• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:03:43
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2017 NEWS

ШҚО БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ СҰМДЫҚТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ

Ескере кетер бір жайт, портал еркін пікір алаңы болғандықтан екінші тараптың да түсіндірмесін жариялауға дайын екендігі.

 "Қамшы" порталы еліміздегі қазақ тілді ақпараттық сайттардың көшбасшы ғана емес,  қарапайым қазақтың жоғын жоқтаушы, мұңын шағушы бірден-бір басылым. Көмек сұрап, "соңғы үмітім сіздер" деп редакция атына жолданған хаттарды портал бетіне жарияламаған кезіміз болған емес. Әр қазақ менің жалғызым деген ұранды ұстанған "Қамшының" қоржынына жанайқайға толы тағы бір хат келіп түсті. Оны да оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Ескере кетер бір жайт, портал еркін пікір алаңы болғандықтан екінші тараптың да түсіндірмесін жариялауға дайын екендігі. 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі – Ерлан  САҒАДИЕВ мырзаға               

 

                                                       Көшірмесі:

  • ҚР  Парламентінің Мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ мырзаға
  • Үржар ауданының прокуроры Ерлан БАДЕНБАЕВ мырзаға                      
  • Бұқаралық ақпарат құралдарына

 

Үржар ауданы, Мақаншы ауылы, Берікболов көшесі,

64 үй, 3-пәтердің тұрғыны Назым ҚАЗИЕВАДАН

(Телефон – 8 72239 41285, ұялы телефон - 8 7751754677)

 

 

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы балалар үйінің директоры Тұрсын ДОМБАЛАНОВ пен оқу ісінің меңгерушісі Гүлсім ЖЫЛҚЫБАЕВАНЫҢ шектен шыққан үстемдігі мен заңсыз әрекеттері туралы

Ш  А  Ғ  Ы  М       Х  А  Т

Мен Қазиева Назым Алдабергенқызы 1 тамыз 2016 жылы Науалы балалар үйіне психолог маманы болып жұмысқа орналастым.

Ертеңінде, 2 тамыз күні таңертең балалармен бірге ауланың ішін сыпырып, гүлдерді суарып жүрген едік. Оқу ісінің меңгерушісі Гүлсім Жылқыбаева келіп, балалардың жұмысын тексерді. Лида деген қызды гүлдерді дұрыс суғармадың деп ұрсып, менің көзімше екі рет ұрып жіберді. Арасына түсіп едім, маған айтпаған сөзі қалмады. Сағат 13-00 де балаларды түскі тамаққа асханаға алып бардым. Сол жерде меңгеруші балалардың көзінше: «Сен кімсің келе сала маған мінез көрсететін» - деп, маған дүрсе қоя берді. Ал Лиданы асханадан қуып шықты. Сол күні ол бала кешке дейін аш жүрді. Директорға барып шағымымызды айтып едік: «Сами разберитесь» деп жауап берді.

Келесі күні тағы да ауланы сыпырып, гүлзарларды суаруға кірістік. Меңгеруші келіп «жұмысты дұрыс істемегенсіңдер» деп тағы да айғайға басты. Егор деген балаға түскі асқа бармайсың деп ескертті. Ол бала да кешегі Лида сияқты кешке дейін аш жүрді. Тағы да баланың арасына түсіп: «Сіз, өзі анасыз ба, әлде жүрегіңіз тас ба...» деп, меңгерушіге наразылығымды білдірдім. Директорға болған жағдайды айттып едім, мені тыңдаудан бас тартты.

Міне осыдан бастап, өз ойымды бүкпесіз, ашық әрі шындықты айтатын әдетім директор мен меңгерушіге ұнамады. Біртіндеп қысым көрсете бастады...

Нәтижесінде, Тұрсын Домбаланов мырза 2017 жылдың 18-қаңтарында ешқандай ескерту, сөгіс бермей мені заңсыз жұмыстан босатты. Бас бухгалтерді шақырып алып: «Мынау бүгіннен бастап бос. Еңбек ақшаларын берме» деп, ауызша бұйрық берді. Ал маған: «Жоғалт көзіңді!» деп кабинетінен қуып шықты.

Бірден шағым айтып, ауыл әкіміне бардым. Сол күні сағат 14-30 да менің шағымым бойынша балалар үйінде жиын болды. Жиынға Үржар ауданы әкімінің орынбасары – Серік Садуақасов, ауыл әкімі – Ұлан Сәрсенбаев, Науалы ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы – Тоқан Тұрсынбаев, балалар үйінің директоры – Тұрсын Домбаланов, оқу ісінің меңгерушісі – Гүльнар Жылқыбаева, бас бухгалтер, кәсіподақ ұйымының төрайымы және мен қатыстым.

Жиында директор: «Мен Назымды жұмыстан босатқан жоқпын. Тек жұмысындағы кемшіліктерін айтып, оны түзетудің жолдарын көрсеттім» деп, айтқан сөзінен бірден бас тартты. Сондай-ақ: «Жұмысын дұрыс атқармайды, сегіз күн жұмыста болған жоқ. 30 жылдан астам осы балалар үйінде директор болып жүргенімде, маған ешкім қарсы сөз айтып көрген жоқ...» (???) деп өзін ақтап, мені қаралауаға тырысып бақты. Мені жамандаудан меңгеруші де қалыс қалған жоқ...

Тоқан Тұрсынбаевтың: «Сегіз күн жұмыста болмаса, осы туралы жасалған актіңіз бар ма? Бұрын ескерту, алды ма?» деген сұрағына, директор: «Жоқ» деп жауап берді.

Сонда Тоқан аға: «Ендеше ешқандай ескертусіз, актсіз жұмыстан шығара алмайсыз» деп, директор мен оқу ісінің меңгерушісіне сын айтып, бірталай келеңсіздіктердің бетін ашты.

 

Балалар үйінде жұмыс істеген 5 ай 18 күнде мынандай  келеңсіз әркеттер мен істерді байқадым:

1. Балалар үйіндегі қалыптасқан моральдық-психологиялық жағдай ешқандай сын көтермейді. Балалар қашан жазалауға ұшыраймын десе, жұмысшылар қашан мені жұмыстан шығарып жібеді деген қорқынышта жүреді.

2. Балалар үйінің директоры бұл мекемені басқарғанына 30 жылдан асты. Жасы 68 ден асқан зейнеткер. Өзіне қарсы келген адамды, ешқандай ескертусіз, сөгіссіз (бұйрық кітапшасында жұмыстан шығарылғандардың басым көпшілігінде, ол адамға жазылған ескерту, сөгіс, акт жоқ екеніне сенімдімін) бірден жұмыстан шығарып жібереді. Тек бір жылдың ішінде ғана директор мен оқу ісінің меңгерушісінің қысымына шыдамай кетуге мәжбүр болған, немесе еш заңсыз жұмыстан шығарылғандардың саны 7 адам болды.  Осы мысалдан-ақ білуге болады, директордың 30 жылда қанша адамды жұмыстан шығарғанын. Жақында ғана оқу ісінің меңгерушісін жұмыстан қуып жіберіп 4 күннен соң қайта шақырып алды. Меңгерушінің жұмыс істемеген күніне жалақыны қалай төлегені белгісіз. Мінезі дөрекі, өзінің айтқанын ғана жөн деп есептейді. Басқаның пікірін тыңдамайды. Кейде өзінің қызындай тәрбиешілерге «Апа... т.б.» деп намысына тиетін сөздер айтады. Жұмысшылар мен тәрбиешілерге заңда көрсетілген 8 сағаттан артық жұмыс істеуге ұдайы мәжбүрлейді (Керек деп тапса тіпті мейрам кезінде де жұмыс істетеді). Бұл адамға   қарсы сөз айтуға болмайды. Қарсы келсең болды, жұмыстан шығасың. Директордың артынан моральдық-этикалық жағынан да ерген сөздер жетерлік (ашынасы бар)... Осындай адам басқаларға қалай үлгі болмақ???  Айта берсем келеңсіз жағдайлар көптеп кездеседі...

Ұжым мүшелерінің айтысына қарағанда, балалар үйіне тәрбиешілер мен   жұмысшылардың арызы бойынша талай тексеру келген көрінеді. Алайда ешқандай нәтиже шықпапты.   Директордың тұғыры берік, қолдаушысы мықты. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын адам екен.

3. Оқу ісінің меңгерушісінің де мінезі дөрекі. Мәдениеттен жұрдай. Тек айқайлап адамның намысна тиюді ғана біледі. Балаларға қол көтереді. 

4. Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің адамгершілік құқықтары жиі аяққа тапталып жатады. Оның тек екі ғана мысалын жоғарыда көрсеттім.

Сондай-ақ, денсаулығында кінараты бар балаларға, ақша жетіспейді деген сылтаумен толыққанды дәрігерлік емдеу шаралары қолданылмайды.

Мысалы: а) Төсекке кіші дәретке отырып қоятын 10 балаға жағдай жасалмаған. Оларды  түнде сағат 00-55 те және 02-55 те оятып далаға 120-150 метрдей жердегі дәретханаға алып барады. Ұйқысы қанбаған бала күндіз дел-сал жүреді, ашушаң келеді.     

ә) Көзінің ақауы бар Лида деген кыз бала директорға барып, көзін қалаға апарып емдетуді өтінген екен. Директор оған жауап та, көмек те бермеген. Семей қаласына балалар үйінің атынан іс сапарға барғанымда, офтальмолог дәрігерден консультация алдым. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін тегін емдейді екен. Бастыққа көзді емдеу тегін дегеннен кейін ғана бұл жағдай оң шешілді. (Маған осы үшін рахметін айтып жазбаша берген рахметінің көшірмесі қосымшада тіркелген) Не деген тас жүрек адамдар еді.

б)  4 - сыныпта оқитын, Карина деген маймақ басатын қыз баланы түрлі жаттығулар жасатып емдеудің орнына, меңгеруші маймақ басқаны үшін кешкі аста баланы бұрышқа тік тұрғызып, жерге қарамауын қадағалап, «емдеудің жаңа әдісін тауыпты». Бұл нағыз қорлау ғой.

5. Директор мен оқу ісінің меңгерушісі балалар үйінде тұрады. Тамақты асханадан балалардың үлесінен бөліп ішеді.

6. Ұстаздар күні тәрбиешілер мен жұмысшылардың бәріне сыйақы берілді. Тек маған берілмеді. Себебі менің шындықты айтатыным оларға жақпады.

7. Айлық жалақымды карточка арқылы аламын. Алғашқы екі айда 60 мың, ал кейінгі айларда 63 мың теңге мөлшерінде жалақы алдым. Ал маған тиесілі жалақы 67 826,70  теңге екен. Мұны мен кейін ғана білдім. Қалған ақша қайда кетті??? Басқалары ды осылай алатын шығар деп ойлаймын. (Айлық жалақым туралы анықтаманың көшірмесі қосымшада тіркелген)

8. Балалар үйінің директоры Тұрсын Домбаланов пен оқу ісінің меңгерушісі Гүлнар Жылқыбаеваның істеген әрекеттеріне қарап, бұлардың психикасы ауытқуға ұшыраған ба деп еріксіз ойға қаласың. Мысалы, «жұлдыз ауруы». Оның үстіне құлағы да жөнді естімейді (Өзінің айтуы).

 

Олай деп ойлауға, директордың: «30 жылдан астам осы балалар үйінде директор болып жүргенімде, маған ешкім қарсы сөз айтып көрген жоқ» - деген сөзі әрі кез келген адамды еш себепсіз, заңсыз жұмыста шығарып жіберетін әрекеті дәлел бола алады. Біркелкі ойлайтын жерде ешқандай даму болмайтыны баршаға ақиқат емес пе?

Оқу ісі меңгерушісінің де әрекеті басшысының қылығына ұқсас. Сонымен қатар, ешқандай дәлелсіз мені, аудан әкімінің орынбасары қатысқан жиында: «Жеңіл жүрісті әйел» - деп, айып тақты. Бұл айтқан сөзі үшін, меңгеруші сот алдында жауап беретін болады.

Жоғарыда аталған келеңсіз жағдайларға байланысты, тексеруге пәрмен беріп, балалар үйінің ұжымына жағдай жасауыңызды сұраймын. Қашанға дейін ұжымды қинауға болады?

Осы жазған ШАҒЫМ ХАТҚА қосарым:

1. Балалардың зәбір көргені туралы жазбаша түсініктемесі.

2. Балалардың зәбір көргендігі туралы, үнтаспаға жазылған түсініктемесі.  

3. Осыдан алты жыл бұрын жазылған Шағым хаттың көшірмесі. (Қаржы полициясы бұл арызды бір ай тексеріп, «ешқандай заң бұзушылық таппай» кеткен екен).

 

 

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір