• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:32:53
Алматы
+35°

01 Мамыр, 2017 NEWS

СССР КЕЗІНДЕ БОЛЬШЕВИКТЕР МЕРЕКЕЛЕГЕН «1 МАМЫРДАН» ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕР БАС ТАРТА БАСТАДЫ

1 мамыр әлемде әртүрлі атпен аталып өтетін еңбек мерекесі. Еуроодақ пен НАТО-ға қосылған кешегі социалистік елдер үшін 1 Мамырдың маңызы шамалы. Ал,...

1 мамыр әлемде әртүрлі атпен аталып өтетін еңбек мерекесі. Еуроодақ пен НАТО-ға қосылған кешегі социалистік елдер үшін 1 Мамырдың маңызы шамалы. Ал, постсоветтік елдер жоғары деңгейде тойлайтын.

Тәжікстанда Халықаралық еңбекшілер күні 92 жыл бойы тойланып келді, бірақ биылдан бастап мерекелік демалыс болмайды. centralasian.org жаңалықтар қызметінің жазуынша Тәжік парламенті мұндай шешімді өткен жылы қарашада қабылдаған.

Тәжік парламентінің спикері Шукурджон Зухуров бұл туралы «1 Мамыр - мемлекеттік және ұлттық мерекелер тізімінде қала береді, бірақ жұмыс күні болады. Депутаттардың ешқайсысы, тіпті коммунистер де бұл ұсынысқа қарсы шыққан жоқ. Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының басшылығы да ештеңе айтпады», - деген.

Алғаш айтулы мейрамды 1890 жылы Аустро-Мажарстан, Бельгия, Алмания, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция сияқты мемлекеттер атап өтті. Содан бері аумалы-төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, қазіргі таңда 1 Мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда 142 ел атап өтеді. Бірқатар мемлекет ескі дәстүрді сақтап қалды, бірақ басқалары бұл күні жаппай серуендеу мен концерт жасағанды жөн көреді. Мысалы Финляндияда бүгін бостандық күні іспеттес, олар бүгінді құтқарушы Исамен байланыстырады. Қала тұрғындары түрлі плакаттар көтеріп, сап түзеп жүреді. Орталық көшеде ескі көліктер жүреді. Австрияда 1 мамыр күнін ресми түрде «Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы» күні деп атайды. Ал, Беларусь бұл күнді «халықаралық еңбек күні» деп атайды.  

1890 жылы Парижде өткен ІІ интернационал конгресінің шешімімен 1886 жылы Чикагода болған америкалық еңбекшілердің 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, капиталистер мен қанаушыларға қарсы жанқиярлық күресінің құрметіне Варшава қаласында сол жылдан бастап 1 Мамыр еңбекшілердің ынтымағы мерекесі ретінде аталып келеді.

Ресей империясында 1897 жылы бұл мейрамды тойлаудың арты саяси сипат алып, бұқаралық бас көтеруге ұласады. Тек большевиктер 1917 жылдан бастап 1 Мамыр мерекесін тұрақты түрде атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1 мамыр мейрамы КСРО құрсағындағы қырық құрау ұлыстарды бірыңғай кеңес халқына айналуына үлес қосқанды. 1 мамыр қызыл төңкеріс пен таптық күрестің символы болды. Кеңестік идеологияның тегеуріні сондай, 1 мамыр күні Маяковскийдің «Бейбітшілік! Еңбек! Мамыр!» деген сөзімен ұран тастап, алқызыл жалау желбіретіп, алаңда төбе көрсетпегендерді ертесіне жұмыстан шығарып жіберетін.

1 мамыр күнін ерекше атап өтетін ел Ресей. КСРО-ның орнын басқан Ресейде 1 Мамыр мерекесін 1997 жылдан бастап Көктем және еңбек мерекесі ретінде атап өтеді. Мәскеудің Қызыл алаңына лықа толған халық теңселісе жүріп, ұрандайды. ТМД ел­дері ішінде Ресей мен Молдавия бұл мейрамда қатарынан бес күн демалады.

Ал, 1 мамыр Мереке ретінде қазақ елінде 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Жыл сайын мереке қарсаңында Ассамблея мүшелері жиналып, отырыс өткізетіні болмаса аталған мерекенің халыққа мерекелік қуаныш сыйлағаны шамалы. 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір