• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:10:41
Алматы
+35°

 Өткен жылы күзде, Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесу кезінде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов осы күнге дейін бірде-бір билік өкілі айтпаған шындықты айтты. «Мемлекет көптеген мүмкіндіктер ұсынуда. Миллиардтаған қаржы бөлінуде, көптеген заңдар, бағдарламалар әзірленуде. Бірақ осының бәрін қалай пайдалануды көпшілік әлі білмейді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында әртүрлі құрылымдар ашылды. Оларға жалақы береміз, кеңсе, көлік шығындарын төлейміз. Әйтсе де нәтиже тым төмен. Кәсіпкерлік дамымай отыр. Әліге дейін біз халықты оята алмай отырмыз», – деді Бас прокурор.

Сондай-ақ ол қылмыскерліктің алдын алу үшін бәрінен бұрын халықты жұмыспен қамту қажеттігін айтып, жұмыссыздық пен қылмыскерлік мәселелері өзара тығыз байланысты екенін ерекше атап көрсетті.  «Өткен жылы қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмыссыздар. Қылмысты болдырмау үшін бірінші кезекте тұрғындарды жұмыспен қамту қажет. Жұмыс орындарын кім ашады? Әрине, бизнес. Сондықтан да Мемлекет басшысы өзінің әр сөзінде бизнесті қолдау және дамыту қажеттігін айтып келеді», – деді.

 Бір қарағанда бәрі де бұрын айтылып, жазылып жүрген нәрселер сияқты көрінеді. Десек те, өз басым осы күнге дейін билік өкілдерінің аузынан «біз халықты оята алмай отырмыз», «жұмыссыздық пен қылмыскерлік мәселелері өзара тығыз байланысты» деген сөзді естімеппін. Ал тарихқа көз жіберсек, бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов атамыз:

         «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

         Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

         Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

         Қазағым, енді жату жарамас-ты...», – деп бүкіл алаш баласын оянуға, өмірді бекер өткізбеуге, жерді күтуге, дінді сақтауға, хал-жағдайды жақсартуға шақырып еді.

Одан да бұрынырақ «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген аталы сөзімен алты әлемге танылған данышпан Абай:

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз», – деп қазаққа мәңгілік қағида боларлық ұстанымдарды айқындап беріп еді. «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген де сол Хакім Абай!   

Арадан жүз жылдан аса уақыт өтіп, бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Азаттыққа қол жеткізсе де әлі ұйқыда жүргеніміз қынжылтады. Бұл бұдан жүз жыл бұрынғыдан да қауіпті! Өйткені, тәуелсіздікке қол жеткізуге қарағанда оны нығайту, сақтап қалу өте қиын екенін Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым айтып келеді.  

Ал жағдай – әлі де сол Міржақып атамыз айтқан деңгейде деуге аузымыз бармаса да, соған ұқсас десек, артық айтқандық болмас. Жұмыссыздықтың салдарынан жастарымыздың уақыты бекерге өтіп жатыр. Жеріміз, мың бір шүкір, қазірше кетпегенмен, қараусыздықтан, ел игілігі үшін тиімді игерілмегендіктен, ауылға, ауыл халқына тиісті көңіл бөлінбегендіктен  азып-тозып бара жатыр. Дініміздің жағдайы анау – жан-жақтан кірген жат ағымдардың салдарынан бейбіт өміріміздің берекесін қашыратын қауіп ошағына айналып барады...

Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істің де парқына барып, нарқын бағамдап түсіндіретін шаралардың, былайша айтқанда үгіт, насихат, ұйымдастыру сияқты идеологиялық жұмыстардың кемшіндігі көзге ұрып тұр. Әйтпесе, Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы» бағдарламасы жарияланғанына алты жылдан аса уақыт өтіпті. Содан бері нақты жұмысқа тартылғандардың саны халықтың табиғи өсімінен аспай тұрған сияқты. Оны біз көп жағдайда қара базарда сауда жасап, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген    азаматтарды жеке кәсіпкер ретінде тіркеумен «шешіп» жатырмыз. Сонда да өсек, өтірік айтуға, мақтануға, еріншектікке келгенде, орынды-орынсыз ұлан-асыр той, көк тиын пайдасы жоқ жиындар жасап, бекер мал шашпаққа келгенде алдымызға жан салмаймыз. Талап жасауға, еңбек етуге, терең ойлап, түпкі нәтижеге жетуге  шыңына жеткен жемқорлық пен мемлекеттік қызметтегі шенділердің шектен асатын бюрократиялық әркеттері мүлде мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан да жастардың біразы бүлдіргіш күштерге еріп кетіп жатыр. Басқаша айтсақ, тепсе темір үзетін уақыттары босқа өтіп, жұмыссыздықтан азып барады. Есесіне биліктегі бауырларымыздың көбі қанағат пен рақымды ұмытқаны қашан. Біреулер түйірлеп ұрласа, баяғы байлардың кезінде үйірлеп ұрлау әдетке айналғанындай, билік баспалдағына көтерілгендер миллионды қойып, енді миллиардтап ұрлауды шығарды. «Ит – қорыған жерге өш» дегендей, біразы ұсталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылып, сотталып жатса да өзгелерге сабақ болатын емес, биліктегі шенділер ұрлағанын қоятын емес...

Осының бәрін көріп отырып, Ата заңымызда жазылған еңбек ету, мемлекет жасаған мүмкіндіктерді пайдалану, оларға кедергі болып отырған тосқауылдарға қарсы қоғам болып күресу құқықтарын жұмыла жүзеге асыру орнына, әлі күнге ұйқыда жатқан ұлтыма: «Қашан оянасың, халқым? Талап қайда, терең ой? Еңбектен неге қашамыз? Қанағат, рақым ойламай алға қалай басамыз?!.» – деп бар даусыммен айғайлағым келеді.

Әрине, бұл – Абайды редакциялау емес, тек ұлы данышпан айтқан қағидаттарсыз алға жылжу мүмкін еместігін тағы бір рет еске салу.

 

Құтмағамбет Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір