• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:22:37
Алматы
+35°

27 Қаңтар, 2017 NEWS

«ЕЛБАСЫ АРНАЙЫ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАЙДЫ» ДЕГЕН СЫБЫСТАН СОҢ ГУ-ГУ ӘҢГІМЕ ДАУЫЛДАЙ СОҚТЫ

«Елбасы арнайы үндеу жариялайды» деген сыбыстан кейін-ақ гу-гу әңгіме дауылдай соқты. Ұялы телефонда дамыл жоқ. Нені қоспады дейсің, қаңқу өсекке:...

«Елбасы арнайы үндеу жариялайды» деген сыбыстан кейін-ақ гу-гу әңгіме дауылдай соқты. Ұялы телефонда дамыл жоқ. Нені қоспады дейсің, қаңқу өсекке: «Президент халықпен қоштасып, қызметінен кетеді екен», «Елбасы билікті Дариға НАЗАРБАЕВАға өткізіп бермекші...», «Жоқ, уақытша елді Президенттің сыныптасының баласы Бауыржан БАЙБЕК басқаратын көрінеді...», «Шаршап жүр екен...», «...Ауырып қалыпты...» т.с.с.

Осындай былжырақ-былықтың ортасында біреудің «...очередная утка, приятного аппетита...» дегені жүйкемізді сымша созды...

...Қытымыр қаңтардың сәрсенбісінің кешін тағатсыздана тосқанымыз да жасырын емес. Көңіліміз күпті, жүрегіміз лүпілді еді...

«...Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым...» – деді Елбасы.

Ентігіміз басылып, есімізді жиғандай болдық: ел тыныш, жұрт аман екен... Әрі қарай еліміздің басшысы: «...Еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселе ұсынбақпын. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап береді. Демек, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету керек. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады...» – деді.

«Тағдыр соқтыратын жаһандық және аймақтық сындарға дайын болуымыз керектігі» де түсінікті, дегенмен, әлгі «Парламент сайлауында жеңген партия» Үкімет құрамын толықтай сайлай алмайды, тек «Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ете...» ғана алады ма?.. Көкейдегі тұңғыш сауал осы болды... Қалай болғанда да, Үкіметті таңдап-тағайындау құқы заң шығарушы билік тармағына берілгесін, мұның өзінің жартыкеш шаруаға айналмағаны дұрыс...

Келесі түсініксіз түйткіл: «Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды бекіту өкілеттігін беру ойға қонымды болмақ, себебі, Үкімет жауапкершілікті толықтай өзіне алады. Үкіметке өзін құрылымдауға, оның құрамына кірмейтін орталық атқару органдарын таратуға құқық беруге болады» – деген сөзден соң туындады.
Расында, бұрын мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау Президенттің құзыретінде болса, бұдан былай Үкімет құрылымдары мемлекеттік бағдарламаларды өздері ойлап-тауып, пысықтап-бекітіп, қабылдап-жүзеге асыруға тиіс. Сондықтан, орталық атқарушы органдар Үкіметтің толықтай бағынуына көшеді. Яғни, мемлекеттік бағдарламаларды туындатудан бастап, нақты жүзеге асыруға дейін Үкімет жауапты. Әрине, мұның өзі тиімді секілді көрінгенімен, бұрын да кез келген бағдарлама мен заңның жобасы Үкіметтің асханасында пісіп, шығып жатпайтын ба еді?..

Мемлекет басшысы былай деді: «Ұсынылған бағдарлама үш міндетті орындауға мүмкіндік береді. Біріншіден, саяси жүйенің тұрақтылығының алдағы көптеген жылдық қорын ашады. Екіншіден, Үкімет пен Парламент рөлінің жоғарылауы – осы заманның сындарына тиімді жауап механизмін береді. Үшіншіден, әлемде мемлекеттік құрылымның әмбебап моделі жоқ. Барлығы іздену үстінде...»
Дегенмен, несін жасырамыз, қара қылды қақ жарып, ақиқатын айтсақ: «Мемлекет басшысының билік тармақтарын өз еркімен үлестіруі – әлемдік қауымдастықтың саяси өмірінде сирек кездесетін жағдай, еліміздегі демократиялық процестерді жетілдіріп, мемлекетіміздің дамуына әсер ететін аса тағдырлы кезең» – деген Сенат спикері Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ та, «Президент предлагает казахстанцам уникальное решение государственного устройства и выход на принципиально новый уровень политической культуры» – деп мәлімдеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН де ізденуде ілкімділік көрсете алған жоқ...
Ал, қоғам белсендісі Мұхтар ТАЙЖАН бауырымыздың қазақша-орысша уәжі көңілге қонымды шықты: «...Пессимизм, сенбеушілік басым, президенттің үндеуіне. Дұрыс қой, бұл жылдары неше рет халық алданған болатын. Бірақ... Осы жолы басқаша болады деп сенімдімін. Бізге шынайы саяси реформа керек, көзбояушылық емес. Өз басым, егер мені бұл жұмысшы тобына шақырса, барып Сіздердің пікірлерін жеткізіп отырамын. Парламентке адал сайлау керек. Үкімет – Парламенттің алдында жауап беруі керек. Парламент – Үкіметті бекітуге келісімін беру тиіс. Парламенттің өзі мықты болуы қажет, яғни, жаңа сайлау керек. Ол сайлау тек қана пропорциалдық жүйемен емес, мажоритарлық жүйемен өтуі керек. Сонда ғана парламентте тәуелсіз, халыққа жақын депутаттар отырады. Билік не үшін қажет? Халықтың жағдайын жақсарту үшін... Билік қандай жақсы болса да, анда-санда да ауысуы керек, адал сайлаумен... Логичными были бы следующие шаги: 1. Изменение закона о выборах в однопалатный, но более многочисленный Парламент; 2. Изменение закона о политических партиях, партию можно регистрировать с 20 людьми; 3. Изменение закона об Избирательной комиссии; 4. Проведение новых выборов в Мажилис осенью 2017 года; 5. Судебная реформа, новый закон о судьях; 6. Налоговая реформа, снижение налогов; 7. Амнистия политзаключенных.
...Қазір елдің мәселесі – өзіміздің табандылығымызға тәуелді боп тұр. Парламентке, маслихаттарға, әкімдерді адал сайлауды талап етуіміз керек. Сабыр түбі – сары алтын! Үмітсіз – шайтан ғана!..»

...Жарлық шығып, халықтық талқылауға бір ай уақыт-мұрсат берілді. Елбасы айтып еді: «Конституциялық реформалар жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару туралы шешім қабылдадым» деп. Бірақ, Сенаттың вице-спикері Сергей Гормов: «Речь о референдуме на сегодня не стоит...» – деп соғып қалды.

Егер алыстағы ауыл, қияндағы қазақтың пікірімен санасатын болсақ, біріншіден, міндетті түрде халықтық референдум өтуі керек; екіншіден, бір ай мерзім тым аздық етеді, деп ойламын. Қазіргі таңдауымыз: «Мықты Президент, беделді Парламент, есеп беруге міндетті Үкімет» бағыт-бағдарындағы саяси жүйе болса, еліміздегі күллі саяси күштер, азаматтық қоғам белсенділері, қазақ жерінің барша жұрты жаңа саяси реформаның шынайы ел мүддесіне қызмет етуіне емін-еркін атсалысуы керек.
Сөз жоқ, ел Президентінің өз құзырындағы 30-ға тарта ірі мәселелерден өз ырқымен бас тартып, тіпті, Ішкі істер мен Әділет министрін тағайындауды Парламентке қалдырып, өзі тек Сыртқы істер мен Қорғаныс министрлерін тағайындауды таңдауын – батыл шешім деп есептеуге болады. Дегенмен, Ата заңымыздың 26 бабындағы жекеменшік туралы екі тармаққа айрықша мұқият болуға міндеттіміз. Бұл тармақтардың бұрынғы нұсқасында «елімізде ҚР азаматтары жекеменшікке ие болуға құқылы» болса, жаңа нұсқада «елімізде әркім жекеменшікке ие болуға құқылы» деп жазылған. Демек, біздіңше, «әркім» дегенді толық анықтау керек және республикаға азаматтығын ашық көрсетуге тиіспіз. Өйткені, бұл – өте күрделі де жауапты мәселе.

Меніңше, бұл – ширек ғасыр ішінде қазақ қоғамында түбегейлі өзгерістер жасауға берілген жалғыз және үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті уыстан шығармай, мейлінше тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, әралуан ой-пікірлер айтылып жатыр. Дұрыс. Бәрін тыңдауымыз керек, әрбіріне құлақ асуға тиіспіз. Дегенмен, тым ұсақталып, ұлықты шаруаның берекесін қашырмайық. Үндеу – жақсы, күндеу – жаман...

...Алла Тағала пендесіне шектеулі күш-қуат пен өмір сүру мөлшерін берген. Кез келген адамның шаршап-шалдығатын, босап-болдыратын кезі келеді. Мәселе, тіпті, «Астананың ЭКСПО-сына дейінгі немесе кейінгі» деген кезеңде де емес. Ең дұрысы, елдің амандығы мен бірлігі бекем болуға тиіс.
Сосын, біз «Жұмыс тобы» туралы пікірімізді алдын-ала білдірген болатынбыз: онда жасы сексеннен асқан кемпір-қалаштардың отырғандығын, азаматтық қоғам өкілдерінің, саяси партиялар мен қозғалыстардың (соның ішінде, оппозициялық бағыттағы ұйымдар мен жеке тұлғалардың), ақпарат құралдарының мүлдем жоқтығын айқын айтқанбыз және сол ұстанымымыз өзгерген жоқ.

Өз басым, «Жұмыс тобына» мынадай қоғам белсенділерін енгізуді ұсынамын: Мұхтар ШАХАНОВ, ақын; Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары; Серікболсын ӘБДІЛДИН, қоғам және мемлекет қайраткері; Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері; Марат ТӘЖИН, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары; Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, қоғам қайраткері; Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы т.б.

Қақаған қаңтардың аязына қарамай, Ақорда ауданына ат басын бұрған қоғам белсендісі Мұхтар ТАЙЖАН бауырымыз бұл шаруаға өзінің де бел шеше кірісуге әзір екендігін жазған екен (Жеңіс ҚҰСПАНОВ: «...Возможно, что будут внесены изменения в Закон о выборах и (может хотя бы 50) депутатских мест отдадут мажоритариям, но не с улицы, а под прикрытием партии. Не зря Мұхтар Тайжан переехал в Астану, думаю, он что-то знает...»), несі бар, «ұрыста – тұрыс жоқ», ұлттың тағдырлы болашағына тікелей қатысты мәселенің бір шетін бірге көтерісуден өз басым да қашпайтынымды ашық айтқым келеді...

«Әншейінде – ауыз жаппас, той болса – өлең таппас» демекші, жасанды сыпайығансып, аса жауапты істен ат тонымды ала қашсам, сірә, маған да ұят болады...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
«Қазақ Елі» Халықтық қозғалысының төрағасы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір