• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:14:20
Алматы
+35°

28 Сәуір, 2017 NEWS

БИЛІК ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫСТАНДЫРУ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУДЫ МЫҚТАП ҚОЛҒА АЛМАҚ

Елбасы кешегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесуінде оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде...

Елбасы кешегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесуінде оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

– Бағдарлама сіздердің де облыстарыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Ал, бүгін Астанада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да халықты оңтүстіктен солтүстікке көшірудің жалғасатынын «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өткен жиында мәлімдеді.

Биыл 2700 азаматтың қоныс аударуына субсидия бөлінген. Бұл бағдарлама еңбек ресурстарын аймақтарда тиімді пайдаланып, демографиялық теңдікті сақтауға бағытталған. Өйткені, оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқан. Сондықтан, балабақша, мектептерде орын тапшылығы, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал теріскейде керісінше, қалаға жаппай көшудің салдарынан елді мекендер бос қалып жатыр. Сондықтан, жиналғандар министрлікке бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, олқылықтардың орнын толтыру керектігін жеткізді. 

Айта кетсек, Оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасына 2017 жылы 85 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл туралы 10 ақпанда Астанада «Корпоративтік секторда әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» атты халықаралық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім еткен еді.

Елбасы Назарбаев өткен жылы 9 қыркүйекте Үкіметте өткен жиналыста да оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру туралы айтқан еді. «Еңбек ұтқырлығы бойынша  жұмыс беруші мен жұмысшыларға бірін-бір табуға көмектесу  қажет. Осыған байланысты біз «Серпін» деген жобаны іске асырып жатырмыз ғой. Ол халық тығыз тұратын өңірлердің жастарына білім беріп, оларды  кадр тапшы аймақтарға жұмысқа орналастыруға  мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мендегі бар деректерге сәйкес 12,5 мың жас маман оқу орындарында дайындалып жатыр. Мұнан өзге 20 мыңдай адам «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек күші тапшы аудандарға көшірілді»,-  деген болатын Елбасы. Осы сөзінде ҚР Президенті солтүстіктегі кәсіптік-техникалық оқу орындарының үштен бір бос тұрғанын қаперге салып оңтүстік жастарын солтүстікке қоныстандыру жұмыстарын жандандыруды айрықша тапсырып еді.

Байқағанымыздай президенттің аталған мәселені бірнеше рет қадап айтуы осы саясатқа мемлекеттің үлкен салмақ салып отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ шетелден оралған этникалық қазақтарды да солтүстік облыстарға қоныстандырудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарламалар өз кезегінде қазақ елінің дамуы мен өркендеуіне үлкен үлесін қосатыны сөзсіз.

Нұрғали НҰРТАЙ

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір