемдегі сегіз сөзді сөздіктен шоқыған соң Эбертке деген қызығушылық əдірем қалды. Курсқа баруға ертеңің бітпейтін еріншексің. Демек, басқа мақсат керек. Канн фестиваліне барып, ағайынды Дарденндермен сұхбаттасамыз дедік. Немесе «Оскардың» тапсырылу рəсімінде Аль Пачино мен Квентин Тарантино, Роберт Де Ниро мен ағайынды Коэндермен пікірлесу. Жақсы мақсат. Бірақ курсқа желкелеп əкетпейді. Өйткені, Калифорнияға  билетің дайын тұрған жоқ.

 

Бірінші аялдама.

УНИВЕРСИТЕТ ТАҢДАУ

Сөйтіп жүргенде «Болашақтың» шəкіртақысы туралы ойландық. Ең алдымен қайда, не оқығың келетінін анықтап алу керек. Шетелдің де шетелі бар. Оқудың да оқуы бар. Бірінші қадам, bolashak.gov.kz сайтынан «Болашақ» ұсынған мамандықтар тізімін шолып шықтық. «Журналистика жəне коммуникациялық менеджмент» графасында қырық шақты мамандық бар. Кез келгенін таңда. Сосын «Болашақтың» «басымдық берген» ЖОО тізіміне кіріп, өзімізді қызықтыратын екі мемлекет, Америка мен Ұлыбританияның университеттер тізіміне көз жүгірттік. Əр университеттің сайтынан, білімімізге сəйкес мамандықтар іздедік. Ақырында екі елдегі оқу жүйесінің айырмашылықтары белгілі бола бастады. Екеуі деқызық, əрине. Бірақ бізге амбициясы көп америкалықтардың ортасынан гөрі мəдениеттің бесігі болған Еуропадағы Тұманды Альбион тартымды көрінді. Қай университетте, қандай департамент, ол департаментте (бізше факультет) кімдер сабақ береді, қандай модульдер (пəндер) ұсынады, қайда орналасқан, мəдени орталықтарға алыс-жақындығы, бəрін саралап шығып, үш-төрт университетті назарға алдық. Бұл да, ағылшыншамыздың ақсап тұрғанын есепке алмағанда, едəуір уақытты, зейінді талап ететін жұмыс.

 

Екінші аялдама. IELTS

Көз алдымызда сол университеттер тұрды, қолыңды созсаң, сондасың. Тек «Болашақ» талабынан өтетін төрт балды алу керек. Осы мақсат үшін ағылшынға шындап кірісу керек болды. Не керек, санадан өшкен ережелерді ояттық. Бұрын басқатырғыш болып көрінетін ағылшын шақтарының логикасын түсіндік. Интермедиатқа жетіп жығылып, «Емтиханды жақсы тапсыру үшін IELTS-ке дайындық курсын оқу керек» деген кеңеске құлақ астық. Репетитор табыла кетіп, емтихан тапсырудың құйтырқылықтарына қанықтық. IELTS деген, расында, бөлек əлем екен. Жақсы тапсыру үшін сол жүйемен таныс болу керек. Мысалы, сөйлесу секциясында неғұрлым еркін, бейресми сөйлеуің керек. Жазба секциясындағы екі эссең академиялық стильде болуға тиіс. Демек «жақсы, жаман, əдемі, көріксіз» емес, «көз тартар көркем, жан түршіктірер сұрқай». Бірінші эсседе жүз елу, екінші эсседе екі жүз елу сөз жазуға тиіссің. Одан кем емес. Артық болмаса өзіңе жақсы. Бірді айтып бірге кету, ойды бастап аяғына жеткізбеу – кешірілмейтін «күнəлар». Кіріспе мен қорытынды, негізгі айтар идеяларың да қысқа-нұсқа, анық, дəлелді-дəйекті болу керек. Жəне мұнда ғаламдық жылыну, білім беру, əлеуметтік қамту, гендік инженерия, өнер, спорт саясаты, ғылыми технология сияқты түрлі тақырыптардың түрлі аспектілерін талдауың сұралуы мүмкін. Сондықтан олардың əрқайсысына деген өз көзқарасың болу керек жəне оны сауатты жеткізе білу маңызды. Оқу секциясында берілетін мəтіндерді шемішкеше шағу үшін академиялық сөздік қорыңыз бен аздаған логика, жылдам оқу қабілетің болмаса тағы болмайды.

Тыңдау секциясында қиналу заңды. Өйткені ағылшындардың сөйлегені біз кітаптан оқығандай емес. Сөздерді біріктіріп, аяғын жұтып, ботқа қылып жібереді, сөздікке қарап жаттаған əп-əдемі сөзіңді танымай қаласың. Ендеше не істеу керек? Тыңдау керек. Əн тыңдаған жақсы, кино көрген жақсы, бірақ National Geographic сияқты арналардың деректі фильмдерін қараған тіпті пайдалырақ. Олар көбіне ғылыми көпшілік тілді, демек, сізге керекті академиялық сөздікті пайдаланады. Олардың бəрін ютубтан табуға болады, субтитрларын да қосуға болады. Бірақ сонымен бірге ororo.com сияқты сайттарда аздаған төлемге жақсы контент таба аласыз. Сосын IELTS бір мен IELTS онға дейінгі тесттердің тапсырмалары да интернетте бар. Оларды тыңдау тіпті пайдалы болады. Бірер апта үзбей тыңдасаң, құлағың ашылады. Бұрын естімеген сөзді еститін боласың, бұрын түсінбеген сөзді түсінетін боласың. Бұл да аз олжа емес. Демек, тіл оқудағы ең басты ереже – жаттығу. Күн сайын. Үзбей. Сонда ғана нəтиже болады. Əйтпесе бір ай оқып, үш жыл ұмытып кететін таныстарымыз көп, одан еш нəтиже жоқ. Екінші ереже. Стимул дұрыс болу керек. Осыған дейін бұйдасын бермей жүрген шетел тілі нақты мақсатпен кіріскенде бір-екі айдың ішінде ырқымызға көне бастады. Демек, көзге көрінетін мақсатты алға қою керек.

 

Не керек, British Council-дың кезекті емтиханына жүрегіміз дүрсілдеп кіріп, тарсылдап шықтық. Бұл емтиханды бірінші рет тапсырған біз, олардың бағалау шкаласынан бейхабар едік. Межелі төрт балл аламын ба, алмаймын ба?.. Абырой болғанда, «Болашақ» талап еткен-нен едəуір жоғары балл алыппыз. Көңілде тойым бар ма, «бұдан жоғарысын алуға тиіс едім» деп өзіңді қамшылайсың.

Бұл «Болашақтың» құжат қабылдау кезеңі аяқталуға бір апта қалған күн. Тездетуге тура келді: дипломдарыңды, еңбек кітапшаңды нотариуспен бекіту, жұмыс орнынан анықтама алу. Ең бастысы, 082 деген формадағы медициналық анық-тама қажет. ВИЧ-ке қан өткізу, психодиспансерден анықтама алу керек.

 

Үшінші аялдама. ҚАЗТЕСТ

Не керек, құжат қабылдайтын соңғы күні барып, кезекке тұрып, абырой болғанда кешке дейін үлгеріп, тапсырып шықтық. Таңғалудың қажеті жоқ, Қазақстанда бəрі өзіміз сияқты, ең соңғы күні жүгіреді. Араға бір ай салып, «Болашақтың» қызметкерлері хабарласады. Қай күні қазақ тілінен емтихан тапсыратыныңды айтады. «Қаз-тестті» тапсыру үшін Астанаға келу міндетті. Бұл, əрине, IELTS емес, одан тілі де, тапсырмасы да жеңілдеу. Бірақ осындай емтиханда қазақ тілінің талап етілуінің өзі мерейіңді тасытады. Жасыратын несі бар, «көрдің бе, қазақ тілін білу керек» дегендей, бір жасап қаласың. Бұл тестің нəтижесі сол күні-ақ кешке шығады, одан өткендер (көпшілігі өтеді) келесі кезеңге – психотестке жіберіледі.

 

Төртінші аялдама.

ПСИХОТЕСТ

Психотест əдетте бірнеше секциядан тұрады. Топ қылып үлкен аудиторияға кіргізеді де, ережелерді түсіндіріп, төрт сағатқа қамайды. Сосын алдыңа алақандай қылып сұрақ кітапшасы мен жауап қағазынжаяды. Ең алдымен «Өтірік айтатын кезіңіз бола ма?», «Кейде өз ойыңыздан өзіңіз шошынатын сəттер бола ма?» деген сияқты психологиялық сұрақтардан бастайды. Басты ереже – өтірік айтпау, демек, ара-тұра өтірік айтып тұратыныңды ашық мойындау. Біртіндеп логикаңызды, интеллектіңізді, кеңістікте ойлауыңызды, математикалық қабілетіңізді, кездейсоқ қатарданзаңдылықтарды табу мүмкіндігіңізді, тағы да басқа жайттарды тексеретін сұрақтар болады. Сосын сіздің табиғатыңыз қай мамандыққа жақын екенін анықтайды. Ізін ала коммуникациялық, көшбасшылық қасиеттеріңізді анықтайтын сұрақтар легі ақтарылады. Тест құрастырушылардың логикасы түсінікті. Олардың ығына жығылып, өзіңізді кез келгенмен тіл табысып кететін экстраверт, кез келген ортаны үйіріп əкететін лидер, шешен адаммын деп көрсетуіңізге болады. Шынайы жауап берсеңіз де еркіңіз. Біз барынша шынайы жауап бердік, кейде ортаны аңсасақ, кейде жалғыз қалып жұмыс істегенді жақсы көреміз, барлық ортада жарқылдап ашық əңгіме айтпаймыз, жұртты түгел аузыма қаратып отырмаймыз дегендей, бар болмысымызды жасырып қалмадық. Мұның бəрі сіздің оқуға қабылдануыңызға соншалықты кері əсер етуі неғайбыл. Бірақ, ең маңызды секция – стресске шыдамдылық. Егер интеллектіңіз жоғары болып тұрып, стресске шыдамайтыныңызды сездіріп қойсаңыз, есік жабылды дей беріңіз. Осының бəрін өлшеп-піскен психотесттен өткендер (тапсырғандардың тоқсан пайызы өтеді) келесі, соңғы конкурсқа жіберіледі. Ол – Ұлттық комиссияның алдындағы емтихан.

 

Бесінші аялдама.

АУЫЗША ЕМТИХАН

«Болашақтың» президенті бастаған оншақты адамнан тұратын комиссия үміткерлерді кезекпен шақырады. Көбіне Конституция, Қазақстан заңдарынан, Қазақстан тарихынан, жаңа заман тарихынан сұрақтар қояды. Тəуекел ханның қай жылдары басқарғанын немесе сот билігі мен заң шығарушы биліктің айырмашылығын ұйқыдан оятып алса да айтып берем деп сенімді болсаңыз, дайындықсыз бара беріңіз. Əйтпесе… өз еліңіздің бүгіні мен өткені жайлы біліміңізді жаңғыртуға тура келеді. Бірақ, ең маңызды мəселе сіздің болашақ оқуыңыз. Таңдауыңыз. Неге магистратура,  неге докторантура (емес)? Неге Ұлыбритания, неге АҚШ (емес)? Неге Стэнфорд университеті, неге Ноттингем (емес)? Неге осы мамандық, неге осы департамент? Онда қандай мұғалімдер, профессорлар сабақ береді, қандай модульдер ұсынады? Олар сізді несімен қызықтырды? Бұл білім сіздің болашағыңызға қалай əсер етеді? Сіздің маман ретінде құныңыз неге артады? Одан Қазақстанға қандай пайда? Осы сұрақтарға нақты жауап болуы керек. Комиссия сіздің жауаптан өзіңізге нақты не керектігін білетініңізді естісе, оң шешім қабылдау ықтималдығы артады. «Болашақтың» стипендиясын жеңіп алу – мемлекеттің ақшасына қыдырып қайту емес, өзіңіздің анық мақсатыңызға жеткізетін жол деп қарау керек.

 

Алтыншы аялдама.

НƏТИЖЕ. КЕПІЛ ҚҰЖАТЫ

 Бірер уақыттан кейін нəтиже шығады. Өзіңізден жылдам достарыңыз сіздің есіміңізді тізімнен («Болашақ» сайтында жарияланады) көріп, сүйінші сұрауы мүмкін. Болмаса «Болашақ» қызметкерлері хабарласады. Сіз стипендиатсыз.

Енді ең қиыны басталады. «Болашақ» бойынша оқыған азамат Қазақстанға қайтып келуге жəне мұнда бес жыл еңбек етуге міндетті. Ал сіздің шетелде қалып қоймауыңызды кепілдеу үшін Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті кепілге қоясыз.  Мүлік сіздікі болуы шарт емес, иесі кез келген Қазақстан азаматы болуы мүмкін, тек рұқсаты болса болғаны. Екіжақты (үміткер өзін өзі ұсынған жағдайда Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ («Болашақ») пен сіздің араңызда) немесе үшжақты (категория бойынша тапсырған жағдайда жұмыс берушіңіз, сіз жəне «Болашақтың» арасында) келісімшарт жасалады. Бəрі: əр əріп, əр үтір тексерілетінін айтудың қажеті жоқ шығар. Бір бума қағаз жинайсыз, отбасыңыз, өзіңіз, үйіңіздің жағдайы, бағасы, тағы да басқа құжаттар рəсімделіп біткенде барып терең тыныстайсыз. Енді сізден оқу ғана талап етіледі. Өзге уайымның бəрін мемлекет өз мойнына алады.

Қырдан қытайлар, жон асып жапондар, ойдан орыстар Еуропаға барып оқиды. Бəрі де өз ақшасына. Немесе əке-шешесінің ақшасына. Мемлекеті төлепті дегенді естігеміз жоқ. Бұл аз десеңіз, соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арнайы квоталар беріп отыр. Шынында да, ақылды саясат. Құрғақ көрсеткіштерді ғана емес, ауылдың, демек ауылдағы қазақтың ертеңін ойлаған көреген саясат. Өйткені «Болашақпен» бірге ауылға білім ғана келмейді, көзқарас келеді. Ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғаларды өсіре алатын потенциал келеді. Бізде патриоттық туралы, қазақты жақсы көру туралы көп айтылады. Айтыла-айтыла жауыр болады, ақырында құрғақ сөзден жүрек айни бастайды. Біздің ой былай дейді: Еліңе жақсылық жасағың келсе, өз ісіңнің маманы бол, өз ісіңде нөмірі бірінші бол, одан артық ештеңенің де керегі жоқ. Ал «Болашақ» бағдарламасы соған септесемін дейді».

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір