• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:27:58
Алматы
+35°

16 Ақпан, 2017 NEWS

МУЛЬТФИЛЬМНІҢ КЕЗ КЕЛГЕН КИНОҒА ҚАРАҒАНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ӘСЕРІНІҢ БАСЫМЫРАҚ БОЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

    Бүгінгі күні мультфильм тек балалар аудиториясына ғана арналып қоймай, жасөспірімдер мен ересектер талғамына айналып отыр. Оның бірден-бір себебі...

    Бүгінгі күні мультфильм тек балалар аудиториясына ғана арналып қоймай, жасөспірімдер мен ересектер талғамына айналып отыр. Оның бірден-бір себебі, мультфильмдердің образдылығы мен көрермен ықыласын иеленіп отыруында.

   Англияда кинотеатрды ең алғашында «Биоскоп» деп атаған. Гректің “биос”- өмір салты немесе өмір сүру қалпы деген сөзінен шыққан. Себебі визуалды түрде қозғалатын шынайы қалыптарды сипаттаған. Киноның дүниеге келуі алғаш рет ат тұяғының қимылын суретке түсіру кезінде дүниеге келген екен. Кез-келген кинорежиссердің мақсаты -көрермен мен  шындық әлемінен өзге әлемге, яғни өздерінің қиял әлеміне ендіру. Ал осы орайда аудиторияның сол әлемге кіріп кететіні соншалық,  барлық дүниені ешқандай сынсыз қабылдайды. Мультфильмдермен де солай. Ашық, түрлі-түсті бояулар, сан қилы образды кейіпкерлер мен ғажайып әлем-барлығы да көрерменге әсер етеді.

    Мультфильмнің кез-келген киноға қарағанда психологиялық әсері басымырақ. Себебі, мұнда қиялға шек жоқ. Режиссер өз ойындағысын түгел, еш кедергісіз, күмәнсіз көрсете алады. Мұнда іс-қимылды, сөзді, ойды дұрыс жеткізе алмай қалатын актер де, оның дублері де жоқ. Яғни, бұл жағынан тек анимация, компьютерлік графикаға арқа сүйеу маңыздырақ. Кинода режиссер белгілі бір дәрежеде өзін шектейді. Себебі шексіз фантазия, қиялға бой алдыру мағынасы екі ұшты  фильмдердің пайда болуына әкеледі. Ал мультфильм режиссері тұрғысында бұл аса проблематикалық дүние емес. Осыдан да болар көрермен  мультфильмге қарағанда киноға қаттырақ сынмен қарайды.

Жалпы алғанда қазіргі даму диапазоны кең заманауи нарықтық қатынастар заманында мультфильмге де, фильмге де сыни көзқараспен қараған абзал. Көрермен кез келген дүниені критикалық ойлау арқылы қабылдауы қажет. Келіп түскен ақпараттар легін саралап, сараптаудан өткізу керек.

Бүгінгі проблеманың мәні де сонда. Көрермендердегі критикалық ойлау қабілеттің жоқтығы. Анимация, эффектілерге тамсанып, мазмұнына да аса бой алдырмай көре беру.

Мульфильмнің ең алғаш шығудағы мақсаты -  көрерменді белгілі бір эстетикалық мәдениет пен тәрбиемен сусындату болатын. Басты аудитория –балалар мен жасөспірімдер.  Кез келген жас бүлдіршін мультфильмді сүйсініп, қызығып көреді, тіпті мағынасын түсінбесе де, әдемі, ерекше бояулар мен суреттер үшін көреді. Мультфильм өзінің бастапқы бағыты мен міндетінен алыстап бара жатқан секілді. Себебі замануи мультфильмерде тәрбиелік мәннің көрінісі сиреп барады. Әрине, бұл деген сөз мағынасыз мульфильмдер бұрын соңды болмаған деген сөз емес. Еске түсірер болсақ, осыдан он-жиырма шақты жыл бұрын «хит» мульт сериалға айналған қазірде аудитория арасында атағы кең таралған «Симсондар», одан кейінгі шектен тыс мағынасыздығы мен мазахисттік көзқарастағы екінші орында тұрған «Южный Парк» мультсериалын атап айтсақ болады. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Аталған мультсериалдарды мағынасыз деп атау да қиын, шығрушы-авторлардың айтынша  мұнда қоғамдағы проблемалар садисттік позицияда көрсетілген. Десек те, сыншылар мен қарапайым көрермендердің көзқарастары бұл туындыны тек мазақ пен арсыздыққа негізделген екенін айтып, мулть индустрия саласындағы «ең нашар» туындылар тізімінің алдыңғы қатарынан орын беріп отыр.

   Кешегі өзіміз сүйіп көретін, соншалықты көзге ыстық «Том мен Джерри»-ді алайық. Уильям Ханна мен Джозеф Барбера негізін қалаған бұл мульт туындысы талай бүлдіршіндер, жасөспірімдер тіпті ересектердің сүйіктілеріне айналып үлгерді. Алайда, мұқият зер салып қарайтын болсақ,  үлкен мағына, тәрбиені бұл мультфильмнен таба қоймаспыз. Мағынасыз, ешуақытта бітпейтін қуғын және еш нәтижесіз, дамусыз негізге құрылған мультфильмнің нені мораль етіп ұстанғаны белгісіз.

   Жыл сайын мультфильмдер қатары екі-үш есе толығып отырады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын шыққан мультфильм сюжеттері қазіргі аудиторияға банальді, қызықсыз болып көрінгенімен, шын мәнінде мағынасы мен тәрбиелік мәні бағытында салыстырар болсақ, едәуір дәрежелерінің биік екенін аңғаруға болады.

Мәселен, 2004 жылғы «Подводная братва» мультфильмі жас балаларға қарағана жас өспірімерге түсініктірек болатын туынды. Дегенмен, бұл мультфильмнің берері көп. Негізгі мораль: дәрежеге, лауазымға жету үшін биікке шығуға, атаққа, байлыққа ұмтылу қажет емес. Көп нәрсеге бірден жетуді қалап, өмірдегі ең маңызды және қымбат нәрсені жоғалтып алуға болады. Осыған ұқсас «Немо» мульфильмі де тәрбиелік мәні жағынан балалар психологиясы мен санасына жақсы жағынан әсер ететін туындыардың бірі.  Аталған екі мульт туындыларында әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, арадағы түсініспеушіліктер, әке махаббаты үлбірген нәзіктікпен көрсетіледі. Қазіргі кездегі жалғызбасты әкелердің рөлі осы екі мультфильмде ашыла білді.

2005 жылы алғашқы бөлімі жарыққа шыққан көп сериалы «Мадагаскар» мультфильмі де көрермен көзайымына айналып үлгерді. Әсіресе, жас бүлдіршіндерге түрлі темпераментті жануарлар өмірін қызықтау өте ерекше сезімге бөлейді. Бұл мультфильмнің моралі – адал достыққа шекара жоқ екенін айқындап көрсету. Мейлі жануарлар паркінде болсын, мейлі Мадагаскар аралында болсын адал достықтықтың шегі жоқ, есепсіз үлкен сый және оны бағалай білу екінің қолынан келе бермейтін сынақ.

Осы сияқты дұрыс бағыттағы, баланың санасына, дамуына үлкен әсерін тигізетін бірсыпыра  мульт туындылары бар. Әлбетте, олар да мінсіз емес. Кемшіліктер, «былай істеп, былай көрсеткенде жақсы болар еді ау» дейтін нәрселер де көп.

Көпшіліктің көңілінен шыққан 2009 жылғы АҚШ қоржынындағы тағы бір әсерлі мульт туынды –«Вверх». Жұбайына деген адал махаббаты мен арманына сенген мейірімді жүрегі –басты кейіпкерге деген сүйіспеншілік пен қолдауды кішкене көрерменнен бастап ересек адамға дейін аудитория көлеміне шек қойған жоқ.

 

Шын мәнінде осы сынды  мейірімге толы, сыйластық пен кішіпейілділікке үйрететін, арманға адал болуға, қайтпас қайсар болуға бағыттайтын туындылар мультфильм жанрының негізгі мақсатын айқындайды, міндетін орындайды.

Жақында ғана халықтың назарына жол тартқан ересектерге арналған «Расколбас» мультфильмі мультфильм идустриясында жоғарыда аталған екі мультсериал сияқты жиіркеніш сезімін тудырып, наразылыққа бой алдырмаса да, біраз елді шулатын үлгерді. Бір қызығы, осындай жанрдағы туындыларды қолдайтын, қызыға көретіндер саны біршама. Мультфильмнің негізгі идеясы –азық түлік, тамақ атаулыны сөйлетіп, адамға қарсы шығару сияқты түсініксіз әрекеттер жасай отырып, оларды адам кейпінде көрсетіп қана қоймай, дұрыс емес ориентациялы етіп көрсету. Қорытындысында мұның бәрі жәй ғана «мультфильм» деп бітіре салу режиссер мен сценарист дәрежелерінің деңгейінің соншалықты төмендігін көрсетеді.

 

 Жас балалар мен бүлдіршіндер тіпті кейбір ересек азаматтардың сүйікті мультсериалына айналған  амирикандық  1999 жылдың  17 шілдесінен бастап «Nickelodeon» арнасы шығара бастаған «Губка Боб квадратные штаны» (SpongeBob SquarePants) мульт туындылар ішіндегі ең логикасызы. Көңіл қойып көретін болсаңыз бұл мультфильмнің мүлдем логикаға қисынсыз екенін байқауға болады. Мәселен, Спанч Боб лақап есімді кейіпкер өзінің бесжұлдыз (Патрик), Крабс мырза, Сквидвард және т.б есімді достары, таныстарымен Бикини Ботом деген суасты қаласында тұрады. Бір қызығы, теңіз астында тұрса да,  суда бату, су ішінде от жандыру сияқты логикаға сыймайтын әрекеттер жасалады. 

 

Мултфильм - мейлі ол бүлдіршіге арналсын, балаға, жасөспірімге арналсын тіпті ересекке арналса да ол шуақ, жылу сыйлауы керек. Бұл деген сөз ешбір қисыны жоқ әйтеуір күлкілі нәрсе болуы керек деген сөз емес. Мультфильм – мейірімге толы болуы керек. Себебі оның басты аудиториясы –жас бүлдіршін. Ал бүлдіршіннің өз кезегінде санасы, ойлау қабілеті қалыптаспаған. Ол барлық іс-қимылдарды, қозғалыстарды айтылған сөздерді көргеніне қарап қайталайды. Осы жағынан мультфильмдердің бала психологиясына, ол тұрмақ жастар психологиясына нұқсан келтіру қаупі бар. Заманауи туындылар жаңаша, көз көрмеген, құлақ естімеген нәрсекөрсеткілері келеді. Алайда кейде шектен шығып кеткендерін де  байқамай қалады.

Назерке Мұса

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір