• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:37:27
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2017 NEWS

ЖАРТЫ ҒҰМЫРЫНДА ЖАЛАҢАЯҚ ЖҮРГЕН «ҚАЗАҚТЫҢ ЭЙНШТЕЙНІ» ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

Өмірінің cоңына дейін ҚазҰУ-да оқытушы болып қызмет еткен Нұрғали Қойшыбаев 15-сәуір күні дүниеден озды

Өмірінің cоңына дейін ҚазҰУ-да оқытушы болып қызмет еткен Нұрғали Қойшыбаев 15-сәуір күні дүниеден озды. Ол өз ортасында сыйлы, өз студенттерін ұл-қыздарым деп атаған, өз өмірін ғылым жолына  арнаған ұлағатты ұстаз, физика ғылымдарының докторы, профессор. Саналы ғұмырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алып, сол жерде ұстаздық еткен. Университет студенттері ұстаздарының жалаңаяқ жүретініне әбден көздері үйренген. «Қазақтың Эйнштейні» атанып кеткен профессордың бүгінгі таңда бір ұлы мен бір қызы бар. Ұлы Мәскеу қаласында, ал қызы Петербор қаласында  тұрады.   30 жылдан астам уақыт  жалаңаяқ жүруді өмір салтына айналдырып, жұртты таңқалдырған профессор Нұрғали Қойшыбаевтың әріптес-достарымен Қамшы ақпараттық агенттігінің журналисі  Айгерім  Таубай сұхбаттасқан болатын.  

Әбішев Медеу Ержанұлы, Физика-математика ғылымдарының докторы:

«Нұрғали Қойшыбаев теориялық физика саласында көптеген еңбектер жазды.  Мектеп оқушыларына арналған оқулықтардың авторы. Ландаудың көптомдығын қазақ тіліне аударған профессор. Екінің бірі бара бермейтін Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы саласының маманы.

 «Қазақтың Эйнштейні» атануының өзі кітап көп оқып, ғылыми еңбектер жазуының жемісі.  Бірінші рет көрген адам оқытушының жалаңаяқ жүргеніне таң қалатыны рас. Бала күнінде өкпесі ауырып, дәрігерлер емін таппаған. Содан дәстүрлі медицинаға жүгінді. Жалаңаяқ жүру денсаулығына жаққанын байқап, өмір салтына айналдырды. Жалаңаяқ жүруінің басты себебі - денсаулығына байланысты еді. Профессордың көзінің көрмей қалған кезі де болған. Соған қарамастан шәкірттеріне ауызша айтып отырып, аударма жұмыстарын тоқтатпаған. Мұның өзі студенттер мен оқытушы арасындағы сенімді айғақтайды. Ара-арасында денсаулығы сыр беріп тұратын профессор сәуір айының 10-ы күні жұмыс орнында есінен танып қалып, 5 күн төсек тартып 15-і күні дүниеден озғанын естідім.  Профессор өзінің білімге деген құштарлығымен қатар өмірге деген құштарлығын 30 жыл бойы аурумен күресу арқылы дәлелдеген тұлға.

Бошқай Қуантай Алғазыұлы, ҚазҰУ Физика ғылымдарының доценті:

Нұрғали Қойшыбаевтың 60-70 шақты аударма кітаптары бар. Ландаудың он томдығының қазақша аудармасының 2 томы ғана басылып шыққан.  Қалған 8 томы баспаға әзір.

Қожамқұлов Төлеген Әбдісағиұлы, Ғылым Академиясының вице-президенті, ҚазҰУ экс-ректоры(2001-2008):

Қазақтағы теориялық физикамен айналысқан алғашқы ғалымдардың бірі Нұрғали Қойшыбаевтың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы өзгеше тұлға. Бірлесіп Ландаудың он томдығын аудардық. Баспадан шықпаған 8 томдық қолжазба күйінде дайын тұр.

Әбілдаев Әділхан Хасенұлы, профессор:

Нұрғали Қойшыбаев аса мәдениетті, үлкенді құрметтеген, кішіні ізет тұтқан, сыпайылық көрсетіп ешкімге қатты сөз айтпаған адам. Еңбек кітапшасында тек қана ҚазҰУ атауының тұруы-профессордың тұрақтылығын көрсетеді. Өзі де жан жағына сыйлы болған, ғылым жолында ешкімге қиянат жасамай, тынбай еңбектенетін.  

***

Теориялық физикаға үлес қосқан болмысы ерекше тұлғаның қазасы қалың қазақтың  жанына батты. Қамшы АА ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтады.

Айгерім ТАУБАЙ

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір