Жетім көрсем, жылаймын кейде өкіріп,
Шындығымды біреулер дейді "өтірік"!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Жүкті болған сұлуға "үйде отырып".
Жетім көрсем батамын құса-мұңға,
Құса-мұңды құрықтап, тұсадымба?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
«Күйеуі жоқ әйелдің» құшағында.
Жетім көрсем шымырлар шекем-денем,
Неге одан да шекемнің еті өлмеген?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
«Балалардың үйлерін» мекендеген!
Жетім көрсем жабығып, жеке қалам,
Болмаса деп тілеймін «көкек анам».
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Шетел асып кететін шекарадан!
Жетім көрсем қанжылап бірден ішім,
Алға баспай қояды мүлдем ісім!
Бірақ, кейде келеді сәби болғым,
Жетімдіктің не екенін білмеу үшін...
Авторы: Ершат Кайболдин
Пікір қалдыру