25 Қаңтар, 2017 NEWS
Қазақ театр педагогикасының негізін салушылардың бірі - Рәбиға Қаныбаева дүниеден озды
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаеваның өмірден озғаны хабарланды. Бұл туралы актриса Шынар Жанысбекова хабарлады. Қазақ...
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаеваның өмірден озғаны хабарланды. Бұл туралы актриса Шынар Жанысбекова хабарлады. Қазақ театр педагогикасының қалыптасуы Рәбиға Мұқайқызының есімімен тығыз байланысты.
Р.Қаныбаева 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған жетім қыз интернатта тәрбиеленеді. Жеті жасқа келгенде Алматы қаласындағы музыка-хореграфиялық комбинатының скрипка класына оқуға түседі. Мұны ойдағыдай аяқтаған соң Гоголь атындағы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Онда оның ұстазы В.И.Дьяков болатын.
Өзінің алғырлығы мен талантының арқасында 1949 жылы Алматыға арнайы келген КСРО Халық артисі Н.С.Плотниковтің іріктеуінен өтіп, Мәскеудегі театр өнері институтына (ГИТИС) жол тартады. Оза шапқан он сегіз баланың ішінде Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбеков, М.Байзақова, С.Жорабаева, Т.Ыбыраев, Ш.Бейсембаев тағы басқалар болған еді. Ол онда орыстың атақты театр қайраткері И.М.Раевскийдан, Н.С.Плотниковтан, В.А.Вронскаядан, Н.Ю.Ковшовтан, осы сынды атақты режиссерлер – Кнебль, Попов, Гончаров, Горчаков т.б. тәжірибе ала отырып, Бояджиев, Дживилегов, Асеев тәрізді театр теоретиктерінен теориялық білімін шыңдады.
Болашақ ұстаз Мәскеудегі театр өнері институты қабырғасында оқып жүргенде Лениндік степендияның иегері болды. Алғыр шәкірт 1954 жылы актерлік бөлімді үздік бағамен аяқтаған болатын. Ол студент шағында М.Горькийдің «Егор Булычев және басқалардағы» Меланя, «Тоғышарлардағы» Татьянаны сомдады. Түлектердің аталмыш спектакльдерін КСРО Халық артисі Б.Захова бастаған топ жоғары бағалады.
Үлкен бір маман иесі болып, туған өлкесіне оралған соң М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында бес жылдың көлемінде өнер көрсетіп, көпшілік көрерменнің жылы ықласына бөленеді.
1955 жылы Қ.Жандарбеков пен Ш.Айманов Р.Қаныбаеваға Құрманғазы атындағы консерваторияның ішінен ашылған «Театр» факультетінің «Актер шеберлігі мен режиссура» кафедрасына «Сахна тілі» мен «Актер шеберлігінен» сабақ беруге ұсыныс жасайды. Себебі қазақ театрында теория жүзінде білімі бар мамандар аз еді. Оған актриса болудан бас тарту қиынға соқты. Тіпті бірнеше апта бойы театрға бармай қойдым - дейді ол. Солай бола тұра, қазақ театр өнеріне жаны ашыған орындаушы оқытушы болуға келіседі. Осылайша Р.Қаныбаева ұстаздық жолға біржола бет бұрады. Бала күнінен бастап өнерге етене жақын болып өскенімен, көп жылдық оқып-үйренгені болса да бірден ұстаз болып кету оңай емес. Қазақ жеріндегі алғашқы актер маманын дайындайтын орталық жаңа-жаңа ашылып, әлі толықтай жетілмеген кезі болатын. Бұл жерде қазақтың алғашқы кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов басшылық етіп отырған еді. Жас маман келе салысымен білек түріп бірден жұмысқа кірісіп кетті. Өз мамандығының шебері Р.Қаныбаева 1960-1992 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болып еңбек етеді. Осы жылдар аралығында өнегелі ұстаз С.Оразбаев, А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Е.Обаев, М.Байсеркенов, Ғ.Әбдінәбиева, Д.Тұранқұлова, А.Құлбаев, Н.Жақыпбаев т.б сынды өнер майталмандарын оқытып шығарды. Тек қана қазақ театрына ғана емес екі тілде де жетік сөйлейтін ол: орыс, ұйғыр, корей театрларына да кәсіби актерлер мен режиссерлер дайындады. Мұның өзі оқытушы еңбегінің жемісі деп білеміз. Ол адам бойындағы талантты бірден танып, оны үнемі дамыту керек деп санайды. Р.Қаныбаева студенттері бір қалыптан шыққандай ұқсас емес, әр қайсысы бірін-бірі қайталамайтын жеке тұлғалар болып қанаттанды. Ұстаз әр шәкірттің даралығын дөп басып, өнерге деген айрықша ықыласын оятуға бар күш-жігерін сарқа жұмсайтын.
Еліміздегі жас мәдениет мамандарын даярлаудағы жетістіктері үшін Р.Қаныбаеваға 1968 жылы доценттік, ал 1979 жылы Мәскеу ВАК профессор атағын бекітті. «Сахна сәні - сырлы сөз», «Рождение актера» атты кітаптардың және көптеген ғылыми еңбектерінің авторы ретінде шеберлік класс жүргізеді, дәрістер оқиды. Педагогтар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына басшылық етеді. Радио мен телевидения дикторларына талмай көмек көрсетті. Сонымен бірге, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Ол 1970 жылы қалалық кеңестің депутаты болған. Қазақстанның «Оқу ісінің үздігі» және Республикаға сіңірген «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері.
Р.М.Қаныбаева М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының қабырғасында жүрген уақытында Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысында» Мәрзия, Ә.Тәжібаевтің «Жалғыз ағаш орман емесінде» Анар, Ә.Әбішевтің «Менің әкем кіміндегі?» Лағия, Каххардың «Ауру тістеріндегі» Насиба, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Елизавета Николавна, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Борангүл т.б. рольдерді сәтті шығарған. Оның сахнадағы серіктестері Ш.Айманов, Н.Жантөрин, Р.Қойшыбаева, Қ.Қармысов сияқты өнер жұлдыздары болды. Ол кісі қазақ театрының тарихындағы сахна тарландарымен бірге өнер толғап, көп тәжірибе жинап, олардың айтқан ақылдары мен көмегін осы күнге дейін есіне алатын.
Қазақ театр тарихына сәйкес Ұлы Отан соғысынан кейін театрдың қалпы едәуір көркейгені белгілі. Мәскеу, Ташкент қалаларында театр өнері институттарына қазақтың жас жеткіншектері жіберілген болатын (оның ішінде Р.Қаныбаева бар). Ойдағыдай аяқтаған жас таланттар бәрі дерлік қазақтың академиялық драма театрына қабылданып, әжептәуір жетістікке қол жеткізді. Бұл қазақ театр тарихында 50-60 жылдармен тұспа-тұс. Осы жылдары Мәскеу қаласында қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Онда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» («Ақын трагедиясы» деген атпен көрсетілді), С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» және В.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакльдерін алып барды. Кәсіби деңгейде қойылған бұл спектакльдер терең режиссерлік ой-тұжырымдарымен, шебер сомдалған сахналық бейнелермен театр тарихында ерекше орын алып, осы еліміздегі өзіндік келбеті бар ірі ұжымдардың бірі деп тануына ықпал жасады. Бұл жолы Р.Қаныбаева Мәрзия мен Елизавета Николаевна рольдерімен барып, өзіндік бағасын алған болатын. Және де өзіне тиесілі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Жас актриса Р.Қаныбаева «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасындағы Науан Хазіреттің тірідей көмілген тоқалы Мәрзияның жан айғайын көрсете білген. Орындаушының бойынан өмірге деген құштарлық байқалған, яғни Хазіреттің іс-әрекеті үшін ашу-ызаға булыққан кейіпкердің көңіл-күйін дөп басып, спектакльде өзінің көкейкесті мақсатын дұрыс түсінген. Қойылым барысында актерлік ансамбльден ауытқымай, өз кезегіне келгенде шебер қарым-қатынасқа түсіп отырған.
Өз кезегінде Р.Қаныбаевамен жұмыс істеген режиссер Ә.Мәмбетов онымен жұмыс істеу қиындық тудырмайтынын ескерген. Режиссер оның сахнада мақсатсыз жүрмейтін, әрбір әрекетін ойша пайымдап алатын актриса болғанын атап айтқан. Сонымен қатар өзінің нық әрі нақты, таза шығатын тіл ерекшелігі мен жеңіл қимыл-әрекетті, физикалық қимыл-қозғалысы еркін екенін жазған.
Р.М.Қаныбаева актриса бола жүріп ұстаз да болып үлгерді. Театр әлемінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде танып-біліп, ендігі кезекте студент-актер тәрбиелеп, студенттерімен өзі режиссер ретінде спектакль қоя бастады.
«Болашақ актер мен режиссер дайындауда қате жіберуге болмайды, себебі кейінгі театр осылардың қолында», - деп Р.М.Қаныбаева айтқан болатын. Рабиға Мұқайқызын актриса әрі оқытушы ретінде танимыз, ал режиссерлік қырын көп ешкім біле бермейді, себебі ол үлкен сахналарға қойылым дайындаған емес, дегенмен де студенттерімен көптеген спектакльдер қойған. Қаныбаеваның режиссерлік өнері шәкірттеріне бір мектеп болып табылады. Оның режиссураны қиналмай алып кетуіне ГИТИС-те оқып жүрген уақытында орыстың атақты режиссерлері Попов пен Кнебльдің дәрістері мен дайындықтары себеп болды.
Р.М.Қаныбаева студенттерімен ешқашан жұмыс жасаудан жалықпаған режиссер. Алпыс жылдың көлемінде актер даярлаумен айналысқан өнегелі ұстаздың орны ерекше. Осыншама жыл аралығында театр педагогикасының негізін қалап, талай майталмандарды оқытып, қазақ елінің дамуына өз үлесін қосқан тұлға. Ол оқып-үйрету тәсілдерінде тәжірибесі мол, еңбекқор, бар білгенін жас жеткіншектерге үйретуге ұмтылатын оқытушылардың шебері ретінде есте қалады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір