• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:19:21
Алматы
+35°

Қамшының бетінде ШҚО Науалы балалар үйіне қатысты «ШҚО Балалар үйіндегі сұмдықтың беті ашылды» деген тақырыппен материал шыққан болатын. Қазіргі кезде елімізде көп мәселе жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бұлтартпас шындық. Журналистер келіп камераға түсіріп, әділеттілік талап етпесе қарапайым халықтың мұңы жоғары жаққа жетпейтіні де өтірік емес. Бала біздің болашағымыз, жетім көрсең жебей жүр дейміз. Жетім балалар теперіш көруде, оларға айғайлап ұрсады, тіпті кешкі ассыз қалдырады, артығымен жұмысқа жегеді деп жазылған шағым хатты оқи отырып біз де еріксіз эмоция берілдік. Ақпараттың рас-өтірігін білмей жатып, тәуекелге бел буып, құзырлы органдар аталмыш мәселеге назар аударсын, құқық бұзушылық шынымен де орын алса, кінәлілер жазаға тартылсын деген ниет-мақсатпен бір бума хатты жариялаған болатынбыз.  Материалды сайт бетіне шығарар алдында ШҚО Білім беру басқармасына звондап, алдын-ала мән-жайды ескерткенбіз.

Назымның (хаттың авторы) шағымы елді дүрліктірді. Сәйкесінше, пікір жазған, шу көтерген оқырмандар да көп болды. «Қамшы» осындай даулы материал жариялар кезде портал еркін пікір алаңы екендігін, екінші тараптың да түсіндірмесін жариялауға әркез дайын екендігін ерекше атап өткен болатын. Уәдеміз бойынша материал шындыққа жанаспайды, мен сол балалар үйінің тәрбиеленушісімін деп хабарласқан Дмитрий Скоснягин деген орыс жігітінің хатын да оқырман назарына ұсындық. Орысша жазылған хатты редакция қазақшаға аударып халықтың таразысына салды.

Арада бірнеше ай өткеннен соң ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен тілдесу барысында әңгіме ауаны Науалы балалар үйіне ауды. Нұртай мырза өз кезегінде бұл мәселеден хабар екенін, Қамшыға жолданған хаттың бір көшірмесі оның мекенжайына да жіберілгенін айтты. Мәселеге бейжай қарамаған Нұртай Сабильянов Науалы балалар үйінің қызметкерлерін, тәрбиенушілерін де жақсы танитын болып шықты.

«Науалы балалар үйімен 2000-шы жылдардан бастап тығыз байланыстамын. Директорын да танимын. Науалыдағы балаларға қолымнан келген көмекті аяған емеспін: киім-кешек, техникалық жабдықпен қамтамасыз еткенмін. Балалармен әңгіме-дүкен құрап, бірге шай ішкен кезіміз де болған. Бітіріп кеткен балалар мені жақсы таниды. Кезінде бір топ баланы Астанаға әкеліп, елордамен таныстырып, Парламентті көрсетіп, қыдыртқан болатынмын. Бірнешеуінің оқу ақысын өз қалтамнан төледім. Кейбіреуі әлі күнге шейін амандығымды сұрап, хабарласып тұрады. Айтпағым, Науалыда бәрі жақсы, балалар тәрбиелі, сауатты, тәртіпті. Мынандай сұмдық жайтты естіп Науалыға жол тарттым. Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесемін деп жергілікті басылымға алдын-ала хабарлама бердім. 250 адамдай жиналды. Залда ине шаншар жер болмады. Науалы балалар үйіндегі жағдай хатта жазылғандай жаға ұстатарлық болса, ауылдағылардың оны естіп-білмеуі мүмкін емес. Тұрғындар шағымданушы Назымның өзіне айып тақты. Әрине, мұның бәрі ауызбен айтылған сөз. Құзырлы органдар тексеру жасап, шындықты анықтайды. Біздікі үнсіз қалмау, мәселе көтеру ғой» деді депутат мырза.

Науалы балалар үйіндегі жағдай бойынша тексерулер жүргізіліп, ақ-қарасы анықталатындығына біз де қуаныштымыз. Себебі Нұртай Сабильянов ұйымдастырған жиналыс барысында «Қамшы» сенсация қуып, осындай материал шығарды деп дүрліккен ағайын да болыпты. Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына 500 адамға ас беріп, 100 ағаш егіп, енді 100 жетім баланы киіндірмек «Қамшыға» мұндай сенсация қажет емес. Әйел күйеуінің көзіне шөп салып, оны мақтан тұтатын заманда ұрпақ мәселесі, балалардың жағдайы, жетім мен жесірдің үні ескерусіз, елеусіз қалмасын деген ой ғана.

Осы орайды пайдалана отырып, «Қамшы» жоспарлап жатқан «100 жетім балаға көмек» іс-шарасына кез келген азамат қолдау білдіріп, атсалыса алатынын ескерткіміз келеді.

Қамшыгер: Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір