• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 21:34:12
Алматы
+35°

«Ratel.kz» сайтында Ермек Тұрсыновтың «Мен Алтынбекті Пиночет, ол мені Чон Ду Хван деп атаушы еді. I Бөлім» деген орыс тіліндегі материал жарық көрген болатын. «Қамшы» порталы Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты жазылған мемуарды (естелікке толы жазба) қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн санады.

Бірге оқыдық, бірге доп қудық

Біз онымен бірге оқыдық. ҚазҰУ-дың журфагінде. Ол – қазақшасында, мен – орысшасында. Бәріміз тек әскери сабақ кезінде ғана жиналатынбыз. Былайша, бөлек оқыдық.

Бесінші жатақхананың қасында шағын стадион болатын. Дәлірек айтқанда, кішкентай алаң. Біз сол жерде бас қосып, теңбіл доп тебетін әдетіміз бар еді.

Алтынбек жақсы ойнайтын. Футболдің ішіне жан-тәнімен кіріп кететін. Тез ойлайтын, шапшаң қимылдайтын. Жалпы, спортқа жақын еді. Тәп-тәуір күресін.

Біз кейде балалыққа салынып күресетінбіз. Оның күші әлдеқайда басым түсетін. Мен болсам, оны таза техникамен ғана құлататынмын. Ол кезде самбо мен дзюдомен шұғылданып жүргенмін. Жаттықтырушым Досмұхамбетов Темірхан Мыңайдарұлы деген кісі.  Секция сол жылдары мықты болатын. Бізбен бірге әлем чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары жаттығатын.

Менен чемпион шықпады. Кандидаттың нормативін орындадым да футболға ауыстым. Чен Андрей Буировичке. ҚазҰУ-да осындай аты аңызға айналған тренер қызмет істейтін. Андрей Буирович  КХДР-дың 1966 жылы Англияда өткен әлем чемпионатында біраз шу шығарған әйгілі құрамасын жасақтаған адам.

Олар топ ішінде итальяндықтардан басым түсіп, ширек финалда португалдарға жолығады.  Бірінші таймда кәрістер 3:0 есебімен алда болатын. Сосын Эйсебио шығып, олардың быт-шығын шығарып, есепті 5:3 қылады. Естуімше, жеңіліске ұшыраған бишара кәрістерді сосын өз мемлекетінде абақтыға жапқан...Жай ғана артқа шегініс жасағаным ғой.

Алтынбек оқ бойы озып тұрды, елден ерекшеленіп тұрды деп айта алмаймын. Білімімен де, құлшынысымен де дараланбады. Бірақ кейінірек 1982 жылы Мәскеудің МГУ-не оқуға түскен көп студенттердің бірі болды. МГУ-дің атағы дүркіреп тұрған шақ. Аталмыш оқу орнына не мықты таныстықпен, не ерекше білім-дарыныңмен түсуге болатын. Басқаша мүмкін емес. Айтпақшы, биография да сәйкес келуі шартты. Кейбіреулер МГУ-де оқу үшін партия қатарына қосылатын.

Әкесінен содан бері хабар жоқ

Біршама уақыттан кейін Мәскеуге арман қуып мен де келдім. Бірақ МГУ-ге емес. Менікі – сценаристер мен режиссерлердің Жоғары курсы. Ол сондай танымал болмаса да тегін жер еместін. Менің ол ЖОО-ға түсуімді кездейсоқтық деп білемін. Жолым болып кетті.

Аспиранттардың және Шверниктің бойындағы тағылымгерлер Үйіне қазақтарды көру үшін жиі баратынмын. Алтынбек жататын бөлме 5-6 адам сиятын үлкен еді. Қасында Адам есімді жігіт жататын. Чадтан ба, Кот-д'Ивуардан ба онысы есімді қалмапты. Кеңестік партаппарат Африка халқымен дос болыңдар деп ақыл айтатын. Соның арқасында «жаңа африкандықтар» яғни Қара континенттегі билеушілердің балалары Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің белді ЖОО-ларында білім алатын.

Адам «жаңа африкандықтардың» бірі болатын. Оған мәскеулік демократиялық өмірдің ұнағаны соншалық, ұрттап қоюды әдетке айналдырады. Төсегінің астына бір бөтелкені үнемі тығып қоятын. Ара-тұра ішіп алып, ән айтатын әуелетіп.

Ақыр аяғында Адамды іздеп ақ халатты киіп алған қабақтары шытулы адамдар келді. Қателеспесем, оларды «Канатчиковая дачадан» (психиатрлық мекемеде-ред.) шақырған. «Жедел жәрдемді» шақыртқан Алтынбек болатын. Себебі ермек ауруға айналып баратын. Адам терезенің ар жағынан шайтандарды көріп, солармен тілдескісі келетін. Бөлме болса жоғары қабатта орналасқан.

Адам кетерінде Мәскеуге әкесі қолшоқпарларын жіберіп, басымызды шауып алатынын айтты. Содан бері Адамнан да, оның әкесінен де хабар жоқ.

Қарын жарылғанша жедік те, сылқия тойып іштік те

Мәскеуде жүріп Алтынбек ғашық болды. Ол армянның қаса сұлу қызы болатын. Қыздың аты есімде жоқ. Бірақ түр-келбеті адам сүйсінерлік болатын.

Басында Алтынбекті келеке ететінмін. Сендер сүйіскенде мұрындарыңды не істейсіңдер деп ішек-сілем қататын.

Алтынбек өзі бойшаң, аздап бүкірейіп жүретіні бар. Ал мұрны үлкен. Көзге қатты түсетін.

Армян қызының мұрны дәстүрлі кавказ мұрын болатын. Бірақ ол оның ажарына ажар қосып тұрғандай, ақсүйекке тән сүйкімділік сыйлайтындай әсер қалдыратын. Алтынбектің мұрны жайлы ерекше ешнәрсе айта алмадым.

Алтынбек ғашығын ертіп алып, махаббат қаласына алып кетеді. Мұндағы махаббат қаласы өзінің туған жері. Ондағы мақсаты қыз бен әкесі-шешесін таныстыру. Өкінішке қарай, махаббат баянды бола алмады. Алтынбектің ата-анасы ұлдарының өзге ұлттың қызын жар етпекші болғанына наразылық танытты.

Алтынбек мұны да басынан өткерді. Жалғыздықтан жабығып жүргенде Салтанатқа жолығады.

Салтанат. Ах, Салтанат! Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Пендесін осыншалықты сүйкімді-сұлу қылған Аллаға сансыз шүкірлік қана айта аламыз.

Бұл жолы Алтынбектің әке-шешесі ұлдарының таңдауын бір ауыздан мақұлдайды. Қуанышы қойнына сыймаған ол Мәскеуде грузин ресторанында мұны дүрілдетіп атап өтуді жөн санайды. Мен күйеу жігіт тарапынан куәгер дейді ме сондай біреу болған сияқтымын.

Дастархан толы тамақ, олар сыймағаны соншалық тамақты үсті-үстіне екі қатар қылып қойдық. Ішімдік жайлы үндемей-ақ қояйын. Қысқасы, қарын жарылғанша жедік те, сылқия тойып іштік те. Соңында есепшот әкелгенде Алтынбектің көзілдірігі буланып кетті. Есеп айырысу үшін қолымдағы алтын сағатыммен қоштасуға мәжбүр болдым. Туған күніме сыйланған сыйлық болатын. Есесіне тойлағанымыз естен кетпестей болды.

Чайковский мен Сәрсенбаев

Көп ұзамай Алтынбек оқуын тәмамдап, Алматыға кетті. Ол жақта ҚазТАГ-қа жұмысқа орналасты деп естігенім бар. Мен болсам әлі инемен құдық қазып жүрдім.

Кейде қоңырау шалысатынбыз. Бір рет Галушкинадағы БМКИ-тың жатағына мені іздеп келгені есімде. Іссапарға кетті ме, әлде басқа шаруасы болды ма, анығын білмедім. Менде тұрақтап, ақшасын үнемдегісі келді.

Көзім оның пиджагына түсті. Классика стиліне жақын. Түсі кинолық режимге жақын (кинодағыдай-ред.). Оны кидім де қыздарға қырыңдауға кеттім. Алтынбек екеуміздің өлшеміміз сәйкес келетін. Иығы кеңірек, бойы ұзынырақ болса да пиджак менің үстімде ілмиіп тұрмады.

Курстар он алтыншы қабатта тұратын. Мен Алтынбекке Чайковский деген лақап аты бар жігіттің қасынан орын тауып бердім. Оның көршісі бір жаққа кетіп қалған болатын. Сондықтан кереует бостын.

Чайковский жайлы бір-екі ауыз сөз айтып кетпесем болмас. Оның шын аты есте де қалмапты.

Жаңағы Чайковский сібірден еді. Онымен қатар бойында «достоевщинка» болатын (өзін-өзі қинап, жанын жегідей жеп өз-өзіне талдау жасау, кез келген адамға сыр ақтаруға құмарту-ред.). Түннің ортасында жетіп келіп, бүкіл жарықты қосып, «Аққулар көлінің» пластинкасын ойнатып қоюы мүмкін еді. Сондықтан да оны Чайковский деп атап кеткен.

Ол шын мәнісінде Чайковскийсіз өмір сүре алмайды ма әлде саясибюро мүшелерінің жерлеу рәсімінің атмосферасы ұнайды ма білмедім. Қиын сұрақ әрі жауабы да сан қилы болуы әбден мүмкін. Біреулер «есуас» деп кесіп айтса, біреулер «ауру» деп жылы жауып қоятын шығар.

Алтынбек енді көзін жұма берген еді, Чайковский келе қалапты. Қыстың күні екеніне қарамастан бүкіл терезелерді ашып тастап (Мәскеудің қытымыр аязына шыдамаған Наполеон соғыстан жеңіліп қалғанын білеміз), жарықты жағып тастаған. Таңертең кіріп келсем Алтынбек қымтанып алған, қолына не түскен, соны жамыла берген. Қалың киімнің арасынан мұрны ғана сопайып көрініп тұр.

- Қалайсың? – деймін.

- Мынау, ептвамат, терезені ашып тастап ұйықтайды екен –деді.

«Өркен-Горизонттағы» Алтынбек

Мәскеуге Олжас Омарұлы (Сүлейменов – ред.) келді. Жалғыз емес, қасында өз адамдары бар. Олжас Омарұлы Қазақстанда ядроға қарсы қоғамдық қозғалыс құрылып жатқанын, мемлекетке еріктілер қажет екенін айтты. Міндетті түрде қатарға қосылуың керек, бұл мәселеге әлем назар салады, тағдырдың тізгінін қолға алатын кез келіп жетті, жалпы сен патриотсың ба әлде тезексің бе тигізіп, тіліп айтты.

Менің «тезек» болғым келген жоқ, әсіресе «сиырдың жапасындай жалпиып кімге қажетің бар?» дегендей. Курсымды тәмамдап Отанымды ядролық қауіптен қорғауға аттандым. Ол жылдары «кина» жоқ-тын. «Қазақфильмнің» аумағында қаңғыма иттер жүгіріп жүретін.

Алтынбек болса, Әшірбек Көпішевтің шақыртуымен «Арай-Заря» журналына ауысты. Айта кететіні, қызық журнал болатын. Журналда кілең дарындылар істеген еді.

«Арайдан» кейін Алтынбек «Өркен-Горизонт» студенттік газетінің бас редакторы болып көтеріледі.

Мен ол кезде ядроға қарсы қозғалыстың органы «Аманат-Избиратель» газетінде жұмыс істеп үлгердім.  Бастапқыда Алтынбекке қолдан келгенше көмектесіп жүрдім. Сосын ол көмекке мұқтаж болмады. Өзі-ақ іліп әкетті.

«Өркеннің» редакциясы қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ғимаратының ішінде орналасқан болатын. Академияға дейін аталмыш корпуста ҚазҰУ-дың журналистика факультеті орналасқантын. Кезінде оқуға түсу үшін емтиханды сол жерге барып тапсырғанбыз.

Алтынбектің газеті көп уақыт өтпей жатып көп тиражбен сатыла бастады, қасықтап емес, шелектеп бедел жинай бастады. Сөйтіп ел ішіндегі ең танымал газеттің біріне айнала жөнелді. Мұның бәрі бір редактордың арқасы деу қиын, себебі ұжымның орасан еңбегін атап өтпесек әбестік болар. Дегенмен редактордың рөлі аса маңызды екенін мойындау қажет.

Алтынбекті жоғары жақтағылар байқай бастады. Ол бүгінгі алматылық әкімият отырған орналасқан ғимараттың ішіндегі алынбас қамалдай көрінетін дәу есіктерге кіре бастады.  Оның аузынан Нұрқаділов, Жолдасбеков, Әбдрахманов деген есімдерді жиі еститін болдым.

Қысқасы, ағалар Алтынбекке қызығушылық танытты. Онысы түсінікті де. Алтынбек өйткені оларға барлық жағынан сәйкес келді: жас, мақсатшыл, мәскеулік дипломы бар, көпшіл, екі тілде де еркін сөйлейді, жалпы түр-әлпеті келіскен сымбатты азамат. Бәрін тез қағып алады. Оның беделіне нұқсан келтіретін ештеңе жоқ болатын.

Біз сирек көрісетін болдық. Алтынбек күйгелек бола бастады. Бос уақыты азайды, нағыз іскер адамға айналды. Содан кейін мен қазаққа өкпем қара қазандай болып, АҚШ-қа ұшып кеттім. 1991 жылдың соңында мормондардың астанасы SLC-тен (Эс-эл-си), тарқатып айтқанда Солт-Лейк-Ситиден бірақ шықтым.

Жалғасы бар.

Аударған: Жазира Байдалы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір