• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:34:35
Алматы
+35°

07 Наурыз, 2017 Әлеумет

20 жастағы қыздың анасына жазған хаты жүректі елжіретеді

Бұл жанның өмірі мен үшін: Өнеге десең – өнеге, үлгі десең –  үлгі.  Ал оның ұстаздық өнегесі - өшіре салатын от емес, өшпейтін рух,...

Бұл жанның өмірі мен үшін: Өнеге десең – өнеге, үлгі десең –  үлгі.  Ал оның ұстаздық өнегесі - өшіре салатын от емес, өшпейтін рух, ұрпақтан ұрпаққа өтетін кие. Ол ортасына тарап, өмірімен бірге жасайды. Есімі – Күләш апай.

Бейнелеуге ылайық сөз таппай отырған Күләш апай – менің анам. Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген мына біздің қылығымыз бен қызығымыздан іздейтін - аяулы жан.

Анам- пысық, алғыр. Әкем- жуас, салмақты, білімді, адамгершіліктен аттамайтын азамат. Әке деген арқа сүйері ерте қайтыс болған. Артында әкемді қорған көрген алты бала.  Анам – сол менің алты кіші әкемді өз баласындай көрген.  Шешесінің: Тұрмысқа шыққаныңша, өсіп-өнген ұяңның ары мен беделісің. Қанатыңды қомдап, қонар жеріңе қонған соң, сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отымен кіріп, күлімен шық. Себебі, ендігі жерде, сен сол шаңырақтың шаттығының шайқалмауының ұйытқысысың, - деген сөзін жадында ұстаған.

Азаматы жанында.  Әкем екеуі сіз-біз десіп үндескен, бір-бірінің шыж-быж мінездерін бір кісідей көтерген.  Бірге ғұмыр кешті. Ұрпақ сүйді. Сыйласты. Табысқа да, бақытқа да бірге жетті. Мен үшін идеал, мен үшін үлгі – әке-шешем.  

 «Төрт қарғам аман болсын», - деген анам ердің де жұмысын, әйелдің де тіршілігін атқарып, ұстаздық қызметінде де ұлғатты іс атқарып, ибалы келін болды, бүгінде немерелерін еркелеткен ақ әже, келінін қызындай көретін үлгілі ене.

Аға-әпкелерімді дүниеге әкелген жылдары олардың қырық суынан кейін, жұмысқа шығып кетіп отырған. Оған «балаларым, үй-іші таршылық көрмесін» және ардагер ұстаз Сәдуақас: Күләш, шәкірттеріңе жаның ашысын, өзің келіп оқыт, қанаттарын қатайтып, ұядан өзің ұшыр, - деген сөзі себеп болса керек. «Қиыншылықтарға төз. Қай нәрсе де оңай келмеген, келмейді де»,-дейді.

«Аз ұйықта. Ризығыңа бөгет болады» дейтін анам таңғы төртте тұратын, алты сиырды сауып, от жағып,  бөшкелерді арбаға салып ауылдың ортасынан су тасып (ауылдағы үлкен кісілер: таңғы бесте салдырлатып су таситын Күләш қана, қу жанына тыныштық жоқ) , сепаратормен кілегейін тартып, пештегі ыстық сүті мен табадағы тәтті наны піскен соң, тоғыз-он шамасында бізді оятады. Мен анамның сондағы тіршілігінен бейхабар екенмін...Шай-тамағымызды беріп, жұмысқа кететін де, түсте келе сала, жүнін жуып, тосабын қайнатып, малдың қиын тазалып, тап-таза әдемі, киген көйлек-костюмдері үстіне құйып қойғандай болып жарасып қайтадан мектептегі жұмысына оралатын. Кешке еркелей қарсы алып, әкелген тәтті-дәмдісін қолыма уыстап алып қайтадан ойынға кетуші едік. Ал,анам болса  таудан шаршап келетін әкеме тамағын жасап, қора-жайдағы малдарды жайғастырып, бау-бақшадағы картоптардың түбін түптеп, кешкілікте абыр-сабырмен бәріміздің басымызды қосатын. Есік алдымыз, үйіміздің айналасы әдемі гүлдерге толып тұрады, анам оларды ерекше күтіммен өсіреді.

Жайған құртын,сары майын, қайнатқан тосабын, қолы жарылып отап, түптеген картоп,сәбіз, қызылшасын қалаға ағаларыма салып жібертін еді.

 Келген қонақ  анамның берекелі дастарханына,үстел үстінде жыл он екі ай үзілмейтін сегіз-тоғыз түрлі  жайнап тұрған тәтті тосабына дән риза болатын.

Анам: Шықбермес Шығайбайдың кейпін киме, қарағым. Жомарт бол. Қонақ келсе жайғап, көңілін тауып, төбеңе көтер. Қолыңдағы соңғы бақыр тиының, соңғы сыйың болса да, қолына ұстатып жібер. Одан қазаның ортайып қалмайды. Жылы қабақпен шығарып сал,-деп отырады.

Үйге жиі келетін марқұм Сатай ақсақал: Қылшеттіктің келіндерінің ішінде асып түсері Күлаш қана  , қызғанышы басым келіндеріне: Сендер теңдесе алмайсыңдар, көктегі Құдайдың көзі түзу, мына келінімнің ниеті де, өзі  де адал, біздегі үлкендердің ризалығын алған осы Күләш,-деуші еді.

Анам кезінде әкеммен тауда мал баққан, үлкен гектар жердегі еккен егін мен себілген көкөністерді баптаған. Аяғынан сыз өтіп ауырғанда да, құрсақ көтеріп қиналып толғатқанда да,  қатты сырқаттанып екі балтыры ісігенде де, үлкен үйме шөптің төбесі мен  үйдің шатырынан құлағанда да налымады. Анамның сол кездегі қырық жанымен өмір сүргенінен де бейхабармын, еркелеп,алаңсыз таршылық көрмей, молшылықта өмір сүріп бойжеттім.

Есімде қалыпты, мен алтыншы сынып оқушы едім. Әкем үйімізді жаңартып салып біткен уақыт.  Қатты ауырып, ота жасатып, емделуге қалаға кетпек.  (Анам біз үшін қайсар, ешқашан жыламайтын, ауырмайтын, тәтті–дәмдіні жақсы көрмейтін, ауыр сөздің бәрін көтеретін, құшақтап, сүюді қажет етпейтін жан көрінетін... Әлі де солай... Сырттай қатты , мықты жан болып келеді. Ал, шын мәнінде жүрегі тым нәзік, тым әсершіл - әйел заты).

Әкем қалаға кетерде інісі келін түсірген еді. Құда-жекжат, алыстан келген қонақ бәрін шешем құт-берекеге толы мол дастарханын жайып ылғи біздің үйде күтуші еді. - Қызым, Біреуге жамандық жасасаң да, қайырымын, кесапатын, зиян-зардабын өзің тартасың. Жақсылық жасасаң да, шарапаты өзіңе тиеді. Жасаған жақсылығ ыңды көпсінбе, міндетсінбе,-деген анамның сөзі жадымда. Әкем сол келген  ағаларыммен бірге қалаға жол жүрді, екеуміз жылап тұрып, сау бол дестік... Анамның сол кездегі көңіл-күйіне мән берген бір жан болмапты-ау. Абыр-сабыр басылып, үйге кіргенде анам: Айдос ағаңның келіншегі Фарида жеңгең босаныпты, соған бүгін кешікіге көршілерге жарысқазан бергеніміз абзал,көптен күткен қуаныштары, кісілерді шақырып келейін, сен қонақтарға дайындала бер,- деп тысқа шығып кетті. Сол кезде аулада әкемді уайымдап егіліп жылапты,дәл сол сәттегі  жаны ауырып ет-жүрегі езілгеннін маған көрсетпеді ,одан да бейхабар едім. Анам талай жаны ауырған қиналысын көрсеткен емес, қазір де солай...

Үйде бір ұл, үш қызбыз. Анам төрт қарғасында бетінен қақпай, мейіріммен өсірді.  Қыздарын қияға, ұлын ұяға абыроймен қондырды.

-Жер-жаһандағы қырғын-сүргін, қулық-сұмдық, зұлымдық арсыздықтан келеді. Ұятың болсын. "Ұят болады" ұғымын түйсігіңе тоқып ал, көкем,- деген анам – менің Музам!

Анашым, жатырыңызды жарып шыққалы да жиырма жыл өтіпті.  Өліммен алысып, өмір сыйладыңыз.  Тәңірден тілеп тағдыр сыйладыңыз, сіздегі сезім мен үшін сан мың шешенің махаббатынан  мың есе артық.  

Рахмет, сізге, Ана, Болашақ менің баламның атынан, Бұрынғы ата-бабамның атынан, Жеті миллиард адамның атынан, Он сегіз мың ғаламның атынан...

Фариза апам айтқандай, сіздің ана махаббатыңыз: Малынып мұң-желімге жырақта жүргенімде,тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп,саған деген бал сезім елжіретіп, қатар басып менімен күнде бірге себеді үміт нұры, тоңыңқырап жүретін бұл қөңілге. Шың, құздар биіктегі,тұрғандай сүйіп мені, сен секілді үндемей біліп бәрін, кей шақтағы еркелеу қылықтарым,кейде жаным төзгісіз тұйық па еді,бәрібір саған ғана, осы қалпым, бар қалпым сүйікті еді.

Анашым-ай, сол қайсар мықтылығың – өнеге.

Анам – Күләш, жайма шуақ көктемім, Сол көктемнен нәр алып мен көктедім, айналайын анашымның арқасы, осы өмірге ойнап, күліп жеткенім...

Борыштымын қарыздармын, мың түмен... Осы жазған бастамамның барлығы, баспалдағы іспетті, Анам жайлы мен жазатын дастанның...

Жанерке Ахметтің massaget.kz-тегі жеке блогынан
 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір