• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Шілде, 11:06:52
Тоқаев Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады

20 Ақпан, 2017 Әдебиет

Неге туа бересіз?

Бетпақдалада жын жоқ, жыны несі, дым жоқ. Адамы несі, ел жоқ... Оны бәріңіз білесіздер. Түсімде осы бетпақдалаға әкім болыппын. Бетпақдала облысы құрылып,...

Бетпақдалада жын жоқ, жыны несі, дым жоқ. Адамы несі, ел жоқ... Оны бәріңіз білесіздер. Түсімде осы бетпақдалаға әкім болыппын. Бетпақдала облысы құрылып, жан-жақтан ел көшіп келіп, көшелер бой түзеп... Өздеріңіз білесіздер келімсектер қазақ жерінің ең шұрайлы жерлеріне қоныстанып жатса, біздің қазекең ит байласа тұрмас Бетпақдалаға қоныстанып жатыр. Қақаған қыс айында қаламыздағы бір апай бірден бес бала таппасы бар ма? «Дала», «Жусан», «Жантақ», «Топырақ» газеттері шеттерінен дабыралатып жазып жатты! «Демографиямыз көгеріп жатыр!» деп.
Бір күні бұрын он баласы, енді қызыл шақа бес баласы бар алып ана қабылдауыма келді.
--Кірсін,--дедім көмекшіме. Екі баласын арқасына таңып, екі баласын етегіне орап алып, бір баласын қолтығына қыстырып келген апай:
--Кешіріңіз, үйге тастап кететін, күтушіміз жоқ, ыңғай сақырлаған еркектер...—деді.
--Ештеңе етпейді. Әттеген-ай, тұңғышыңыз қыз болмаған екен де...
--Құдай не берсе, соны ала беремін, шырағым...
--Қайда тұрып жатырсыздар?
--«Жаңадан облыс құрылыпты» деген соң осында көшіп келіп едік... Үй беріле ме деп... Әзірше қасқырдың апанында тұрып жатырмыз...
--Ештеңе етпейді. Ресейде аюдың апанында да тұрып жатқандар бар дейді...
--Қасқырдың апаны суық, жылу, газ, свет жоқ...
--Свет кіргізіп береміз. Тапсырма беремін,--дедім мен.
--Свет жоқ болса да, светке төлеп жатырмыз...
--Қалай сонда?
--Білмеймін, шырағым, әйтеуір айдың аяғында суға, жылуға, светке «кібітәнсия» келіп тұрады...
--Ұятсыз компаниялар! Алпауыттар! Қасқырдың апанынан да ақша алып жатыр десеңізші!
--Жер салығын да төлеп тұрамыз... «Қасқыр апаны аспанда болғанда, төлемейтін едіңіздер» дейді салықшылар...
--Ім-м... Күйеуіңіз не істейді?—деп сұрадым мен.
--Күйеуім мүгедек... Екі аяғы жоқ.. Астанада құрылыста жұмыс істеп жүріп, сегізінші қабаттан құлап, екі аяғы тізесінен сынып кеткен...
--Екінші қабаттан құласа қайтер еді?.. Ойламаған ғой...
--Қасқырлар күнде апан аузына келіп, ырылдап кетеді. «Шығыңдар!» дейді...
--Олар сіздерді жеп қоймайды ма?
--Бала-шағасы көп адамдарды аяйды екен. Оның үстіне шетімізден арық¬пыз...
--Жәйша жүрсіз бе?
--Орталықтан пәтер бергізсеңіз... Өзіңіз білесіз, үшем тапқандар да пәтерлі болып жатыр...
--Олар жастар... Сіздің жасыңыз қаншада?
--Елу үште...
--Ұялмайсыз ба апа... Келіндеріңізбен «марафонға» түсіп...
--Енді шырағым...Күйеуім мүгедек...
--Мүгедек екені көрініп тұр. Сіз де қызықсыз. Неге туа бересіз? Бірдеңе көрінді ме?
--Құдайдың бергені де...
--Құдай бере берсе, ала бересіз бе?
--Үй бермейсіз бе сонда?
--Берілмейді! Қасқырдың апанында тұра беріңіз!
--Қасқырлардан да ұят екен. Сүйреп әкелген қой еттерінен қашанғы қуырдақ жей береміз?
--Жағдайыңыз жақсы екен ғой! Апа, менің жұмысым бар, түс қайта Астанаға ұшып кетуім керек... Сау болыңыз!
--Онда шырағым, мына бес баланы жылы кабинетіңе тастап кетемін! Көктемге дейін! Сау бол шырағым!—деген алып ана кабинетімнен шыға жөнелді... Столымның үстінде іңгәлап жатқан бес нәрестенің даусынан шошып, алып ананың артынан тұра жүгірдім. Әлі жүгіріп келемін...

Мұхтар Шерім

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

2 пікір

А 21 Ақпан, 2017

қатырып жазыпсыз,неге туасың деп үй сұраған анаға айтатын адамдардың келбетін дұрыс ашвпсыз.

Нуке 21 Ақпан, 2017

Мухтар аганын сыкактары жаксы!