• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:04:20
Алматы
+35°

01 Мамыр, 2017 NEWS

ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН: ДИМАШ БІЗДІҢ ҰЙЫҚТАП ҚАЛҒАН СЕЗІМДЕРІМІЗДІ ҚАЙТА ТІРІЛТТІ

«Димаш» жайлы эссе-кітап дүниеге келді. Шын айтайық, Димаштың жанкүйерлері үшін, баласының Қытайдан толағай жеңіспен оралғанына әлі де сенбей...

«Димаш» жайлы эссе-кітап дүниеге келді. Шын айтайық, Димаштың жанкүйерлері үшін, баласының Қытайдан толағай жеңіспен оралғанына әлі де сенбей жүрген, авация мен сенсациядан басы айналып, есеңгіреп жүрген қазақ үшін бұл үлкен сюрприз болды. Осындай ерекше мәнерде жарық жұлдызымыз Димаш жайлы кітап шықты деген жаңалықты алғаш инстаграмнан оқып білдік. Авторы қазақтың сүйікті ақын қызы, филология ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ-нің «Телерадио және PR» кафедрасының доценті Оңайгүл Тұржан. Қуанышы қойнына сыймай, алғашқылардың бірі болып халықтан сүйінші сұрап, тұсауы әлі кесілмеген дүниеге ақпараттық демеу көрсеткісі келген Қамшы ақпараттық агенттігі ақын Оңайгүл Тұржанмен сұхбат құрған болатын.

Кітапты жазу, оны басып шығару біраз уақытты керек ететін жұмыс. Егер де бұл кітап оның жеңісіне арналса, сіз кітапты қашан жазып үлгергенсіз? Димаштың әлем әншісі атанып, елге оралғанына көп бола қойған жоқ. Әлде Димаштың жұлдызы ерекше жарқырайтынын алдын-ала сездіңіз бе?

  Кітаптағы әңгіме Димаштың жеңісі туралы ғана емес. Оның жеңісі «I am a Singer» басталғанда алғаш орындаған әнінен-ақ басталған. Конкурс қорытындысында қандай орын алатындығына қарамастан, оны әлем мойындап қойды. Мен де сол әлемнің бір түйір бөлшегі едім. Әншілік деген граммен өлшенетін салмақ емес. Әншілік әншілікпен ғана өлшенеді. Мен Димаштың жалпы әншілік таланты туралы, оның түпкі негізі туралы жаздым. Көрермендер мен олардың өнерді бағалауының себептері, конкурстың өзі, қытай көрермендерінің өзіндік ерекшеліктері туралы жаздым. Өткен жылы «Славян базарындағы» жеңісінен кейін біз өзіміздің «Тұмар» журналымызда Димашпен сұхбат жариялаған болатынбыз. Сол кезде ол «Танымал әнші Тамара Асардың грузиннің контральто әншісі Тамара Гвердцителимен қосылып «Ақбаянды» айтқаны мені тәнті етті. Мен де шетелдің «мен» деген әншілерімен қазақтың халық әнін шырқағым келеді» деген болатын. «I am a Singer» басталғанда оның дәл сол бағытқа бет бұрғанына және дәл сол арманына жетпей қоймайтынына күмәнім қалған жоқ. «I am a Singer» конкурсындағы алғашқы әнін айтып шыққаннан кейін мен Димаштың әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаевтан сұхбат алдым. Сұхбатқа көп әңгіме сыймайтыны белгілі. Біраз ойларым айтусыз қалды. Қанатқа телефон соғып, айтайын дегендерімнің тең жартысы сыймай қалғандығын, енді оны мақала етіп жазуға ниетті екендігімді айтып, келісімін алдым. Дегенмен, Димаш көңілдің түкпіріндегі ән өнері жайлы іште жатқан талай ойларымды қозғап жіберді. Енді ол мақаланың да көлеміне сыймайтын болды.  Сөйтіп осы кітап аз уақыттың ішінде жазылды. Мен жазайын деп жазған жоқпын, өзі жазылды дегенім дәлірек болатын шығар. Бұл бір жағынан талантты дер кезінде бағалауға өз тарапымнан қосқан шағын ғана үлесім деп есептеймін.  

 

–Димаш қателеспесем, сіздің жерлесіңіз. Бір топырақтан шығуларыңыз да өз әсерін тигізген шығар?

Жоқ, Димаш менің жерлесім емес. Ол – Ақтөбеден. Мен – Маңғыстаудан. Маған әсер еткені оның тек әншілігі ғана десем, ол қысқа қайырғандық болады. Ол әлем алдында өзінің қазақы тәрбиесін көрсетті. Әлем алдында қазақы тәрбие дегеніміз – парасаттылық және патриоттық екендігін танытты. Үлкен сахнадан «Ассалаумағалайкум!» деп амандасып, тек қазақ тілінде сұхбат берді. Мұның өзі өз елімізде жүріп, өз тілімізде сөйлеуге намыстанатын қазақтардың алдында тіліміздің беделін алтын таққа отырғызды дер едім.  Бұл тек менің ғана емес, талай қазақтың көңіліне қуаныш сыйлағаны анық.

 

– «Музыка туралы тек музыкатанушылар жазсын» деген ереже бар шынымен де. Сіз ол ережеден кешірім сұрапсыз. «Біз Димаш арқылы өзімізді басқаша тани бастадық» депсіз инстаграмдағы жазбаңызда. Сонда бұл кітап музыка жайлы ма, қазақты тану жайында ма? Эссе-кітаптың бұрынғы кітаптарыңыздан ерекшелігі неде болмақ?

Бұл кітап, әрине,  Димаш туралы. Ал Димаш туралы әңгіменің музыка, жалпы ән өнері туралы әңгімеден алшақ тұрмайтыны белгілі.  Музыкатанушы болмасам да, музыка туралы жазған себебім мынау: музыка музыка үшін емес. Ол соны тыңдайтын халық үшін. Тыңдарман бар болса – өнер бар. Бағалайтын тыңдарман жоқ болса, өнер де жоқ. Өнердің сусындайтын өзегі – халықтың көкірегінде. Мен сол тыңдарман халықтың бірі ретінде өнерге деген, әншілікке деген және Димаштың өнеріне деген өз көзқарасымды айттым. Көрерменге баға беріп көрмеген басымыз – көрерменді жәй әншейін ерігіп келіп отырғандар ретінде қарайтындығымызды олар туралы бір ауыз әңгіме жазбайтындығымыз арқылы дәлелдеп жүрген сияқтымыз. Біз негізінде өнер иесіне қаншама қол соғатын болсақ, көрерменге  одан да зор қол соғуымыз керек. Өнерді өлтірмей келе жатқандығы үшін. Мен осы туралы да жаздым. Біз имидж деген мәселеге немқұрайлы қарап келе жатқандардың біріміз. Мүлдем қате. Димаштың имиджіне қарап отырып мен соны ұқтым. Біз талай нәрсені жоғалтқандармыз. Мен соны жаздым. Біз тіпті өзімізді өте күрделі жаратылыс ретінде танудан да бас тартқан сияқтымыз. Соны жаздым. Осының бәрі Димаштың әнін тыңдап отырғанда келген ойлар. Димаш біздің ұйықтап қалған немесе көңіл мұхитымызға батып кеткен сезімдеріміз бен ой-түйіндерімізді қайта тірілтті. Ал бұл кітаптың жазылу ерекшелігін оқырман өзі айтатын шығар.

 

– Димаш сізге эксклюзивті сұхбат берді ме? «Димаш» эссе-кітабында Димаш жайлы еш жерде айтылмаған дүние оқырманға жария болады ма?

Димаш маған эксклюзивті сұхбат берген жоқ. Ол «I am a Singer» конкурсының ұйымдастырушыларымен жасалған келісімшарты бойынша әзірге сұхбат бере алмайтынын Алпамыс Шаримов та, Қанат Айтбаев та айтқан. Сондықтан басқа жұрт білмейтін жаңалық дегеннен гөрі, бұл кітапта Димаштың басқа жұрт назар аудармаған қырлары туралы айтылды десем дұрысырақ болады. Жалпы ерекше талант иесі адамдар өзінің іс-қимылымен, сөйлеген сөзімен небір кешенді ойларға сілтеме жасап жүреді ғой. Сол сілтемелер көптеген мәселелер жайлы әңгіме қозғатты.

 

–Кезінде отандық бір музыкалық-телевизиялық жоба барысында айтыскер ақын Ринат Заитов Димашты қатты сынға алған болатын. Димаш Қытайда жұртты таң қалдыра бастағанда ескі сол видео ғаламторда қайта тарала бастап, шу шығарды. «Димашта» Ринат Заитовқа орын бар ма? Оның ағынан жарылып, сұхбат бергені халыққа керек сияқты.

Талантқа әр кезде әр түрлі баға берілуі мүмкін. Ол бағалаушыға байланысты. Бірақ шын талант иесі бағалаушының деңгейіне тәуелді емес.

 

–Елбасы Димашты қабылдаған кезде «қазақ деген халық өте жақсы көргеннен құшағына қысып, өлтіріп жіберуі мүмкін, содан байқа» деп аталық ақылын айтты. Қазақтың махаббаты қасіретке айналмас үшін Димаш неден сақтану керек? Өзін қалай ұстағаны дұрыс?

Қазақтың махаббаты қасіретке айнала қоймас. Оған білімін шыңдау керектігі туралы Майра Мұхамедқызы да, Айман Мұсаходжаева да өз пікірлерін білдіргенін оқыдым. Нағыз талант иесінің айналасында қызғаныш та қатар шауып жүретіні түсінікті. Бірақ, оның бәрі қандай да бір ауыр кеселін тигізіп кетер деп ойламаймын. Елбасы айтқандай, денсаулығын күтіп, әр нәрсеге салмақпен қарап жүрсе, халықтың шынайы махаббатының өзі Димашты әлі талай биіктерге жеткізеді.

 

–Кітап қазақ тілінде. Димаш әлемдік масштабтағы жұлдыз. Негізгі (бұл жерде Димаш үшін өліп-өшуге дайын кәдімгі фанаттарды айтып отырмын) жанкүйерлері Қытайда. Қытайдан аударып басайық деген өтініш-ұсыныстар түспеді ме? Түссе, қандай шешім қабылдайсыз?

Қытайдан қызығушылық танытып жатқандар бар. Ал оны қытай тіліне аударту мәселесін уақыт көрсетер деп ойлаймын. Кітаптың жарыққа шыққаны да кеше ғана ғой.

 

–Димаштың ата-анасы Қанат пен Светлана кітаптың дүниеге келуі барысында қандай рөл ойнады? Димаштың балалық шағы кітапта қамтылған ба?

Кітапта Қанаттың да, Светлананың да айтқан ой-пікірлері баршылық. Тіпті негізінен осы кісілердің айтқандарына сүйеніп жаздым десем де болады. Димаштың бала кездегі өмірге көзқарасы туралы да жаздым. Ол көзқарасты қайдан тапқаным кітапта жазылған.

 

–Кітаптың жарнамасын жүргізу мақсатында арнайы пиар мамандардың көмегіне жүгінесіз бе?

 Жоқ, жүгінбеймін. Мен өзім пиар теориясы мен практикасы туралы Стамбул университетінің профессорлары Айдемир және Айла Окаймен бірігіп оқулық жазған маманмын. «Имиджелогия» атты оқу құралының авторымын. Солай бола тұра, арнайы пиар мамандарын жалдағаным ұят шығар. Бірақ, біздің Қазақстанда кітап пиары деген мүлдем жоқ деуге болады. Керісінше, шетелдік авторлардың кітаптарын жақсы таныстырамыз. Ал біздің қазақстандық авторлардың қаншама тамаша туындылары оқушысын таба алмай, сөрелерден қарап тұр. Сондықтан пиар мәселесі бізде өте кенже қалғанын мойындауымыз керек. Оны дамыту үшін біз қазір университетте арнайы мамандар даярлап жатырмыз.

 

–Кітаптың тұсаукесерін қай қалада, қалайша кеспекшісіз?

Кітаптың тұсаукесерін Астанада өткіземіз бұйыртса. Таяу арада болатын шығар.

 

–Тұсаукесерде күтпеген тосынсый ұйымдастырылады ма?

Тосын сый туралы әзірге ойланғанымыз жоқ.

 

Оңайгүл ханым, «Димаш» атты кітабыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймыз. Димаш ініңізге қолдау білдіріп, қолтығынан демеп, кітап кейіпкері атануына себепкер болғаныңыз үшін Димаш жанкүйерлері атынан алғыс білдіремін. Қамшы ақпараттық агенттігі сізге шығармашылық табыс тілейді.

 

Сұхбаттасқан Жазира Байдалы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір