• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

11 Мамыр, 06:59:17
+35°

01 Ақпан, 2017 NEWS

Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев өзінің facebook әлеуметтік парақшасында Димашты сынаған Мұртаза Бұлұтайға жауап қайтарды:

«Бұлытай Димашты меңзеп: "Қазақты əлемге таныту дегенді қалай түсінеміз осы?! Қыздарымыз шетінен сұлу, ұлдарымыз шетінен жіңішке дауыспен керемет əн айтады деп пе?!? Бұл қате пікір. Біз қазақты білімділігімізбен, өнімділігімізбен, еңбекшілдігімізбен, жоғары технологиялық өнімдерімізбен, зияткерлік әлеуетімізбен ғана шынайы таныта аламыз» — депті.
Бұлытай мырза, сонда, сіздің ойыңызша, музыка, өнер, еңбек емес екен ғой? Бұл сала зияткерлікке де жатпайтын шығар? Жеті жыл музыка мектебінде, одан соң төрт жыл колледжде, бес жыл жоғары оқу орнында оқып, күні – түні аспаптың жанында даярланып, өзін-өзі шыңдап, ел атынан өнер көрсету үшін тер төгу — сіздің ойыңызша еріккеннің ермегі екен ғой?
Музыканың қыр-сырын меңгеріп, мемлекеттің атынан шет жерде сынға түсу үшін қаншама оқып, тіл үйреніп, репертуар даярлап, қиын партияларды жаттап, іздену де, сіздіңше, білімділікке жатпайды екен ғой? 
«Қазақтың ұлдары мен қыздары қандай келбетті, талантты!» - деп басқа елдер сүйінсе, неге шымбайыңызға батады? Әлде сізге қазақты ұсқынсыз етіп көрсеткен ұнай ма? Оның астарында не бар?
Әншіге пікір айту үшін ең болмаса вокал жөніндегі ең қарапайым ұғымдардан хабардар болу керек. Димаш сіз айтқандай «жіңішке дауысты әнші» емес, «төменгі регистрде де, колоратуралық сопранолар ғана айта алатын жоғары ноталарды да еркін шырқай алатын, дауыс диапазоны өте кең, сирек кездесетін әнші» - деп Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Түркия және Қытайдың ең беделді музыка мамандары баға берген өнерпаз. Мұны бәрі – табиғи жаратылыспен қоса сіз өнер адамдарына бұйыртқыңыз келмей отырған тынымсыз еңбектің нәтижесі! 
«...бұл байқауға Димаштың қатысуы – қытайлардың саясаты» - депсіз. Қазіргі заманда адамзат жабық қоғамда өмір сүре ала ма? Әлемде көптеген спорттық жарыстар, олимпиадалар, өнер додалары, музыкалық фестивальдер, конкурстар т.б. көптеп өткізіліп жатады. Негізгі мақсаты – елді таныту. Қазақстанның атынан талай азаматтарымыз көптеген шараларға қатысып жатады, соның бәрінен саясат іздейміз бе? Әр саланың мамандары мүмкіндігінше еліміздің әлеуетін көтеріп, мемлекетімізді жақсы қырынан танытуға талпынса несі айып? Қаншама жігіттеріміз бен қыздарымыз халықаралық деңгейде жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделермен оралып жатыр, солардың барлығының жеңісінен жымысқы саясаттың астарын іздейміз бе?
Димаш бұл сайысқа біздің жеке қалауымызбен (!) Қытай тарапына ұсыныс түсіргеннен кейін бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, кәсіби шеберлігін толық дәлелдегеннен кейін ғана қатысуға жолдама алды. 
Бұл дода, сіз ойлағандай, қазақты алдаусырату үшін ойластырылған жоба емес, бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан, Еуропа мен Азияның түрлі елдерінің ең танымал, кәсіби әншілері ғана қатыса алатын телевизиялық конкурс. 
"Асықпаңыз, əлі бұл дода 4-5 айға ұласатын шығар, сол кезде жартылай қытай немесе қытайсүйгіш болып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалатын шығармыз. Осы күннің өзінде "шэшэ, шэшэ" деп пост жазып жатқандар бар, бірнеше аптадан соң "нихао" деп кетеді", — дейсіз.
Осыған дейін Димаш Қазақстанның атынан славян мемлекеттерінде өнер көрсетіп, танымал болған еді. Алла бұйыртса, Еуропа, Америкадағы сындарға да барар. Онда да Димаштың қатысуын сол елдердің саясатымен байланыстырамыз ба? Ал қазіргі кейбір қазақтың ана тілін білмей, көрші мемлекеттің тілінде сөйлейтіндігі үшін кейбір адамдардың ұлт мүддесін қолдан беріп жүргендігі үшін, отаншыл еместігі үшін Димаштың қандай кінәсі бар?!?
Марқұм нағашы әжем «Өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа» деп отырушы еді. Әрине, шетелдің ықпалынан сақтанған дұрыс. Ол үшін әрқайсымыз өз отбасымызды мықты ұстауымыз керек. Ата-анадан дұрыс тәрбие көрген ұл-қыз көрінгеннің жетегінде кетпейді. Соған күш салайық! Өнерге, білімге, жаңа технологияны игеруге үйретейік. Ата-бабамыздың рухын, ұлтшылдықты бойына сіңірейік. «Сенің әрбір жеңісің — қазақтың жеңісі» дейік. Сонда бізге ешкім де ықпал ете ала алмайды. 
Ал енді біріміз шыңға өрмелеп бара жатқанда екіншіміз оның балағына жармасып жатсақ, ел мүддесі туралы әңгіме айтудың өзі артық...»

Бірер минут бұрын Мұртаза Бұлұтай мені дұрыс түсінбедіңіздер деп facebook парақшасында ақталғандай болды. «Біраз адамдар мені дұрыс түсінбей жатыр, жас əншінің талантының ашылғанын көре алмай жатыр дейді, əсте олай емес, біріншіден мен əнші емеспін, бақталастығым жоқ, қазақтың əр баласының бағы жансын деп тілеймін. Ал екіншіден, өзім ғылыммен айналысып жүргендіктен, əсіресе саясаттану, мəдениеттану, əлеуметтану, дінтану зерттеу тақырыптарым болған соң, халықаралық саясат пен экономиканы күнделікті қадағалап тұрған соң аналитика өздігінен шығып жатыр, менікі естен танбайық, шалқадан құламайық деген бір селт етер ғой...» дейді Мұртаза мырза.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Мұртаза Бұлұтай өзінің facebook парақшасында Димаш Құдайбергенді былай деп сынаған болатын:

«Осы бір тележобаны қоғамдық лихорадкаға айналдырмау керек, осы жоба арқылы енетін мәдени, саяси ықпалдарға сақтық танытқан жөн, рационалды ойлап, рационалды баға бергеніміз дұрыс болар. Сонсоң, бұл жобада жеке тұлғалар жарысып жатыр, ұлттар не мемлекеттер емес, сондықтан қытайларды жеңдік, қытайларды қорқыттық, бүкіл қытай мойындады тб деген сияқты даңғаза ұрандардан аулақ болайық...

Сен де айтады екенсің! Ол жоба мен бұл жоба бір ме?! Əміре атамызды сол залда отырған адамдар ғана естіді, қанша адам дейсің? Ол кезде интернет жоқ, қазіргідей смс арқылы дауыс жинау жоқ қой. Қазір бұл шоу-бизнес деп аталады, бизнестің жеке саласына айналған, əлем бойынша барлық елдерде осындай тележобалар жүріп жатыр. Əміре атамыздың Парижге барып, домбырамен бір-екі əн айтуын мына тележобаға теңегенің күлкілі екен. Жалпы біз осы қуануымызды, ашулануымызды, жақсы не жек көруімізді, адамдарды мақтауымызды не даттауымызды салқынқандылықпен, ақылға салып, байсалдылықпен жасай алмайтын халықпыз. "Бүкіл əлемді мойындаттық!", "Бүкіл Қытай мойындады", "Аспан асты елі тамсанды!", "Қытайды қорқыттық!", "Қытайларды жеңдік!", əмбесіне осының бəрі қандай бір өнеркəсіп, өндіріс, технология, экономикалық қуат жағынан айтылып жатқан жоқ, болғаны бір əншінің бір тележобада озып шыққаны немесе хоккей командамыздың оларды жеңуі сияқты уақытша нəрселер ғана...»

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір