Елдес Омарұлының шығармалары. Елім деп еңіреп өткен Елдес (Басы)

/uploads/thumbnail/20170710002230802_small.jpg

Биылғы жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Сонымен қатар бірқатар Алаш қайраткерлерінің де мерейтойы қатар келе жатыр. Олардың бірі Қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш арысы Елдес Омарұлының туғанына да 2017 жылы 125 жыл толады.

Осы орайда Алаш Арыстарының бірі Елдес Омарұлының шығармаларын жарыққа шығаруға қолдау қажет екені туралы Qamshy.kz-те мақала жарияланған еді. "Қамшы" ақпараттық агенттігі  Ақылбек Шаяхметтің құрастыруындағы Елдес Омарұлының көлемді еңбегін оқырман назарына ұсынады.
 

Елдес Омарұлы. ШЫҒАРМАЛАР

 

Құрастырған Марат Шуақаев, Ақылбек Шаяхмет

 

Алаш ардақтысы Елдес Омарұлының шығармалар жинағына оның қазақ және орыс тілдерінде жазылған шығармалары енгізілді. Бірақ, ғалымның еңбектері бұл кітапта түгел қамтылмаған. Көптеген туындылары әлі жинастырылмаған немесе араб және латын әрпінен кирилл әрпіне көшірілмеген. Бұл туындыларды мұрағаттан тауып, жариялау келешекте ғалымдардың үлесінде. Әзірше қолда бар шығармалар ғана оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

 

Елім деп еңіреп өткен Елдес

 

 

Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы азапты сапарында қазағым деп тәні өртке шарпылған, Алашым деп жаны дерттен алқынған перзенттердің бірі көрнекті ғалым, білікті аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгілі қоғам қайраткері Елдес Омарұлы  әділетсіздікпен арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан біртуар тұлға.

Елдес Омарұлы Қостанай өңірінің Тобыл болысында, қазіргі Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы туған. Елдес ағаның тікелей ұрпағы Марат Шуақаев мұрағат материалдарынан (қор.95, бума.2, іс.170) оның жеке куәлігін тауып алған. №40 куәлік, 1907жылы 19 июль күні берілген. Онда оның Омар Тиесовтың ұлы екені, Дамбар болысына қарасты №2 ауылда 1893 жылы 1 наурызда (ескі стиль бойынша) туғаны жазылған. Яғни, Елдес Омарұлы жаңаша жыл санау бойынша 1893 жылдың 14 наурызында туған.

Әкесі Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кісілердің бірі болған. Елдес әуелі Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екі жылдық қазақ-орыс мектебінде білім алып, кейін Орынбордағы мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады.

Елдестің туысы, мұғалім Қапаш Шуақаевтың айтуына қарағанда, Елдестің арғы аталары Орта жүздің Қыпшақ руының ішіндегі Қарабалықтың белгілі билері болған. Қоржынкөл ауылының маңайында ертеректе Қаракөз деген елді мекен болыпты. Кейінгі жылдарға дейін сол жерде диқандар бригадасы тұрған. Қаракөз Омардың туған шешесі екен. Жаугершілік жылдары қалмақтан тұтқынға келген қыз екен деген де әңгіме бар.

Елдес аға өзі қызмет атқарған жылдары елдегі балаларды да оқуға алдырып, адам қылуды көздеген, талаптанған жастарға қолдау жасап, қолқабыс беріп отырған. Осы кісінің жәрдемімен оқып шыққан, кейін оқуларын Орынборда жалғастырған қостанайлық жастардың өзі бір төбе. Олардың ішінде Ахмет Тәшбаев, Жүсіпбек Жақаев, Қайдар Ибрашев секілді кезінде ел басқарған азаматтармен бірге Рақатқызы Күләй, Күлқадиша, Күләйім, Қатира есімді қостанайлық қыздар да болған.

Елдестің туған шешесі Шолпан жастай қайтыс болады. Ал Омар атайдың екінші әйелі Ғалия бертінде, 1953 ж. кайтқан. Қаратомарға жерленген. Омардың үш ұл,  бір қызы болған. Елдестің інісі Ескендір сұм заманның құрбаны болып кетсе, Ғалиядан туған Әбдеш аурудан 1948 жылы көз жұмған. Бүгінде жасы тоқсанға келген Биғанша Райысқызы Елдесті көзі көрген кісі. Омарқызы Мәруаш болса Қайыңдыкөл ауылында (қазіргі Белинский атындағы АҚ) тұрып, тоқсаныншы жылдары қайтыс болды.

Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Омар ақсақал жетпістен асқан екен. Сол жылдардың өзінде көнекөз қария ауыл адамдарына майданнан келген хаттарды, газеттерді оқып беріп отырған. Кіші баласы Әбдешті ағаларының ауыр жолын қумасын деп әдейі оқытпайды. Өмірінің соңғы күні жайнамаз үстінде өтіп, намаз кезінде өмірмен қоштасады.

Елдес Омарұлы Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқиды, кейін Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп шығады. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облысы азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші жалпықазақ сиездеріне қатысты. Қостанай уезінде Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықтың Алаш автономиясын қолдауға шақырды. 1922-26 жылдары Қазақ халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында қызмет істеді. 1926-29 жылдары Ташкент педагогикалық институтында, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді. 1934-35 ж. Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді.

Аңдаған адамға ағаның өмір жолы да тар жол, тайғақ кешуден құралғанын байқау қиын емес. Елдестің сүйіп алған жары Эльза Адамовна Берте Ташкенттегі неміс елшісінің қызы екен. Олар тұңғыш ұлдарының атын Кенехан қояды. Сол тұстағы достары оны еркелетіп Генрих десе, орыс жолдастары Андрей деп атаған, сүйтіп батыр атасының атын еншілеген жігіттің үш бірдей есімі болыпты. Кенехан Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ұшқыш болып, фашистерге қарсы шайқасады. Ал әкесі тағдыр азабы балаға тимесін деп сақтық жасады ма екен, кім білсін, әйтеуір, оның туу туралы куәлігінде баланың аты-жөнін Генрих Берте деп жаздырады. Асыл ағаның артта қалған жалғыз ұрпағының одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Елдес ағаның қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалуға тиісті үлкен еңбегі оның Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1926 жылы Әзірбайжанның астанасы Бакуде өткен тюркологтардың, яғни, түркітанушылардың бірінші құрылтайына (съезіне) қатысуы. Мұнда ол қызықты баяндама жасайды, баяндамасы мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болады. Елдес аға Оқу комиссиясының мүшесі болған жылдарда да өнімді еңбек етеді, қазақ мектептері үшін арнаулы оқулықтар жазып, бірқатар кітаптарды орыс тілінен қазақ тіліне аударады. Ғалымның көптеген кітаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көреді. Бұл кітаптардың біразы тілтануға, қазақ тілінің грамматикасына арналса, енді біразы хрестоматиялық негізде құрастырылған. Қалай болған күнде де ғалым қазақ мектебі үшін ауадай қажет оқулықпен қамтамасыз етуге өзі де жан аямай кірісіп, өзге кісілерді де осы мақсатқа жұмылдыра білген. Қазіргі уақытта кейбір тілші-ғалымдарымыз бен аудармашылар орыс тіліндегі көптеген сөздердің баламалары мен қазақша атауын дәл таба алмай, бас қатырып жүрсе, әрі ұстазы, әрі досы болған Ахмет секілді Елдес аға да көптеген қазақ сөздерін ұтымды әрі шебер қолданады. Мәселен, Ақаң публицистиканы көсем сөз, афоризмді ділмар сөз деп атаса, Елдес аға ана тілінде жарық көрген геометрия оқулығын пішіндеме, тригонометрияны кескіндеме деп аударған. Ал математиканы есеп-қисап деп атаған.

Евней Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сәрсенғали Әбдіманапов: «Ана тілі» газетінде (доңыз жылы, шілденің 20-ы) жарық көрген «Математика қазақшалауға көне ме?» деген мақаласында кезінде математикадан  алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған Елдес Омарұлы еңбегіне үлкен баға беріп, оның «Пішіндеме» оқулығында теорема – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапеция – қостабан деп аталып, қазаққа өте түсінікті тілде жазылғанын атап көрсетеді.

Елдес ағаның тағы бір інісі, бұл күндері Қазақ техникалық университетінде қызмет атқаратын Марат Қапашұлы Шуақаев өзінің монографиялық еңбегін атақты атасына арнады. Марат Мәскеудегі Орталық кітапханадан Елдес ағаның бірнеше кітабының көшірмесін де алып келді. Сол тұста Қазақ Мемлекеттік баспасының заказы бойынша басылған бұл кітаптар таңдай қақтырмай қоймайды. Мәселен, 1923 жылы Орынборда жарық көрген «Физика» кітабы (бірінші басылым) 400 беттен тұрады. Ал 1928 жылы Қызылордада шыққан «Пішіндеме» (геометрия) кітабының бірінші және екінші бөлімдері (екі кітап) 6000 дана таралыммен жарияланған. Кітаптағы гравюраларды А. Иванов деген орыс суретшісі орындапты.

Елдес ағаның өз қолымен жасаған «Әліппесі» баспадан кітап болып шығып үлгірмеген. Оны кезінде ауыл ақсақалы Асылбек Тәшбаев оқып көріп, «бұл кітапта қазақтың біріңғай байлары мен билерінің сөздері мысалға келтірілген екен, мына күйінде кітап болып шығұы екіталай ғой!» дегенінде, ғалым: «болашақта бізге осындай кітаптар қажет болады, жата берсін, керек тастың ауырлығы жоқ!» деп жауап беріпті. Қолжазба күйінде қалған тағы бір оқулық әдебиет танытуға арналған. Онда ғалым Өтебайдың «Ақ алтын», Қалқаманның «Сырдария», Ілиястың «Құлагер», Сәбит Мұқановтың «Өмір ертегісі» және «Теміртас», Бейімбеттің «Бекберген мектебі» секілді шығармаларынан үзінділер келтіреді.

Ғалымның шешендік үрдісі де оның сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында анық байқалады. Мәселен, «Араб таңбасы» туралы еңбегінде «Ескішілдік деген не?» деген сауал қойып алып, іле-шала: «Ескішілдік деген бұрыннан үйреншікті болып, бойына сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды... Міне, ескішілдік деген осы. Өзінің үйреніп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық», – дейді. Осынау сөздер күні бүгін де мағынасын жоймаған, біздің қазақ қауымына арнап айтылған сөз секілді әсер етеді. Кезінде қазақ зиялылары осындай сөздерге құлақ қоймағаны өкінішті, әрине!

Елдес Омарұлының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы (3626 іс, 61-ші бума) 1935 жылдың 10 маусымында өз қолымен толтырған жеке парақшада (личный листок по учету кадров) 1892 жылы 29 ақпанда шаруа отбасында туғанын, Орынбордағы Қырғыз мұғалімдер мектебіне 1907 жылы түсіп, оны 1911 жылы бітіріп шыққанын, ал 1918-19 жылдары Алашордада қызмет атқарғанын атап жазған. Осы құжаттағы арнаулы сауалдарға Елдес аға орыс тілінде: «работал председателем Кустанайского отделения Алаш-Орды и комиссаром Алаш-Орды по Кустанайскому уезду в 1918-19 г.г. Постановлением коллегии ОГПУ осужден по ст. 58, пар 10 и 11, заключением в концлагере 10 лет. Находился в заключении с 1929 г. по 1933 г. В июле 1933 г. освобожден досрочно», – деп жауап берген. Ал еңбек тізімінде негізгі мамандығын оқытушы және әдеби қызметкер деп қосарлап көрсеткен. Осыдан-ақ Елдес Омарұлының Қазақстанның оқу-ағарту ісіне қыруар еңбек сіңіргенін көреміз.

Қазақша жазу туралы жаңа ережелерді де Елдес аға дайындап, оған Қазақстан Республикасының сол тұстағы оқу комиссары Нұғыман Балаұлы,қазақ комиссиясының  бастығы Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ комиссиясының жаршысы (секретарь) Елдес Омарұлы қолдарын қойған. Ғалымның орыс тілінде жазған «О сочетании звуков казахского языка» деп аталатын еңбегінде қазақ тіліндегі 43 дыбысқа, соның ішіндегі 9 дауысты және 34 дауыссыз дыбысқа терең талдау жасалған.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында Елдес Омарұлы қазақтар араб жазуын қолданғаны дұрыс па, әлде латын әрпіне көшуі қажет пе деген пікірталаста сөйлеген сөзінде араб таңбасының артықшылығын ғылыми деңгейде дәлелдейді.

«Тағы да жазуға келгенде, біздің оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, – деп жазады ғалым, – өйткені, адамның табиғаты жаратылысында солай. Мәселен, жіп иіргенде қазақтың әйелдері оңнан солға қарай иіреді. Солдан оңға қарай иіруге олардың табиғаттары көнбейді, ыңғайлары келмейді. Жазу да осы сияқты. Тек біздің орысша жазып үйреніп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжірибесіз демагогтікке салынады».

Елдес Омарұлы: «Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді», – дей келіп: «Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік. Латын әрпін аламыз деушілер де қазақтың қазіргі әрпінен жиренеді. Ол олардың орысша үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай, сырты сұлуға еліктегенінен шыққан әдет» – деген қорытынды жасайды.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1931 ж. 24 шілдедегі санында Бахтияр деген ақын «Жаңа әліп жолында» деген өлеңінде:

«Арабшы, жаңа әліпші

Екі жақ боп тартысты.

Ахмет,Елдес, Мұхтарлар

Арабқа жұмсап бар күшті» – деп жазғанында да сол кездегі саясат пен уақыттың табы бар.

Елдес: «Біз латынның әрпін аламыз дегенше Иауропаның (Еуропа дегені) мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек... Орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ»  ( Қазақ білімпаздарының түңғыш сьезі. Бірінші қырғыз ғылыми сьезінің еңбектері. Қазақ мемлекеттік баспасы. Орынбор, 1925 ж.) – деп пайдасыз айтысты тоқтатуға шақырған.

Асыл ағаның  бірбеткейлігі, ел үшін қоң етін кесіп беруге дайын мінезі, әрине, сол тұстағы жағымпаздар мен «шолақ белсенділерге» ұнай қоймағаны анық. Журналист Шәрбану Бегімқұлова «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген арыстарымыздың бірі Телжан Шонановқа арналған мақаласында Елдес ағаның Телжанмен достығын баяндап, оның осы достығы үшін күйгенін де ашып жазады:

«ҚазМУ-нің сол кездегі директоры Ошков Елдес Омарұлын да әшкерелеуге асығады. Оны Университеттің тілдер кафедрасы 1937 жылғы 13 қазанында өткен мәжіліске салады. Кафедра мәжілісінде әрі директор, әрі тілдер кафедрасының меңгерушісі Ф.Т. Ошков, биология факультетінің деканы Митрофанов, оқытушылар И. О. Байков. М. Б. Байкова, И. О. Папоротная, Рат және Омаров қатысады. Мәжілісте биология факультетінің екінші курс студенттерінің оқытушысы Омаров «халық жауы» Шонановты ерекше қорғаштағаны жайлы арыз тыңдалыпты. Осы арыздың негізінде кафедра мәжілісі болған күнгі бұйрықпен  Омаров «контрреволюционер Шонановтың ашық қорғаушысы» деп қызметінен босатылған. Мұнымен де тынбай, Е. Омаровтың отбасын ҚазМУ-дың ғылыми қызметкерлері тұратын жатақханадан да «Шонановтың ашық қорғаушысы» болғаны үшін қуып шығады».

Шынында да Елдес аға қазақ тілінің, қазақ әрпінің ғана емес, жүрегі қазақ деп соққан, елім деп еңіреген талай ердің қорғаушысы болған, ажал алдында да қаймықпай, тура сөзін айта білген.

Ел басына қара бұлт үйірілген ауыр жылдарды Елдес Омарұлы өзінің жан аямас достары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтармен бірге өткізеді. Осы бесеуіне ашылған № 6 іс бойынша 1929 жылғы 16 тамызда Біріккен саяси басқарманың Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко Қылмыстық кодекстің 207 статьясын басшылыққа алып, қаулы шығарады. Мәскеудің атышулы Бутыр түрмесіне де Елдес аға өз әріптестерімен бірге түседі. Ал 1929 жылы 24 қарашада Біріккен саяси басқарманың Шығыс бөлімінің бастығы Міржақыпты 14-ші камераға алып кеткеннен кейін бұған дейін бір камерада отырып келген Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Елдес және тағы бірнеше адамды бір-бірінен бөлектеп, жеке камераға отырғызуды сұраған құжат та мұрағат деректерінде сақталған.

Елдес Омарұлы қызық күндерді де достарымен бірге көріп, қысылтаяң заман қияметін туған даланың аяулы перзенттерімен, алаштың ардақты ұлдарымен бірге тартады. Елдестің Мағжанмен, Ахметпен және басқа қазақтың біртуар ұлдарымен түскен суреттері де табылды.

Дүкенбай Досжановтың 1992 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген «Абақты» деп аталған кітабында ғалым туралы нақты деректер келтірілген. Жазушы тапқан деректерге қарағанда, 1930 жылы 4 көкекте Біріккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Міржақып, Жүсіпбекке қоса барлығы он үш кісіге ату жазасын қолдану туралы қаулы қабылдайды. Кейінірек Мағжан, Елдес және Дамулла Битілеуовке ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылады. Елдес бұл мерзімді Мағжан және Міржақыппен бірге Қиыр солтүстікте, Карелия орманының ішінде өткізеді.

Тағдыр тәлкегі ме, мақсат бірлігі ме, әйтеуір, Алаш асылдары қайда да бірге жүргенге, өмір тауқыметін бірдей көргенге ұқсайды. Орынборда бас қосқан қазақ зиялылары ұлтты аман сақтау үшін жалпы қазақ съезін шақырайық деген пәтуаға келгенде, Алашорда мүддесі үшін құрылған ұйымдастыру алқасындағы бес адамның бірі Елдес Омарұлы.

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-19 жылдары Алашорданың Қостанай уезіндегі комиссары болғаның жоғарыда айтқанбыз.

Қазақтың Ломоносовы атанған ағаның «Ломоносов» деген бүркеншік аты да болған. «Тайбағар» деген атпен «Жас қазақ» журналына (1924 жыл № 5-7) «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол» деген мақалаларын бастырған. Бірқатар шығармаларын «Әділ» деген бүркеншіқ атпен жариялаған.

Керекуде шығып тұратын «Дауа» газетінің 1994 ж. № 1 (наурыз) санында жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Күні бардың күншілдігі жоқ» деп аталған мақаласы басылды. Онда оқу-ағарту жұмысында жүрген ірі мемлекет қайраткерлері мен қазақ зиялыларының іргелері ажырамай, үнемі бірге бас қосқаны айтылады. Жазушы осы мақаласында арыстарымыз өздерінің оңаша отырыс-мәжілістерінде бірін бірі қосалқы аттарымен атағанын жазады. Мысалы: Міржақып –  Қоңқақ, Мендешев – Шұбар, Сәкен – Долан, Елдес – Жорғақ.

«Жұлдыз» журналының 1996 жылғы маусым айындағы санында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың «Ардақтап өтем әкемді» деп аталған естелігі жарық көрді. Осы естелігінде апай Елдес ағасын ерекше ыстық сезіммен еске алады:

«... Бұл кісіні Елдес аға дейтін едім. Папам екеуі қатты қалжыңдасатын, қуақы сөйлейтін, өзі күлмей, жұртты күлдіретін қасиеті болатын. Кейін дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға мен Ісмет Кеңесбаев сонда орыстарға қазақ тілінен сабақ берді. 1935 жылдары жиі көріп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда көз алдымнан бұлдырлап, алыстағы сағымдай, тілесең де оралмайтын бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді бір көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейіп, жүрегімді сыздататын.

Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Кеңесбаевқа: «Ісмет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын, аяулы Міржақып Дулатов, жан жолдасым дүние салғанын естідім, менің сабағымды өзің жүргізе сал», – депті. Мұны маған алпысыншы жылы Ісмет ағаның өзі айтты. Елдес аға, папам және басқа он төрт кісімен бірге 1988 жылы ноябрьде, алпыс жылдан соң ақталып шықты», – деп жазады Гүлнар апай.

Гүлнар апай Елдес ағаның зайыбы Эльзаны және Міржақыптың үзеңгілес серіктерінің бірі, қазіргі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен Ғаббас Нұрымовтың үйінде болғанында тебірене жазады. Ғаббас тұңғыш рет Алаш маршын орындаған. Кейін Совнаркомда жауапты қызмет атқарған, білікті аудармашы болған ардагер ағаларымыздың бірі.

Елдес ағаның інілері Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімдерінің бірі Қапаш Шуақаев пен Қостанай облысының тұрғыны Абай Қошаловтың айтуына  қарағанда, алғаш сотталған жылдары Елдес аға тозақта болғандай қүй кешкенін кейін елге оралғанда айтқан көрінеді. «Адам ит жанды деген өтірік екен, адам иттен де төзімді болады екен. Іш ауруынан адамдар шыбындай қырылғанда да аман қалғандар болды. Егер жүз тал кендір талдасаң, бір күрешке быламық береді, жұтқан жұтамайды дегендей, жүруге шамам келмесе де, жатып, кендір талдап, быламық ішіп, ес жидым» – дейді екен.

Ел адамдарының сөзіне қарағанда, жиырма біріні жылғы аштықта Елдес сол тұстағы қазақ зиялыларымен тізе қосып, Торғай облысы қазақтарын аштықтан аман алып қалу үшін көп күш-жігер жұмсаған. Семей байларынан үйір-үйір жылқы алғызып, көп адамды аштықтың аранынан арашалап қалған.

Елдес Әлихан мен Аханды қазақ ұлтының көсемдері деп таныса, олар да Елдес десе ішкен асын жерге қоятын. Елдес «Пішіндеме» мен «Кескіндеме» жарық көргеннен кейін ең алғашқы бағаны да солардың аузынан естіген. Геометрия мен тригенометрияны тәржімалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмепті, сен қазақ ұғымына сай балама тапқан екенсің, – деп екеуі бірдей балаша мәз болған. Сондықтан да Елдес математиканы қазақшалау барысында тағы да арқа тұтар екі ағасын алға салып, солармен ақылдасып алуды жөн көрген. Біреуіне арнайы хат жазып, ақыл қосуын сұраса, екіншісімен көзбе-көз кездесіп, пікірлескен. Ахмет Елдестің  аудармаларын және жаңа баламаларын қуана құптаған болатын. Сол жолы Елдеске Әлиханның өзіне жазғанындай ғылымның түрлі саласында жаңа сөздер жасауда өзіңнен асқан ешкім жоқ болып тұр, Елдес! – деп арқасынан қаққан.

Әлихан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – деп жазыпты.

Мұхтар Әуезовтің жан достарының бірі болған Елдес Омарұлы Мұхтардың алғашқы әйелі Райханнан туған қызы Мұғамила апайды жас кезінде Мұхаңның өтініші бойынша Семейден ертіп әкеліп, жазушының отбасына тапсырған екен. Ұлы жазушы Валентина Николаевнадан туған тұңғыш ұлдарының есімін Елдес Омарұлының құрметіне Елдес деп қойған. Өкіншке орай, нәресте бір жасқа толмай шетінеп кеткен.

Көлемі үш жүз беттен құралған қазақ әдебиеті туралы жазушы еңбегінеең алғаш орыс тілінде пікір жазған да Елдес Омарұлы. Онда Елдес аға жазушының еңбектеріне жақсы баға береді.

Жазушы Бейбіт Сапаралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арыстар өмірінің асыл үзігі» деген мақаласында (20 мамыр,1997 жыл): «1934-1937 жылдар аралығында Алматыда Қазақтың Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты (КНИИНК) жұмыс істеп, әдебиет пен фольклор, тіл, тарих, сурет сызу мәселелері бойынша қомақты-қомақты еңбектер тындырғаны белгілі. Тап осы ғылыми-зерттеу ордасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ауқымды арнада келісім-шарт бойынша жұмыс істегенін институттың сақталып қалған (көрнекті ғалым, тіл маманы – түрколог Сәрсен Аманжоловтың жеке мұрағатынан табылған болатын – Б. С.) ресми кіріс-шығыс қағазы арқылы анықталған болса, жаңадан табылған Әлихан ақсақал хатының мазмұны сол деректерді үсті-үстіне айғақтап, бекітіп беріп тұр», –  дейді.

Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаев «Жұлдыз» журналында (№1,2010 жыл) жарық көрген «Ұраным – Алаш» атты эссесінде  тергеуші Логачевтің Елдестен алған жауабын келтіреді. Осы еңбегінде: «Алашорда» көсемдерінің арасындағы «сүйкімді сері» атанған Елдес Омаровтың  еріксіз жазылған жоғарыдағы «естелігі» Әлиханның көзқарасы мен жан дүниесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді... «Өзінің шыққан әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерін емін-еркін пайдалануы тиіс» деген талаптың түпкі астарында: қазақ жері – қазақтардың ұлттық байлығы деген үлкен мағына бар еді» – деп жазады.

Елдес өз жауабында: «Ал ауылдағы таптық жіктеуге келсек, оны мен – Омаров, қазақ халқының көпшілік бөлігі – байларға байлаулы болғандықтан да, онымен ашық күресе алмайды, байдың ықпалындағы кедей өзінің үкімін ауқаттыларға қарсы жүргізе алмады деп ойладық» – деген түсініктеме берген.

Елдес ұлт мүддесін көздеп:«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да еліміздің еуропалық бөлігіндегі губернияларынан қоңыс аударушыларды көшіріп әкелу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де  Қазақстанға қоңыстанған орыс тұрғындары  жергілікті халыққа жер бөлініп берілгеннен кейін, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егер де жергілікті қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшін, қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшіріп жіберу қажет» – деп кесіп айтқан.Яғни, Алаш арыстарының жерге деген көзқарасы бірдей болғаны Елдестің осы сөзінен-ақ айқын аңғарылады.

Алаш арысы туралы мұрағатта сақталған құжаттар сыр шертеді: Қазақ ССР-інің Жоғарғы соты 1989 жылы 22 тамызда берген анықтамада: «Дело по обвинению Омарова Елдеса, 1892 года рождения, уроженца Кустанайского округа Тобольской волости, казаха, беспартийного, до ареста работавшего преподавателем Казпедвуза, пересмотрено. Определением судебной коллегии по делам Верховного суда Каз.ССР № 11 от 4 ноября 1988 года Постановлением коллегии ОГПУ при СНК СССР от 4 апреля 1930 года и 13 января 1931 года в отношении Омарова Елдеса отменены и дело производством прекращено за отсутствием в его действиях состава преступления. Омаров Елдес реабилитирован», – деп жазылған.

Асыл ағаға «жаптым жала, жақтым күйеден» құтылу үшін алпыс жыл, бір адамның тұтас ғұмыры қажет болған.

Азаттық аңсаған есіл ер абақтыға сан қамалып, азап тартып жүріп, соңғы рет 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқынға алынады. Ол кезде Елдес аға өзінің отбасымен Алматы қаласындағы Виноградов кашесіндегі 95-ші үйде тұрған. Отыз жетінші жылдың 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД бөлімінің үштігі тергеп-тексермей-ақ, оны ату жазасына кеседі.

Елдес ағаның ел деп соққан жүрегі тоқтаған жоқ, 1992 жылы Елдес Омарұлының тұғанына 100 жыл толуын туып-өскен жері – Таран ауданының жұртшылығы атап өтті. Оның атымен мектеп аталып, есімі көшелерге берілді. Асыл ағаны еске алу күнінде  мына өлеңімді оқыдым:

 

Жаншылған халқым жинаған кезде енді есін,

Тілегім жалғыз – жаманат енді көрмесін!

Кеудемнен шыққан өлеңнің сөзін дұға қып,

Оқимын жырды бағыштап саған, Елдесім!

 

Еңіреп туған есіл ер едің ел үшін,

Ездермен, аға, жасаған жоқсың келісім,

Балаңның атын Кенехан қойған кезде де,

Тойлар деп сендің қазағың ұлы Жеңісін.

 

Жандайшаптармен шыққан сәтте де жекпе-жек,

Ажалмен арсыз келген сәтте де бетпе-бет,

Бетіңнен қайтып, өтірік айтып көрмедің,

Өйткені, сенде болса да жүрек, өкпе жоқ.

 

Алашың үшін тағдырдың тартып ауырын,

Көргенде қысым езілді талай бауырың,

Көзіңе жас кеп, тамаққа өксік тіреліп,

Сағындың шаңды шаятын өмір жауынын.

 

Есіміңді ерен қайталап айтып ұлы елің,

Өшкенің жанып, болғандай қабыл тілегің,

Атажұртыңда халқым деп жүрсең елжіреп,

Еліңмен бірге соғып тұр, аға, жүрегің!

 

Ия, қатарластары қазақтың Ломоносовы деп атаған Елдес ағаның екінші ғұмыры енді басталды. Оны соңғы тұтқындағанда жендеттер Елдес ағаның үйінен 72 кітап пен қолжазба алған.

Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде Елдес Омарұлына үлкен баға берген. Ол өзінің естелігінде: «Бұл туралы маған, қысты күні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келіп, біраз сөз айтты. Оған да мен мәселені газет бетіне, көптің талқысына сал деген едім. Ол ауырып қалды...» – деп жазған.

Елдес Омарұлының орыс тілінде жазған негізгі мақалаларының бірі. Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдауға арналған. Мұнда ол Ахметтің қазақ әліппесін жасаудағы, қазақ жазуын жаңғыртудағы төл еңбегіне жан-жақты тоқтала келіп, ақын, аудармашы, көркем сөз бен көсем сөз шебері, педагог және қоғам қайраткері есебіндегі талантына шынайы баға береді.

«Ақаңды барлық қазақ даласы біледі, оны сыйлайды, сүйеді, бірақ, ол әлі өз бағасын алып біткен жоқ», – деп жазады Елдес аға. Осы сөздерді Елдес Омарұлының өзіне байланысты айтуға да болар еді. Қас талант жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай бермек.

Қостанай қалсында Елдес аға оқыған орыс-қазақ училищесі қабырғасына ардақты ағаға арналып ескерткіш тақта орнатылған. Таран ауданындағы Белинский елді мекеніндегі орта мектепке оның есімі берілген.

               Тауқіметті тағдыр жолын Елдестің

Көрмесінші деп тілеймін енді ешкім.

Ақ жаныммен мақтан етер хақым бар,

Бейімбет, Елдес, Әлжанменен жерлеспін.

 

Есін жиса азып-тозған ел бүгін,

Өлгендер де бас көтерер келді күн.

Келер ұрпақ есіне алмас бізді де,

Біз ұмытсақ Елдестердің ерлігін.

 

Қырқа-белде құлпырса гүл қырмызы,

Ертең үшін еңбек етсе ұл-қызы.

Туған жердің шайдай ашық көгінде

Тұрар жанып Елдес аға жұлдызы.

Ия, Алаш ардақтысы Елдес Омарұлының жұлдызы биікте жарқырап тұр. Ол өзін туған елі үшін құрбан қылған біртуар тұлға.

 

Ақылбек Шаяхмет,

Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры.

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар