• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 19:08:02
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2017 NEWS

ШҚО БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ СҰМДЫҚТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ (ЖАЛҒАСЫ)

"Қамшы" порталы еліміздегі қазақ тілді ақпараттық сайттардың көшбасшы ғана емес, қарапайым қазақтың жоғын жоқтаушы, мұңын шағушы бірден-бір басылым....

"Қамшы" порталы еліміздегі қазақ тілді ақпараттық сайттардың көшбасшы ғана емес, қарапайым қазақтың жоғын жоқтаушы, мұңын шағушы бірден-бір басылым. Көмек сұрап, "соңғы үмітім сіздер" деп редакция атына жолданған хаттарды портал бетіне жарияламаған кезіміз болған емес. Әр қазақ менің жалғызым деген ұранды ұстанған "Қамшының" қоржынына жанайқайға толы тағы бір хат келіп түскен болатын. Оны да оқырман назарына «ШҚО балалар үйіндегі сұмдықтың беті ашылды» ретінде ұсынған едік. Хатты жолдаушы Назым Қазиева хаттың жалғасы, қажетті дәлел-дәйек ретінде мына бір материалды жіберіп отыр. Ескере кетер бір жайт, портал еркін пікір алаңы болып есептелінеді. Екінші тараптың да түсіндірмесін жариялауға әркез дайынбыз.

"Құрметті  редакция! Менің жазған хатымды итернет бетінде жариялағандарыңызға ризамын! Алғысым шексіз! Өткенде Сіздерге аталған хатты жібергенде «Осыдан алты жыл бұрын жазылған Шағым хаттың көшірмесі» бұл хатқа кірмей қалыпты. Сол кемшілігімді түзетіп тағы да хат жазып отырмын.  

Бұл Шағым хатты тексеру нәтижесінің қысқаша тарихы мынандай:

 «Шағым хатты балалар үйінің 3 тәрбиешісі жазыпты. Бірақ, олар: «Хатқа  қол қойсақ жұмыстан шығарып жәбереді» - деп қол қоюдан бас тартыпты. Десе де полиция бастығы арыз жазушыларға ешкім сендерді жұмыстан шығара алмайды деп кепілдік берген екен.

 Алайда шағым жасаушылар екі-үш айдан соң бәрі де жұмыстан шығып қалады. (???)

 Қаржы полициясының бастығы бұл Шағым хатқа қол қойылмаса да, тексеріс жүргізген екен. Бірақ «заң бұзушылық анықталмады» деген шешім шығарған. (???)

18 қаңтарда осы Шағым хат туралы сөз болды. Сонда директор: «Қаржы полициясы келді, тексерді бір ай жүріп әбден мазамды алды. Қымбат арақ-шарап, коньяк т.б. жылы - жұмсағымды беріп әзер құтылдым» деп, тіпті бір ерлік жасағандай кеудесін қағып, өз сөзінен ұсталып қалды. Яғни өзінің заңсыз әрекеттерін мойындады деген сөз».

«Үржар  ауданы  бойынша  ҚПБ-нің   бастығы қаржы полиция подполковнигі С.Нарбиновқа

Үржар ауданы, Науалы балалар үйінің қызметкерлерінен Шағым  хат

  Балалар  үйінің  қызметкерлерінің шағым беру себебі: жұмыс уақытының дұрыс сақталмауы. Қызметкерлер жұмыс уақытынан тыс артық жұмыс істейді. Осы артық істелген жұмыстың жалақысы төленбейді, сұрасаң дұрыс жауап ала алмайсың.

 Сонымен қатар күндерімізді кесіп тастайды. Бүкіл жұмысшылар карталық жүйеге ауысқысы келеді, бірақ директор рұқсат бермей отыр. Өйткені кәсіподақ жарнасын төлетеді. Ол ақшаның қайда, қандай себептерге жұмсалып жатқаны белгісіз.

Қосымша үйірме жұмыстарына директордың шығарған бұйрығы бар, бірақ үйірме жетекшілері арнайы мамандық бойынша емес тәрбиешілер қатарынан алынған.Үйірме жұмыстары көп ізденісті талап етеді,тәрбиешілер бұл жұмыстарды қолынан келгенше істеуге тырысады, бірақ дұрыс істеген жоқсың  немесе табельге қосуды ұмытып кетіппін деген сылтаумен ақшасын төлемейді. 

Әр жұмысшы өзіне тиесілі айлық мөлшерін білмейді. Бөліп аванс ретінде береді, сондай-ақ алдыңғы айларда көп алдың деп қарыз қылып қояды. Кейбір адамдар штатта жоқ, бірақ осында жұмыс істеп айлығын бізбен бірдей алады. Штатта жоқ адамдарға айлықты қалай төлейді? Біздің ойымызша екі ведомості бар, өйткені біз ведомостке қол қоймаймыз, бізге оны көрсетпейді.

Мереке күндері 10 сағаттан артық жұмыс істейміз, бірақ мереке күндерінің ақысы қойылмайды. Заң бойынша өзімізге тиісті жылдық демалысымызды бермейді. Берсе де 56 күннен 7-10 күн ғана демалыс береді. Біздің келісімімізді сұрамай 1 маусымнан бастап барлық қызметкерлерді бұйрық бойынша автоматты түрде өздері шығарып салған. Ақысын төлейміз деп  1,5 ай жұмыс істетіп соңында бюджетте ақша жоқ деп төлемейтіндігін айтты.

Қанша прокуратурадан немесе облыстан тексеріс келсе де ешқандай кемшілік таппайды. Қызметкерлер барып шағымданайын десе директордан қорқады. Өйткені әрқайсысы тауып отырған нанынан айрылғысы келмейді.

Сауықтыруға берілетін ақыны да толық алмаймыз. Бұл ақының мөлшері 1 айлық жалақымен тең, бізге соның 50% беріледі. Балалар үйінің қарамағында сауықтыру саяжайы бар. Осы саяжайға 22 күнге, кейбіреулерін үш айға жібереді. Бұл жерде 24 сағат бойы жұмыс істейміз, сондағы төленетіні 5 сағаттық жұмыс уақыты. Негізі саяжайға барған қызметкерлер екі есе артық айлық алуы тиіс. Сонда бұл адамдардың еңбек ақысы қайда жұмсалады. Жанұя жағдайына қарамай жұмысшыларды мәжбүрлейді.

Саяжай ауласынан шықсаң жазалап, тағы 1 ай қосып береді. Мұнда жатқан қызметкерлерді дұрыс тамақтандырмайды. Балалардың нормасынан үнемдеп береді. Бұл туралы айтсаң өздері сатып жесін дейді. Сонда біз 5 сағаттық айлығымызға тамақ алып жетім балаларға қызмет көрсетеміз бе, әлде жанұямызды асыраймыз ба?

 Балалардың алдында директор да, оқу ісінің меңгерушісі де қызметкерлерді  балағаттап, кемсітеді. Қарсы шыққан адамды қысқартып, жұмыстан шығарып тастайды Балаларға да аузына келгенін айтып, балағаттайды.

Жақында бір балаға темір жондыртып,ол баланың көзіне темірдің ұшқыны кіріп кетіп көзі көрмей қалды. Қазір ол бала Семей қаласында ауруханада жатыр. Көзінің көру, көрмеуі екі талай.

 Балаларды жазғы демалыс кезінде егістікке жұмысқа жібереді. Ал, екі ұл бала директордың жеке меншік малын бағып, мектепке бармайды. Бұл малдардың дәрігері балалар үйінің есепшісінің жолдасы болғандықтан тәрбиешілер қатарына кіріп, солармен бірдей жалақы алады.

Комиссия келерде немесе безендіру жұмыстарын жүргізгенде таңның атысынан түннің ортасына дейін балалар үйінің жұмысын істейміз.Бітірмей қайтармайды. Директор мен оқу ісінің меңгерушісі осы жерде тұрып, балалар үйінің есебінен тамақтанады. Сонымен қоймай айына бір рет директор Семейдегі жанұясына, балаларға тиісті тамақтан апарып береді.

  Балалар үйінде өтетін іс-шараларға қажетті құралдарды тәрбиешілер өз қалтасынан шығарады. Жаңа жылдық шырша тойына (президент, облыс және аудандық шырша) қызметкерлерді балаларға киім сатып алып беруге мәжбүрлейді. Бір киімнің құны 7-8 мың тұрады. Мұндай киімді біз баламызға да алмаймыз. Мемлекет тарапынан жетім балалардың киіміне ақша бөлінбей ме?

 Осы шағым хатымызды оқып, толығымен қарастыруларыңызды сұраймыз. Алдын-ала алғысымыз-ды білдіреміз!

21 шілде 2011 жыл. Үржар ауданы, Науалы ауылы. Балалар үйінің қызметкерлері»

1 ақпан 2017 жыл

Назым Қазиева, Науалы балалар үйінің психологі

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір