• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:32:29
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2017 NEWS

АРМАН СҚАБЫЛҰЛЫ: «ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ» ҰЛТТЫҚ АРНАҒА ЛАЙЫҚТЫ БАҒДАРЛАМА ЕМЕС

Бір ғана «ұлттық» сөзінің өзінде қаншама терең мағына жатыр. Қазақтың бойына сіңген асыл қасиеттердің бәрі осы сөзден бастау алады.  Мәдениеті...

Бір ғана «ұлттық» сөзінің өзінде қаншама терең мағына жатыр. Қазақтың бойына сіңген асыл қасиеттердің бәрі осы сөзден бастау алады.  Мәдениеті, салты, дәстүрі, әдебиеті, тілі, ділі – бәрі ұлттық сөзінің төңірегінде өрбиді. Әр  мемлекет өзіне тән ұлттық қасиеттерді жастардың бойына сіңірудің амал-тәсілдерін қолданып жатады. Сондай амалдың бірі – ұлттық құндылықты көгілдір экран арқылы дәріптеу.

Ұлттық құндылық дегенде кез-келген қазақтың ойына «Қазақстан» ұлттық арнасы оралады. Неге десеңіз, қазақтың бойына сіңген бар асыл қасиет, ұлт төңірегіндегі қозғалып жатқан бар іс-шара, қазақтықты танытатын бар салт-дәстүрді қазақ халқы ұлттық арнадан іздейді. Сондай азаматтарымыздың бірі «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық кеңесінің хатшысы, журналист Арман Сқабылұлы. Қазақ елі үшін тер төгетін әр азамат үшін ұлттық құндылықтың маңызы зор. Ал, сол ұлтқа қауіп төнерліктей дүние байқап қалса, азаматтың үнсіз қалмасы анық. Арман Сқабылұлы бұл жолы да сөз қозғады.

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық жаңғыру мәселесі бойынша былай деген еді:  

«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда».

Иә, қай қазақтың болса да көңіліне жағатын пікір. Әр мемлекет өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қалу үшін барынша тырысады, құр сөзбен емес, іс жүзінде. Елбасының пікірін Арман Сқабылұлы да толығымен қолдап, біздің еліміздегі ұлттық құндылықтың қаншалықты дәріптеліп жатқанына ерекше көңіл бөлді. Ұлт болашағына алаңдай отырып, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы атышулы бағдарламаны сынады.

Қоғамдағы әйел мәселесін қозғаймыз деп өз тақырыбынан мүлдем бұрмаланып кеткен «Әйел бақыты» бағдарламасы бәрімізге мәлім. Ондағы қозғалатын дүниелер алғашында әйелдер арасында нағыз проблемаға айналған өзекті дүниелер еді. Ал, қазір ше? Талқылайтын дүние таппағандай көру тұрмақ, айтудың өзі ұят саналатын тақырыптар турасында сөз қозғап жүр. Оған байланысты «Қамшы» ақпараттық агенттігінің тілшісі «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлына  қоңырау шалып, ұлттық тәрбиеге нұқсан келтіріп отырған аталмыш бағдарламаға қатысты пікірін сұрады. 

Бұдан бұрын ол өзінің фейсбук парақшасына Назарбаевтың ұлттық жаңғыру турасында айтқан пікіріне «Әйел бақыты» бағдарламасын мысалға келтіре отырып, былай деген еді:

«Әдейі «Әйел бақыты» секілді бағдарламалар үшін жариялап отырмын. Бұдан артық қандай сөз керек сіздерге, Ләйла Сұлтанқызы! Батысқа еліктемейікші! Біресе, жынысын ауыстырған кейіпкерді жарнамалап, кеше ғана "пәктігін" жасатып, оны жігіті біліп қойған қызды бүкіл елге жария қылдыңыздар. Бүйткен рейтингтерің құрысын! Жүрсін енді жүздеген қыз "пәктігін" сатып алып...Сендерді кез-келген ата-ана сотқа берсе болар еді».

Ұлттық арнаны қашан да сынап жүрген бұрынғы журналисттен оның нақты себебін сұрадық. Бұл сауалымызға Арман Сқабылұлы былай деп жауап қатты:

«Себебі, мен ұлттық арнадан басқасын көрмеймін. Жақында ұлттық арнаға басшы ретінде Ерлан Қарин сайланды. Бұл азаматтан болашақта үлкен үміт күтемін. Балаларым болсын, немерелерім болсын, бәріне осы арнаны көрсетемін. Үйімде күндіз-түні «Қазақстан» арнасы қосылып тұрады» дей келе, «бірақ» дегізетін дүниелердің барына іші ашитынын айтты. Соның бірі осы «Әйел бақыты» бағдарламасы.

Бәрімізге мәлім, көрермені көп аталмыш бағдарлама рейтинг жинау мақсатында жақсы жұмыс атқарар. Алайда, дәл ұлттық арнадан көрсетуге лайық па деген сұрақ туындайды көкейімізде. Бұл жайында Арман Сқабылұлы былай дейді:

«Бұл деген сұмдық нәрсе. Рейтинг – ұлтты құрту үшін қолдан жасалған бомба. Рейтингті бағдарламалар үшін коммерциялық арналар жетіп жатыр. Солар көрсетсін. Бірақ ұлттық арна мұндай дүниелерден аулақ болу керек» деп нағыз ұлтты тәрбиелейтін «Айтуға оңай», «Дара жол» бағдарламарын мысал ретінде келтірді. «Әйел бақыты» бағдарламасына қатысты «қызға қырық үйден тыйым дейтін қазақтың салтын қолдан жасап алуға болатын дүние екенін меңзеп отыр» дейді.

Ал, бүгінде «Балапан» арнасының директоры болып отырған Ләйлә Сұлтанованың авторлық бағдарламасын нағыз ұлттық құндылықтарды жоюға арналған, жастарымызға кері әсер ететін бағдарлама деп бағалады. Тіпті, бір сөзінде «Ләйлә Сұлтанованы немерелерімді тәрбиелілікке, жақсылыққа баулуы тиіс «Балапан» арнасының директоры деп айтуға ұяламын» деді.   

Осындай пікірлерді ашына айтып, Ерлан Қарин сынды ұлтшыл азаматтарымызды құлаққағыс етті. Сол кісілер бұл мәселені біржақты етпесе, ұлт үшін нағыз қауіп сонда туады. Ел азаматының ашына айтқан пікірі биліктегі ағаларымыздың құлағына жетер деген үміттеміз.

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір