• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:05:04
Алматы
+35°

12 сәуірде ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңарту» мақаласындағы «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы айтып, оның Қазақстан үшін аса маңыздылығын мәлім етті. Соған орай 2018 жылдан бастап дайындық жұмыстарын бастау жөнінде бұйрық берген. Миллиондаған тұрғындарға латын әліпбиін үйрету үшін арнайы педагог мамандар әзірленіп, жаңа оқу құралдарыын шығару мақсат етілді.

Аталмыш жаңалық еліміздің тұрғындарына майдай жақты десек те болады. Алайда, өзіміздің нағыз қазақтығымызды танытатын күн алыс емес деп мерейленіп жатқан қазақ халқының қуанышына ресейліктер ортақтаспақ түгілі, үрке қарап, әбіржіп, "жандары ашып алаңдап отыр".

Оған дәлел ретінде  svoboda.org порталында жарияланған Ресей халқының пікірлерінен мысал келтіре кетуді жөн көрдік. Әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған пікірлер сипаты төмендегідей:

Остап Кармоди:

Қазақстан кириллицадан бас тартып отыр. Енді қайда барар екен???

Александр Сотник:

Тағы бір «бауырымыз» орыстардың арқасына пышақ сұқты. Назарбаев латын әліпбиіне көшуді жөн көріпті. 

Николай Травкин:

Екі мемлекет бірге қаншама іс атқарды, жарқын болашақ үшін талай жоспарлар қарастырылып еді. Ал ол кириллицадан латынға көшпекші. Сатқын...

Александр Коляндр:

Қазақтар соққы жасады

Александр Шахматов:

Сатқын қазақтар! Латын әліпбиіне көшпекші. Орыстар кезінде олардың жанын аман алып қалды, жер берді, ал олар біздің жақсылығымызды осылай қайтарғаны ма?

Ухо Лаврова:

Қазақстан кеңес тарихынан, кеңес әдебиетінен бас тартты. Енді Каспий теңізін қашан қазып алғандарын білу ғана қалды.

Борис Иконников:

Бұл ұлттық ерекшелігін жоғалтты деген сөз. Қазақтар батысқа еліктеп барады. Бұл күн қазақ ұлтының жойылуының бастамасы.

Бұл Ресей халқының әлеуметтік желіде жарыса жазған пікірлерінің бір бөлігі ғана. Ресейлік БАҚ-та үнсіз қалмады. Елбасын ойынан айнытқысы келіп, мақала жариялаған ақпараттық сайттар да жетіп жатыр. Соның бірі Московский Косманавт басылымындағы «Эксперт: қазақ әліпбиін латынға көшіру арқылы Назарбаев Қазақстанды құлдыратады» деген тақырыпта жарияланған мақаласы.

Бұрындары дәл осы жолға бет бұрған Өзбекстанды мысалға ала отырып, өз сарапшылары тарапынан аталмыш жағдайға сын айтты.

Басылымның мәліметінше, латын әліпбиі Қазақстанды орта ғасырға ысырып тастайды екен. «Фергана» басылымының бас редакторы былай деп пікір білдірді:

«Назарбаев өз шешімімен алысқа бармайды. Кириллица ғылымның, технологияның, коммуникацияның тілі емес. Оның үстіне латын әліпбиіне түбегейлі көшетін болса, қоғам екіге бөлінеді. Латын әліпбиін түсініп, білетіндер және кириллицаға үйреніп қалғандар.

Егер қазақ билігі әлем әдебиетін латынға көшіріп үлгермесе, мемлекет Өзбекстанның кейпін кимейтініне кім кепіл? Өзбекстанда бұл процесс 1990 жылдан бері созылып келеді, осындай үлкен уақыт болса да, кейбір мемлекеттік мекемелер әлі күнге дейін кириллицаны қолданады».

«Назарбавеқа мұндай тәуекелдің қажеті қанша? Ол салдарын түсініп тұрған жоқ па?» деген тақырыпшасында былай делінген:

«Назарбаевтың жасы 78-ге келді. Өз билігінде ол көшбасшы атана білді, ұлты үшін қайталанбас президент болды, бірақ бұл оған аз секілді. Болашақта оны еске алу үшін өз мемлекеті үшін бір із қалдырмақшы екен. Тіпті, жанында оған бөгет болатын адам да жоқ».

Тіпті, латын әліпбиіне ауысқан жағдайда орыс тілінің болашағына да алаңдаушылық танытып, бүй депті:

«Бұл жағдайдың орыс тіліне де, Ресейге де қатысы жоқ. Бізді байланыстыратын қазақ ұлтының мәдени және интеллектуалды мәселесі ғана» дей келе өзбек халқын мысалға келтірді: «Латынға көшкелі Өзбекстанның әр жарнамалары міндетті түрде қатемен жазылады. Латын әліпбиінен бас тартуға әлі де кеш емес. Қазақстанның тілдік реформасы осы уақытқа дейін екі мәрте өзгерген. Араб әліпбиінен латынға ауысты. Бірақ ол кезде әдебиеті де дәл қазіргідей дамымаған. Ал, осы жолы үлкен шығынға бататынын білмейді ме?

Бұл ресейлік БАҚ тарапынан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі жайында пікірлерінің бір бөлігі ғана. Әлі де таусылмасы анық.

Алайда, айта кетерлігі, қазақ халқының ішкі саяси мәселесіне Ресей де, өзге мемлекеттер де араласпауы тиіс. Осыған байланысты саясаттанушы Айдос Сарымның ресейлік БАҚ-қа қатысты айтқан пікірін «Қамшы» бетіне жариялаған едік.

«Бұл ең алдымен өзіміздің ішкі мәселеміз. Ал Ресей халқының пікірі қаралмауы тиіс. Өздерінің орыс арналарын қалай көрсе, сол қалпында жалғастыра берсін, кириллицамен жазылған газеттерін, сайттарын қалай оқып жүрсе, солай оқи берсін. Ал, ішкі саяси мәселемізге араласпасын» деп ашығын айтқан болатын саяаттанушы. Айдос мырзаның салмақты, салиқалы жауабына біздің алып қосарымыз жоқ. Ит үреді, керуен көшеді...  

Қамшыгер: Гүлім Жақан
 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір